Шардараның жырауы

Әр өңірде ел ықыласын иеленіп, көптің батасымен көгеріп жүрген, көргені мен түйгені көп ерлер аз емес. Солардың бірі- шардаралық әнші, ақын Әбдіғаппар Айдаров. Шардарадай өскен өңірінің шежіресін жазуда маңдайынан маржан төгіп, марғасқаға айналған ұлдары- Әбдіғаппар Айдаров бүгінде Ердің жасы-Елуді еңсеріп отыр. Ол қазір жарық көргеніне 9 жыл толып отырған аудандағы тұңғыш тәуелсіз басылым – «Шартарап-Шарайна» газетінің қарымды қаламгері. Оның республикалық «Жас қазақ үні» газетінде жарияланған ойлы мақалалары да оқырманнан жақсы баға алып келеді. Жайсаң мінезімен жұртқа жағып, елді ынтымаққа ұйыстырып жүретін Әбдіғаппардың өрнекті өлеңдері мен ойлы мақалаларын оқып отырып, оның ширегіне де келмесе де, шіренгенде үзеңгісін үзіп жібере жаздайтын күйелі күшеншектерді аяйсың... Бұл туралы ақынның өзі: Шықпасам да поэзия асқарына, Керек қылман дүние, басқаны да. Көлгірсіп қалам ұштап біреулер жүр, Икемдеп ақындықты бас қамына,- деп өткір шенейді... Әбдіғаппардың өмір мен көңіл әуендері, туған жер мен махаббат тақырыбындағы өлеңдері де сезім шынайылығын көрсетеді. Сөйлеп кетсе-шешен, шырқап кетсе- әнші, жырлап кетсе-жырау, тойлап кетсе – асаба, бір сөзбен айтқанда Әбді серіні мерейтойымен құттықтай отырып, шабытың Шардарадай шалқи берсін, әуеніңе ел балқи берсін деп ақ тілегімізді арнаймыз.

