БӘЙДІБЕК БАБА: АҚИҚАТ пен АҢЫЗДЫҢ АЛТЫН АРҚАУЫНДА

6
5141

АҚИҚАТ пен АҢЫЗДЫҢ
АЛТЫН АРҚАУЫНДА

Мен өзі… бір он жылдай бұл тақырыпқа жоламай іргемді аулақ салып жүр едім, осы бір зерделі азаматтың сөздері көкейіме қонған соң, қолыма қайтадан қалам алуға мәжбүр болдым.
Үлкен-үлкен азаматтар құрастырған, еліміздің маңдай алды «Евразия» университеті оқулық ретінде ұсынған «Елтұтқаны» оқып көрсеңіз, күлкіден шегіңіз түйіледі.

(Жалғасы. Басы өткен санда)

Міне, қараңыз: Оқулықтың мазмұны 1.Мүде қаған. 2.Аттила. 3.Бумын. 4.Қараша­ұлы Бәйдібек. 5.Домалақ ана (Нүрилә). 6.Тоныкөк. 7.Күлтегін…
Бұл жерде есі дұрыс адам, «Нүрилә» дейтін арап сөзі Мүде, Аттила, Бумын, Тоныкөк, Күлтегіндердің қасында не бітіріп жүр деп ойлай ма, ойламай ма?!Әлде «Елтұтқа» авторларына «Нүрилә» сөзі арабтікі, «Алланың нұры» дегенді білдіреді деп түсіндіру керек пе?! Олар не себепті қазақ даласына араби әлем алғаш рет 715 жылы қолбасшы Кутейба ибн Мүслімнің кезінде мәлім болғанын көзіне ілмеуі тиіс?! Бұл VIII ғасыр емес пе?!
Исламды мемлекеттік дін етіп тарихтың 840 жылы Қарахан елінің басшысы Сатух Боғра-хан алғаш жариялады. Бұл болса да IX ғасыр! Сонда VI ғасырдан XIV ғасыр аралығында (800 жыл) өмір сүрді делінетін бұл неткен жұмбақ жаратылыс?!
Енді осыған хал-қадерімше жауап беруге тырысайын…
Жалпы Бәйдібек бабаға баратын даңғыл жол-әзірге Дулат Мұхаммед Хайдардың «Тарих-и-Рашиди» дейтін кітабы боп тұрғанға ұқсайды.
Бақытяр Әбілдаұлы былай дейді.
«Шағатай хан дулаттарға Маңлай Сүбені берді. «Маңлай сүбе» «Күнгей жер» дегенді білдіреді. Бұл аймақ Шашпен, Чалишпен, Ыстықкөлмен, Сарыұйғырмен шектеседі. Қашғар мен Қотан осы төрт тараптың ішінде орналасқан. Сол иеліктерде ең алдымен билік құрған Байдаған әмір еді. Бұл иелік Байдаған әмірдің ұлдарынан-ұлдарына, сол рудан ғасырдан-ғасырға мұра бойынша көшіп, ақырында жоғарыда аталған Әбу Бәкірге тиген еді…» деген еді дулат Мұхаммед Хайдар өзінің «Тарих-и-Рашиди» кітабында».
Осы деректі келтірген соң, Бақытяр Әбілдаұлы «Байдаған әмірдің» Бәйдібек екенін дәлелдей бастайды.Оның ойында қытайлық ғалым жазған «Қазақтың көне тарихы» кітабы (Алматы. «Жалын»,1993) күмәнді екен?! Бақытяр Әбілдаұлының пайымдауынша «Тарих-и-Рашидидегі» арабша, парсыша «әмір» мансабы, қазақша «бек» дегенге келеді. Ғалымдардың «Дулу»-«дулат» тайпасы деп жүргендері теріс, бұл «бас уәзір» дегенді білдіреді деп анықтама айтады.
Ұлы жүз балаларының арасында Байұзақ Қожабекұлы Албани дейтін тарихи шежіремен түбегейлі айналысқан, 21 жыл қатарынан Қазақ Совет энциклопедиясының меңгеруші қызметін атқара жүріп, тарихи тақырыпқа 300-ден астам мақала жазған азаматтың «Тарихи таным» атты аса бағалы кітабы бар («Ататек», Алматы,1994 жыл)
Бұл кітапта «Мұхаммед Хайдар Дулати һәм оның «Тари-и-Рашидиі» дейтін ғылыми-зерттеу мақаласы жарияланған. Онда мынадай дерек бар екен:
«Мұхаммед Хайдар Дулатидің Моғолстан кезінде билік жүргізген ата-бабалары былай таратылады: «Бобдахан-Ұртұбу-Болатшы-Құдайдат-СейітАхмет-Сейтәлі-Мұхаммед Хайдар».
