САЙРАМДАҒЫ САНСЫЗ ҚЫЛМЫС
2010 ж. 01 ақпан
2260
0
Оңтүстік Қазақстан облысындағы аудандардың ішінде рейтингі бойынша сыбайлас жемқорлыққа, өз қызметін асыра пайдаланушылыққа заң тілімен айтқанда ҚР ҚК нің 176 ,177, 311 бабтарымен қылмыстық іске белшесінен батып, бірінші орында келе жатқан аудан Сайрам ауданы екені баршаға белгілі. Кезінде ауыл шаруашылығын дамытумен үлгі болып, Республикаға танылған бұл ауданды қазіргі парламент депутаты Қуаныш Айтаханов сынды білікті саясаткердің үлкен белестерге көтергенін сондағы өмір сүріп жатқан 300 мыңға жуық еңбекқор халық жақсы біледі. Аудан әкімі Мұхит Әлі мырзаның артынан онсыз да үлкен шу еріп жүргені бөлек әңгіме. Сонау киелі Түркістан қаласында жер дауын ушықтырып, соның салдарынан бір ауыл әкімі асылып өлгенін, мұнымен тынбай әлі күнге дейін жерге байланысты сот процестерінің жүріп жатқанын ескертіп өтсек, «үйренген көңіл өртенсе де қоймас» болып әкімнің Сайрамға келгелі де өз жұмысын қаймықпай қайталап келе жатқанын көреміз. Көкесі үлкен, қалтасы терең Мұхит Әліге соңғы кезде облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың де сөзі де, күші де өтпей қалғаны шындыққа айналды. Сайрам аудан әкімшілігін жеке меншікке сатып алғандай күйде жүрген (кейбір зиялылар «частный акимиат» деп те атап жүр) Мұхит Әлі соңғы уақытта өз төркіні жағына көп үміт артыпты. Әкімшіліктегі сенімді қызметке өз ағайындарын тықпалап, «еркін қауіпсіздік кеңістігін» орнатыпты. Өзімен бірге алып келген бірінші орынбасары Әлі Әміралиевтің өзі бүкіл ауданды «ашса алақанында, жұмса, жұдырығында» ұстап жүрген жайы бар.
Төрт жылға жуық уақыт осы ауданды басқарып келе жатқан Мұхит Әлінің тұсында жүгенсіз кеткен ауданда заң органдары тарапынан көптеген қылмыстық істер ашылыпты. Бір ғана 2009 жылдың қорытындысын алғанда аудан әкімінің орынбасары Р.Абдусаттаров пен бөлім бастығы А.Есалиев, қазынашылық бөлімі бастығы Халықназаров, аудандық әлеуметтік қорғау бөлімі бастығы Әлмаханов, Бадам аулының әкімі Баязов, Жұлдыз аулының әкімі Бектаев, аудандық статистика бөлімінің бастығы Кувашев Атабек, «Сайрам құрылыс»ЖШС-нің бұрынғы директоры Алибаев Мұхтар есімді азаматтар қылмыстық іспен құрықталып, сот үкімімен өздерінің тиісті жазаларын өтеуде. Ал, қазіргі таңда «Сайрам тазалық» ЖШС-нің басшылары Т.Шекетов, А.Бекжігітов, Б Атамқұловтарға қатысты қылмыстық істер қаржы полициясы тарапынан анықталып, сотқа жолданған. Бүгінде сот отырысы жалғасуда екен. Жоғарыда аты аталған азаматтар не үшін және кім үшін қылмысқа барды екен!? Әлде бұл жерде сыбайлас жемқорлық жоқ деп айтатындар табыла ма екен?!.. Өкінішке қарай, олардың бәрі өз жазасын алып, негізгі ұйымдастырушының тасада қалып, жазадан құтылғаны олардың да көңілдеріне қаяу салары сөзсіз. Бізде заң алдында бәрі тең емес пе еді!?
Әкім Мұхит Әлі мұрты қисаймай той тойлап жүр бүгінде. Ал орынбасарлары болса «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтыладының» кебін киіп, жазасын темір тордың арғы жағында телміріп өтеп жатыр.
