Біз білетін Гүлен кім? Фетхуллаһ Гүленге қатысты алып-қашпа әңгімелердің төркіне неде?

Тәңір-Тағала жар болып тәуелсіздік алғаннан кейін халқымыз мың жылдан бері ұстанып келе жатқан хақ дінмен еркін қауышуға қол жеткізді. Талайдан бері туыстық қатынас үзіліп қалған түркі елдерімен де барыс-келістің қайта жаңғыруына жол ашылды. Түркі әлемінде бағынышсыз ел болғанымызды алғаш болып Түркия Республикасы мойындап, халықаралық қауымдастық алдында мемлекетіміздің мерейін өсірген еді. 1993 жылы Анадолыға жол түсіп, қаншама ғасырлық бай тарихы мен мәдениеті бар тегі бір туыс елді көзбен көріп, етене жақын танудың сәті түсті. Қаншама бас қосуда болып, көп жерді аралап, арқа-жарқа болып оралған сол сапардан Фетхуллаһ Гулен ақсақалмен болған сұхбат ерекше есімде қалыпты. Оның кез келген жанды терең ойға батыратын ойлы жүзі мен мөлдіреген жанары, биязы мінезі мен байсалды әңгімесі жанымызды жылы шуаққа бөледі. Жүрек тербетер әсерлі әңгімесін естіп, сарғайған санамыз ағарып, сусаған рухымыз бір нәрленіп қалды. Елге келгеннен кейін Гулен ақсақалдың жарық көрген кітаптарын үзбей оқуды қолға алдым. Күні бүгінге дейін оның атқарған ерен еңбегін екшеп, ой-санамнан өткізіп келемін. Сонымен, мен білетін Фетхуллаһ Гулен кім?

 

Соңғы жылдары еліміздің Ислам елдері арасындағы абыройы мен ықпалы күн санап артып келеді. Әрине, Қазақстан мұндай беделге бірден қол жеткізген жоқ. Коммунистік идеологияның құрсауынан шыққанына қарамастан тәуелсіздік алғалы бері Қазақ елінің діни-рухани мәселелерде ұстанып келе жатқан салиқалы саясаты мұсылман елдерінің оң бағасын алды. 2011 жылы Қазақстанның Ислам конференциясы секілді іргелі ұйымға төрағалық ететіні осының айғағы.

Еліміздің ислам, әсіресе бауырлас түрік елімен тығыз мәдени қарым-қатынас орнатуы нәтижесінде исі мұсылман баласының сый-құрметіне бөленген белгілі тұлғалар Қазақстан жұртшылығына да танымал бола бастады. Мәселен, соңғы кездері еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында және интернет сайттарында белгілі ғұлама ғалым, қоғам қайраткері Фетхуллаһ Гүленге қатысты хабарлар мен мақалалар жиі жарық көретін болды. Бүгінде жетпісті алқымдаған, 60-тан астам кітаптың, 5 мыңнан астам ғылыми мақала, монографияның авторы Ф.Гүленнің пікіріне әлем жұртшылығы үлкен қызығушылық танытып отыр. Гүленнің күллі адамзат баласының бақытын ойлап, оның әлеуметтік-рухани мәселелерін шешуде білікті оймен бүкіл әлемді бірлікке, өзара түсіністікке, сүйіспеншілікке шақыруы көптің көңілінен шығып, қолдау табуда. Гүлен пікірлерінің іс жүзінде жүзеге асуы оның ғаламдық деңгейдегі қайраткерлік болмысын айқындаған. 2008 жылы әлемдегі аса беделді басылымдар «Prospect» және «Foreign Affairs» журналдары Гүленді «Әлемнің ең ықпалды интеллектуалы» деп жариялағанда да оның интеллектуалдық қырымен қоса қоғамдық қайраткерлігіне де баса назар аударған болатын.

Дегенмен, Ресейлік кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында Гүленге қатысты бірқатар күдікті ойлар да ара-кідік айтылып жүр. Мәселен, Түркиядағы Гүленге қарсы топтардың айыптаулары, Гүленнің елінен жырақта АҚШ-та өмір сүріп жатқандығы, Түркияда Гүленге қатысты сот ісінің мән-жайы, т.б. мәселелер. Осының ақ-қарасын анықтау үшін Гүленге қатысты алып-қашпа әңгімелердің астарына үңілуді жөн көрдік.

