Отырардың түбіне уран жететін түрі бар

Құрметті  Елбасы!

«Қазатомөндіріс» АҚның бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішовтың бастама­сымен «Қазақстан Республикасындағы жер­гілікті  мемлекеттік  басқару  туралы» Қазақстан Республикасы Заңының  6-бабына  сәйкес  бұрынғы аудан әкімінің  ұсынысын  қарап, жергілікті мәслихаттың 13.12.2004  жылғы  шешімінің негізінде үкімет қаулысы шығып, Ресей-Қырғыз-Қазақстан өнеркәсіп өкілдерінің қатысуымен құрылған мемлекет-аралық  бірлескен «Заречное»  жабық  акционерлік  қоғамына (бұрынғы «Табақбұлақ» уран кеніші) Отырар  ауданы  жерінен  уран  өндіруіне қолдау  білдірілді. Кеңес өкіметі кезінде негізгі қорының 85 пайызы алынып қойылған бұл уран кенішін ашуға жергілікті халық пен Оңтүстік Қазақстан облысындағы қоғамдық ұйымдар қарсы болды. Оның басты себебі, қоршаған  орта  мен  жергілікті  тұрғындардың  денсаулығына  орны толмас ойран әкелген «Табақбұлақ» уран кеніші кеңес өкіметінің  соңғы  жылдары қоғамдық  ұйымдар мен  жергілікті  халықтың  талап етуімен жабылған болатынБірақ, халықтың наразылығына қарамастан сол кездегі Д.Ахметов үкіметі «Қазатомпром» АҚ басшысының және министр В.Школьниктің қолдауымен жоғарыдағы аталған шешімдерді  арқаланып, еліміздегі өте маңызды тарихи өркениет мұрасы бар, халықаралық ЮНЕСКО назар аударып отырған, әрі Қазақстанның басты туризм орталығына айналып та үлгерген жерге өте жақын орналасқан «Заречное» деп аталатын уран кенішін қайта ашуға мұрындық болды. Бұған қарсы білдірілген  наразылық республикалық  БАҚ-та  қаншама  рет  көтерілді.

1973 жылғы  қанқұйлы кеңес атомшыларының Отырар ауданы жерінде жасаған «Кетпенқалған» ядролық жарылысының зардабының әлі де жойылмағаны және  жыртқыштық немкеттілікпен өндірілген уранның айналаға тараған радиоактивті сәулесі қаншама адамның өмірін жалмағаны да ескерілмеді. Сол уақыттан  бері, әсіресе соңғы 1-2 жылда аудан мен облыс көлемінде медицинаның шамасы келмейтін рак, жүрек, қан-тамырлары аурулары асқындап кетуі және  нерв  жүйесі  қызметінің  бұзылуынан  өз-өзіне қол салудың (суицид) әсіресе жастар арасында өте көп орын алуы елді қатты алаңдатуда.

Құрметті  Елбасы!

Отырар  ауданы мен Оңтүстік Қазақ­станның  жері  қазақ  халқы  мен  түркі  дүниесі  түгілі адамзат  тарихында  өзіндік  ерекше  орны  бар  өлке екені  дүйім  жұртқа  белгілі. Бұл  өлке қазақ  халқының  және бүкіл түркі  әлемінің  орталығы  есебінде, және де қайталанбас Ұлы Отырар өркениеті  ретінде де әлі адамзат өркениеті алдында да өзінің шын  тарихи бағасын алып үлгерген  жоқ. Отырар  ауданы жерінде әлемдік  маңызы  бар тарихи ескерткіштер мен жәдігерлердің саны өте көп. Солардың бірегейі Отырар шаһары мен оның айналасындағы қалалар мен Сырдария өзенінің ғасырлар бойы арнасының өзгеруіне байланысты, құм  астында толығымен  сақталып  қалған қалалар мен орта ғасырларда дүние жүзі патшалары зияратқа келіп тұрған киелі «Бесторанғыл әулие», Байтоғай, Қожатоғай елді мекендерінде орналасқан «Дастарқоба», «Дастарбасы» сияқты Қазақ Қаһан мен Он Алты тайпа көсемдерінің іздері мен таңбалары қалған киелі орындар әлі-ақ дүние жүзінен келетін туристердің орталығына  айналары сөзсіз. Оның үстіне  исі мұсылман елдерінің  пір тұтар әулиесі Арыстан Бабаның және халқымыздың  біртуар Абыздары мен Ұлы Билері, Ұлы Хандары мен батырларының кесенелері орналасқан аудан орталығы Шәуілдір қалашығы уран кенішінен бар болғаны 51 шақырым жерде болса, қасиетті Түркістан қаласы 78 шақырым жерде орналасқандығына да, және бұл аса қауіпті  радиактивті жүктердің тарихи орындар мен аудан орталығы арқылы автожүккөліктерімен тасылып жатуына билік басындағы шенеуніктердің асқан  жауапсыздықпен қарауы да «Елім, Жерім, Отаным!» - деген азаматтарды қатты алаңдатуда. Оның үстіне бұл уран кенішінің әлемдегі әрбір алтыншы қандасымыз, Қазақстандағы әрбір төртінші қандасымыз  тұратын Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы, миллионға таяу тұрғыны бар Шымкентке де (145 шақырым) жақын  орналасқандығы, және бір жылдың 185 күнінде батыстан тұратын  желдің жолай Арыс қаласына, Шымкентке, қасиетті де, киелі «Атажұрт Қазығұртқа», қасиетті Ұлы Кер Сақ Аб «Сансыз Бабамыз»  жатқан  киелі шаһар Сайрамға, әлемде теңдесі жоқ «Ақсу - Жабағылы» қорығына дейін радиациялық шаң-тозаңды әкелетінін тиісті министрліктер мен билік  орындарының  ескермегені  де  өте  өкінішті!

