Біз Әйтекебитануды насихаттаумен ғана шұғылдандық

Шардара қаласында осы ғасыр­дың алғашқы жылдарында құрылған «Әйтеке би» қоғамдық қоры өзінің Бағдарламасында Ұлы бидің өмірдеректеріне қатысты олқылықтардың орнын толтыру, мәңгілік есте қалдыру шараларын ұйымдастыру сияқты іргелі міндеттерді бірінші кезекке қойған болатын. Шардара мен Өзбекстандағы Нұрата ауданы көршілес қатар жатқан, Қызылқұм арқылы алыс-берісіміз бен барыс-келісіміз үзілмеген ел болғандықтан да бізге ғылыми-шығармашылық зерттеу жұмыстарын жүргізуге қолайлы мүмкіндіктер қазақ елінің басқа аймақтарына қарағанда молырақ деп есептедік. Бүгінгі таңға бұл үмітіміз бен сеніміміз бірсыпыра ақталды деп айта аламыз.. Шардара өңірінде Әйтеке би әруағына арналып 6 жыл қатарынан ас берілуі, өсиеттері мен ғұмырнамаларының насихатталуы, «Нұратадан Астанаға дейін», «Әйтеке бидің ақ жолы» атты деректі фильмдердің түсірілуіне, «Әйтеке бидің ақ жолы» кітабының шығарылуына ұйытқы болуды қоғамдық қор атқарған іргелі жұмыстар санатына жатқызамыз. Жинаққа халқымыздың кемеңгер биі, мемлекет қайраткері Әйтеке Бәйбекұлының ғұмырнамасы, (1644-1700), заманы мен замандастары туралы жазылған таңдаулы деректі, танымдық тарихи шығармалар, туған, өлген жылдары және сүйегі жатқан жері туралы Қазақстан мен Өзбекстан ғалымдарының зерттеу материалдары мен тұжырымдамалары, Шардара қаласындағы «Әйтеке би» қоғамдық қорының шығармашылық ізденістері мен ақпарат құралдарының айғақтары топтастырылған. Кітаптың жарық көруіне Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен Ақтөбе облысындағы Шалқар ауданының әкімі Рахат Сыдықов қолдау көрсетті. Ең бастысы, ел арасында Әйтеке бидің туған, өлген жылдары да, жатқан жері де белгілі деген қоғамдық пікір қалыптастыра бастадық. Біз Нұр Атада бой көтерген «Сейітқұл әулие–Әйтеке би» кесенесінің жобасын қаржыландырдық. Маңғыстаулық азаматтардың демеушілігімен, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, тарихшы ғалым Өмірзақ Өзғанбаевтың қатысуымен. 14 мың АҚШ доллары Өэбек Республикасы Мәдениет Министрлігіне қарасты «Мәдени мұралар» жөніндегі ғылыми-өндірістік Бас Басқармаға тапсырылды. Талас тудырмайтын шындық сол, соңғы онжылдық көлемінде біз республикалық ақпарат айдынында Әйтеке бидің өмірдеректеріне, жатқан жерін анықтауға қатысты әпсаналар, деректер мен дәйектерді жұртшылық назарына көбірек ұсындық. Астанада, Алматыда, Шымкентте, Ақтауда, Атырауда, Оралда, Қызылордада, басқа да аймақтар мен аудандарда шығатын газет-журналдарда, теледидарларда бірнеше ондаған мақалалар басылды, сұхбаттар жасалды. Жалпы, ақпараттық кеңістік арқылы Әйтеке бидің бақилық трагедиясына – туған, өлген жылдары мен жатқан жерінің анықталмағандығына, басында белгісінің жоқтығына еліміз бен ел азаматтарының назарын аударуға ықпал жасай алдық. Қалың жұртшылық Әйтеке биге қатысты ой-пікірлер мен ұсыныстарымызға, атқарылған жұмыстарымызға құлақ түре бастады. Мемлекеттік билік өкілдері, депутаттар, аймақтар мен аудан басшылары, саясаткерлер, шығармашылық және қарапайым азаматтарға дейін қоғамдық қормен хат-хабарлар алмасып, бағыт-бағдарымызды рухани жағынан қолдап-қуаттайтындар жыл өткен сайын көбейіп келеді. Айта кетуіміз керек, Әйтеке биге кесене орнату халқымыздың айтулы-айтулы дара тұлғаларының да арманы болып келген. Тәуелсіздік таңында жарық көрген, бүгінге дейінгі Ұлы би туралы жазылған ең үздік шығарма – Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының «Әйтеке би» атты тарихи-философиялық баянында Бабамыздың туған, өлген жылдары мен жатқан жері туралы болжамдар ақихатқа айналғандығының куәсіміз. Марқұм, жазушы Мұқадес Есламғалиев ағамыздың саналы ғұмыры Әйтекебитануға арналды, ширек ғасыр бойы ізденіс жасап, бірнеше кітап, оның ішінде «Әйтеке би» атты тамаша тарихи дилогиясын қалдырды. 