АЛАЙЫН ДЕСЕМ НАН ҚЫМБАТ, АЛМАЙЫН ДЕСЕМ ЖАН ҚЫМБАТ

Қазіргі таңда жұмыссыздар саны көбеймесе азайған жоқ. Көшедегі сауда саттықпен айналысып, күнделікті нәпақасын тауып жүрген аға-іні, әпке-сіңілдерімізді көріп, кеудемізде аяныш сезімі оянары анық. Қақаған қыстың аязына төзіп, аптаған жаздың ыстығына күйіп, таң атқаннан қас қарайғанша сауда жасауды кім қалайды дейсіз. Олардың қолында көк-қызыл дипломдары болса да, жұмыссыздықтың салдарынан осындай күй кешіп отыр.

азык-т

Бүгінде ел ертеңі саналатын жастардың қоғам өмірінде алар орны маңызды екені анық. Тұғырлы биіктен көрінетін талапты жастарымыздың қоғам өміріне араласып, жас сананың мемлекет негізінің дұрыс қалануында үлкен орны бар. Алайда сауда орталықтарына бас сұққанда босағадан төрге дейін жайғасқан жастарымызды көргенде, іштей қынжыласың. Тәуелсіз елімізде дипломы пайдаға аспаған жастардың бүгінгі тіршілігі кімді болса да, ойландыратын мәселе. Байқап қарасақ, көптеген кәсіпорындарда кәсіби маманның жетіспеуінен кей мекемелерде сұраныс өте көп. Бұл мәселеге келгенде жастарымыздың дұрыс кәсіп таңдай алмағандығы ма, әлде жоғарғы оқу орындарында сапалы білім бермегендіктен бе? Бар жиған тергенін баласының оқуына жұмсап, болашағынан үлкен үміт күтіп отырған ата-ана, соңында таныс-тамыр іздеп, балаларын жұмысқа орналастырудың қамын жасап жүреді. Жұмыссыздық, кедейлік бір қасірет. Бұл тек біздің елде ғана емес, дүниежүзіндегі шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі. Дегенмен, біздің елімізде жұмыссыз жүргендердің саны бір жарым миллионға жеткені туралы айтылып жүр. Әрине, бұл тек сөз жүзіндегі ғана, ал шын мәнінде бұдан көп болмаса аз емес. Онымен қоса, ауылдан қалаға ағылып, жалданып, қара жұмыстан нәпақасын тауып жүргендер әлбетте жұмыссыздардың қатарына кірмеген. Егер де жұмыссыз жүргендерді бір-бірлеп түгендесеп, олардың саны бірнеше миллионды құрайды яғни қазақстан азаматтарының шамамен 30 пайызға жуығы жұмыссыз деген сөз. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әрбір шаңыраққа ай сайын қырық мың теңгеге жуық кіріс түседі екен. Орташа есеппен жетпіс мың теңгеге жуық жалақыны қазақстан азаматтарының қанша пайызы алып жүр. Ол қанша пайызды құрайды, әзірге беймәлім. Ал, еліміздегі шенді шенеуліктердің жалақысы қандай? Статистикалық агенттіктің мәліметіне қарағанда, білдей бір министрліктің тізгінін ұстап отырған басшы - 555.366 теңге, министрдің бірінші орынбасары мен агенттік төрағасы - 424.803, министрдің орынбасары - 391.689, камитет төрағасы - 314.545 теңге, Астана, Алматы қаласының және облыстың әкімдері - 444.670, облыс деңгейіндегі қала әкімдері - 222.334, аудан және аудандық қала әкімдері - 178.341, ауыл әкімдері - 83.730, департамент директорлары - 163.203 теңге жалақы алатынын анықтаған және олардың тек жалақымен шектелмесі анық. Айталық, қарапайым ауыл әкімдерінің өзі мемлекеттен бөлінген қаржының кемінде жартысына жуығын өз қалтасына салатыны құпия емес. Осындай жемқорлардың әсерінен қарапайым халықтың маңдайынан соры арылмай-ақ қойды. Биліктің тізгінін ұстап бір-бір орында отырған бұл азаматтардың, таң атқаннан қас қарайғанша еңбек етіп, күнделікті нәпақасына шүкіршілік етіп отырған жандардан қай жерлері артық. Мұндай кезек күттірмей отырған мәселелерді билік басындағылар қайдан түсінсін? Ішері алдында, ішпегені артында, ешқандай уайым қайғысы жоқ. Таза орында, қолдарын жылы суға малып, тіпті зеріккеннен кейбір көкелеріміз шетелге барып түстеніп келіп жатқаны да өтірік емес. Осылай шалқып өмір сүріп жатқандар жұмыссыздың жағдайын не қылсын. Ертеде бір байдың баласы, көрші үйдің тамақ таппай, бір үзім нанға зар болып отырғанын көріп, тамақтары жоқ болса «сыр күріш» істеп жей бермей ме, деген екен. Сол сияқты басшылықта отырған ағаларымызда сондай ойда екеніне шүбә жоқ. Осы