Бұл  барланған  қоры  бар  болғаны  25 мың  тоннаны ғана құрайтын, кеңес өкіметі кезінде негізгі қоры алынып, 899 уран ұңғылары әлі күнге дейін жабылмай ашық қалған «Заречное» уран кенішін қайта пайдалану, Құрметті Елбасы, өзіңіздің тапсырмаңызбен елімізде  дамытылуға  тиісті  «Туризм» кластерінің  негізгі басты тармағы  болып табылатын  ежелгі  Жібек  Жолы бойындағы СайрамШымкентҚазығұрт - ЕрдәуітҚалаш - ҚараспанОтырарТүркістанСауранКентауСозақ - Бәйдібек - Домалақ АнаШымкент туризм бағытына да орасан зор  кесапатын  тигізуде!

Қазірдің  өзінде  жандана  бастаған  рухани туризмнің өзі, тек еліміздің түкпір-түкпірінен  күн сайын Арыстан Баба - Әзірет Сұлтан (Түркістан) бағытында ғана мыңдаған  адамдарды  тартуда.  

Ал бұл уран кеніші өз кезегінде (онда бар болғаны үш жүз адам ғана жұмыспен қамтылған) осылай жұмысын жандандыра  берсе, келешекте алыс-жақын шетелдерден миллиондаған туристерді тартып, ондаған  мың  жұмыс  орындарын  ашатын  маңызды туризм саласына да  орасан, зор зиянын  тигізбек. Бұл  ел  қазынасына түсуге тиісті  миллиардтаған АҚШ долларынан және қасиетті Оңтүстікте ондаған мың жұмыс  орындарының  ашылуына басты кедергі  болуда?! Және  бұл «Заречное» уран  кенішінің  жұмысы, құрметті Елбасы, сіздің халқыңыз үшін жасап жатқан игі іс-шаралардың  жүзеге  аспауына  мүдделі  күштердің  басты  кедергісі  деп  санауға  да  мәжбүрміз

Қазақ Елінің тәуелсіздік алғанына да міне 18 жыл толды. 200 жылға созылған отарлық, рухани  езгінің  зардаптары  мен  экономикалық  мешеулікті  жою,   Тәуелсіз Қазақстанның Бірінші Президентіне де оңай болмағанын  білеміз! Және осы қиын кезеңде халық шаруашылығы мен өндіріс салаларының  басшылығына мемлекет, ел мүддесінен гөрі, жеке  мүддені жоғары қоятын  кездейсоқ адамдардың келгені де ешкімге құпия сыр емес.

Ал, мына  пайдасы  экономикалық  жағынан тым  күмәнді, көлік және  басқа да  коммуникациялардан өте қашықтықта орналасқан, оның  үстіне стратегиялық маңызы  бар ашық су көздері: Сырдария, Ызакөл, Арыс өзендерінің және басқа да үлкен магистралды каналдар үстімен өтіп жатқан стандарттарға сай  келмейтін автожолдар арқылы уран шикізатын тасымалдау, бұл жолдардың екі жағында орналасқан жері от, мал  жайылымдары мен топырағы шұрайлы мақта, жүгері басқа да егіс алқаптарын да айналымнан шығаратын нағыз апаттың көзіне де айналдырып, қоршаған ортаға әкелер экологиялық қатерді де ондаған есе көбейте түсуде...

