Штирлиц қазақ болған ба?

немесе Гитлердің ставкасында жұмыс істеген Кремльдің құпия барлаушысының прототипі анық біздің жерлесіміз бе? Өткен ғасырдың 70-жылдары түсірілген «Көктемнің он жеті сәті» атты шым-шытырық оқиғаларға толы көп сериялы фильмді теледидар арқылы тамашаламаған адам, сірә, жоқ шығар. Кәрі-жасы аралас талай көрермен буынының көзайымына айналған фильм биыл да 9 мамыр қарсаңында телеэкраннан түскен жоқ. Бірақ біздің айтпағымыз – бұл емес. Айтпағымыз – фашистік Германияда кеңес барлаушысы, орыс азаматы шынымен жоғары лауазымды қызмет істеді ме? Штирлиц өмірде болған адам ба, жоқ па? Білмесеңіз, айталық. Штирлицтің ұлты – қазақ, есімі – Жандос Исаев көрінеді. ШТИРЛИЦТІҢ ШЫН МӘНІНДЕГІ ПРОТОТИПІ КІМ? Қазір Ресейде «Исаев» атты көп сериялы фильм түсіріліп жатыр. 16 сериядан тұратын бұл фильм Кеңес Одағының жас барлаушысы Максим Максимович Исаев (Штирлиц) турасында. Бұйыртса, алдағы қазан айында экранға шығады деп жоспарланып отырған киноның оқиғасы азамат соғысы кезіндегі Қиыр Шығыстағы ақ гвардияшылар қозғалысы мен жапон арандатушылары жайында. Кинодағы жапон полковнигін қазақстандық актер Меңтай Өтепбергенов сомдаса, Штирлиц рөлінде ресейлік Даниил Страхов ойнайды. Енді осы кинодағы Максим Максимович Исаев кім болған деген сұраққа жауап ізделік. 1920 жылы Ресейдің Черкасск ауданының Глыбовка ауданында туған, ұзақ жыл бойы АҚШ-та тұрған Максим Максимович Исаев деген жазушы болғаны болмаса, тарихта дәл осындай есіммен белгілі басқадай адамды біз білмейді екенбіз. Кеңес барлаушысы, полковник Штирлиц-Максим Исаев туралы бірнеше роман жазған Юлиан Семеновтың жазушылық хас таланты мен суреткерлік шеберлігі кімді болсын тәнті етері сөзсіз. Оған Штирлиц рөлін сомдаған бекзат болмысты Вячеслав Тихоновтың әртістік ерен қабілеті қосылды. Осыдан соң көрермендер фильмге өмірде болған оқиға ретінде шын көңілімен қалайша сенбесін. Миллиондаған адам чекист Исаевты тарихтағы нақты адам ретінде қабылдады және әлі де солай қабылдап келеді. Ал шын мәнінде, мұндай оқиға өмірде болмаған. Штирлиц те өмірде болған жоқ. Штирлиц, яғни Максим Максимович Исаев – жазушы Ю.Семеновтың «Көктемнің он жеті сәті» атты романындағы, кейін осы аттас әрі аталған романның желісімен түсірілген белгілі кинофильмдегі ойдан шығарған әдеби кейіпкері. Ал чекист Жандос Исаев өмірде болған адам. Кәнігі маман-чекистердің бірауыздан білдірген пікіріне сүйенсек, Штирлицтің болуы да мүмкін емес. Әрине, сол елге неміс болып сіңіп кеткен орыс өзін Германияның ежелгі тұрғыны, яғни «таза неміспін» деп сендіруі мүмкін, алайда оның ұзаққа созылуы мүмкін емес. Аса қырағы немістерде үрім-бұтақты, ата-текті түбірімен зерттеп, анықтай алатын кадр бөлімі болғанын ескерсек, ең әккі чекистің өзі алғашқы тексерісте-ақ қармаққа түсері белгілі еді. Ендеше, Кеңес азаматының нацистік Германияның аппаратында қызмет атқаруы мүмкін емесін, өйткені сөзсіз әшкереленетінін жақсы білетін КСРО-ның Барлау басшылығының ондай әрекетке ұмтылуы да неғайбыл. Ал Кеңес Одағына көмек беруге әзір немістерді тауып, жасырын қызметке тарту мақсаты болса, онда сөз