Гүленге қатысты Түркиядағы сот. Қазіргі түрік қоғамы соңғы елу жылда үш рет әскери төңкерісті бастан өткергенін қазақ оқырманы біле бермейді. Әскери төңкеріс сөзі айтуға жеңіл болғанмен оның астарында тұтас бір елдің тағдыры, қаншама боздақтың өмірі жатыр. Бұның астарында түрік қоғамының басты саяси-әлеуметтік параметрлерін айқындайтын көп түйткіл бар. Мысалы, қоғамдағы идеологиялық жікшілдік, түрлі топтардың бір-біріне деген төзімсіздігін атауға болады.

Төзімділік мәдениетсіз демократияның өзі тұрақтылықтың кепілі бола алмайды. Сондықтан да идеологиялық төзімсіздік салдарынан түрік қоғамы бірнеше рет азаматтық соғыстың табалдырығына келіп тірелгені белгілі. Мұндайда әскерилер төңкеріс жасап, билікті қолына алып отырған. Алайда, сарапшылар әрбір төңкеріс ел дамуын 20 жыл артқа шегеріп отырды деген пікір айтады. Енді бір сарапшылар төңкерістерді Түркиядағы кейбір олигархиялық топтар өз мүддесін нығайтудың тәсілі ретінде қолдап отырғанын алға тартады. Олар «бөліп ал да, билей бер» дәстүрін ұстанып, Түркиядағы түрлі идеологиялық, этникалық топтарды астыртын бір-біріне айдап салып отырғаны да жасырын емес. Жағдайдың ушыққаны соншама, 1960-1990 жылдар аралығында Түркия қанды қақтығыстардың қайнаған ошағына айналады.

Міне, осындай қым-қиғаш кезеңде «қоғамдық келісімді» ту еткен тың әрі батыл бастаманы алғаш рет Гүлен көтереді. Идеологиялық, этникалық, діни, конфессиялық, мәдени ерекшеліктеріне қарамастан толеранттылықты, диалогты дәріптейтін жаңа бастама әскери төңкерістер мен идеологиялық жікшілдіктен әбден қажыған түрік халқының қызу қолдауына ие болады. 1990 жылдарға дейін түрік халқы Гүленді діни қайраткер ретінде таныған болса, 90-шы жылдардан кейін оның қоғамдық келбеті сомдала түсті.

Көптеген қиындық пен кедергіге қарамастан Фетхуллаһ Гүлен «қоғамдық келісімді» тынбай насихаттады. Бір-бірінің сәлемін алмайтын түрлі идеологиялық, діни-этникалық топ өкілдерінің басын қосып, елдің ортақ мүддесін көздейтін қоғамдық платформалар құрды. Мәселен, түрлі идеологиялық көзқарасты ұстанған зиялылардың басын қосқан «Абант» платформасы, түрлі дін өкілдерінің диалог құрылтайлары, Еуразиялық кеңістіктегі зиялылардың басын қосатын «Диалог Еуразия» халықаралық платформасы, Батыс зиялылары мен мұсылман зиялыларының басын қосып, өркениеттер арасы диалог мәселелерін талқылайтын тұрақты халықаралық конгресстер осылардың қатарына жатады. Түркияда Гүленнің бастамасымен құрылған радио, телевидение, газеттер, апталық және ғылыми журналдар, лицейлер, университетке дайындық курстары, университеттер жетерлік. 90-шы жылдардың соңына қарай Гүленнің төзімділік және келісім бастамалары өз жемісін беріп, Түркиядағы тұрақтылық нығая түседі.