Бұл арада Бақытяр Әбілдаұлының «Байдаханы» – «Бобдахан» боп кеткенін көріп отырмыз. Яғни – зат есім-заттық түбірден ауысты деген сөз. Біріншісінде «бай» еді, екіншісінде «боб» болды.
Тағы бір көңіл аударатын нәрсе – Мұхаммед Хайдар Дулатиден – «Бобдахан» бар болғаны 6-ақ ата әрі тұр. Бар болғаны 180-200 жылдай.
Мұхаммед Хайдар Дулати 1499 жылы Ташкент қаласында дүниеге келгені белгілі. Сонда «Байдахан» болмаса «Бобдахан» бар болғаны 1300-жылдары өмір сүрген болмай ма?!
Қазіргі таңдағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор, бүткіл қытай, моңғол архивін өз көзімен сүзіп шыққан Зардыхан Қиянат дейтін ғалым ағамыз бүткіл әлем таңырқап, аузын ашып, көзін жұмып жүрген Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашидиі» туралы былай деп тұжырымдама береді.
«Мен тарихшы ретінде Мұхаммед Хайдар Дулати еңбегінің тарихи-деректемелік және информациялық құндылығын жоққа шығарғым келмейді. Бірақ, «Рашидтер тарихын» қазақ тарихының жалғыз арман, мұраты (идеал) деп тануға негіз жоқ!
Біріншіден, ол басынан аяғына дейін Моголстанды сақтап қалу үшін күрескен моголдық билеуші топтың өкілі еді. Ал қазақ хандығының құрылуы, оның нығаюы моголстандықтар және шайбаниліктер әулетінің саяси аренадан кетуіне елеулі ықпал өткен күш!
Екіншіден, М.Х.Дулати аталмыш еңбегін қазақ хандығы қайта шаңырақ көтергеннен кейін жүз жылға жуық уақыт өткен соң жазған.
Үшіншіден, М.Х.Дулати еңбегі қазақ тарихын жүйелі түрде жазуға арналмаған. Ол қазақ тарихының бірер эпизодтарын (мысалы 20-бөлімнің 29(а), 39-бөлімнің 46(а) , 33-бөлімнің 177(б) т.б.) тек сөз арасында ғана берген».
«Егемен Қазақстан» газеті. 24 қыркүйек 2003 жыл. «Қазақ» атауы туралы көне болжамдарға жаңа көзқарас».
Иә, мұның растығын Мұхаммед Хайдар Дулати былай деп мойындайды: «Әуелі Тұғылық Темірді ислам дініне құлшылық еткізген шейх Аршад-ад-динге бағыштадым, халқын рушт (ақиқат) жолына бастаған Тұғылық Темірге бағыштадым, осы заманда Қашқарды билеп отырған Әбумұзафар Әбдірашид ханға бағыштадым» (Каталог Восточных рукописей Академии Таджикской ССР, Том І, 1960).
Осыларды сараптай келгенде «Қазақ хандығы» туралы тура сөзді Мәсғұт ибн Осман Кукустанидің «Тарихи Әбілқайыр хани» кітабынан іздеуге мәжбүр боламыз. Бұл Әбілқайыр ханның көзі тірісінде, сол заманның иісі бұрқырап тұрғанда жазылған айтулы шығарма.
«Әбусағит мырза Моголстанда жаңа­дан қырқыс тудырып, Есенбұғаны әлсіре­ту мақсатымен 1455 жылы Жүністі (Есенбұғаның ағасы) Есенбұғаға қарсы аттандырды. Бұл ұрыста Есенбұғадан жеңілген Жүніс сұлтан Моголстаннан сырттап, Жетісу мен Ферғананың шекарасындағы Жетікент қаласына орналасты. Бұл қаланы Әбусағит оған арнап берген еді. Жүніс сұлтан осы жеңілістен соң, Моголстан тағына таласуды доғарып, Есенбұға өлгенге дейін осы Жетікентте тұрды».
