Ембідегі жемқорлыққа ем бар ма?

«Жалпақ» су ағысынан Ембі қаласына су құбырын тартуға 259,5 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржы Ембі қаласын сумен қамтамасыз етуге толығымен жетеді. Бүгінгі таңда бұл жұмыс жоспарда көрсетіл­гендей, өз мерзімінде, 2009 жылдың қыркүйек айының аяғына шейін орындалмайтыны анық болды. Бұның себебі мердігер «Теміржолсу-Ақтөбе» ЖШС мен шенеуніктер мемлекет қаржысын талан-таражға салып, ысырап етті деген ой туады. Өйткені су құбырын тарту әзірге Ембі қаласының жартысына да жеткен жоқ. Бұл мемлекет қаржысын тонаудағы жемқорлықтың жоғарғы көрінісі. 2008 жылы жергілікті бюджеттен 38 миллион теңге бөлініп, қазан айында Есет батыр көшесі асфальтталды. «ГОАР» ЖШС көшені асфальттау жұмысын өте сапасыз жүргізді. Бір жыл өтпей жол ойылып, асфальттың қарамайы бетіне шықты. Машиналардың салмағынан асфальт жылжып, екі бөлініп кетті. Асфальт төсеу формально жүргізіліп, стандарт сақталмаған. Бұл асфальт төсеу емес, мемлекет қаржысын қымқырудың, қалтаға басудың ең үлгісі болып шықты. Ембі қаласына газ құбырын тартуға 31 миллион теңге қаржы бөлінді. Осы бөлінген қаржыға қазіргі жағдайда тек бір ГРП салынды. Газ №3, №4 мектептерге, кітапханаға, мәдениет үйіне және 20-ға жуық үйге газ берілді. Көше бойларымен тартылған кей­бір газ құбырлары жаңа емес, қолда­ныста болған құбырлар. Жалпы газ құбырларын қала көшелерімен тарту үшін, «жобалау-сметалық құжат» жасалуы тиіс. Онда газ құбыры қай жермен жүретіні, метрмен есептегенде қаншаға шығатыны көрсетілуі тиіс. Мұндай құжат атымен жоқ. Сонымен 31 миллион теңге қайда, не үшін жұмсалды? Және оның орнымен жұмсалғанын дәлелдейтін құжаттар кімде? Осы сұраққа құжатта көрсетілген жауапты кімнен аламыз? Бүгінгі таңда жемқорлыққа қарсы күрес, Елбасы ұстанып отырған саясаттың ең бастысы. Осы себепті облыстың прокуратура, қаржы полициясы тарапынан тексеру жүргізіліп, қылмыстық іс қозғалуға тиіс. Атап айтқанда: 1) Ембі қаласына газ құбырын тар­туда 38 миллион теңге нақты не үшін жұмсалды? 2) Ембі қаласы Есет батыр кө­ше­сін 38 миллион теңгеге сапасыз асфальттаған «ГОАР» ЖШС мекемесі не бітірді? 3) 259 миллион теңгеге Ембі қала­сында су құбырын тартуға тен­дер­ді жеңіп алған «Теміржолсу-Ақ­төбе» ЖШС басшылығымен қатар олармен жең ұшы­нан жалғасып, мемлекет қар­жысын талан-таражға салып, жемқор­лыққа жол берген шенеуніктер заң алдында тиісті жазасын алуға тиіс деп санаймыз. Б.К.БЕРДІБЕКОВ Ақтөбе облысы, Ембі қаласы