Теміртау трагедиясы

Қазақстан Магниткасы тарихының бетіндегі қара дақ – Теміртаудағы тамыз бүлігінен бері тура елу жыл өтіпті. Ұлы жүгеріші Никита Хрущевтің бұйрығымен қара халыққа қарсы оқ атылған қанды қырғыннан бері жарты ғасыр мерзім өтсе де, сол зұлмат кезінде құрбан болғандардың толық саны ресми түрде айтылған жоқ. Және Кеңес Одағы құлағанға дейін бұл қырғын туралы жақ ашуға мұрсат берілмеді. 1959 жылы тамыздың 1-інде басталып, үш күнге созылған тарих бетіндегі «тыртықтың» шымылдығы 90-жылдардың басында ғана там-тұмдап түріле бастады. Баз бір жарияланым авторлары бүлікшілерді қайта құрудың алғашқы қарлығаштарына баласа, біреулер қылмыстық элементтер тудырған қақтығыс, енді біреулер «стихиялы көтеріліс» деген мәртебе беруге тырысты. «Төңкерісті» тудырған себеп немесе көз көрген куәнің сөзі Бәрі 1958 жылы Теміртауда салынып жатқан металлургиялық комбинаттың Бүкілодақтық екпінді комсомол-жастар құрылысы болып жарияланғанынан басталды. Күллі Кеңес Одағында бес жылдықтың балғасы «Қазақстан Магниткасына!» деп солқылдата соғылды. Түкпір-түкпірден студенттер мен еріктілер өздеріне картадан ғана таныс қазақ даласына қарай пойызбен ағылды. Сол жылы «екпінді құрылысқа» Ресей мен Украинадан 132 мың адам қатысуға келді. Жұрттың тіпті артық жиналғаны сонша­лық, бәрін бірдей жұмыспен қамту мүмкін болмаған. Теміртау трагедиясын көзбен көргендердің естеліктерінің бәрі «көтерілістің» тууына себеп болған нәрсе жаңа табиғи ортаға үйрене алмау, ауыз судың жетімсіздігі, төмен еңбекақы, асханадағы сапасыз түскі ас, дүкенде ке­рек-жарақтың болмауы және тұрғын үй проблемасының ше­шілмеуі дегенге саяды. Кешкі от басында гармошкамен ән айтып, қалайы кружкамен шәй ішу алғашында романтика сияқты сезіліп, уақытша қиындық көрінгенмен, биліктің әлеуметтік проблемаларға бас ауыртпауы ақыры жұрт­тың заңды наразылығын туды­рып, соңы жап­пай тәртіп бұзу­шы­лыққа ұласты. Ал мұндай кезде жастардың заңды наразылығын қылмыскерлер тобырының пай­да­ланып кететіні белгілі. Қыл­мыскер демекші, жоғары­дағы жұрттың арасында кімдер болмады дейсіз. Мәселен, ұлы коммунизм құрылысына тірі күштерді аттандырудың жос­парын толтыруды бетке ұстап, милиционерлердің Одес­са қаласын шпаналар мен жезөкшелерден тазарту үшін «түнгі көбелектер» мен «жориктерге» комсомолдық билет ұстатқызып, Қазақстанға аттандырғаны туралы сенімді мәліметтер бар. Ал ондайлардың оңайлықпен қолдарына күрек пен қалақ ұстамасы белгілі. Сол кездегі жас қаланы пахандар мен авторитеттердің ұстағанын куәлардың сөзі де растайды. - Ол бір өте қиын кез еді, - дейді сол оқиға кезінде жүргізуші болып еңбек еткен Павел Гурылев деген кісі, - ауыр оның үстіне түгел қолмен атқарылатын жұмыс үшін күніне 1 сом 70 тиыннан төлейтін. Асханадан тамақтану ақырет еді, ол үшін әр бригададан бір адам таң атпай кезекке тұруы керек. Палаткалы қалашықта адамдар ортаға от жағып, қара суға құрғақ рожки пісіріп жейтін және сол отқа шұлғау кептіретін. Ауыз су мен жуынатын әрі шайлық суды күніне бір рет сырттағы бөшкеге құйып кетеді. Кейде қара су тап­пай, кейде борсып кеткен су ішуге тура келеді. Ет емге табылмайтын. Картоптың өзі тапшы, басқа жеміс-жидекті айтпағанда. Әрі палаткада 40 адам бір-бір жұқа көрпемен ұйықтайтын, оның үстіне ас ішіп-тұруымыз