«1455 жылы бұрыңғы Ақ Орда ханы Ырыс ханның немерелері Керей хан мен Жәнібек хан Әбілқайырға қарсы шыққан қазақтарды бастап Жетісуға қоныс аударды. Моголстан ханы Есенбұға қазақтарды қарсы алып, өзінің ішкі және сыртқы жағдайларын нығайтуға пайдаланбақ болды» (336-339-беттер).
Менің қолымда жүздеген үлкенді-кішілі шежіре нұсқалары сақталған. Оның ішінде қазақ даласын тұтас шарлап, өз аяғыммен жүріп жинаған деректерім де бар. Тарих толқынында тербетілген шақтарымда жиыстырған қаншама құнды кітаптарым өз алдына жинақтаулы. Мұның үстіне қырық жылдан астам мерзімді баспасөзде жарияланған деректерді қамтитын мол архивім де бар. Қалғанын кітапханалардан алып тұрамын.
Солардағы сөздер былай деп төрелік береді. Майқы бидің үлкен ұлы Бақтиярдан Ойсыл, Үйсіл деген екі ұл туады. Бақтияр әке тағына отырғанда, көп ұзамай қайтыс болады. Қарт Майқы би ер жетіп қалған екі немересін таққа таласып, керісіп қалмасын деп, Үйсін Елінің ескі дәстүрі бойынша әр қайсысына 10 мыңнан атты әскер беріп, Ордадан шығарады да Ойсылды Ыстықкөл өңіріне, Үйсілді Іле бойына қоныстандырып, Ұлысты екіге бөліп береді.
Бұдан бір ғасыр астам уақыт өткенде Ойсылдың ұрпақтары хыжыраның 786 жылында Ыстықкөл, Орта Алатау өңірінен көшіп, Қаратаудың күнгей бетіндегі Үлкен Бөген, Арыстанды (Арыстанды-Қара­бас желі соғатын тұс) өзендерінің бойы­на келіп қоныстанады. Бұл кездері Үйсіл ұрпақтарының арғы қанаты Іледен Жеті­судағы Қаратал өзенін қапталдап қалған болатын.
Ендігі жерде ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан, Григориан жыл санауымен (календарь) жүріп жатқан замандастарымызға Ойсыл ұрпақтарының қарт Қаратауға қашан келгенін есептеп шығарып берейік.
Әуелі хыжыраның 786 жылын аламыз да, 33-ке бөлеміз. Себебі сол, әрбір 33 жылда мұсылман жыл санауындағы, ай календары 11 күнге кем болғандықтан 1 жылдық межеге жететінін жадымызға ұстаймыз. Сонда қалған қалдық – 23 болады.
Ендігі жерде Хыжыраның бастапқы 786 санынан-осы 23-ті алып тастаймыз. Сонда 763 шығады. Бұдан кейін хыжыраның басталу нүктесі – 662-ге 733-ті қосамыз. Сонда Ойсыл ағайындар қарт Қаратауға 1435 жылдары қоныс тебе бастағаны байқалады.
Ендігі жерде тарихта «Ойсыл қырғыны» дейтін ұлы оқиға барын айтуды жөн көріп отырмыз.
Ойсылдың отыз ұлы болады. Әліхан, Бақырхан, Қорқыт, Төбеке батыр, Тура, Шолақ, Бәйгел, Әмірбек, Өтеп, Тыныбек, Шыныбек, Нұрбек, Нұрымбет, Құлымбет, Қосақбай, Алшынбай, Жұрынбай, Байымбет, Жарымбет, Садық, Сыдық, Төлеп, Арыстан, Бораш, Жарас, Жанас, Сырымбет, Тұрымбет, Жалмамбет…
Бұл жерде Ойсылдың ұлдары дегеннен гөрі, әулеті дегенге келіңкірейді. Ойсылдың ұлдарының бәрі батыр, жаужүрек болыпты. Хан Жәнібек тұсында Тұрымбет деген баласы ту ұстаушы – «тубегі» қызметінде екен.
Сырымбет деген баласының әйелі Ізбике бәйбіше ханның қамқа тонын тігетін шебер екен. Оның лақап аты «Алтын қайшылы Ізбике бәйбіше» болыпты.