 Гүлен жоғарыда аталған қоғамдық бастамалардың барлығын саясаттан тыс, азаматтық қоғам деңгейінде жүзеге асырды. Ол дінге қызмет еткен жан өмір бойы саясаттан аулақ болуы қажеттігіне баса мән берді. «Кіші әлемім» атты өмірбаяндық мемуарында бір саяси партия басшысы партиялық мандат бойынша 25 жасында-ақ оған депутаттық кресло ұсынғанда үзілді-кесілді бас тартқанын айтады. 2005 жылы идеологиялық тұрғыдан Исламға қырын қарайтын «Миллиет» газетіне берген сұхбатында Гүлен «саяси мақсатқа дінді желеу ету немесе дін үшін саясатты қару ретінде қолдану Ислам құндылықтарымен үйлеспейтінін» айтады.

Әйтсе де, Түркияда тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің нығаюы «лай судан балық аулауды әдетке айналдырған» кейбір топтардың мүддесіне нұқсан келтіре бастайды. Бұлар Гүленнің «қоғамдық келісім» бастамасына қарсы әрекет ұйымдастырады. Түркияда қоғамдық алауыздықты өршітіп, арандатудың құралы ретінде қолданылып келген «түрік-күрт», «сүннилер-әлишілдер», «діндарлар-діндар еместер», «оңшылдар-солшылдар» арасына іріткі салатын көптеген оқиғалар осылай орын ала бастайды.

Қазір де Түркияда жүріп жатқан «Ергенекон» сот ісінде аталған топтардың талай жылдан бергі халық арасына салған іріткісі мен былық-шылығы әшкереленіп жатыр. Мысалы, олар 1999 жылы Гүленге қарсы тыңғылықты түрде әзірленген «бопсалау операциясын» ұйымдастырады. Гүленнің 1 150 діни уағыз жазылған бейне таспасын сараптап, оның сөздерін зайырлы мемлекеттің қағидаларына қайшы келетіндей етіп бұрмалап, монтаждайды. Бір ғана мысал берсек, Гүленнің «Солшылдар Алланың лағынетіне ұшырасын деп қарғау мұсылмандық әдептілікке жатпайды» деген сөзін «Солшылдар Алланың лағынетіне ұшырасын» деген жеріне дейін қырқып алып, өзге де қырқылған сөздерімен құрастырғаны кейін нақты дәлелденеді. Солшыл бағыттағы бұқаралық ақпарат құралдарының бірқатары мәселенің ақ-қарасын білмей жатып, Гүленге қарсы ұйымдастырылған науқанда «қолшоқпар болғандарын» кейін барып біледі. Гүленнің адвокаттары бейне таспалардың әдейі, қасақана монтаждалғанын сот арқылы дәлелдегенге дейін аталған топ өз дегеніне жетіп үлгереді.

Аталған қылмыстық топ бұнымен қатар 1999 жылы бір әйелді арнайы дайындап, Мемлекеттік қауіпсіздік соты прокуроры Нух Мете Юксельмен ашыналық байланыс құруын да ұйымдастырады. Сонан соң қонақ үй бөлмесінде прокурор мен әйелдің арасындағы жыныстық қатынасты жасырын түрде бейне таспаға түсіріп, прокурорды бопсалау арқылы «құрыққа» түсіреді. (Фаруқ Маржан, «Фетхуллах Гүлен», «Доған Китап», Стамбул, 2008, 239-242 б. қараңыз).

Нух Мете Юксель 2000 жылы Гүленге қарсы «зайырлы мемлекетке қарсы қоғамдық ұйым құрды» деген айыппен қылмыстық іс қозғайды. Қылмыстық істің айғақты заттары ретінде кейбір бұқаралық ақпарат құралдары таратқан монтаждалған кассеталардағы мәліметтер негізге алынады. Түркияның көптеген қоғам қайраткері, зиялы қауым өкілдері, заңгерлер аталған істің құқықтық тұрғыдан негізсіз екенін, анық-қанығы белгісіз газет материалдарымен Гүлен секілді белгілі қоғам қайраткеріне мұншалықты дөрекі айыптау жасаудың Түркияның абыройына сын екенін айтып, дабыл қағады. Алайда прокурор Нух Мете Юксель алған бетінен қайтпайды.