ақылы еді. Дәретхана жоқтықтан «желге қарсы» отыра беретінбіз. Қысқасы, иттен де жаман тұрдық. Тағы бір жүргізуші Владимир Зыков деген кісі: – Мен ком­сомолдық жолдамаман деревнялы жерден келгенмін. Бүліктің шығуы жағдайдың жоқтығы мен тамақтың нашарлығынан емес деп ойлаймын. Себебі Теміртаудағы жағдай Ресей селолары мен деревняларымен салыстырғанда, әлдеқайда артық деуге болатын. Себеп басқада: екпінді құрылысқа бағыт алған комсомол жастарды қатаң іріктеу болмады, ниет еткен кім көрінгеннің бәріне жолдама берілді. Еріктілердің арасында бұрын сотталғандар мен арамтамақтар, екі қолын қайда қоярын білмей жүрген еріккендер мен үлкен ақша табамыз деген есек дәмемен келгендер көп болды. Барлығын палаткалы, вагонды қалашыққа әкеп төгіп, үстерінен бақылау орнатқан жоқ. Жұрт арасында жұмыс істеудің орнына карта ойнау, арақ ішу, ұрлық-қарлық, төбелес, жын-ойнақ жасау етек алды, - дейді. Үш күнге созылған шабуыл Тамыздың 1-күні асханадағы ашық наразылықтың соңы ашулы топтың лап қойып, дүкендерді, базарды, асхананы тонауына ұласты. Спирт пен тамаққа қарық болған бүлікшілер ол аздай қалалық милиция бөлімін (ол кезде осылай аталған) қоршауға алды. Білектеріне қызыл шүберек байлаған қаптаған халықтық дружина жастарды тоқтатуға күш салды. Бірақ қызынып алған қарсы жақ тас пен таяқ жаудырған соң, олар шүберектерін шешіп тастап, қалың топтың арасына сіңіп кетуге мәжбүр болды. Ашынған жастар аудандық милиция үйінің терезесін шағып, жан-жағынан өрт қойды. Қала үстінде қою түтін қаптап, көшелерде мотоциклдер төңкеріліп, сейфтер жайрап жат­ты. Іс қағаздары тігілген семіз папкалар отқа лақтырылып, жер-жерде басы жарылған, аяқ-қолы сынған милициялар қала берді. Әскерлер қалың топқа қарсы оқ жаудыруды бастады. Бүлікшілер үш қабатты универмаг үйін басып алған соң, нағыз анархия басталды. Бұл кез­де иінтірескен қалың топқа оқ атудың өзі мағынасыз болатын. Құрбандық көп болатын болған соң, оқ ату тоқтап, солдаттарды алып кетуге мәжбүр болды. Ал жоғарыдан төменге қарай неше түрлі киімдер, оралған маталар, болгар темекісі, тіс пастасы дегендер жаңбырша жауып, адамдар қырғын таласа бастады. Кім нені қаласа, соны алатын на­ғыз коммунизм басталды. Ал бұл кезде «көтерілісшілермен» бет­пе-бет сөйлесуге сужүректік танытқан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Козлов оқиға барысын үй төбесіндегі шатырдан бақылап тұрған еді. Тәртіпсіздіктер мен жүгенсіздіктер үш күнге созылды. «Көтеріліс» қалай басталды? – «Хозтовар» дүкенінің ой­ран-ботқасы шығып, темекі сататын лавка төңкеріліп жатты, - дейді сол бүлік кезінде Теміртауда құрылысшы болып істеген Нина Семеновна Калашникова. – Митингіге шыққандардың қарасының көптігі соншалық, не болып, не қойып жатқанын сырттан бақылау мүмкін емес еді. Милиция мен әскерлер тобы сығылысқан жұрттың арасынан әрең өттік. Жастар «универмагті» тонап жатты. Гармошкада ойнайтын Николай деген жігітті жақсы танитынмын, сол үстіне ине-жіптен енді шыққан су жаңа костюм киіп, дүкеннен шыға бергені сол еді, атып өлтірді. Не керек, көптеген жастарды өлтірді, бірақ біз бірде-бір табытты да, жерлеуді де көрген жоқпыз. Барлық өлгендерді экскаватормен қазған терең шұңқырға көміп, бульдозермен тегістеп тастапты деп естідік. Әйтеуір өлгендердің көп