Хан Жәнібектің бір қызы бой жетіп қалып, осы Ізбике бәйбішеге келіп, киім тіктіріп жүргенде Ойсылдың Бораш дейтін мырзасына, батырына ұшырасып қалады. Бір-бірін ұнатады. Ақыр соңы қыз екіқабат боп қалады да, іс насырға шабады. Хан мен қарашаның арасында бұндай тірлік болмауы тиіс екен. Ақыры Жәнібек хан үлкен той жасап, оған Ойсылға қараған әулетті түгел шақыртып, қымызға қызара бөрте бастаған уақытта, «Жау кеп қалды!» деген дабыспен сыртқа ұмтылғандардың басын қағып тастай береді. Бұл жер, «Өлікті» атанған.
Менің жеке басым сыйлайтын Зайыр Сәдібеков дейтін азаматтың «Қазақ шежіресі» деп аталатын кітабы бар. Бұл еңбегін негізінен Оңтүстік Қазақстан облысы, Қаратас (қазіргі Қазығұрт) ауданындағы «Қаржан» топырағынан шыққан Мелдешұлы Әлімбай ақсақалдың жазбасынан алғанын айтады.
Сол кітаптың 42-бетінде мынадай дерек бар. «Ойсылдың Жанас деген баласының әйелі Жұпар бәйбіше Ысты деген баласын, Жалмамбет деген баласының әйелі Қарашаш Ошақты деген баласын, Жарымбеттің әйелі Мапыраш өзінің Шапырашты деген баласын қырғыннан аман алып қалып, ауылдарымен қаша көшіп отырып, Үйсілдің шөбересі Бәйдібек байдың қол астына барып паналайды. Бұл үшеуін де ол әмеңгерлікпен әйелдікке алады.
Хан қаһарынан қорыққан аналар мен ел адамдарды әлгі үш баланы. Ойсылдың ұрпағы деуден қауіптеніп, Бәйдібектің баласы деп кетеді. Ошақты, Шапырашты, Ысты ержетіп, өскен соң, өз елдеріне билік құрып, әрқайсысы ру басына айналады».
Шежіреші Зайыр Сәдібеков мұнан да басқа аса құнды деректер келтіреді, әйтсе де, сөзді соза бермей, бұл арада Бәйдібек бабамыздың етек-жеңі кең, бауырмал адам болғанын, жан-жағына елдің көбірек үйірілгенін осы мысалдан көруге болады деп ойлаймын. Аңыз да болса, осында бір шындықтың шырайы бардай көрінеді.
Көптеген шежірелерде айтылатын «Ойсылдың отыз ұлы» туралы хикаяттағы деректердің халық жадынан шықпауына қарағанда тарихи деректермен де түйісетіндей рең беретіні де баршылық.
Мысалы Жәнібек хан туралы айтылғанда, оның 1446 жылы Сыр бойынан, Сығанақ қаласынан ауып, Еділ-Жайыққа барғанын жақсы білеміз. Сол жерлерде ол қызықшылыққа салынып, Асан Қайғыдан ауыр-ауыр сөз еститіні бар.
Аңыз әңгіме былай дейді:
«Бораш мырзаның әйелі бар еді. Ол Алшын Қыдырбай байдың қызы болатын. Ол кезде төркінінде жүрген еді. Қырғынды естіп, сонда тұрып қалады. Екіқабат әйел, айы-күні жетіп ұл табады. Нағашысы нәрестенің атын Қобысай (Қу бас-ай!) деп қояды. Ол 14 жасқа келгенде нағашысы үлкен той жасап, үйлендіреді, еншісі қырық құлынды бие, отыз боталы түйе, т.б. береді. Қобысайды бір ауыл тігіп бөлек қондырады. Қобысай оңды-солды танып, шаруасын нығайтып алған соң өзінің атамекеніне қайтуға рұқсат етеді. Ол кездері халықтың негізгі тағамы мал өнімдері болатын. Сондықтан жол-жөнекей енелерін беймезгіл еміп қоймасын деп, құлын, бота, бұзаулардың тұмсығына сірге байлап қояды.
Қобысай көші атамекенге жақындағанда, оның алдынан қарсы алып шыққан адам­дардың көзі алдымен малдардың арасындағы тұмсығына сірге таққан төлдерге түсіп, малдары «сіргелі» болады екен ғой деп таң қалыпты.
(Жалғасы бар)

