ҚОШ БОЛ, ҚАМҚОР ДА, ҚАЙСАР АҒА!

                             Үстіміздегі жылдың 19 ақпанында елу сегіз жасына қараған шағында бизнес қауымдастығының көрнектi өкiлi, мықты да білікті экономист, отандық фармацевтика саласының дамуына ерекше үлес қосқан, "Атамекен" палатасының негiзiн қалаушылардың бiрi, «Ақ жол» демократиялық партиясының Орталық кеңесiнiң мүшесi Серiк Егелұлы Сұлтанов ұзақ науқастан кейiн көз жұмды. Серiк Егелұлы -  сенiмдi әрiптес, шынайы достықты жоғары бағалайтын, қазақ елiнiң лайықты болашағы үшiн бар күш-жігерімен еңбек етіп, белсене атсалысқан нағыз азамат, жүрегi жомарт, адамгершiлiгi мол, қазақтың патриотшыл ел ағасы болатын.   Жарқын болашақ жолында кедергi болғандардын атақ-лауазымына қарамастан шындықты бетке айтып, қиындыққа тап болған серiктестерi үшiн әрқашан көмек қолын созатын. Қарапайым, енбекқор және қиындыққа мойымайтын қайсар адам едi.        Отандық өңдiрiсшiлердiң мүддесi мен мұқтажын жетік бiлетiн, заманауи технологиялар мен жаңа білімді, нақты өндiрiске салған инвестицияларды барынша қолдайтын, кәсiпкерлердi бiрiктiре білетін шебер ұйымдастыру қабілеті бар Серік Егелұлы  секілді ерекше тұлғалар қазір сирек кездеседі. Серік Сұлтанов 1959 жылы Павлодар облысының Панфилов ауылында дүниеге келген. 1980 жылы Павлодар педагогика институының математика факультетін, 1993 жылы Қазақ мемлекеттік техникалық университетін аяқтап, құрылысшы-инженер мамандығын алып шықты.   Өзінің еңбек жолында Серік Сұлтанов түрлі лауазымды қызметтер атқарды. Павлодар қаласындағы сол кезде елімізде қолға алынған бір реттік пайдаланатын медициналық шприцтерді шығаруға арналған «Мед-полимер» зауытының құрылысының ұйымдастырушысы, бас директоры болды. Осы үшін кәсiпкерлер арасында ең алғашқылардың бiрi болып "Ерең еңбегi үшiн" медалiмен Елбасының қолынан марапатталған еді. Әрі қарай, қандай орында iстесе де, оның басты мақсаты - Қазақ елiне, Қазақстан экономикасына адал қызмет ету болды. 1998-2002 жылдары  Қазақстан Медициналық дәрілер мен техникаларды сараптау ұлттық орталығының «Дәрі-дәрмек» мемлекеттік-қазыналық мекемесінің бас директоры қызметін атқарды. 2002-2003 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің  Фармация, фармацевтика және медицина өнеркәсібі комитетінің төрағасы, 2006 жылы «Қазақстан ФармМедИндустрия» фармацевтік және медициналық өнімдер шығару ассоциациясының басшысы лауазымында болды. 2008 жылы медициналық техникаларды жеткізу асссоциациясын басқарды. Серік Сұлтановтың қатысуымен еліміздегі дәрі-дәрмек саясатының Тұжырымдамасы мен  «Дәрі-дәрмек туралы»  ҚР заңы дайындалып,  «СҚ-Фармация» ЖШС құрылған болатын. Сол сияқты Қазақстан Республикасының 2010-22014 және 2015-2019 жылдарға арналған фармацевтика өндірісін дамытудың салалық бағдарламасын жасауға да үлкен үлес қосты. Соңғы жылдары, қатты ауырса да, өзiнiң қиын жағдайын сыртқа бiлдiрмей, сабыр етiп, ерлiк көрсетiп,  сырқатымен аяғына дейiн күресе бiлдi. Сонда да, бизнестегi әрiптестерiне, «Ақ жол» қатарындағы партияластарына ақылын айтып, салиқалы сараптамалық қолдау көрсетiп жүрді. Сұм ажал ағамызды арамыздан алып кеттi. Бұл Серiк Егелұлын таныған адамдар үшiн орыны толмас қаза, бәрімізге ортақ қайғы. Отбасына, туған-туыстарына көңiл айта отырып, Секеннiң  иманы жолдас болсын, сүрмеген жасын ұрпактарына берсiн деген тілегімізді білдіреміз

                           «Ақ  жол» партиясы Президиумы мүшелерi

Көңіл айту

Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының 2011-2014 жылдардағы Орталық кеңесінің мүшесі, партияның белсенді қайраткерлерінің бірі, «ҚазақстанФармМедИндустриясы» фармацевтикалық және медициналық өнім өндірушілері қауымдастығы мен «Медициналық техника жеткізушілерінің қауымдастығының» президенті                                     Серік Сұлтанов Егелұлының дүниеден өтуіне байланысты марқұмның туған-туыстары  мен жақындарының  қайғыларына ортақтасып, қамығып көңіл айтамыз.

                                                                                           Азат Перуашев, «Ақ жол» партиясының

    төрағасы, Мәжіліс депутаты               

   

Қазақстан фармацевтика саласына үлкен үлес қосқан, қоғам қайраткері

Серік Сұлтанов Егелұлының

қайтыс болуына байланысты  «Қазақ үні» газетінің ұжымы марқұмның туған-туыстары мен  жақындарына қайғырып көңіл айтады.

 

qazaquni.kz