ағаларымыздың өміріне қызығып, жас жеткіншектеріміз де тез баюдың жолын көздеп жалақысы жоғары мамандықтарды таңдап жатады. Бірақ, аталмыш сала бойынша жұмысқа орналасу өте қиын. Бұл салада бір жұмыс берушіге орта есеппен алты үміткердің түйіндемесі түсетінін ескерсек, мектеп бітіруші түлектеріміз мамандық таңдауда қателеспей, ертеңін ойлап шешім қабылдағаны абзал. Таяуда қазақстандық «Headhunter» компаниясы еліміздегі ең жоғары жалақы алатын мамандық иелерінің тізімін жасап шығарды. Алдыңғы орында оза шапқандар қатарында өндірісшілер, яғни газ-мұнай саласының қызметкерлері. Орташа айлығы - 197 926 теңгені құраса, ең жоғарғы жалақы - 3 281 643 теңге екен. Екінші орында-бизнес-консалтинг саласының қызметкерлі іліккен. Орташа айлықтары - 143 331 теңгені құрап отыр. Үшінші орында-жылда үздіктер тізімінен бір түспейтін заңгерлер тұр. Орташа айлықтары - 123 704 теңге. Төртінші орында-ақпараттық технология мамандары. Орташа жалақысы - 118 755 теңгені құрайды, ал мықтылары 500-нан астам айлық алатын көрінеді. Ал, бесінші орында-жарнама PR және маркетинг қызметшілерінің иелігінде. Орташа жалақысы - 108 885 теңгені құраса, әмбебаптары 700 мыңнан айлық алады екен. Бізде осы мамандықтарды оқып, тез байып кетеміз деген жастарымыз ертеңгі күні жұмыс таппай, көше кезіп жүрмесіне кім кепіл. Бір жағынан жұмыссыздық орын алып, екінші жағынан азық-түлік бағасы шарықтап, халықты тұс-тұстан қанап жатқанын билік басындағылар біледі ме екен? Қымбатшылық негізінен халықтың күнделікті тұтынатын тауарларынан-ақ байқалып тұр. Қарапайым халық қара базардағы арзанқол өнімдерді қолданары белгілі. Ал, қалтасы қалың, ауқаттыларымыз супермаркеттерді аралап, шетелдің өнімдерін тұтынады. Ондай сауда орындарында кез келген заттың бағасы шарықтап тұрары сөзсіз. Қалтасы жұқа халық үшін, сол базардағы бағаның қымбаттауының өзі үлкен соққы болып отыр. Мысалы, «көк базардағы» сауда жағаңды ұстатардай, ұшып тұр. Қазақтың әрбір шаңырағы етсіз отырмайтыны белгілі. Ал, бүгінде сол ет бағасы аспандап тұр. Мәселен, жылқы етінің келісі 1500 теңгеге шығып кетсе, сиыр еті 1000-1200, қой еті 900-1000 теңгенің төңірегінде. Сол сияқты сүт өнімдері де 20-30 пайызға шейін қымбаттаған. Қаладағы көтерме сауда дүкендерінің сөрелерінде тұрған «Фудмастер», «Адал», «Одари» секілді компаниялардың қағаз қораптағы өнімдеріне 10 теңгеден, ал жұмсақ пакеттегілеріне 5-6 теңге қосылған. Елімізде азық-түлік бағасының өсіп кетуіне біржағынан Ресей нарығындағы тапшылықтың да әсері бар, дейді зерттеуші мамандар. Біздегі ауылшаруашылығы мамандарының айтуынша, ресейлік сатып алушылардың сұранысының арта бастағаннан-ақ, ішкі нарықта картоп жеткізу көлемі тым төмендеп кеткен. Мәселен, Павлодардан келетін картоптың азаюынан Алматыдағы «Алтын орда» базарында да бұл өнімге тапшылық орын ала бастағаны байқалуда. Бүгінгі күні картоптың көтерме саудадағы құнының өзі 60-70 теңгені құрап отыр. Өйткені, Ресей еліне көкөністің күнделікті қаншама тоннасы кетіп жатыр. Өзіміздің халық не жесе оны жесін, өзіміз осы науқанды пайдаланып, байып қалайық дегеннің кебін киіп отырғандар, өз еліне бүйректерін бұрмай отырғаны өкінішті. Сұранысқа ие болып отырған, азық-түлік тауарлары оңтүстік өңірлерде де қымбаттай түскен. «Зейнетақымыз көбейді, айлығымыз өсті» деп қуанып жүрген қарапайым тұрғындарға, мұндай бағалар қаншалықты ауыр екенін билік басында отырғандар біле ме екен? Баға, негізінен, базарлар мен шағын сауда нүктелеріндегі азық-түлік тауарлары бойынша өскен. 