СЫН АЙТЫЛСА, ШЫН АЙТЫЛСЫН!

Соңғы жылдары «ақсақты тыңдай, өтірікті шындай» көрсеткісі келетін кейбіреулер ойдан шығарған жалалы теріс пікірін ақпарат құралдарында жариялап, елді дүрліктіруден айныр емес. Онысымен қоймай, ондай материалдарының астына қоғамда беделі бар, халыққа танымал қайраткерлердің аттарын тізбелеп, жалғанды жалпағынан басқан сөздерінің «салмағын» соларға арттырғысы келеді. «Жас қазақ үні» газетінің өткен 12 наурыздағы №8-9 санында жарияланған «Ұлттық Арна кімдердің сойылын соғып отыр?» атты «ашық хат» осының тағы бір дәлелі. Өзінің кәсіптік деңгейінде ондаған жылдар бұрынғы қалыптан аса алмай, жаңа заман талабының «шаңына тұншығып», көштен қалған, сол себепті Ұлттық арна мен Қазақ радиосын кадрлық оңтайландыру кезінде қысқартуға ұшыраған жекелеген бұрынғы журналистің мұндай ісіне қалай қарауға болады? Арға сыя ма екен мұндай қарекет? Әрине, моралдік тұрғыдан да, адамгершілік тұрғысынан да бұл құптарлық іс емес. Әсіресе, еліміздегі телеарналардың ішінде қазақ тілінің мәртебесін арттырып, қолдану аясын кеңейтуге аса зор үлес қосып келе жатқан, эфирінің 75 пайызы ана тілімізде таралатын Ұлттық арнаны қазақ тіліне кемсін қарайды деу барып тұрған жала мен ғайбат қана. Осы тұрғыдан алғанда жәй ғана «жала» ғой деп жылы жауып қоярлық ашық хаттың «салмағын» ауырлатып тұрған мәселе – оның астына қол қойды-мыс деп көрсетілген тұлғалардың тізімі. Жазылған жайға қатысы жоқ бірқатар кісілердің аттарын жамылып, теріс ойының қолшоқпарына айналдыруға тырысуы «ашық хат» «ав­торының» моралдік деңгейі мен адамгершілік келбетінің көлеңкелі тұстарын анық ашып беріп отыр. Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әшірбек Сығай, жазушы Ұзақпай Доспанбетов, қоғам қайраткерлері Асылы Осман, Хайролла Қабжалелов, Мекемтас Мырзахметов сынды зиялы қауым өкілдері, өнер тарландары Р.Стамғазиев, А.Үлкенбаева, С.Жанпейісовалар, журналистер Б.Беделхан, А.Исаділ, З.Асабаев, Г.Бектасова, А.Ос­панбай, Д.Мыңжасарқызы, Б.Дәу­летбаева, С.Хасан, Г.Зейнуллина, Б.Мажитов, С.Үсен, Ж.Нармаханова, Н.Ла­хан, Б.Мүптекеев және т.б. «Жас қазақ үні», «Халық сөзі» газеттерінде жарияланған «ашық хатқа» қол қоймағандарын мәлім­деп, «Қазақстан» телера­диокорпорацияның (бұдан әрі - Корпорация) атына айтылған ғайбат сөздердің мазмұны мен мағынасына ешбір қатысы жоқтығын білдірген арнайы хаттар жолдады (ресми сұрауларыңыз бойынша хат көшірмелерін ұсына аламыз). Осыған байланысты, Қазақ­стан Республикасы Азаматтық Кодексінің 143 бабын негізге ала отырып, шындыққа сай келмейтін мәліметті теріске шығару мақсатында осы жауапты газеттеріңіздің жақын сандарында жариялауды талап етеміз. Бұдан шығатын қорытынды: біз сын айтылмасын демейміз! Тек алдымен жариялауға жіберілген мәліметтердің шындыққа сәйкестігін тексеріп, істің анық-қанығын ашып алу керек. Ал «жалған сенсация» қуып, анықталмаған мәліметтерді жариялаған немесе олардың авторы деп жалған ақпар таратқан қандай да болмасын ақпарат құралдарына қатысты біз өз кезегімізде сотқа жүгіну құқы­ғын пайдалана алатынымызды ескертеміз. «Қазақстан» ТРК АҚ Баспасөз қызметі.

Редакциядан: Кез-келген баспасөз құралының басты мақсаты елге шынайы ақпарат жеткізу екені белгілі. «Жас қазақ үні» газетінің мақсаты да еліміздегі ең үлкен арнаға жала жабу емес, Ұлттық арнаның атына сай ұлттық мүддесінің ұпайын арттыра түссе деген тілек болатын. Егер ашық хаттағы зиялылардың қолдары жалған болса, ол осы хатты ұйымдастырушылардың арына сын. Ал қойған қолдарынан айнып кетіп жатса, кейінгі кезде осындай «үрдіс» пайда болды, ол тайқып кеткен зиялыларымызға сын. Әрдайым қоғамдық плюрализмді ұстанатын «Жас қазақ үні» газеті Ұлттық арнаның жауап хатын жариялай отырып, бұдан былай қол қойдыруға да, қол қоюға да сауаттылықпен һәм жауаптылықпен қарап, ақиқатты аттап кетуден сақ болайық дегіміз келеді.