2002 жылы Стамбул полициясының лаңкестікке қарсы күрес тобының арнайы жасақтары бір қылмыстық ұйымның қоймасына тінту жасау барысында Нух Мете Юксельдің белгісіз әйелмен жыныстық қатынасы түсірілген бейне таспаны қолға түсіреді. Соттық сараптама бейне таспадағы адамның Нух Мете Юксель екендігін анықтағаннан кейін Түркия судьялар және прокурорлар Жоғарғы Кеңесі (ТСПЖК) Юксельдің прокурорлық қызмет этикасына жат әрекетін талқыға салып, қызметінен босатады. Осы оқиғадан кейін 2003 жылы Мемлекеттік қауіпсіздік соты Гүленге қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылдайды.

Гүленнің адвокаттары Соттың шешіміне наразылық танытып, қайта арызданады. Олар Соттан «Гүленнің кінәсі болса дәлелдеп соттауын, не болмаса ақтауын» талап етеді. Мемлекеттік Қауіпсіздік Соты арызды №11 Анкара қылмыстық істер Сотының қарауына жібереді. Алайда, бұл сот Гүленнің Түркияда өмір сүрмейтіндігін алға тартып, істі қарауды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдайды.

2005 жылы Түркияның қылмыстық іс жүргізу туралы заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Жаңа заң күшіне енгеннен кейін 2006 жылдың наурыз айында Гүленнің адвокаттары Гүленді ақтау үшін тағы да арызданады. Гүленге қатысты прокурор Нух Мете Юксель қозғаған қылмыстық істі қараған Сот алқасы, «зайырлы мемлекетке қарсы қоғамдық ұйым құрды» деген айыптаудың негізсіз екендігін бір ауыздан құптап, Гүленді ақтау туралы шешім қабылдайды.

Түрік қылмыстық іс жүргізу құқығы бойынша сот шешіміне қарсылық білдіруі немесе мақұлдауы қажет. 3 ай ішінде Бас Прокуратураның прокуроры Абдуррахман Ялчынкая наразылық білдіреді. Оны Бас Прокуратураның Жоғарғы Алқасы талқыға салып, 2008 жылдың маусым айында көпшілік дауыспен Гүленді ақтау туралы Сот шешімін мақұлдап, қаулы қабылдайды. Осылайша Сот ісі өзінің мәресіне жетіп, Гүлен түпкілікті түрде ақталады.

Кейінгі кезде бірқатар Ресейлік интернет сайттарында Гүленнің өз елінде сотталғаны, сол үшін АҚШ-ты паналап жүргеніне қатысты жалған ақпарат қылаң беруде. Мұндай қауесеттің түгелдей жалған екенін жоғарыда айттық. Құқықтық тұрғыдан түпкілікті сот үкімі шықпайынша ешбір кісіні кінәлі деп айыптауға болмайтынын барша жұрт біледі. Белгілі қоғам қайраткері, сенатор Ғарифолла Есім Гүлен туралы «Күн астындағы нәрсе көлеңкесіз болмайды, әсіресе, ел сөзін сөйлеуші, елге қызмет етуші азаматтар туралы жаңсақ сөздер немесе әдейі қасақана жасалатын әрекеттердің үнемі болатыны белгілі жағдай. Әрине, Фетхуллах Гүлен сияқты тұлғалар саясаттан тыс бола алмақ емес. Ол өзін саясаттан тыс ұстағанымен, Түркиядағы саяси топтардың оны өз мақсатына пайдаланбақшы ниеті болған. Сондықтан ел ішіндегі саясаттан тыс болу үшін, ол АҚШ-та өмір сүріп жатыр. «Неге Фетхуллах Гүлен АҚШ-та өмір сүреді» деген айып сөзі болмауы керек. Америка демократиялық үрдістердің жетілген елі. Сондықтан Америкада өмір сүріп жатуы Фетхуллах Гүленге айып емес» деген болатын. («Мәселе қазақтың намысшыл болуында», «Ана тілі», №21, 3 маусым, 2009).

