БӘЙДІБЕК БАБА: АҚИҚАТ пен АҢЫЗДЫҢ АЛТЫН АРҚАУЫНДА

АҚИҚАТ пен АҢЫЗДЫҢ АЛТЫН АРҚАУЫНДА Мен өзі... бір он жылдай бұл тақырыпқа жоламай іргемді аулақ салып жүр едім, осы бір зерделі азаматтың сөздері көкейіме қонған соң, қолыма қайтадан қалам алуға мәжбүр болдым. Үлкен-үлкен азаматтар құрастырған, еліміздің маңдай алды «Евразия» университеті оқулық ретінде ұсынған «Елтұтқаны» оқып көрсеңіз, күлкіден шегіңіз түйіледі.

(Жалғасы. Басы өткен санда) Міне, қараңыз: Оқулықтың мазмұны 1.Мүде қаған. 2.Аттила. 3.Бумын. 4.Қараша­ұлы Бәйдібек. 5.Домалақ ана (Нүрилә). 6.Тоныкөк. 7.Күлтегін... Бұл жерде есі дұрыс адам, «Нүрилә» дейтін арап сөзі Мүде, Аттила, Бумын, Тоныкөк, Күлтегіндердің қасында не бітіріп жүр деп ойлай ма, ойламай ма?!Әлде «Елтұтқа» авторларына «Нүрилә» сөзі арабтікі, «Алланың нұры» дегенді білдіреді деп түсіндіру керек пе?! Олар не себепті қазақ даласына араби әлем алғаш рет 715 жылы қолбасшы Кутейба ибн Мүслімнің кезінде мәлім болғанын көзіне ілмеуі тиіс?! Бұл VIII ғасыр емес пе?! Исламды мемлекеттік дін етіп тарихтың 840 жылы Қарахан елінің басшысы Сатух Боғра-хан алғаш жариялады. Бұл болса да IX ғасыр! Сонда VI ғасырдан XIV ғасыр аралығында (800 жыл) өмір сүрді делінетін бұл неткен жұмбақ жаратылыс?! Енді осыған хал-қадерімше жауап беруге тырысайын... Жалпы Бәйдібек бабаға баратын даңғыл жол-әзірге Дулат Мұхаммед Хайдардың «Тарих-и-Рашиди» дейтін кітабы боп тұрғанға ұқсайды. Бақытяр Әбілдаұлы былай дейді. «Шағатай хан дулаттарға Маңлай Сүбені берді. «Маңлай сүбе» «Күнгей жер» дегенді білдіреді. Бұл аймақ Шашпен, Чалишпен, Ыстықкөлмен, Сарыұйғырмен шектеседі. Қашғар мен Қотан осы төрт тараптың ішінде орналасқан. Сол иеліктерде ең алдымен билік құрған Байдаған әмір еді. Бұл иелік Байдаған әмірдің ұлдарынан-ұлдарына, сол рудан ғасырдан-ғасырға мұра бойынша көшіп, ақырында жоғарыда аталған Әбу Бәкірге тиген еді...» деген еді дулат Мұхаммед Хайдар өзінің «Тарих-и-Рашиди» кітабында». Осы деректі келтірген соң, Бақытяр Әбілдаұлы «Байдаған әмірдің» Бәйдібек екенін дәлелдей бастайды.Оның ойында қытайлық ғалым жазған «Қазақтың көне тарихы» кітабы (Алматы. «Жалын»,1993) күмәнді екен?! Бақытяр Әбілдаұлының пайымдауынша «Тарих-и-Рашидидегі» арабша, парсыша «әмір» мансабы, қазақша «бек» дегенге келеді. Ғалымдардың «Дулу»-«дулат» тайпасы деп жүргендері теріс, бұл «бас уәзір» дегенді білдіреді деп анықтама айтады. Ұлы жүз балаларының арасында Байұзақ Қожабекұлы Албани дейтін тарихи шежіремен түбегейлі айналысқан, 21 жыл қатарынан Қазақ Совет энциклопедиясының меңгеруші қызметін атқара жүріп, тарихи тақырыпқа 300-ден астам мақала жазған азаматтың «Тарихи таным» атты аса бағалы кітабы бар («Ататек», Алматы,1994 жыл) Бұл кітапта «Мұхаммед Хайдар Дулати һәм оның «Тари-и-Рашидиі» дейтін ғылыми-зерттеу мақаласы жарияланған. Онда мынадай дерек бар екен: «Мұхаммед Хайдар Дулатидің Моғолстан кезінде билік жүргізген ата-бабалары былай таратылады: «Бобдахан-Ұртұбу-Болатшы-Құдайдат-СейітАхмет-Сейтәлі-Мұхаммед Хайдар». Бұл арада Бақытяр Әбілдаұлының «Байдаханы» - «Бобдахан» боп кеткенін көріп отырмыз. Яғни – зат есім-заттық түбірден ауысты деген сөз. Біріншісінде «бай» еді, екіншісінде «боб» болды. Тағы бір көңіл аударатын нәрсе – Мұхаммед Хайдар Дулатиден – «Бобдахан» бар болғаны 6-ақ ата әрі тұр. Бар болғаны 180-200 жылдай. Мұхаммед Хайдар Дулати 1499 жылы Ташкент қаласында дүниеге келгені белгілі. Сонда «Байдахан» болмаса «Бобдахан» бар болғаны 1300-жылдары өмір сүрген болмай ма?! Қазіргі таңдағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор, бүткіл қытай, моңғол архивін өз көзімен сүзіп шыққан Зардыхан Қиянат дейтін ғалым ағамыз бүткіл әлем таңырқап, аузын ашып, көзін жұмып жүрген Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашидиі» туралы былай деп тұжырымдама береді. «Мен тарихшы ретінде Мұхаммед Хайдар Дулати еңбегінің тарихи-деректемелік және информациялық құндылығын жоққа шығарғым келмейді. Бірақ, «Рашидтер тарихын» қазақ тарихының жалғыз арман, мұраты (идеал) деп тануға негіз жоқ! Біріншіден, ол басынан аяғына дейін Моголстанды сақтап қалу үшін күрескен моголдық билеуші топтың өкілі еді. Ал қазақ хандығының құрылуы, оның нығаюы моголстандықтар және шайбаниліктер әулетінің саяси аренадан кетуіне елеулі ықпал өткен күш! Екіншіден, М.Х.Дулати аталмыш еңбегін қазақ хандығы қайта шаңырақ көтергеннен кейін жүз жылға жуық уақыт өткен соң жазған. Үшіншіден, М.Х.Дулати еңбегі қазақ тарихын жүйелі түрде жазуға арналмаған. Ол қазақ тарихының бірер эпизодтарын (мысалы 20-бөлімнің 29(а), 39-бөлімнің 46(а) , 33-бөлімнің 177(б) т.б.) тек сөз арасында ғана берген». «Егемен Қазақстан» газеті. 24 қыркүйек 2003 жыл. «Қазақ» атауы туралы көне болжамдарға жаңа көзқарас». Иә, мұның растығын Мұхаммед Хайдар Дулати былай деп мойындайды: «Әуелі Тұғылық Темірді ислам дініне құлшылық еткізген шейх Аршад-ад-динге бағыштадым, халқын рушт (ақиқат) жолына бастаған Тұғылық Темірге бағыштадым, осы заманда Қашқарды билеп отырған Әбумұзафар Әбдірашид ханға бағыштадым» (Каталог Восточных рукописей Академии Таджикской ССР, Том І, 1960). Осыларды сараптай келгенде «Қазақ хандығы» туралы тура сөзді Мәсғұт ибн Осман Кукустанидің «Тарихи Әбілқайыр хани» кітабынан іздеуге мәжбүр боламыз. Бұл Әбілқайыр ханның көзі тірісінде, сол заманның иісі бұрқырап тұрғанда жазылған айтулы шығарма. «Әбусағит мырза Моголстанда жаңа­дан қырқыс тудырып, Есенбұғаны әлсіре­ту мақсатымен 1455 жылы Жүністі (Есенбұғаның ағасы) Есенбұғаға қарсы аттандырды. Бұл ұрыста Есенбұғадан жеңілген Жүніс сұлтан Моголстаннан сырттап, Жетісу мен Ферғананың шекарасындағы Жетікент қаласына орналасты. Бұл қаланы Әбусағит оған арнап берген еді. Жүніс сұлтан осы жеңілістен соң, Моголстан тағына таласуды доғарып, Есенбұға өлгенге дейін осы Жетікентте тұрды». «1455 жылы бұрыңғы Ақ Орда ханы Ырыс ханның немерелері Керей хан мен Жәнібек хан Әбілқайырға қарсы шыққан қазақтарды бастап Жетісуға қоныс аударды. Моголстан ханы Есенбұға қазақтарды қарсы алып, өзінің ішкі және сыртқы жағдайларын нығайтуға пайдаланбақ болды» (336-339-беттер). Менің қолымда жүздеген үлкенді-кішілі шежіре нұсқалары сақталған. Оның ішінде қазақ даласын тұтас шарлап, өз аяғыммен жүріп жинаған деректерім де бар. Тарих толқынында тербетілген шақтарымда жиыстырған қаншама құнды кітаптарым өз алдына жинақтаулы. Мұның үстіне қырық жылдан астам мерзімді баспасөзде жарияланған деректерді қамтитын мол архивім де бар. Қалғанын кітапханалардан алып тұрамын. Солардағы сөздер былай деп төрелік береді. Майқы бидің үлкен ұлы Бақтиярдан Ойсыл, Үйсіл деген екі ұл туады. Бақтияр әке тағына отырғанда, көп ұзамай қайтыс болады. Қарт Майқы би ер жетіп қалған екі немересін таққа таласып, керісіп қалмасын деп, Үйсін Елінің ескі дәстүрі бойынша әр қайсысына 10 мыңнан атты әскер беріп, Ордадан шығарады да Ойсылды Ыстықкөл өңіріне, Үйсілді Іле бойына қоныстандырып, Ұлысты екіге бөліп береді. Бұдан бір ғасыр астам уақыт өткенде Ойсылдың ұрпақтары хыжыраның 786 жылында Ыстықкөл, Орта Алатау өңірінен көшіп, Қаратаудың күнгей бетіндегі Үлкен Бөген, Арыстанды (Арыстанды-Қара­бас желі соғатын тұс) өзендерінің бойы­на келіп қоныстанады. Бұл кездері Үйсіл ұрпақтарының арғы қанаты Іледен Жеті­судағы Қаратал өзенін қапталдап қалған болатын. Ендігі жерде ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан, Григориан жыл санауымен (календарь) жүріп жатқан замандастарымызға Ойсыл ұрпақтарының қарт Қаратауға қашан келгенін есептеп шығарып берейік. Әуелі хыжыраның 786 жылын аламыз да, 33-ке бөлеміз. Себебі сол, әрбір 33 жылда мұсылман жыл санауындағы, ай календары 11 күнге кем болғандықтан 1 жылдық межеге жететінін жадымызға ұстаймыз. Сонда қалған қалдық – 23 болады. Ендігі жерде Хыжыраның бастапқы 786 санынан-осы 23-ті алып тастаймыз. Сонда 763 шығады. Бұдан кейін хыжыраның басталу нүктесі – 662-ге 733-ті қосамыз. Сонда Ойсыл ағайындар қарт Қаратауға 1435 жылдары қоныс тебе бастағаны байқалады. Ендігі жерде тарихта «Ойсыл қырғыны» дейтін ұлы оқиға барын айтуды жөн көріп отырмыз. Ойсылдың отыз ұлы болады. Әліхан, Бақырхан, Қорқыт, Төбеке батыр, Тура, Шолақ, Бәйгел, Әмірбек, Өтеп, Тыныбек, Шыныбек, Нұрбек, Нұрымбет, Құлымбет, Қосақбай, Алшынбай, Жұрынбай, Байымбет, Жарымбет, Садық, Сыдық, Төлеп, Арыстан, Бораш, Жарас, Жанас, Сырымбет, Тұрымбет, Жалмамбет... Бұл жерде Ойсылдың ұлдары дегеннен гөрі, әулеті дегенге келіңкірейді. Ойсылдың ұлдарының бәрі батыр, жаужүрек болыпты. Хан Жәнібек тұсында Тұрымбет деген баласы ту ұстаушы – «тубегі» қызметінде екен. Сырымбет деген баласының әйелі Ізбике бәйбіше ханның қамқа тонын тігетін шебер екен. Оның лақап аты «Алтын қайшылы Ізбике бәйбіше» болыпты. Хан Жәнібектің бір қызы бой жетіп қалып, осы Ізбике бәйбішеге келіп, киім тіктіріп жүргенде Ойсылдың Бораш дейтін мырзасына, батырына