Көктемгі аң аулау маусымында құс атуға тыйым салынды
2017 ж. 23 ақпан
3536
0
Қазақстанда 14 ақпаннан 14 маусымға дейін көктемгі аң аулау маусымында құс атуға тыйым салынды. Шектеу 3 жылға қойылады. Себебі, еліміздегі құстардың саны өткен жылдармен салыстырғанда 2 млн-ға азайып кеткен. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Марлен Айнабеков мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Қазіргі таңда біз заңға өзгеріс енгізіп жатырмыз. 2017 жылдың 14 ақпанынан 14 маусымына дейін елімізде құс атуға тыйым салынды. Бұл норма «Ерекше қорғауға алынған табиғи аумақтар» және «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» ҚР заңдарымен реттеледі. Шектеу қоюға құстар санының азайып кетуі басты себеп болып отыр. 2015 жылмен салыстырғанда өткен жылы құстардың саны 2 млн-ға кеміген. Осыған байланысты біз аң аулау шаруашылықтарымен, аңшылармен, зоология институтымен, Қазақстандағы биологиялық алуан түрлілікті сақтау қауымдастығымен ақылдастық. Нәтижесінде көктем мезгілінде 3 жылға құс атуға тыйым салдық. Ал күзгі аң аулау маусымын күшінде қалдырдық», - деді ол.
Сонымен қатар, Марлен Айнабеков аталмыш заң нормасын бұзған азаматтар қалай жазаланатынын атап өтті.
«Мысалы, 2016 жылы 678 браконьерлік жолмен аңлау дерегі тіркелді. Біз мұнымен күресеміз. Егер кімде кім біз қойған талапты бұзатын болса, әкімшілік айыппұл салынып, тиісті шаралар қолға алынады. Біз бір адамға 5 құс атып алуға ғана мүмкіндік береміз. Бірақ бұл норма күзден бастап күшіне енеді», - деді ол.