болғаны анық. Себебі бей-берекет атылған оқ кез келген адамды жұлып түсіретіндей еді. Менімен бірге Аня деген қыз тұратын, соның жігітін бүлік кезінде атып өлтірді. Сол қыз өкіріп жылап, Хрущев пен Брежневтен бастап, трест бастығы Вишневскиге дейін түгел қарғаумен болды. Бүлік басылған соң Бүліктен соң іле-шала екпінді құрылыстан бірнеше мыңдаған адамның қашып кеткені белгілі болды. Жұрт Сталиннің кезіндегідей жаппай репрессия басталады деп қорқып, дүкен тонау кезінде қолдарына түскен заттарын жерге көме бастады. Кейіннен сайын даланың әр-әр жерінен қуылып кеткен бірнеше машина табылды. Оның бәрін «көтерілісшілер» мініп қашқан-ды. Милиция мен әскерилер қашып-пысқан жұртты жол бойындағы стансалардан аулап, түрмелерге тоғытумен болды. Ал бүлікті ұйымдастырушы­лар­ға ашық сот болып, бес адам ату жазасына кесілді. Жалпы, бүлік кезінде ресми мәлімет бойынша 11 адам оқиға орнында қаза болса, бесеуі ауруханада көз жұмады. Бірақ қанды қырғынның бұл 21 адамның өлімімен бітпегені, бұдан бөлек мерт болғандар мен мертіккендердің аз болмағаны және қатысушылардың аяусыз жаза­ланғаны ақиқат. Теміртау тра­гедия­сы қанша жастың өмірін қыр­шынынан қиғанын дәл ешкім білмейді және енді білу де мүмкін емес. Бүліктен кейін жұрт Хрущев келеді деп күткенмен, алдымен Теміртауға Леонид Брежнев шұғыл ұшып келді. Мәскеулік жоғары мәртебелі қонақ келген соң-ақ, көп нәрсе жақсы жағына өзгеріп сала берді. Қалаға жұмысшыларды жаңа салынып жатқан объектіге таситын 50 су жаңа «ЗИЛ – 164» автобусы берілді. Көп ұзамай Брежнев қайта келіп, Қарағанды облысына Ленин орденін тапсырды. Сонымен қатар оның бұл сапары жай емес еді. Сол жолы көптеген партия мен милиция қызметінің басында отырғандар орынтақтарынан ұшты. Тамыз бүлігінен соң Теміртауда ақ арақ пен шарапты айтпағанда, сыра мен шампан сатудың өзіне қатаң тыйым салынды. Спирттік ішімдік 1960 жылдың көктемінде ғана, онда да жұрт «Сапожок» деп атап кеткен бір ғана дүкенде сатыла бастап, ондағы араққа тұру кезегі горбачевтік құрғақ заң кезіндегі өшіретті жүз есе жолда қалдырды. Оның есесіне дүкен сөрелері тауардың көп­ті­гінен қайысып шығы келді. Шұ­жықтың неше атасы, тіпті қызыл уылдырыққа дейін толып тұрды. Жұмысшылардың алды автомобиль сатып ала бастады. Ол кезде «Москвич» 25 мың сом, «Волга» - 36 мың сом (1961 жылғы ақша реформасына дейінгі баға. Онан кейін 1 «ескі» сом 10 «жаңа» тиынға ауыстырылған – Т.Т.) тұратын. Теміртаудағы халық толқуынан соң көп ұзамай Никита Хрущев Америкаға сапарлап қайтты. АҚШ журналистері теміртаулық трагедия туралы Никита Сергее­вичке сұрақ қоюды ұмытқан жоқ. Ұлы жүгеріші демократия мен бейбітшіліктің тірегі санала­тын Кеңес Одағында капиталист елдердегідей бас көтеру мен тол­қудың мүлдем болмайтынын айтып, бұзақылық болған күнде де оны партия басшылары бейбіт жол­мен реттейтінін міз бақпай жеткізді. Ал шындығында қарумен тап­талған «бұзақылардың» басым көп­­шілігі кемелденген социализм құ­рып, коммунизмге бет алған КСРО-ның жасампаз жастары еді. Жалпы, Хрущевтің билігі бір жа­ғынан жылымық ала келгенмен, екін­ші жағынан оның кезінде Кавказ бен Балтық жағалауы елдерінде кең көлемді тәртіпсіздіктер мен қанды қақтығыстар орын алғаны тарихтан мәлім. Теміртаудағы оқи­ға да солардың бірі болып қала берді.