Құрметпен, «Жас қазақ үні» газеті

атынан, Қазыбек ИСА

Абдигаппар Айдаров

Әнім қанша биіктесе, мен-дағы, Қанатында кеткендеймін қалықтап... Бұрымды қыз Бұрымды қалқам, қарашы сәтке бұрылып, Көзқарасыңнан жалт етіп өтті бір үміт. Тірсегіңді ұрған қос бұрымыңа көз тастап. Аңырып қалдым армандай болған сыр ұғып. Жанарлар тоймай қадалар саған жан-жақтан, Құлпырып кетер сен кірген кезде гүл-бақтар. Еріксіз саған көз тоқтатады қарғам-ау, Бұрымды сұлу нәсіп болмаған бейбақтар. Қанына сіңген халқымның сонау Заманнан, Бұрымды кесу – ғұмырды кесу саналған. Арудың сәні емес пе жұртым, ежелден, Ақындар айтқан қара шаш бейне қара орман. Мен бір жүрген жолаушы Уақыт жоқ жәдігөймен арбасуға, Мейлі ол қараласын, қарғасын да. Мен бір жүрген жолаушы жиһан кезген, Сапарын кідіртпеген болмашыға. Аярлар ақ жолыңда бұғып жатса, Дос дегенің дұшпан боп шығып жатса. Қолыңнан не келеді күйінгенде, Шырмап ап шыбын жаның шырылдатса. Таңдарым бұлыңғырлау алдағы атар, Тіксініп тексіздерден ойға батам. Түкірдім кердеңдеген кейбіреуге, Аман-сау жүріңдерші, төрт балапан. Өмірдің желісі өлең, арқау жырым, Күншілдер көрсетсе де қорқаулығын. Ойдағы ізгі арманым бас игенше, Сыр бермей тұрса болды денсаулығым... Дастарханның жан-жағынан тарап ән... Болса-дағы өмір мынау қатыбас, Пенделікпен жаратылдым жаны қас. Әуелете шырқап салған әнімнің, Күйкі тірлік тырнағына татымас. Көргенім жоқ барымды елден алып қап, Ала көңіл жұртын қалай жарытпақ. Әнім қанша биіктесе мен-дағы, Қанатында кеткендеймін қалықтап. Отбасыма күнкөріске жараған, Ырзалықпен халық берген қара нан. Күнде кешке отырамыз мәз болып, Дастарханның жан-жағынан тарап ән. Туған жер жұмақ мекенім Шағаласы шулап, теңізі толқып арынды, Қызылдың құмы күн шуағына малынды, Қасиетіңнен айналайын, Шардарам, Сағындым оттай аптапты керімсалыңды. Құпия мол-ау, атыңда сенің Жаушықұм, Болды ма, бәлки, талай да талай жау шығын. Яхсарттан Сейхундария болып өзгерген, Ерке Сыр бүгіп жатыр ма әлде бар сырын? Шағала – жырдың шербетті шырын-шарабын, Халқыма тарту етсем бе деймін талабым, Ну орманыңа сән беріп ерек бір кезде, Шері де жортты-ау алаңсыз ертіп аланын. Перзенттерің бар, елім деп өрге өрлеген, Арғымақтардай арынын басқан кермеден, Әттең-ай деймін атыңды сенің кірлесе Дәруіштердей кетеген кейбір кезбелер. Дария бойлай сыңсыған қалың тоғайым, Төгемін саған толғақты жырды толайым, Қайда да жүрсем есітсем деймін сен жайлы Жүрекке шуақ беретін хабар-көзайым. Ойыма өлең келді... Болмасам да ірі ақын ерек тұлғам, Әр сөзіне ақылын елек қылған, Тоқта Бибім, жайыма тыныш қойғын, Мұндай кезде сені де керек қылман. Шықпасам да поэзия асқарына, Керек қылман дүние, басқаны да. Көлгірсіп қалам ұштап біреулер жүр, Икемдеп ақындықты бас қамына. Тұйғыны көңілімнің жыр қақшыды, Жылыстап күйбең тірлік сырғақсыды. Қиын-ау таза болу пенделіктен, Тұсаулап тұра алмасаң қу нәпсіні. Қалады талай шаруа қолға алынбай, Сексеуіл сатып алған – ол жарылмай, Туады сонда ғана таза өлең, Ай-күні жеткен сәби толғағындай. БАЛЖАНҒА Қартайған жоқсың, құрбым-ау, Не деген рең, түр мынау, Уақыт жылжып сәтімен, Қарттық та келер құрғыр-ау. Жалаң қылыштай, жиырма бес, Жарқылдап өткен бір белес, О баста жасық жалтаңдар, Жиырма бесте де үндемес. Көрсетер биік тұлғаңды. Құмар қып сауық құрғанды, Отыз да кетті ойнақтап, Тас-талқан қылар ордаңды. Бола да берме тым асық, Айтайын саған сыр ашып, Кез еді қандай қырық жас. Онан да кеттік қыр асып. Бұза да алмай ырықты еш, Қырқада тұрмыз – қырық бес. Бал тілін сорған балғынның, Кетпейді-ау естен тұнық кеш. Жақындап айға, жұлдызға, Еліктеді ме шың-құзға, Кавказда Жамбыл бабамыз, Ғашық боп қапты бір қызға. Жалт беріп жастан жасқанбас, Япыр-ау, қандай тоқсан жас, Болмаса бойда күш-қуат, Жәкем де қызға оқталмас. Жөні бар әзіл-қалжыңның, Көрерміз ісін тағдырдың, Ғашық боп жүрсек айып па, Жасына барып Жамбылдың. Асықпа қазір құрбым-ау, Есікте елу тұр мынау, Бізге де жетер сәтімен, Еңіске қарай құлдырау. Қартайған жоқсың құрбым-ау Не деген рең, түр мынау, Шалқып тұр көңіл шарықтап, Болғанмен өлең мұңдылау, Қартайған жоқсың құрбым-ау... Сүймеген болсаң... Өзіңмен жүрген күндерді