13 қаңтардағы баға мониторингі кейбір азық-түлік жыл басына қарағанда әлде қайда қымбаттай түскенін көрсетіп отыр. Мысалы, жармалар – 10-12 %, макарондар – 18,6%, ет және еттен жасалған тағамдар – 10 %, жеміс-көкөніс өнімдері, яғни картоп, пияз және қырыққабат 74% - ға қымбаттаған. Азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне әр түрлі жағдайлар себеп болып отыр дейді. Мысалы, ұнның қымбаттауы азық-түліктік астықтың босату бағасының өсуінен болса, жармалардың қымбаттауы астық өнімінің төмен болуынан туындап отырғанын және Ресейдегі бағаның көтерілуінен деп, топшалайды. Дегенмен, елімізде ұн бағасының көтерілуі ақылға сыймайтын жайт. Себебі, дәл қазір біздегі ұн өндірісінің көлемі ішкі тұтыну мөлшерінен екі есеге жоғары екені баршаға белгілі. Онымен қоса, әлемдік ұн нарығында «алдыңғы орында» тұрғанымыз тағы бар. Әзірше, үкіметтің жыл басында бағаны тұрақтандыру туралы әкімдермен бірлесіп жасасқан меморандумдарынан ешқандай қайран болмай тұр. Еліміздегі ішкі тұтыну нарығын бақылау саясатының әлсіздігі мен алыпсатарларды құрықтауға келгенде дәрменсіздігін және ешқандай жұмыс жасамай отқандығын дәлелдегендей. Ал, жергілікті билік болса, бұл проблемаларды шешу жолында тиісті шаралар қабылдап жатқандарын айтады. Ал, егер бағаларды негізсіз көтеру фактілері анықталып жатса, мамандар бұл туралы құзырлы органдарға хабарласатындарын айтып ақталуда. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты биылғы жолдауында «Былтыр біз зейнетақы мен стипендия көлемін, бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақыларын 30 пайызға өсіреміз», – деп мәлімдеді. Қымбатшылық етек жайған бүгінгі қоғамда бұл халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қаншалықты септігін тигізеді? Сәбилі болған жас отбасылардың, жағдайы қандай болмақ? Мысалы, жаңа туған сәбидің керек-жарағы үшін Үкімет бала басына 70 000 теңге қаржылай көмек береді. Алайда, қалтасының қалыңдығын көздеген өнім өндірушінің де, базардағы саудашының да қанағат деген сөзді ұмытып, байыған үстіне байысам деген ойы көрініп-ақ тұрады. Өйткені, арзан бағадағы қытайдың тауарларын «Түркиянікі», «Россиянікі» деп беті бүлк етпей қымбатқа сатып мол пайдаға кенеліп отырғандар, халықты таза қанап отырғаны анық. Әуелі, жаңа туған нәрестеге қажетті заттар мен киімдердің қара базардағы құны мен супермаркеттегі бағасын сараптап көрейік. Қаламыздағы базарларда нәрестенің иткөйлегі – 300-1000 теңгенің аралығында болса, жейдесі мен шалбары қосылып – 1500-ден басталып, 3800-ден асып түседі. Ал, нәресте жөргегінің өзі ұзын саны 3000-5000 теңгеге дейін жетіп артылады. Енді, супермаркеттегі құнын есепке алайық. Алматыдағы «Балалар әлемінде» сәби жөргегі 5000-нан 20000 – ның аралығын қамтыса, аяқ киімі 4000-8000 теңгені, жемпір – 6800 тг, жейдесі мен шалбары - 6500-ден 9000-ды, иткөйлегі – 600-1000 тг-ні құрайды. Жас баланың сыртқы киімдері 16000 –нан басталып, 23000-ды жер қаптырады. Құндақтағы сәбилеріміздің өзіне осыншама қаржы жұмсалатынын ескерсек, ересектерге мұнан екі есе келмесе, одан аз келмейді. Яғни бір отбасында орташа есеппен төрт-бес жан деп есептегеннің өзінде, біздегі жалақы мөлшері мұндай бағадағы заттарды көтермесі анық. Қара халықтың супермаркеттерді аралауға қалтасы көтермегендіктен, қара базардағы арзанқол дүниелерді алуға мәжбүр. Қытайдың бір-екі киістен кейін қолаңсыз иіс шығып кететін аяқкиімдері, бірнеше рет жуылғаннан кейін өңі түсіп қалатын киімдері қара халықтың материалдық қажеттіліктерін сапалы түрде қамтамасыз ете алмай отыр. Елімізде ересектер түгілі балалардың киімін өндіретін кәсіпорындар саусақпен санарлық. Сонымен қатар, өз азаматтарымыз екі қолға бір күрек таппай отырған уақытта , кең байтақ қазақ жеріне шетел азаматтары келіп, төрімізден орын алып қана қоймай, ұлан ғайыр жеріміздің байлығын пайдаланып, біз алмаған жалақыны, бір мінбеген көлікті, біздің түсімізге де кіріп шықпайтын зәулім үйлерде тұрып жатқанын күнделікті өмірде көріп жүрміз. Ал, өз бауырларымыз сол шетелдіктер де жалданып жұмыс істеп, өз жерінде жетімсіреп жүр. Сірә, бұдан асқан сорақылық жоқ шығар.

Әсел Рзаева