Президент Парламент пен Үкіметтің қызметіне қатысты өзгерістерді атады
2017 ж. 03 наурыз
2953
13
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев конституциялық реформаларды ескере отырып, Үкімет пен Парламент қандай жағдайда жұмыс істейтіндігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біріншіден, жаңа заң мемлекеттік істерде Парламенттің рөлін айтарлықтай күшейтеді. Оның ішінде Үкіметті қалыптастыруда өкілеттігі артады. Енді Парламенттің заңнамалық билік болып табылатындығы жазылатын болады, бұрын «заңнамалық қызметтерді жүзеге асырады» деп тұжырымдалған еді. Яғни, ол енді нақтыланды. Үкіметтің дербестігі арта түседі, оған экономиканы тікелей басқару бойынша өкілеттік беріледі»,- деді Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы азаматтарды қорғау бағытында кассациялық сатының соты ретінде Жоғарғы соттың рөлі нығайтылатынын атап өтті.
«Конституциялық бақылаудың жүйесі нығаяды. Ең бастысы, конституциялық деңгейде біздің Тәуелсіздігіміздің тұрақтылығының, біркелкіліктің, аумақтық тұтастастықтың және басқару формасының кепілдігі бекітіледі»,- деп қосты Президент.
Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет заң жобасын даярлады, онда Президенттен атқарушы органдарға 35 өкілеттік қосымша берілетіні ескерілген. Конституцияда 23 өкілеттік қарастырылған және оның 35-і заңдарда жазылған, яғни олар Парламент пен Үкіметке беріледі. Осы ретте экономиканы, қаржыны, мемлекеттік мүлікті басқару, әкімшілік-аумақтық мәселелер қамтылған.
«Бүгінде бізде жоғары кәсіби билік тармақтары бар екендігіне сенімдімін, олар өздеріне жауапкершілікті алуға, өз бетінше елге қажетті шешімдерді қабылдауға қауқарлы»,- деп атап өтті Назарбаев.