Тұрғындары тығыз орналасқан, халқымыздың бұлжытпай  орындалуға  тиісті  салт-дәстүр, рәсімдері сақталып қалған, ұлттық  идеологияның алтын тұғыры  болып  саналатын  облысымыздың қасиетті де киелі жерінен уран кенішін  ашып, пайдалану,және өндірілген уран шикізатын осы жер арқылы тасымалдап, келешекте бұл өңірді радиоактивті елсіз аймаққа айналдыру қатері, бұл киелі жерлерге арнайы зиярат жасауға келіп рухани, ұлттық бұлағына қайта табыса бастаған халқымызды және осында келіп  жатқан  шетелдік туристерді қасиетті әулиелі жерлерден бездіру мақсатында мемлекетіміздің нағыз, бітіспес  жауларының  тереңнен  ойланып жасалып отырған іс-әрекеті деп бағалауға толық негіз бар деп есептейміз!

Теміржол және де  басқа  қажетті  коммуникация  құрылымдары  бар, елді  мекендерден  қашықта  орналасқан Бетпақдалада барланған қоры  миллион  тоннадан  астам  уран шикізаты кеңінен өндіріліп жатыр. Бұл  кеніштерде өндіру  технологиясы  мен  қауіпсіздік  шаралары  ойдағыдай қатаң сақталынып жатса, онда оған әрине таласымыз жоқ. Мемлекетаралық  шарттар  ең  біріншіден  халықтың  мүддесін  ескеруі  тиіс, және  қаншама  маңызды  болса  да, халықтың денсаулығы есебінен  жүзеге  асырылмауы  керек деп  санаймыз! Мемлекет  деңгейінде  атқарылуға  тиісті мұндай маңызды шаралар  біріншіден  халқымыздың  өмір  сүру  құқығына зардабын тигізбеуі  керек, яғни  адамдарымыз тұтынатын  таза  ауа, таза  су, экологиялық  жағынан  таза  тамақ  өнімдері мемлекеттік стандарттарға  сай  болуы  керектігін  Сіз  Елбасы тұрақты  түрде  айтып  келесіз!

Құрметті  Нұрсұлтан Әбішұлы

Сізден қоғамымыздың әрбір мүшесінің конституциялық құқықтарының қорғаны, әділеттілік пен шындықтың қорғаушысы деп, жоғарыдағы айтылған аса маңызды  тұжырымдар негізінде  экологиялық, және  моральдық зияны елімізге шаш-етектен  болып  тұрған «Заречное» уран кенішінің жұмысын үзілді-кесілді тоқтатуды жүзеге асыру  үшін, осы  маңызды тапсырманы орындауға тиісті  билік  орындарына  шешімді түрде пәрмен  беруіңізді  сұранамыз!

 

«АЗАТ» ЖСДП ОҚО филиалының төрағасы Ж.Өтеген    

Республикалық  «Ұлт Тағдыры» ОҚО облыстық филиалының  төрағасы А.Күмісбек

Оңтүстік Қазақстан облыстық

«АҚИҚАТ - 1» қоғамдық Бірлестігінің төрағасы  І.Байжанов

Республикалық ақпараттықтанымдық «ДІЛ» газетінің

Бас редакторы Ш.Пірмат

Оңтүстік Қазақстан облыстық

«Арал-Эко» қоғамдық  қорының  төрағасы Қ.Махан

«АЛАШ РУХЫ» қоғамдық Бірлестігінің төрағасы Н.Шыңбаев    

Демократия институттарын дамыту орталығы директоры  Ж.Сейтімбет

«Ел бірлігі» газетінің Бас редакторы Х.Рахманбердиев

«Синдикат» газетінің Бас редакторы К.Бақбергенов

ОҚО Жазушылар одағынан С.Тұрлыбек

Саясаткер М.Мұхамеджан

Оралмандарды «Бейімдеу» орталығы

директоры Ә.Ибрахим

ОҚО «Қазақ Елі» саяси ұйымдар Бірлестігінің

хатшысы Н.Мамықова 

ҚКП ОҚОФ Бірінші хатшысы Е.Пернеев 

Қазақстан Компартиясының Шымкент қалалық

Комитетінің хатшысы Н.Амирова

«Болашақ» газетінің редакторы Т.Қанаев