Оралмандарды еңбек күші қажет аймақтарға қоныстандыру мәселесі қаралды
2017 ж. 17 наурыз
3533
5
Бүгін Мәжілісте Палатаның әлеуметтік-мәдени даму комитеті ішкі және сыртқы көші-қон мәселелері туралы жиын өткізді. Бұл туралы ҚР Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.
ҚР Парламенті Мәжілісі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Бейбіт Мамраев Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған еңбек нарығын жаңғыртуға байланысты кешенді тапсырманы іске асыру аясында қарастырылып отырған мәселенің маңыздылығын атап өтті.
Отырысқа қатысушылар 2015 жылға қарағанда өткен жылы ішкі көші-қонның 25 пайызға, елімізде тіркелген шетел азаматтар санының 25 пайызға және олар жасаған құқық бұзушылықтың 5,9 пайызға артқанын алға тарта келіп, сонымен қатар заңсыз көші-қон және азаматтардың, соның ішінде жоғары білікті мамандардың, шет елдерге кету үрдісінің орын алып отырғанына назар аударды.
Депутаттар сондай-ақ этникалық қазақтарды қабылдау, оларға Қазақстан азаматтығын беру кезiнде құқықтық рәсімдерді оңайлату және оралмандарды еңбек күші қажет аймақтарға қоныс аудару мәселелері бойынша ұсыныстар білдірді.
Бірлескен отырыстың жұмысына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ішкі істер, білім және ғылым, сыртқы істер, ұлттық экономика министрліктерінің, жергілікті атқарушы органдардың, Халықаралық көші-қон ұйымының, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдері қатысты.
Отырыс қорытындысы бойынша тиісті Ұсыныстар қабылданды.