ОҚО тұрғындары өз ауылын Сарыағаштан Шардараның құрамына ауыстыруды талап етті
2017 ж. 04 сәуір
2371
0
Оңтүстік Қазақстан облысында тұтас ауыл Сарыағаш ауданынан шығаруды талап етті. Себебі, Кеңес тұсында Өзбекстанда болып, тәуелсіздік алған соң аталмыш ауданға қосылған Қалғансыр ауылына 25 жылда бір әкім ат басын бұрмапты. Не жолы, не суы жоқ елді-мекенге жедел-жәрдем көлігі де келген емес.
Ал ауылды бар-жоғы 15 шақырым жердегі Шардараға қосса, әлеуметтік мәселенің барлығы дерлік шешілетіне сенімді жұрт, билікке базынасын айтып жоғарыдан сауға сұрап отыр, деп хабарлайды КТК телеарансы.
Қалғансырдың жыларман хәлі ауылға жетпей-ақ анық аңғарылады. Сарыағаш-Шардара тасжолынан 12 шақырым ен далаға қарай жатқан жол ойқы-шойқы. Жауынды күндері сазды соқпақтан көліктер жүре алмай, қатынас мүлдем үзіледі.Қауын-қарбыз егіп күн көретін жұртқа биліктің бар жасаған жақсылығы - 7 жыл бұрын қазылған құдық. Бірақ, онысы жыл өтпей тартылып қалған. Сондықтан, мал мен егінді суаратын Сырдария суын өздері де ішіп отыр.
"Дариядан мал да ішеді адам да ішеді. Екінің бірі ауру. Өт, бүйрек, асқазанымыз ауырады. Жара шығып жатыр, балалардың бетіне" дейді ауыл тұрғыны Гүлнұр Әділова.
Мың қаралы тұрғыны бар ауыл 25 жылдан бері іргеде тұрған Шардара ауданына қосуды сұрап келеді. Өйткені бар-жоғы 15 шақырым жердегі Шардараға өтсе, 150 шақырымдағы Сарыағашқа сандалмас едік дейді.
Ал, шенеуніктер аудан ауыстыру мәселесі тұрғындардың өзіне байланысты дейді. Яғни, 70 пайызы арыз жазып берсе, оны екі аудан басшылары талқыға салып, облысқа жібереді. Облыстық Мәслихат кезекті сессиясында бекітсе, Қалғансыр жұрты шардаралық болып шыға келмек.
"Шардара ауданына өткеннен кейін барлық құжаттары рәсімделеді. Жерге арналған мем.актісі, тұрғын үйлері қайта тіркеледі. Басқа да тиісті құжаттардың барлығы Шардара ауданының азаматы ретінде қайта рәсімделіп, қайта тіркелу керек" дейді ОҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Созақбай Әбдіқұлов.
Құжаттарды қайта рәсімдеу үшін ауылдағы әр отбасы 23 мың теңге төлеуі керек. Егер бұл сома шошытпаса, қалғансырлықтар тайлы-таяғы қалмай өтініш жазсын деп отыр. Ары қарай жауапты орындар ширақ қимылдаса күзге дейін ауылдың Шардараға өтуіне мүмкіндік бар.