Той тойлап демекші, Мұхит Әлі мырза 2009 жылдың 18 желтоқсанында Төле бидегі өз аулында үлкен көкпар өткізіп, білуімізше майда-шүйдесін айтпағанда, оған 6 миллион теңгенің көлеміндегі шетелдік көліктер тігіліпті. Төле би үшін қарқынды еңбек еткен «Айғақ» телеарнасы бұл тойды үзбей эфирден толық берген. Мұны көріп Сайрамда қаржылық дағдарыс жоқ-ау деген ойда қаласыз! Ал, ондағы ауызсу мен ауруханаға, мектеп пен мәдениет үйіне жете алмай отырған ауылдарды санасаңыз шаш етектен. Ұлы Отан соғысы ардагерлері, еңбек ардагерлері есек арбамен су тасып ішіп отырғанда олардың батасын алмай, наласын алған әкімнің ісі алға басар ме екен! Алысқа бармай қаланың шетіндегі «Көмешбұлақ» ауылына барсаңыз осындай жағдайға өзіңіз де айқын куә боласыз. Тойға тойана ретінде Сайрамдағы бір-екі ауыл әкімінің мойнына өздері әлі мініп үлгермеген «джип» автокөлігі түсіпті. Тойда тойып ішкен, Сайрамнан барған бір екі ауыл әкімі қайтарда қызмет көлігімен жол көлік оқиғасына түсіп өлім аузынан қалыпты. Олардың өз аулы үшін емес, Мұхит Әлі үшін жанын беруге дайын «патриот» екендіктері байқалып тұр. Біреу тоңып секірсе, біреу тойып секіреді дейді дана халқымыз. Мемлекеттік қызметкерлеріміз бұл әдеттен арылмаса, халықтың әл-аухатын жақсарту саясаты айдалада қалып, халықтың несібесі арамтамақтардың қарнында іріп, биттері семіріп кетпеуіне кім кепіл?! Заңды қадағалаушы мекемелердің қолын кім байлап отыр сынды сұрақтар қардай борағанда облыс басшысы не деп жауап берер екен?
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес деп күндіз-түні құр босқа айқайлағаннан не пайда, тиісті мекемелеріміз өз мұрнының астындағы жемқорды көрмей отырса. Өзінің қол астында жұмыс істейтін Мұхит Әліге тиісті шара қолдануға қолы қысқа облыс әкімі Аcқар Мырзахметовтың былай тартса арбасы сынып, былай тартса өгізі өлетін жағдайда қалғаны бүгінде баршаға белгілі болып қалды.
Сайрамдағы сансыз қылмыстың тағы бір таңқаларлық жағы - аудандағы көптеген почта бөлімшелерінің бастықтарының қылмыспен құрықталуы. Әуелі, почта дегенде зейнеткерлерге зейнетақы, балаларға жәрдемақы сияқты тағы басқа да салаларды қамтитын мекеме көзге елестейді емес пе! Дегенмен, бұл жерден де ақша табудың сан қилы көздері бар екен. Нақты айтқанда «Қазпочта» АҚ-ның №848 –ІІ санды бұйрығы негізінде Сайрам ауданы «Қарабастау» аулында орналасқан №7 Қазпочта бөлімшесінің бастығы Иманбаев Н.О. ҚР ҚК-нің 177 бабы, 3 бөлімі және 314 бабы 1 бөлімінде көрсетілген қылмыстарды жасап, Сайрам аудандық қаржы полициясы тарпынан 17.11.2008ж. қылмыстық іс қозғалып, сот үкімімен 6 жылға бас бостандығынан айырылған. Тура осындай қылмысты «Мәртөбе» ауылындағы почта бөлімшесінің бастығы Сайдов Шухрат артығымен орындағаны үшін 5 жылға сотты болған. Алиева Мухаббат «Жібек жолы» ауылындағы почта бөлімінде басшы болып, ҚР ҚК-нің 176 бабы 3 бөлігі «г» тармағы және 177 бабтың 3 бөлігі, 314 бабтың 1 бөлігімен қылмыстық іс-әрекетке барып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Басқа - басқа аудандағы зейнеткерлердің зейнет ақысына қол салғандарға не дерсің? Осының бәрі де «балық басынан шіридінің» белгісі.