басқа. Осы жерде базбіреулер бірнеше жоғары шенді рейхкомиссарлардың көзін жойған атақты Николай Кузнецовты көлденең тартуы мүмкін. Бұрынғы НКВД-ның қызметкері, кейін Кеңес Одағының Батыры (1944 жылы, украин ұлтшылдарының қолынан өлгеннен кейін берілген) атанған Николай Иванович Кузнецовтың жау тылында небір көзсіз қимылдар жасағаны белгілі, бірақ оны барлаушыдан гөрі диверсант деу дұрыс сияқты. Ол көп жерлерде кенеттен жалт етіп көрініп, қас пен көздің арасында қолға алған шаруасын бітіріп, тексермек түгіл, ізіне түскенше көзден ғайып болып отырған. Біздің білуімізше, жазушы Ю.Семеновтің өзі көзі тірісінде Леман, Маневич, Кузнецов, Радо секілді барлаушылардан жинақы типтік кейіпкердің образын жасағанын, жалпы, Штирлицтің прототипі Ленинмен жақын дос болған, 20-жылдары Қытайда саяси кеңесші болған Михаил Бородиннің баласы атақты барлаушы, полковник Норман Михайлович Бородин (Грузенберг) деп кеткен. Бұл айтылған Норман Бородин (1911-1974) 1930 жылдардың басында Америкада кеңес барлаушысы болып, АҚШ-та коммунистік партияның негізін салған адам. Ал енді өмір бойы КСРО-ның Германия бойынша жетекші сарапшысы болып қызмет істеген генерал-лейтенант Сергей Александрович Кондрашов болса, Штирлицтің прототипі, КСРО-ның шет елдердегі астыртын барлауын ұйымдастырған Александр Михайлович Коротков болды деген тұжырым жасайды. «Көктемнің он жеті сәті» киносының ғылыми кеңесшісі, германтанушы, тарих ғылым­дарының докторы, профессор В.Ежовтың пікірінше, Штирлицтің прототипі Латвия маңында, Юрмалада соңғы жылдарға дейін жұрт көзінен жасырынып жүретін Кеңес барлаушысы болған. 20-жылдары фашистік партияға кірген бұл барлаушының мансабы жоғарылап, Гитлердің ставкасындағы барлық іске белсене араласады. Ал соғыс аяқталарда америкалықтар тұтқындап, кейіннен Кеңес әскерлері құтқарып қалған көрінеді. ЖАНДОС ИСАЕВ – КІМ? НЕМЕСЕ КӨЗ КӨРГЕН КУӘНІҢ СӨЗІ Не десек те, Кеңес Одағының Батыры, барлаушы Рихард Зоргені, Борис Базаровты, Конон Молодыйды, Қасымхан Чанышевты («Транссібір» фильмінде Шадияров), тағы да басқаларды білгенмен, Исаев деген барлаушының нақты өмірде болғанын білмейтініміз рас. Сонда жазушы Юлиан Семенов сүйікті кейіпкеріне Исаев (қазақша естіледі) деген ата текті көктен алып бере салған ба? Бізді осындай ойлар көптен мазалап жүргенде, Всеволод Дьячуктың соғыс ардагері Александр Мельниковпен жүргізген сұхбаты жарық көрді. Автордың жазуынша, аталған майдангер оған Қазақстанда бірнеше адам ғана білген құпия сырды ашқан. Ол қандай құпия дейсіз ғой? Жазушы Ю.Семеновтың «Көктемнің он жеті сәті» романының бас кейіпкері штандартенфюрер Штирлицтің, яғни полковник Исаевтың тумысы қазақстандық қана емес, ұлты да қазақ көрінеді. Ол кезде мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінде (қазіргі ҰҚК) жұмыс істеген ардагер Мельников жазушы Ю.