Ал, енді Гүленнің АҚШ-қа емделуге кетуіне сол кездегі ресми билік орындары тікелей себепші болған деседі. Гүленнің пікірлеріне оппозициялық ұстанымдарымен белгілі «Доған медия» тобының баспасынан жарық көрген Фаруқ Маржанның «Фетхуллах Гүлен» атты кітабында Гүленнің 1990 жылдан бері жүрек, қант диабеті, жоғары қан қысымы ауруларымен сырқат тартып жүргені баяндалады. АҚШ-тың Миннесота штатындағы бүкіл әлемге әйгілі «Мayo Clinic» ауруханасының кардиология бөлімінің дәрігері профессор Сайд Тархан Гүленнің жақын досы болғандықтан 1995 жылдан бері оны АҚШ-та емделуге шақырумен болады. Алайда, Гүлен өзінің әдеттегі қарапайымдығына басып «Мен секілді бір адамға мұншама шығын жасау ысырап болады» деп, АҚШ-та емделуден бас тартады.

1999 жылы Гүленді емдеп жүрген Измир қаласындағы «Шифа» ауруханасының бас дәрігері, профессор Махмут Ақдоған АҚШ-та емделуге Гүленді көндіру үшін басқаша шаралар қарастыра бастайды. Гүленнің жақын достарының көмегімен сол кездегі Түркия премьер-министрі Бюлент Еджевитке жағдайды баяндайды. Премьер-министр дереу Гүленге телефон соғып, дәрігерлердің кеңесіне құлақ асуы үшін уәде алып, АҚШ-та емделуге көндіреді. Осы жайдан хабардар болған сол кездегі Түркия президенті Сүлеймен Демирел де Гүленге телефон шалып, АҚШ-та емделуден бас тартпауға кеңес береді. Мұнымен қоймай президент Демирел Сайд Тарханға телефон шалып, Гүленнің сырқатынан айығуына үлкен мән беріп отырғанын жеткізеді. Осы оқиғалардан кейін Гүлен амалсыздан АҚШ-та емделуге көнген деседі. ( Фаруқ Маржан, «Фетхуллах Гүлен», «Доған Китап», Стамбул, 2008, 195-198 б).

Қазіргі уақытта Гүленнің туған еліне оралуына ешбір құқықтық кедергі жоқ. Алайда АҚШ-тағы дәрігерлер ұзақ сапарға денсаулығы жарамайтынын айтатын көрінеді. Дегенмен, Гүленнің туған еліне оралуы үшін басты кедергінің бұл емес екенін де айта кеткен жөн.

Түркияда 2008 жылдан бері «Ергенекон» лаңкестік ұйымының «әскери төңкеріс жасап, билікті қолға алуға» дайындалған астыртын іс-әрекеттері әшкереленіп, түрік саясатын астан-кестең еткен сот ісі жүріп жатыр. Ал «Ергенекон» лаңкестік ұйымы 1990 жылдардан бері Гүленге қарсы түрлі арандатушылық әрекеттер ұйымдастырғаны белгілі. Бұл ұйымның қылмыстық іс-әрекеттері Сотта әшкерелене түскен сайын «Ергенекон» жақтастары Түркияда түрлі арандатушылық пен бүлікшілдік әрекеттерді күшейтуде. Фетхуллаһ Гүленнің Түркияға қайта оралуы әлгі топтардың елдегі саяси тұрақтылықты тіптен ушықтыра түсуіне сеп болады деген пікір де жоқ емес.

2009 жылы 11 қыркүйекте «Айқын» газетіне берген сұхбатында Гүлен «Әлбетте, туған жеріме оралуды қашанда армандаймын. Денсаулығым мен қазіргі келеңсіз жағдай түзелген шақта, туған еліммен қауышатын күн де нәсіп болар деп үміттенемін. Түркияға оралсам маған өшіккен топтар елдегі жағдайды ушықтыра түсе ме деген қауіппен Отаныма оралуды кешіктіруге тура келіп тұр» деп жауап берген. («Қазақстанды көру мен үшін үлкен қасіретке айналған сағыныш» «Айқын», №168, 11 қыркүйек, 2009).