6 ПІКІРЛЕР

  1. Сәлеметсіздер ме??? менің сұрағым : Бақтияр Әбілдаұлының Дулат мырза туралы жазған арнайы шығармасы бар ма?

  2. Ж е б е
    Тарихшы Хамза Көктәнді жазған «Шыңғысханның шындығы» кітәбінің Ұмытылған рухтың тірі ескерткіші(Бұдан былай тірі ескерткіш) тармағында он үш дәлел келтірген, 11ші дәлелінде –«Шынғыс ханның әйгілі қолбасшысы Жебей(Жебэ, Жабай) қабрі Шыңғыс хан жерленген деп отырған «Жеке қорымның» күншығыс тұсында, Сырдария өзенінің қарсы бетінде тұр һәм Жебей ноянның ұрпақтары осы күні де сол жерде отыр»,- деген.
    Ол Тарихшы Хамза Көктәнді жазған «Шыңғысханның шындығы» кғтәбінің 12ші дәлелінде «Шынғыс ханның әйгілі қолбасшысы Сүбедей баһадурының қабрі Жамбыл облысы, Меркі қаласына жақын маңда тұр һәм ұрпақтары осы күні де сол жерде отыр,-дейді.
    Тарихшы Хамза Көктәнді жазған «Шыңғысханның шындығы» кғтәбінің
    6-тарауында «Жорыққа шығатын қосын-армия құрамы, Қолбасшы-Сардарлар тегі» деген тізімінің 39шы ретінде ЖЕБЕ батырға берген анықтамасында тіпті Сыргелі руын ұйытқан көсем ретінде жазады:
    -«Зэв-э (Джебэ) – тайгут(Тай жұрт) тайпасының төдеге Бесуд (Бестамғалы) тармағынан, атақты Жебе-ноян, шын есімі Сіргетай, қазіргі Қазақ еліндегі СІРГЕЛІ осы Сіргетай есіміне байланысты қойылды»- дейді. «Өйткені Жебе осы елді ұйытты, басқарды»,-дейді. «Жебей деген киелілік мазмүнынан туындаған лақап атты Шыңғыс хан қойған. Орта Азияға шабуыл жасаған төрт армияның бірінің Бас Қолбасшысы болды, және бұл қол біріңші шабуылға шықты. Қалған үш армия Жебей нояннан соң жүрген. Шыңғыс хан үнемі «Жебей, сенің есімің Сіргетай еді, Тайчуттан келіп Жебей атандың» деп мақтаған және үлгі ретінде көрсеткен»,-дейді.
    Соныменен қоса –« жібек кілемге өрнектелген Жебей бейнесі,- деп суретінде берген.
    Тарихшы Хамза Көктәнді бұл анықтамасын қалай анықтағанын, қайдан алғаны туралы жәнеде қосымша сұрақтар қойғысы келген оқушыларымызды тарихшы Хамза Көктәндіге тікелей өзімен хабарласуын өтініп, оның саралы да ұтымды дәлғлдерін бағалап жазушының еңбегіне бірінші болып Сіргелі тай ұрпақтары бабаларымызды анықтап бергеніне рахметімізді білдіріп Сыргелі мешітінде бас қосып, үлкен ас беріп, Батыр Жайдақ руының Биі Е.Шағырбаев жыйналысқа төр аға болып, ҚараКөңірдек руының Биі А.Боданов Тарихшы Хамза Көктәндінің СіргеліТайлар шежересі туралы, ЖЕБЕ батырға берген анықтамасы туралы, баяндама жасап, жыйналысқа хаттама жасап Тарихшыға Алғыс хат жолдайтын болдық. Сыргелі руын ұйытқан көсем әсіресе Тайшылардан СІРГЕЛІ елін тарқатуы туралы біз үшін таңғаларлық және оқыс оқыйға, дегенмен көп есімдерді бұрынғы тарихшылар жазған деректерден алғаны көзге ұрүп тұрғанын байқауға болады. Мысалы Тайшықұт руынан шыққан Сүбітай баһадурды Байжігіт екені «Құпия шежереде» анық көрсеткен. Бүл жерде Байжігіт руы Сіргелі екені айдан анық. Ендеше Үйсінңің ішіндегі Сіргелі руы Тайшығұттан шығама е, Тайшы құттар Сіргелі Үйсіннен тарайма екен, осыны анықтау керек.