Семеновпен 50-жылдары танысыпты. Бұрын Бухариннің көмекшісі болған, кейін репрессияға ұшыраған журналист Семен Яндерстің ұлы болғандықтан, Юлиан жігіт шағында жансыздардың қырағы назарынан құтыла алмаған. Бір күні «Мәскеу» қонақүйінде, ол уақыт «қырғи-қабақ соғыс кезі», болашақтағы жазушы қасындағы жолдасымен бірге арақ ішіп отырып, аузынан абайсызда шығып кеткен саяси сөзі үшін КГБ-ның тұтқынына түседі. Мельников онымен сол жерде жақын танысыпты. Содан аралары үзілмеген. Кейін Кеңес әдебиетінің мэтрі атанған болашақ жазушының сондағы тұтылуы саяси көзқарасының жүз пайыз өзгеруіне себеп болыпты. Сөйтіп, Семенов мемлекеттік Қауіпсіздік комитеті қызметкерлерімен, оның ішінде КОКП Орталық Комитетінің мүшесі Ю.Андро­пов­пен арадағы достығы арқасында, ешқандай журналистің қолы жетпеген КСРО КГБ-ның құпия мұрағатына еркін кіріп-шығып, шпиондық туындыларына нақты өмірде болған оқиғаларды негізге алып отырған. Қарт чекистің айтуынша, Семеновтың атақты туындысы мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің арнайы тапсырмасымен жазылған. Ал бізді қызықтырып отырған мәселеге келсек, жазушы Қиыр Шығыста сапарда жүріп, өзін Жандос Исаев деп таныстырған доғарыстағы (отставкадағы) полковникпен танысқан. Сөйтіп, көктен іздегені жерден табылғандай болыпты. Сонымен, Ю.Семеновтың бас­ кейіпкеріне айналған Жандос Исаев кім? Юлианның айтуы, оны бізге Мельников­тың жеткізуі бойынша, ол – Орынборда туған ақсүйек қазақ, дворян. Бұрынғы патша офицері, 1917 жылы Қызыл Армия жағына өткен. Кеңестік Қазақстан жолында жаумен айқасқан. Кейіннен құпия тапсырмамен Шанхайдағы орыс эмигранттарының арасында қызмет еткен. Қытай мен Жапония арасында соғыс туындаған соң, Күншығыс еліне қашып барып, шпиондық жұмысын сонда жалғастырған. Жандостың түр-келбеті жапонға ұқсас, шағын бойлы шымыр, денелі адам болыпты. Қазақ, орыс тілінен басқа, бес шет тілін еркін меңгерген. Ю.Семеновтың «Көктемнің он жеті сәті» атты шығармасындағы Штирлицтің басынан өтетін базбір штрихтар барлаушы Жандостың Жапонияда басынан кешкендері көрінеді. Мәселен, романда полковник Максим Исаев жарының бір уыс шашын кітап арасында сақтап жүрсе, өмірде Жандос Исаев жас кезінде жақсы көріп мінген атының кекілінен өзіне медальон жасап алыпты. Семеновқа бұл жай қатты әсер етіп, кейін бұл эпизодты өзінің кітабына кірістірген екен. Әрине, Александр Мель­никовтың Штирлицтің шын мәніндегі прототипін жарты ғасыр бойы құпия сақтап келгені түсініксіз. Әлде Штирлицті қазақ деуге қимады ма екен? Жазушы Семеновтың Исаевтың фамилиясын ғана қалдырып, Жандосты Максим деп өзгертуінде де мән бар сияқты. Державалық астамшылық пиғыл қазақтың талай жақсысы мен жайсаңының есімін (бұған Рейхстагқа ту тіккен Р.Қошқарбаевты мысалға келтірсек те жетеді) тасада қалдырған жоқ па? Сондай елеусіз кеткен ердің бірі осы Жандос Исаев болуы бек мүмкін. Осы күнге дейін беймәлім болып келген жерлесіміздің есімі мен ерлігін паш ету – тарихшылар мен көзіқарақты зерттеушілердің міндеті. Барлаушының маман­дығы оның отбасын құруына мүм­кіндік бермейтінін және оның басқа ата текпен жүруі де мүмкін екендігін ескерсек, бұл мәселені зерттеу, анық­тау жайы оңай емесін түсінеміз. Бірақ қалай болғанда да, жазушыға кездескен барлаушының қазақ азаматы екенін ұмытпауымыз керек. Және оның Штирлицтің шын мәніндегі прототипі екенін ескеруге тиіспіз. Төреғали ТӘШЕНОВ