"ҚАЗТЕСТ" қалыптасқан жүйе
2010 ж. 01 ақпан
1335
0
Ұлттық саясат жобасында «әр мамандық иелеріне мемлекеттік тілді білу деңгейлерін анықтайтын «ҚАЗТЕСТ» бағдарламасын қолдану ережелерін бекіту» ұсынылады.
Жалпы, бұл жүйені іске қосу кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқандықтан, оны жобаға енгізудің ешқандай негізі жоқ секілді. Мәселен, ҚАЗТЕСТ жүйесі Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ Қазақстан аумағында құқықтық, экономикалық, қоғамдық және т.б. әрекет түрлерімен айналысатын шетелдік азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейлерін анықтайтын тілді бағалау объектісі ретінде қалыптастырылуда.
Тест тапсырмалары халықаралық тіл білімін бағалау жүйелерінің талаптарына сәйкес белгілі бір коммуникативтік міндеттерді шешу үшін қажетті тілдің құрылымы туралы түсінік пен біліктілік деңгейін бағалауды көздейді.
2008 жылғы Үкімет қаулысымен «ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу мен дамытудың тұжырымдамасы» мақұлданып, таяуда ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеу, бағалау процестерін айқындайтын «Азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін ҚАЗТЕСТ жүйесі арқылы бағалаудың технологиясы» мемлекеттік стандарты бекітілді.
Алғаш рет Үкіметтің шешімімен Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық бағдарламасына үміткерлердің қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау ҚАЗТЕСТ жүйесін іске асыру туралы шешім қабылданып, 2009 жылы 2034 үміткер жүйе бойынша емтихан тапсырғанын да атап көрсетуіміз керек.
Бұл бағытта жұмыс жүйелі жүргізіліп жатыр, енді оларды Тұжырымдамаға қайта кіргізудің қажеті болмас деген ойдамын.