  3. 1. ХАНБАҚАЙ хан(кейбір деректерде оны АМБАҒАЙ деген, мағанасы «ханның тұяғы») оны жазушы Көк-Тәңірберген «Шыңғыс ханның шындығы» деген кітабінің бірінші бөлімінде «СЫРГЕЛІ» тайпасына жатқызып, Ойсыл –Сыргеліні Шырқай-Субадаммен оның баласы Сенгун-білгірге, ХАНБАҚАЙханды БОРАШБИге теңеген. Негізі ХАНБАҚАЙ ханның елімен ұрпағының тағдыры аңыздағы қырғынға ұшыраған Ойсылдың 30-ұлының тағдырына ұқсас, Татарлар алдап шақырған құдалыққа ХАНБАҚАЙ хан (оның 10-ұлыболған) Тайчут(кеиінгі Сіргелі) руының тай тұяғын қалдырмай алып барғанда Татарлар оларды сатқындықпен түгел қырғынға ұшыратып, ХАНБАҚАЙ қаһаның өзін, Көркем-Барқытты, Қадан Тайшыны, Шынтай ноянды, Тудан-Отжиғанды олардың қас жауына қытайдың Алтын ханына ұстап береді. Қытайлар-Цзинь империясы оларды 1140жылы ағашқа отырғызып, темір шегемен шегелеп аяусыз азаптап өлтіреді. Моңғолдың құпия шежересінің(1998ж.басылым) 33бетінде АМБЫҒАЙ хаған; «Мен татар тайпасына ұсталдым. Бес саусақтың тырнағы таусылғанша, он саусағың ойылып мұжылғанша менің өщімді алуға тырысыңдар»-деп баласы Қадаған тәйжімен Шыңғыс ханның бабасы Қатулаға, бабасы Шірқай-субадамның жеңге алған әиелінен туылған Бесүдейдің(бес баласы-«Бестамғалы» Төдегеден Жебе,Уринхайдан Сүбідей) Балықшы деген баласынан қытай түрмесінен қашырып хабар айтып жібереді.ХАНБАҚАЙ қаһанның өсиетін, ханнық өзі атаған Қатулаға ауысып, оның төртінші ұрпағы 1204-1220жылдары Шыңғыс хан орындайды, татарлар мен қытайды талқандады