ұшырасып қалады. Бір-бірін ұнатады. Ақыр соңы қыз екіқабат боп қалады да, іс насырға шабады. Хан мен қарашаның арасында бұндай тірлік болмауы тиіс екен. Ақыры Жәнібек хан үлкен той жасап, оған Ойсылға қараған әулетті түгел шақыртып, қымызға қызара бөрте бастаған уақытта, «Жау кеп қалды!» деген дабыспен сыртқа ұмтылғандардың басын қағып тастай береді. Бұл жер, «Өлікті» атанған. Менің жеке басым сыйлайтын Зайыр Сәдібеков дейтін азаматтың «Қазақ шежіресі» деп аталатын кітабы бар. Бұл еңбегін негізінен Оңтүстік Қазақстан облысы, Қаратас (қазіргі Қазығұрт) ауданындағы «Қаржан» топырағынан шыққан Мелдешұлы Әлімбай ақсақалдың жазбасынан алғанын айтады. Сол кітаптың 42-бетінде мынадай дерек бар. «Ойсылдың Жанас деген баласының әйелі Жұпар бәйбіше Ысты деген баласын, Жалмамбет деген баласының әйелі Қарашаш Ошақты деген баласын, Жарымбеттің әйелі Мапыраш өзінің Шапырашты деген баласын қырғыннан аман алып қалып, ауылдарымен қаша көшіп отырып, Үйсілдің шөбересі Бәйдібек байдың қол астына барып паналайды. Бұл үшеуін де ол әмеңгерлікпен әйелдікке алады. Хан қаһарынан қорыққан аналар мен ел адамдарды әлгі үш баланы. Ойсылдың ұрпағы деуден қауіптеніп, Бәйдібектің баласы деп кетеді. Ошақты, Шапырашты, Ысты ержетіп, өскен соң, өз елдеріне билік құрып, әрқайсысы ру басына айналады». Шежіреші Зайыр Сәдібеков мұнан да басқа аса құнды деректер келтіреді, әйтсе де, сөзді соза бермей, бұл арада Бәйдібек бабамыздың етек-жеңі кең, бауырмал адам болғанын, жан-жағына елдің көбірек үйірілгенін осы мысалдан көруге болады деп ойлаймын. Аңыз да болса, осында бір шындықтың шырайы бардай көрінеді. Көптеген шежірелерде айтылатын «Ойсылдың отыз ұлы» туралы хикаяттағы деректердің халық жадынан шықпауына қарағанда тарихи деректермен де түйісетіндей рең беретіні де баршылық. Мысалы Жәнібек хан туралы айтылғанда, оның 1446 жылы Сыр бойынан, Сығанақ қаласынан ауып, Еділ-Жайыққа барғанын жақсы білеміз. Сол жерлерде ол қызықшылыққа салынып, Асан Қайғыдан ауыр-ауыр сөз еститіні бар. Аңыз әңгіме былай дейді: «Бораш мырзаның әйелі бар еді. Ол Алшын Қыдырбай байдың қызы болатын. Ол кезде төркінінде жүрген еді. Қырғынды естіп, сонда тұрып қалады. Екіқабат әйел, айы-күні жетіп ұл табады. Нағашысы нәрестенің атын Қобысай (Қу бас-ай!) деп қояды. Ол 14 жасқа келгенде нағашысы үлкен той жасап, үйлендіреді, еншісі қырық құлынды бие, отыз боталы түйе, т.б. береді. Қобысайды бір ауыл тігіп бөлек қондырады. Қобысай оңды-солды танып, шаруасын нығайтып алған соң өзінің атамекеніне қайтуға рұқсат етеді. Ол кездері халықтың негізгі тағамы мал өнімдері болатын. Сондықтан жол-жөнекей енелерін беймезгіл еміп қоймасын деп, құлын, бота, бұзаулардың тұмсығына сірге байлап қояды. Қобысай көші атамекенге жақындағанда, оның алдынан қарсы алып шыққан адам­дардың көзі алдымен малдардың арасындағы тұмсығына сірге таққан төлдерге түсіп, малдары «сіргелі» болады екен ғой деп таң қалыпты. (Жалғасы бар)