ТҰРМАҒАМБЕТ

Бұған байланысты ақын өлеңдерінің дерегі не дейді? «Ой көзін осы кезде кірбің басып, // Жас шіркін, елу үшке тақалынды» деген өлең жолдарының қай жылы жазылғанын топшылау мүмкіндігі бар. «Ұрыспаңдар «Тап, – деп, ата мәкәніңді» деуіне қарағанда ақын бұл өлеңін Алматыға келгеннен кейін жазғанын ешкім терістей алмасы хақ. «Шаһнама» жырын тәржімелеу ісіне 1935 жылы мамыр айынан бастап кіріскен ақын 52 жасты толық тастамаған, әйтсе де 53 жастың «көжесінен» дәм татар жыл да осы болса керек. Өйткені, өмірінің соңғы жылдарында, түрмеде отырып жазған мына бір өлеңінде ақын: «Епсіз ем ете алмайтын істі оңды, // Елудің алтауына жас та толды» деп мұңаймаушы ма еді? Ол Алматыға келіп, аударма жұмысына бел шешіп кірісетін 1935 жыл мен ақынның ақырғы ақтық сапарының арасында төрт жыл жатыр емес пе? (Жалғасы. Басы өткен санда) Халық арасында Тұрмағамбеттің «Алты сия сауытты тауысып ішуі», «Аузынан кірген қара дәуіттің таңдайына жабысып қалуы» сияқты ұйқыда көрген нышанды түсіне қатысты уақиғаларда өлең-өнерінің ұрпағына қонбай, өзімен кететіндігін болжаған «әулиелігі» туралы аңыз-әпсаналар көп айтылады. Түсінде көрген тылсым-түстердің қай-қайсын да ұстазы Алдашбай ахун жорыған екен деген сөз бар. Әлгі ауызекі әңгімелер ел арасында күні бүгінге дейін сақталып келеді. Ақынның болашақты болжай алу қасиеті өз шығармаларынан да көрініс тапқан. Мұнда ислам қағидаларын жетік меңгерген көреген ақын өзінің қай жасында фәни тіршіліктен бақилық дүниеге сапарланатынына дейін айтқан. Ақынның Әдебиет және өнер институты Қолжазбалар қорындағы 2-дәптерінің 178-бетіндегі «Елудің алтауында тұр-ау өлу» деп аталатын сегіз жолдық қысқа өлең мазмұнында осындай болжам бар. Талайсыз тағдырына көнген ақын: «Ойланып ой көзімен қарағанда, // Елудің алтауында тұр-ау өлу!» – деп, талқаны таусылатын қысқа күн мен жасайтын жасын да алдын-ала айтқан. Ақынның туған жылын куәландырып жүрген төлқұжат-паспорт мәліметі дерегін де нақты деп айтуға болмайды. Өйткені, Кеңес тұсындағы төлқұжаттарға тән бір-екі жас ауытқудың мұнда да болуы хақ. Есесіне, ақынның өзі болжап айтқан қамшының қысқа сабындай 56 жас – шамшырақ ғұмырының нақты есебі анық. Олай болса, Сыр саңлағы Тұрмағамбет Ізтілеуұлы жарық дүние дидарына 1883 жылы 9-шілдеде келген деп кесіп айтуымыз керек. Ел естелігі сақтаған қария сөзге құлақ түрер болсақ, Тұрмағамбеттің әкесі Ізтілеу бұрындары жазылып, жалпақ жұртқа танылып келгеніндей тым өрескел «сіңірі шыққан жалшы» болмағанға ұқсайды. Ақынның шыққан тегі мен өмірбаянын таптық тұрғыдан қарастырып, иіп әкеліп жалшылықтың тертесіне жегіп, кедейліктің қамытын кигізіп отыратын көнерген көзқарастың кезінде Тұрмағамбет міндетті түрде жалшының баласы болып танылуға тиіс болғаны рас. Сыр бойы, Қармақшы өңірін жайлаған Кіші жүз әлім, шөмен, жетірудың ішінде өзінің ортадан жоғары дәулетімен мал өсіріп, жан баққан Ізтілеу Қызылбайбаласы Қыр мен Сырдың арасындағы байтақ далада еркін өскен есті әулеттен. Сіңірі шыққан жалшы өзіне тиесілі мұндай көші-қон шекарасының етек-жеңін түре алмаса керек. Ізтілеудің қабірі қазіргі Қызылорда облысы, Төретам станциясынан 100 шақырымдай жерде Нұра, Қарақұм бетіндегі «Жеркіндік» деген белесте. Ерте көктемде