ойға ап, талдадым Жаным-ау, сені азапқа қандай салмадым? Кездесіп едік ажырамастай мәңгілік, Кезекті бұл да сынағы шығар Алланың. Күн өткен сайын барады жүрек сескеніп, Қинадың қалқам, ілінсе көзім, түске еніп, Бұл қандай сезім? Баяғы балғын кез емес, Әуреге салған екеуімізді де кеш келіп. Алғы күндерге айнымас үміт артып ек, Арман – жырлардың шоғына маздап балқып ек. Ауыртпа менің жалғыздық кешкен жанымды, Кіргенше көрге тартпасын десең тауқымет. Жапанда жалғыз қалғандай көңіл үркулі, Сыбызғы – сырлар сырнайдай сыңсып іркілді. Арналған маған, арманы болған талайдың, Сымтетіктегі сағындым сыңғыр күлкіңді. Гүл – сезім қалды мезгілі жетпей солып тым, Солғын ойларды пайымдап солай қорыттым. Кешірімді әркез болады дейтін сүйген жан. Сүймеген болсаң, о баста неге жолықтың?! Бәрінде өзің білесің... Көзіңнің жасын құйып бір алып көзеге, Сімірер ме еді аңқасы кепкен кенезе, Әр қимылыңды қалт жібермейді, қалқам-ау Кірпігін қақпай күзеткен көңіл-терезе. Жабырқау жүзің көрем де жайсыз күйге енем, Өне бойымда өріліп мәнсіз дүрбелең. Тірі пенденің, бойындағы бар кемшілік Табылатындай жиылып бәрі бір менен. Өмірдің көп қой біз түсінбейтін жақтары Шығары қайдан белгісіз сүрлеу, соқпағы Сәл көрмей қалсам өзіңді аңсап іздеймін Айыпкердейін үкімін күткен соттағы. Өзіңмен жүрген күндерім қандай керемет Сезімнің селін кедергі нендей тежемек? Сотым да өзің, айыптаушым да ақтаушым, Қалқатай маған өзгеше мұнан не керек? Өкпешілдеусің жоқ әлде өзімсінесің, Бұртия салып, жымиып кейін күлесің, Білмеймін, бір сәт осы да жөн бе пендеге, Бәрін де сәулем, бәрін де өзің білесің. Өкпе жоқ сағым жылдарға... Есіміз шығып емініп, Сүйіскен кездер демігіп, Қыз қуған заман қалды артта, Қайран да қайран серілік. Махаббат дәмін сезініп, Тұңғиық сырға көміліп, Сағым жылдарым кеттің-ау, Не құшақтарда езіліп. Кездер-ай, кездер алқынған, Қыз ернін сүйіп қан қылған, Кездессе қазір сол қыздар, Дір ете қалар бар тұлғам. Жастықтың жалын жырларын, Келеді талмай тыңдағым. Бәріне шүкір, менің де, Жайқалып қапты-ау гүл-бағым. Қыз бейне жайлау-көк шүйгін, Шүйгінді ессіз көп сүйдім. Өткен өмірге өкпе, жоқ, Енді аман болсын Ақ Бибім! Лесбекке Ақын жүректің ынтызар шөлін басар кім, Өзіңді ойлап еріксіз көзге жас алдым. Еркетай ұлдың еркелеп келе жатқанын, Сағынып қалды-ау көшелері Шар-шаһардың. Сазымен берген мәңгілік елдің азығын, Айта алмайды ешкім титімдей оның жазығын. Аруана тектес бір перзентің жүр жырақта, Ботадай боздап аңсаумен түпкі қазығын. Жазылды тарих жас қазақ қызыл қаныңмен, (Ән шіркін арман ойнаған бұла сағыммен). Дүр сілкінттің-ау дүбірлі мына дүниені, Қатепті қара нарым-ау «Қасқалдағыңмен». Кездер-ай шалқып оқыған өлең-жыр неше, Қалатын босап саптыаяқтар-ай бірнеше. Қасқа ұлдардың қадіріне жетіп, Шардарам, Ақындар айтқан бұйырса еді-ау бір көше. Томашадайсың, емессің сұңқар, қаршыға, Құйылып түсер шырқау биіктен шаншыла. Сонда да болса, әніңе балқып шырқалған, Талай сұлудың жүрегі соқты-ау алқына. Өзіңе тартам өлеңнің кеппей сиясы, Ақынның осы-сазгерге деген сый-асы. Қалақтай ғана қалқиған мынау қалжаңның, Қай жерінде екен ән менен жырдың ұясы?! ТӨРТ ҚАҚПА – ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕ Хош келдің, бауырым түстікке, Қонақ бол, аттан түс, күтпе, Тіршілік кешіп жатырмыз, Шардара деген үстіртте. Аптапты, желді, аңызақ, Жаз келсе жайнар бауы, бақ, Болады қыс та, дегенмен, Жатпайды бізде қар ұзақ. Жайлаған түрік, оғыздар, Дей-тұғын елде аңыз бар, Қалыпты теңіз астында, Қалалар небір, қорымдар. Толқиды теңіз кей шақтар, Тербейді-ау сірә, әруақтар, Бұл жерде талай жосыған, Жау жүрек ұлы қыпшақтар. Ал досым, сенбе, сен мейлі, Теңізді әруақ тербейді, Тарихын ата-бабаңның, Ақтарып менен көр дейді. Сыр бүгіп ішке қат-қабат, Толқынмен ойнап жарқабақ, Қызылдың құмы үздігіп, Теңізге төніп, анталап, Төрт қақпа – төрткүл дүниеге, Төрт тарау жатыр жол тарап. Жасанды теңіз жасанып, Жал құмдар көзге жас алып, Шардарам менің Шардарам, Келеді шалқып жасарып, Шомылып суға, әй досым, Ыстығын жанның басалық. Беу, туған жер таңсығым, Сұлу Сыр, белес, әр қырың, Қымбатсың маған Шардарам, Қымбатсың маған Жаушықұм!