Қылмыстық топ құрықталды

ОҚО ІІД баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері Түркістан қаласында жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде үлкен мөлшердегі мүлікті тонау үшін бірнеше рет қарақшылық шабуыл жасаған қылмыстық топ құрықталыпты.

 

Қарақшылық топты қолға түсіру үшін ОҚО ІІД қызметкерлері 3 ай уақыт жұмсады. 2010 жылдың 21 желтоқсанында Түркістан ҚІІБ-на жергілікті жердің 34-жастағы тұрғыны арызданыпты. Тұрғын өз арызында таңғы сағат 4-тер шамасында өз үйіне бетперде киген, қолдарына қос ауызды кесілген шолақ мылтық және пышақ ұстаған 5-6 азамат кіріп жолдасымен қоса аяқ-қолдарын скотчпен матап байла тастағандығын көрсетіпті. Мұнымен қоймай қарақшылар ұрып-соғып өлтіремін деп қорқытыпты.

Үй иесі бастарына төнген қатерден аман қалу үшін барлық алтын бұйымдарын, сондай-ақ, екі ұялы телефондар мен санды бейнеаппаратын қолдан беруге мәжбүр болыпты. Осылайша үйге басып кірген қарақшылар отбасына жалпы құны 1 260 000 теңгелік елеулі материалдық залал келтіріпті.

Оқиға орын алған жерден жедел тергеу тобы табылып, саусақ іздері алыныпты. Қылмыстың ауырлығын сезіне отырып, Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерінен құралған тәжірибелі жедел топ Түркістан қаласына жіберіліпті.

Полиция қызметкерлерінің жедел іс-шаралар жүргізуі нәтижесінде қылмысқа күдікті ретінде Түркістан қаласының екі тұрғыны қолға түсіпті. Ал, қалған екі күдікті Ақтөбе қаласынан табылыпты. Қолға түскендердің барлығы жұмыссыз жүрген 20-21 жастағы азаматтар болып шықты.

Күдіктілерден айғақты зат ретінде шолақ мылтық, «Оса» пневматикалық тапаншасы алынған. Тергеу жұмыстарын жүргізу барысында үш күдікті тағы басқа 3 жәйтқа қатысы бар екендігі анықталды. Күдіктілер қылмысқа алдын-ала жақсылап дайындалғандығын айтыпты. Олар беттеріне бетперде киіп, қаруланып, түнгі уақытты пайдаланғандығын айтыпты. 

Ендігі жерде күдіктілердің үстінен ҚР ҚК-нің 179-бабы «Қарақшылық» бойынша қылмыстық іс қозғалуда.