қырға көшіп бара жатқанда кенеттен дүние салған Ізтілеу осы жерге жерленіпті. Тұрмағамбеттің шешесі – Жұпар Ермағамбетқызы. Ақынның анасы туралы мәлімет тым аз. Ермағамбет атасының діни сауаты бар, ескіше хат таныған кісі екені ғана айтылады. Күні бүгінге дейін Тұрмағамбет ақынмен бірге туған бауырларының да ат-есімі, олардың кім болғандығы, бар болса, бүгінгі ұрпақтарының тыныс-тіршілігін анықтау мүмкіндігі де түспей келген. Ақынның Кеңестік кезеңді жырлаған өлеңдерінің өзі үлкен күшпен жарияланып, әр жарияланым сайын баспа цензурасы, онда отырған Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қызметкерлері саптаяқтан қарауыл қарап, ақтарып, тексеріп, тіміскіленіп отырғанда ақын өмірбаянына қатысты мұндай «артық-ауыс» саналған нақтылықтарға ешкім көңіл аудармағаны да рас. Бізге белгілі болып отырғаны Ізтілеудің Тұрмағамбет, Шайқы, Нұржан, Ислам, Хатша деген бес баласының болғандығы. Нұржан мен Ислам көп өмір сүрмей-ақ, жас шағында дүние салған. Шайқының Әкім деген баласы болып, ол да Ұлы Отан соғысы кезінде майданға аттанып, хабарсыз кеткен соң Шайқы өз атына Тұрмағамбеттің баласы Әбдірауықтың үлкен ұлы Ұлықпанды жаздыртып алған. Ал, Шайқының қызы Мафура бой жетіп, тұрмыс құрғанша Тұрмағамбеттің тәрбиесінде болған. Бір жылы Жұбанбай мен Бекет билер қыдырыстап жүріп қатар отырған көрші үйдің біріне түсіп, Ізтілеудің шаңырағына адам жұмсап, аттарына салатын шөп сұратыпты. Сонда Ізтілеуұлы Нұржан: «Жұбанбай болмақ түгілі, әкесі Бұқабай келсе де беретін шөп жоқ» деп салыпты. «Әй, оңбассың!», – деп Жұбанбай назалана сөйлеген екен. Сонда Бекет: «Әй, Жұбанбай! Сен менен төмен екенсің ғой. Біреуді тұқымсыз жібердің ғой», – депті. Жұбанбай айтқан қарғысы мен назасы мірдің оғындай, айнымай келетін тентек кісі екен. Ақыры, Нұржан тұқымсыз кетіпті дейді. Ел арасында күні бүгінге дейін аңызға бергісіз осындай мөлдір естеліктер сақталып келеді. Ізтілеудің жалғыз қызы Хатша Арқаға, найман руына ұзатылған. Сол кеткеннен елге, туған топырағындағы бауыр-жұрағаттарына араласудың реті келмеген. Конфискация, арты ашаршылық, аяғы Ұлы Отан соғысы нәубеті жылдары арадағы байланыс мүлдем үзіліп, Хатша Сырда қалған бауырларымен көрісе алмаған. Сонымен, кейінгі жастар бір-бірінен көз жазып қалып, Хатшаның өзі ұзатылған жерінде дүние салып, сол жерден топырақ бұйырған. Тұрмағамбеттің Хатша қарындасынан туған жиені Сейіл Еспембетов нағашы әулетін тауып алып, араласа бастағаны да кейінгі жылдары екен. Міне, Ізтілеу Қызылбай баласынан тараған бес баланың тағдыры осылай болған. Тұрмағамбет Ізтілеуұлының ата-тегі туралы шежірелік кесте де көпшілік жұртқа беймағлұм күйде келеді. Ақынның шыққан тегін шақалап, бүгінгі ұрпағына дейін тарататын толық кесте жүйесі өз ұрпақтарының қолында сақтаулы. Кіші жүз жұрты өзінің тегін Жанарыстан таратып, одан өрген тұқым Қаракесек атымен ныспыланады. Сол Қаракесектен – Байсары, Әлім, Шөмен. Байсарыдан – Бозаншар, одан Адамқожа, Түменқожа, Қыдырқожа. Түменқожадан – Асан, Құлыс, Жанбақты. Құлыстан – Әлмәмбет (Дуан), Сарымәмбет, Әйтпембет (Аю). Сарымәмбеттен – Мұртызалы, Құрманәлі. Мұртызалыдан – Андағұл, Добай, Қарба, Бостабай, Күлкі, Қойбақ. Добайдан – Есен, Мырза. Мырзадан – Еламан, Қабанбай, Жайлаубай. Еламаннан – Жанкісі, одан Қонысбай, одан Қызылбай, одан Ізтілеу, одан Тұрмағамбет (Тұрмұхаммед). Тұрмағамбеттің кіндігінен тірі қалғаны жалғыз Әбдірауық, одан – Ұлықпан (1949), Шалқыма (1951), Абат (1956), Гүлбарам (1958), Зәмзә (1961), Нөсер (1963), Бақыт (1968). Тұрмағамбеттің жары Биға Байболатқызы 1961 жылы, 2-тамызда дүние салады. Дуан Байболат деген болыстың бірінші әйелінен Биға, екінші алғанынан Нәзира, Жарылқап, Зәріп есімді үш перзент көрген екен. Әкелері Байболат пен Ізтілеудің арасында келісім болып, ауызтамыр араластықтарының аяғы құдалыққа ұласады. Тұрмағамбет пен Биға жас кездерінде атастырылған, бірақ қолдан ұзатылар кезде Байболат дүние салған. Сол Биға – Тұрмағамбеттің ұстазы Алдашбай ахунның өкіл қызы. Ғылым үшін қажеттілігін қайдам, бірақ алты Алашқа аты жайылған Тұрмағамбет сияқты даңғайырдың ата-тек шежіресін бүгінгі ұрпақтың біліп жүргені жөн! Тұрмағамбет Ізтілеуұлы әулетіне қатысты күні бүгінге дейін бір ізге түспеген мәнді мәселенің тағы бірі – оның белінен өрген балаларының тағдыр-талайы. Тұрмағамбет балаларының аты түгіл, нақты санының өзінен бүгінгі ұрпақтары да хабарсыз болып шықты. Бұл туралы барша нақтылық тағы да сол ақынның төл қолжазбасы дерегінен табылды. 1933 жылы дүние салған төлбасы, өзімен өкшелес өскен үлкен баласы Әбділхамит қазасына арнап жазған «Аталық құқығымды кештім, балам» деп аталатын өзі мен бәйбішесін жұбатып жазған бәйітіндегі «Жасыңнан жақсылармен жолдас болып, // Татауын талай істің шештің, балам» деген сөзінен үміт күткен ұлынан айырылған ақынның қасіреті қалың екенін аңғарамыз. Мұнда Әбділхамиттің өмірден өткен жылы мен жасы нақты: «Жылында мың тоғыз жүз тап отыз үш, // Жасыңда отыз екі көштің, балам!». Әбділхамиттің бейіті қазіргі Жалағаш ауданы, Мақпалкөл елдімекеніндегі сарғасқа Жаманның үй-тамының шығыс жағында, үш шақырымдай жердегі Оңалбай ишан қорымында. Ол – Оңалбай ишанның қызы Дәншені алған күйеу баласы еді. Бұл тарапта Мақпалкөл табанынан өткен көнекөз қариялардан естігендерін жазып, мол мағлұмат жинап жүрген Қ.Демеуов деректері шынайылығымен ден қойғызады. Жоғарыда аталған өлеңнің: Iніңе Әбділәзиз, Әбділһаймен, Саламат өзіңді-өзің қостың, балам. Үшеуің ойға түссе ендігі күн, Көрінеді мысалында кештің, балам, – деген шумағында ақынның Әбділхамиттен басқа Әбділәзиз, Әбділхай деген тағы екі перзентінің аты аталады. Бәйіт соңында: «Атаңа анаңменен орын сайла, Ол жақта болса уақыт-қоштың, балам. // Біздерге күн ілгері көшбасшы боп, Жиналып жетеуің де тостың, балам», – деген шумақ бар. Осы өлеңде ақынның 1933 жылға дейін өз қолынан жерлеген балаларының нақты саны айтылады. 1901 жылы дүниеге келіп, 32 жасында бақилық болған Әбділхамитты қосқанда жеті перзент екен. Қолжазбада бұдан басқа балаларына арнап жазған «Ит дүние, біле алмадым тұрағыңды», «Күйігің кетті, балам, өртеп ішті», «Қарағым, қалқам, Әзизжан» деген көңілқостары кездеседі. Ақынның «Ит дүние, біле алмадым тұрағыңды» бәйітіндегі «Ит дүние, біле алмадым тұрағыңды, Жойылттым із жоқ, түз жоқ, қарағымды» деген сөз дерегіне қарағанда, бұл өлең арналған Сахи есімді баласы жетіліп, кемеліне келіп тұрған шағында көз жұмған сияқты. Сахидың өлген жылы жазылмағанмен, жерленген