  4. «Отыз үйлі Ойсылдын қырғыны» туралы аңыздың 15 ғасырда болмағанын тағы да дәлелдейтін дерек, Асан Қайғы төңерегінде тағы да белгілі болады. Асан ата туралы айтқанда «Үйсіннен шыққан сірге таңбалы Асан Қайғы» дейтін тіркес қоса айтылып жүреді. Егер, 15 ғасырда Ойсыл жұрты түгелге жуық қырылса, Асан ата Жәнібектің қасында қайдан ғана уәзір боп жүреді? Асан ата Ноғай ордасы ыдырағанда Сіргелі жұртын ғана емес, сол тұстағы біраз тайпаларды Қазақ еліне ертіп әкеліп қосқанын білеміз. Демек, аңызда айтатындай Сіргелінің бірталай бөлігінің батыс жақтан көшіп келгені айқындалады. Ал Ноғай ордасында қалып қойған бөлігі әлі күнге Сіргелі, Үштаңбалы аталып ноғай, қарақалпақ, қырым татарлары құрамында өмір сүріп жатыр. Бұл кәдімгі тарихта анық болған оқиға.

  5. Сіргелінің тарихын бастағанда 15ғасырдағы қазақ ханы Жәнібектің заманынан бастау дұрыс емес. Сіргелі көне рулардың қалдығы ғана. Оның тарихын 9-11 ғасырлардағы Қаратау-Сыр бойын мекендеген Оғыздардың тарихынан бастаған дұрыс сияқты. Осы оғыздардың қазіргі Қазақстанның батыс тұсында «Отырғұр» деген тайпасы болған, ол өз дәуірінде Шығыс Еуропаны дүрліктіріп отырған ірі тайпа. Осы тайпаны қазіргі кейбір ғалымдар «отыз оғыз» деп атап жүр. Мұның шындыққа жақындығы бар. Оғыздың қағандығын 11 ғасырда Қыпшақ шауып құлатқанын білеміз. Осы оқиғаны кейінгі ғасырлардағы (әсіресе, 15-18 ғ.ғ.) шежірешілер ірі тайпа атауларын жеке тұлғалар атауларымен көрсеткен. Отыз үйлі Ойсылдың ауылын Жәнібектің шабуын Отырғұр (Оғыз) жұртына Қыпшақ тайпаларының Қазақ шежіресіндегі Жан (Арыс) және Бек (Арыс) тайпаларының шабуымен түсіндірген дұрыс болар. Өйткені 11ғ. қазіргі Орта жүз бен Кіші жүз қауымы түгелге жуық «Қыпшақ жұрты», ал мекендеген аймағы Дешті-Қыпшақ деп аталғаны белгілі.

    Бұлардан бөлек, қазіргі Оңтүстік Қазақстан аумағындағы жер-су атауларындағы Оғыз тайпаларының атауларының кездесуі (Баялдыр, Шәуілдер, т.б.) мен осы аймақта Сіргелінің Буылдырық (Ақкөңірдек), Шалұлдары-Шалдар деп аталатын рулардың қоныс тебуі бұл ойымызды тағы да дәлелдей түседі.

    Тағы да бір айта кетер нәрсе, Сіргелі шежіресінде «Қорқыт » деген тұлғалық атаудың кездесуі мен Ә.Диваевтің Қорқыт ата туралы айтқанда «Қорқыт ата – Сіргелілердің әулиесі» деп жеке атауы да біздің күдігімізді тағы да айғақтай түседі.

    Демек, қазіргі Сіргелі тайпасы ескі Оғыздың бір қалдығы болуы әбден мүмкін. Тек анығырақ зерттей түсі керек.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз