Білім министрлігі халықты дүрліктірмей, нақты құжаттармен дәлелдеулері қажет
2017 ж. 06 наурыз
1970
2
Біз мәдениетті, дәлелді пікірталасқа қашан жетеміз... Кешегі бір топ қазақ филологтарының жанайқайынан соң, әуелі білім министрі (үш күннен соң) әлеуметтік жүйеге шықты, ал одан соң, бірнеше облыстың жоғарғы оқу орындарының декандары мен кафедра меңгерушілері, т.б. «халықты тыныштандыруға кірісті».
Меніңше, бұлардың барлығы дүрліккен жұртты басудан көрі, отқа май құйған сияқты әсер қалдырды. Теледидардан бюджеттік оқу орындарының жауапты басшыларның «ол ақпарат шындыққа жанаспайды», «сенбеулеріңізді өтінемін», «бізде әзірше бәрі орынша» деген сөздері жауаптан көрі сұрақтарды көбірек тудырған сияқты.
Осы «халықты тыныштандыруды» ұйымдастырған жандар – бұрынғы Кеңес жүйесінің жұмыс істеу тәсілінен шыға алмай жүргендер деп білемін. Ол уақытта да, біреулерді «халық жауы» қылатын болса, немесе енді біреудерді мадақтайтын болса, адамдардың аузына сөз салып, қолына қалам беретін. Газет беттерінде біреулерді «иттей талап» енді біреулерді әулие дәрежесіне жеткізетін. Қазір уақыт өзгерді. Сондықтан, Білім және ғылым министрлігі халықты одан әрі дүрліктірмей, хатты жазып, бастама көтерген азаматтарды қолдарындағы құжаттармен, нақты деректермен министрлікке шақырып, олардың деректерін тексеріп, жалғандығын не дұрыстығын дәлелдеулері қажет. Мүйізі қарағайдай академик ағаларымыз, апаларымыз біреудің айтағына еретін азаматтар емес қой, демек (олардың қолындағы құжаттар жалған болса) сол құжатты дайындаған, оған қолдарын қойған, оны таратқан жандар анықталуы шарт. Министр мырза «ондай болмайды, бұл өтірік» деудің орнына осы мәселені тексеріп, анықтап, содан кейін ғана қоғамға жауап беруі керек. Ал қазір, бір жағы «аттан» десе, екінші жағы «олардың айтқаны жалған» деуден аса алмай тұр. Бұл базардағы ұрысқақ әйелдердің бір біріне «өзің ақымақсың» дегеніне ұқсайды.
Қысқасы, былшыл сөздерді тоқтатайық! Білемін, ертең министрлік газет беттерінде жүздеген мамандардың сөзін беріп, теледидардан көздерін жұмып, «министрдікі дұрыс» дейтін басқа академиктердің пікірін ұйымдастыруы ғажап емес. Оған қарсы қазақ тілінің жанашырлары да қарап қалмайтыны анық. Бұл айқай кімге керек. Оның орнына жұртты атқа мінгізген құжаттың дұрыс, бұрыстығын анықтап, не жалған құжатты жасаған адамдарды сотқа беріңдер, не (егер сол құжатты қазақ филологтарының өздері жасағаны дәлелденсе) жалған ақпаратты таратқандарды жауапқа тартыңдар.
Дос Көшім
Abai.kz