Енді Сайрам ауданы әкімдігінің жер заңдылығын бұзғандығы жөніндегі анықталған материалдарға назар аударсақ.
2008 жылдың қараша айында Жамбыл, ОҚО және Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық жер инспекциясының жүргізген тексеру нәтижесінде азаматша Д.Абдуганиеваның шаруа қожалығын жүргізу үшін жер учаскесін сұрап жазған өтініші аудан әкімі аппаратында 05.08.2008ж. №Ж-2044 санымен тіркеледі. Аудан әкімі Мұхит Әлі бұл өтінішті өзінің сенімді адамы, аудандық жер қатынастары қызметіне тікелей басшылық жасайтын, жер комиссиясының төрағасы болып саналатын аудан әкімінің орынбасары Әлі Әмірәлиевке бұрыштама қойып береді. Алайда, Әмірәлиев бұл өтінішке онша көңіл бөлмей, жауап ретінде аудандық жер қатынастары бөлімі 25.08.2008ж. № 2536 санды хатымен өтінішті қанағаттандыруға мүмкіншілік жоқ деп жауап жолдайды.
ҚР Жер кодексінің 43 бабының 6 тармағына сәйкес, Жер учаскесіне құқық табыстаудан бас тарту облыстың, ауданның, ауылдық округ әкімінің шешімімен рәсімделеді және оның дәлелді себептері көрсетілуге, ал, көшірмесі өтініш берушіге шешім қабылданғаннан кейін жеті күн мерзімде тапсырылуға тиіс, - деп жазылып қойылса да, ҚР Жер кодексінде белгіленген екі айлық мерзім өткеніне қарамастан, жер учаскесіне құқық табыстаудан бас тарту туралы қаулы қабылданған. Бұл әрекеттің басында әкім Мұхит Әлінің тұрғаны күмәнсіз. Кез келген «креслоны», нақты айтқанда Түркістан, Төлеби және Сайрам аудандарын жалға алғандай өз қалауынша жұмыс істеуге дағдыланған Мұхит Әліге мұндай заңды бұзу түкке тұрмайтындай. Жоғарыдағы негізсіз шығарылған қаулыға байланысты аудан әкімінің орынбасары Әлі Әмірәлиевке ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 256 бабы бойынша 21.11.2008ж. № 299 қаулысымен айыппұл түріндегі шара қолданылыпты. Бұл «жеңіл жазаға» қанағаттанбаған Әмірәлиев мырза сотқа шағымданады. Алайда, сот қабылданған қаулыны заңды деп тауып өз күшінде қалдырады. Дәл осындай жаза Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімінің жетекші маманы Сатаев Камалға да әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 256 бабы бойынша қолданылыпты.
Ал енді, Оңтүстік аймақтық өңіраралық жер инспекциясының 2009 жылдың 20 желтоқсаны мен 2010 жылдың 14 қаңтар аралығындағы Сайрам ауданы әкімдігінде жүргізген жоспарлы тексерулерінің нәтижесімен таныссаңыз, жер сатудың «атасын» сонда көресіз. Сайрам ауданы әкімдігі тарапынан 2009 жылы ҚР Жер кодексінің 17 бабына сәйкес аудандық жергілікті атқарушы органның құзіретіне кіретін негізгі жұмыстар атқарылмай, оның орнына сыбайластықпен мемлекеттің жерін сатып «ақша табу» артығымен орындалыпты. Өздерінің құзіретіне берілген ауыл шаруашылығы алқаптарын қоса алғанда, елді мекендер аумағында жер шаруашылық орналастыру жоспарларын тиісті өкілді органның бекітуіне әзірленбеген және олардың орындалуын қамтамасыз етпеген. Жерді аймақтарға бөлу жобалары (схемалары) негізінде жердің нысаналы мақсатының жіктемесін бекітпеген. Өйткені әкімнің немқурайлы қарауынан жіктеменің өзі әлі жасалмаған.