«Ергенекон» лаңкестік ұйымының Гүленге қатысты таратқан түрлі қауесеттері біздің елге де жеткенін «Айқын» газетіне берген сұхбатында Гүлен қынжыла отырып: «Сіздің адамзаттың ортақ игілігі үшін деп істеген ісіңіз базбіреулердің жеке мүддесіне қайшы келуі ғажап емес. Білгенге дінімізде өтірік айту мен жала жабудың жазасы өте ауыр. Мені қатты қынжылтатыны көп адамның осындай жалаларға ақ-қарасын ажыратпай сенуі» деп, білдіреді. («Қазақстанды көру мен үшін үлкен қасіретке айналған сағыныш» «Айқын», №168, 11 қыркүйек 2009).

Фетхуллаһ Гүлен бүкіл саналы ғұмырын қоғамдық келісім, діни, этникалық, идеологиялық төзімділік, адамгершілік, рухани құндылықтарды жаңғырту, заманауи ғылым мен технологияны жетік меңгерген «кәміл адам» үлгісінде ұрпақ тәрбиелеу секілді мақсат-мұратқа арнаған ғұлама. Аталған мақсат-мұраттарды жүзеге асыру үшін қазіргі таңда әлемнің 110 елінде түрік лицейлері, диалог орталықтары жұмыс істеуде. Біздің елімізде де 30 қазақ-түрік лицейі, Сүлеймен Демирел университеті, «Диалог Еуразия» қоғамдық бірлестігі қызмет атқаруда. Гүленнің пікірлері еліміздің мемлекеттік саясатымен де толықтай үндесуде.

2009 жылдың шілде айында Астана қаласында өткен әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ-ші съезінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Жер бетіндегі игіліктер жолындағы бассыз бәсекеде неліктен өмірдің адамгершілік жақтары ұмытыла беріп, тұтынуға табынушылық неліктен көптеген адам үшін өмірдің мәніне айналды?» деп, экономикалық дағдарыстың астарындағы рухани дағдарыстан ой қозғайды. Бұл ойын қорытындылай келе «Тұрақты өзін-өзі рухани жетілдіру қажеттігі екінші тұрғыға ысырылды. Дүниені материалдық құндылықтар – ақша, ашқарақтық пен табыс жолындағы ойсыз бәсеке билеп-төстеп алғанына көпшілік көз жұмып қарайтын болды. Сонда адамзаттың ғұмыр кешуінің шынайы мәні осында ма? Бәлкім тоқтап біз осы қайда барамыз, бізді болашақта не күтіп тұр дегенді ойланатын уақыт жеткен болар?» – деп, адамзатқа терең ой тастайды. (Нұрсұлтан Назарбаев, Діндер үнқатысуы және адамзат тағдыры. // «Егемен Қазақстан». 2 шілде, 2009 жыл, №226).

Елбасы айтқан ой Гүленнің 1960-шы жылдардан бері насихаттап келе жатқан пікірлерімен бір арнада тоғысып жатқанын оңай аңғаруға болады. Қазіргі таңда қазақ зиялылары Гүленнің әлемдегі бейбітшілікке қосқан үлесін өте жоғары бағалауда. Өйткені, Гүленнің пікірі қазақ халқына жат емес. Бұл туралы академик, сенатор Ғарифолла Есім «Фетхуллах Гүленнің айтып жүрген идеялары бізге таныс, белгілі. Олардың көбісін ХІХ ғасырда-ақ Абай айтып кеткен, мысалы Хакім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзінің мәтіндік мағынасына үңілсек, тек гумманизм ғана емес, ізгіліктің де қайнар көзіне тап боламыз» – дейді. («Мәселе қазақтың намысшыл болуында» «Ана тілі», №21, 3 маусым 2009).

Иә, қазіргі жаһандану заманында адам­заттың ортақ мәселесі үшін бүкіл саналы өмірін арнаған, түркі халықтарының ортақ мақтанышы, есімі қазіргі таңда алты құрлықты аралап кеткен көрнекті тұлға, ғұлама, теолог және гуманист Фетхуллах Гүленнің бейбітшілікке қосқан еңбегіне адамзат баласы лайықты бағасын береді деген ойдамыз.

 

 Бейбіт САПАР ӘЛІ