мезгілі анық: «Сәскеде, жұма күні сәтті сапар, // Жөнелттім Сахи атты шырағымды!» дейді, қансыраған жаралы жүректен шыққан ақын сөзі. «Күйігің кетті, балам, өртеп ішті» өлеңіндегі баласының аты белгісіз болғанымен, жасы мен дүния дидарынан көшкен жылын: «Жылқы жыл, жиырма бесте, Айт айының, // Ақырында ажал жетіп, алмаң пісті» деп, нақты көрсетеді. Ескіше жыл қайыру бойынша «жылқы» 1930 жылға тура келеді. Туыстарының куәландыруы бойынша ақынның бұл баласының қабірі қазіргі Тұрмағамбет ауылынан отыз шақырымдай жердегі ата қонысы «Ақтайлақ-кезең» деген үй-тамда. Осы өлеңнің соңындағы өзін сабырға шақырған жұбату сөзінде Тұрекең: «Болады Алла артыңды абат етсе, // Ендігі өркендетіп қалған үшті» – дейді. Демек, осы баласы қайтыс болғанда ақынның көзі тірі үш перзенті бар. Әбділхамитке арналған бәйіт ішінде аты аталатын Әбділәзиз деген баласына жазған көңілқосы «Қарағым, қалқам, Әзизжан» деп аталады. Әзиз – Әбділәзиз есімінің қысқартылған түрі, еркелетіп қойған аты. «Қонбады бірі қайтейін, // Еткен ем, дәрі, иланың» дегеніне қарағанда Әбділәзиз ұзақ жатып барып дүние салған сияқты. Бұл көңілқоста Әбділәзиздің де 25 жаста дүние салғандығы айтылады. Аталмыш деректерден анықталатыны – 1933 жылға дейін Тұрмағамбеттің өз қолынан жеті перзентін жерлегендігі. Оның Әбділхамит, Әбділәзиз, Әбділхай, Сахи (мүмкін Әбдісахи болуы. – Б.Ж.) атты төртеуіне ғана көңілқос-бәйіт жазылғанына қарағанда, қалған үш баласы жас кезінде, қатарға қосылмай тұрып дүниеден өткен болуы керек. Әйтпесе, Тұрмағамбеттей ақынның адам болып, санатқа еніп қалған перзенттерін жырмен жоқтамауы мүмкін емес. Ақынның соңында қалып, әкесіне топырақ салған екі перзенті – Әбдірауық пен Махмұтбек. «Махмұтбек, ал қолыңа қаламыңды» деген өлеңінде ақын кенже баласына аталық мейірімін төгіп отырса да, тәрбие шылбырын тартыңқырап ұстап: «Айтатын маған ақыл сен бе? – демей, Білімге жастай жұмса бар әліңді» – деп, талап қоя сөйлейді. Дүниенің кілті оқу-білімде екенін насихаттаумен өткен ағартушы Тұрекең кенже баланың оқып, білім алғанын Алладан тілеген. Әке үмітін ақтап, заманына сай білім алып, Ұлы Отан соғысы жылдарына дейін Қызылорда сотының орындаушысы болған Махмұтбек Тұрмағамбетұлы (1919-1944) да майдан даласында оққа ұшады. Ақынның «түрме күнделігі» арасынан жылт етіп көрінген бір қызық деректің шеті шыққанымен, оның түйіні тарқап, аяғы шешілмеді. Ақын қамауға алынған 1937 жыл мен дүниеден озған 1939 жылдар аралығында қалам тартқан «Саламат отырмысың, жаным кемпір», «Болып тұр сау-саламат, біздің ғашық», «Сот маған екі жылды етіп меже», «Болса аман бағыңдағы екі гүлің» деген өлеңдері бәйбішесі Биға Байболатқызына жолданған хаттар еді. Солардың ішіндегі «Болып тұр сау-саламат, біздің ғашық» атты жырының «Аман-сау ішіңдегіні туа қойсаң, // Той жасат, ойын ойнат, шашу шашып!» деген жағымды жаңалығының арты неге айналғаны бұл күнде жұмбақ. Тағдырдың тұщысынан гөрі ащысын көбірек татқан Тұрмағамбет сынды Сыр сүлейінің ізінен ерген тоғыз перзенттен тірі қалған жалғыз шырақшы – Әбдірауық еді. Құдіреті күшті Жаратқан, құлақ кесті құлын жалғыздан жарылқай ма, әлде көптен көгерте ме?! Адам-пенде бұл сауалдың шешімі мен пайымына бойлай алмай-ақ келеді! (Жалғасы бар)