Осының салдарынан заңда көрсетілген норма талаптары өрескел бұзылған. Азаматша Зилола Шакированың 07.08.2009ж.№Ж-1003 арызына сәйкес, Сайрам аудандық жер бөлу комиссиясының №27 қорытындысы 14.08.2009ж. қабылданып, Сайрам ауданы әкімдігінің 24.09.2009ж. №993 санды қаулысымен «Қарабұлақ» ауыл округі аумағында орналасқан пайдаланыстағы астық қоймасының жалпы көлемі 1,35 га жайылымдық жер телімінің нысаналы мақсатын өзгертіп, сауда орталығы, құрылыс заттар сататын орны, авто жуу және жөндеу орны етіп құрылыс жүргізу үшін «өз атасының жеріндей» жеке меншікке беріп жіберген.
ҚР 2003 жылғы 20 маусымдағы №442 Жер кодексінің 97 бабы 3 тармағына сәйкес ауыл шаруашылығы алқаптары айрықша қаралуға тиіс. Ол жерлерді ауыл шаруашылығы өндірісіне байланысты емес мақсаттарға пайдалануға ерекше жағдайларда жол беріледі деп кодекстің 90-бабында төмендегіше көрсетіліпті: Суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарын, биологиялық және ирригациялық-мелиорациялық, балық шаруашылығы бағдарындағы ғылыми-зерттеу және оқу орындарының тәжірибелік алаңдарының, орман және су қорларының жерлерін алып қоюға ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру мен кеңейтуге, халықаралық міндеттемелерді орындауға, учаскенің астынан бағалы пайдалы қазбалардың кен орындарының табылуына, жол, электр тарату желілерін, магистралды құбырларды, елді мекендердің ортақ пайдаланудағы инженерлік-коммуникациялық желілерін салуға, сондай-ақ мемлекеттік маңызы бар обьектілерді ықтимал орналастырудың басқа нұсқалары болмаған кезде оларды салуға байланысты ерекше жағдайларда ғана жол беріледі.
Осы заңға қарсы жұмыс істеген Сайрам ауданы әкімі Мұхит Әлінің жер сатуға қабылдаған қаулыларын нақты тізіп айтатын болсақ көпті құрайды. Дегенмен, негізгілеріне тоқталуды жөн көрдік.
Лазизбек Құрбантаевтың 27.08.2009ж.№Ж-1084 арызына сәйкес, аудандық жер бөлу комиссиясының №34 қорытындысы 2.10.2009ж.қабылданып, аудан әкімінің 28.10.2009ж. №1051 санды қаулысымен Қаратөбе ауылы аумағындағы арнаулы жер қорынан жалпы көлемі 100,0 шаршы метр жайылымдық жер телімі ұялы байланыс торабының қондырғысын орнату үшін жеке меншікке сатып берілген.
Тура осындай жағдай Тимур Абдикадировке аудан әкімінің №1050 қаулысымен сатылған. Марат Жолдыхаревке аудан әкімінің 26.03.2009ж. №264 санды қаулысымен Бадам ауыл округі аумағында арнаулы жер қорынан 0,30 га жер телімін жанармай құю, автожуу, ТҚК, дәмхана және дүкен салу үшін жекеменшікке сатылып жіберілген. Біздің қолымыздағы нақты мәліметтерге қарасақ осындай тізімнің 15 –і тұр. Оның бәрін тізбектеп жазу тиімсіз болғандықтан, арнайы сайттар арқылы үкімет назарына да беруді жөн көрдік. Газетте жарияланған осы мақалаға сәйкес алдағы уақытта да Сайрамдағы сансыз қылмыстың жалғасын журналистік зерттеу материалдарымыз арқылы жариялайтын боламыз.
Қуаныш Ботабеков
Оңтүстік Қазақстан облысы