1994-1997 жылдары Ташкентте елшілік қызмет атқарған, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нәжімедин Есқалиев Нұр Атада Әйтеке би кесенесін тұрғызу, Қарақалпақ жерінде сүйегі жатқан Сырым Датұлының басына белгі қою жайында мәселе көтерген болатын. Сол жылдары Науаи облысын басқарған Әбдіхалық Айдарқұлов бауырымыздың ұйымдастыруымен Сейітқұл әулие қорымына берік қоршау жасалды. Бұл мақсатты іспен 2007 жылы сол кездегі Қызылорда облысының әкімі, ұлтжандылығымен танымал азамат Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза да шұғылданғанын жақсы білеміз. Мұхтар Абрарұлының ақпарат құралдарында жарияланған: –Әйтеке – қазақтың үш жүзіне бірдей төрелік айтқан халқымыздың маңдайына біткен үш төбе биінің бірі. Сондықтан әз бабаның жерленген орнын анықтап, басына ескерткіш қою республикалық маңызды мәселе. Ендеше мұндай мемлекеттік, тіпті халықаралық деңгейдегі мәселені Ұлттық Ғылым Академиясы мен Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігін қатыстыра отырып шешкен жөн,–деп тереңнен ойлап, алыстан болжаған қайраткерлік сөзін ұмытпауымыз керек. Қызылордаға Ақтаудан белгілі сәулетші, Абай-Шәкәрім, Домалақ Ана кесенелерінің авторы Сайын Назарбекұлы шақырылды. Сейітқұл әулие, Жалаңтөс Баһадүр, Ақша хан мен Әйтеке биге арналған төрт мұнаралы алып кесененің жобасы жасалды. М.Құл-Мұхаммедтің 2007 жылдың 26 сәуірінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының президенті, академик М.Ж.Жұрыновқа жолдаған хат мәтінімен таныстыра кетейік. «Құрметті Мұрат Жұрынұлы! Қазақ халқының тарихында елеулі рөл атқарған, ұлтымыздың төбе билерінің бірі Әйтеке бидің зираты Өзбекстан Республикасы Науаи облысы, Нұрата қаласындағы ескі қорымда деген дерек бар. Әйтеке бидің ұлы бабасы Сейітқұлдың 16 ғасыр соңында Шығай ханмен бірге Сыр бойынан Нұрата тауына қоныс аударғаны көптеген тарихи деректерде дәлелденген факт. Төртқара Сейітқұлдың 8 ұлының бірі, Самарқанда билік құрған Жалаңтөс Баһадүр екендігі ғылыми, көркем әдебиетте аз жазылған жоқ. Ендеше сүйегі Самарқанның іргесіндегі Дағбит қорымында жерленген Жалаңтөстің әкесі Сейітқұл мен бауыры Ақшаның үшінші баласы Байбектен туған Әйтекенің сол өңірде жерленуі шындыққа сәйкес келетін сияқты. Әйтеке бидің ұрпақтары әлі күнге дейін Сыр өңірінің Арал, Қазалы аудандарында тұрады. Жаңа Қазалы кенті бүгінде Әйтеке бидің атымен аталады. Облысымызда көптеген мектеп, көше, түрлі мәдени мекемелерге бабамыздың есімі берілген. Дегенмен әз баба басының әлі күнге дейін қарайтылмауы оның мыңдаған ұрпақтарының жанына батып, жүрегін сыздатуда. Ұлтымыздың үш төбе биінің бірі болып, оның абыройын асқақтатқан Әйтеке бидің өз атақ-даңқы мен абырой-беделіне сай кесене салуға облыстың толық мүмкіндігі жетеді. Сол себепті елімізге белгілі ғалымдардан арнайы комиссия құрып, бабамыздың жатқан жері туралы мәселенің басын ашып беруіңізді сұраймын». Ал, 2007 жылдың 27 сәуірі күні Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының «Әйтеке бидің жерленген орнын анықтау жөніндегі комиссия құру туралы» бұйрығы жарияланды. Өкінішке қарай, Арал қаласында тұрғызылатын кесене құрылысы да, Ғылым Академиясымен бірлесіп атқарылар жұмыстар да Мұхтар Абрарұлының басқа жұмысқа (ҚР Мәдениет және ақпарат министрі) ауысуына байланысты тоқтап қалды. Мұның алдында Өзбекстанның билік орындары қазақстандықтар жасаған жобамен кесене тұрғызуға рұқсат берілмейтіндігін ашық айтып хат жолдаған болатын. Бір сөзбен айтқанда, Әйтекеби­танудағы кем дегенде бір ғасырға жуық уақытты қамтитын мүлгіген тыныштық, ұйқылы-ояу тіршілікке жан біте бастады. Шалғайдағы шардаралық азаматтардың Ұлы Бабамызға қатысты жанайқайын ұлт тағдырына, тарихымызға жайбарақат қарай алмайтын отандастарымыз сезімталдықпен қабылдап жатты. Міне, осы себептерден болса керек, «Сейітқұл әулие–Әйтеке би» кесенесінің құрылысын шардаралықтар қаржыландырып отыр деген пікірлер қалыптасып жатыр. Біздің өз тарапымыздан өзімізді жалған жарнамалап, насихаттаған, әсіресе, қаржыландыру мәселесінде ақиқаттан аттап, бұра тартқан жағдайымыз болған жоқ, біз қаржыландырып жатырмыз деген пікір айтып, сұхбат берген емеспіз. Ешкімнің еңбегін, қаражатын иемденгіміз келмейді. Мұны көзіқарақты, көкірегі ояу жұртшылық дұрыс түсініп, әділ бағасын, аталы сөзін айтуы керек. Ал, шын мәнінде осы кесене құрылысын ұйымдастырған, қаржыландырған азаматтардың есімдерін құрметпен атап көрсетуді өзіміздің парызымыз деп санаймыз. Атақты правитель, заманының озық ойлы, өнерлі тұлғасы болған Сердалы Бекшориннің тікелей ұрпағы Қаражан Сердалиев үйлестіру жұмысында белсенділік танытты. Оның туған бауыры Бернард Сердалиев, Шаһарбек Усманов, Рахат Байзақов, Есенғали Байменов, Ибадулла Қалыбеков, Арынғазы Беркімбаев сынды кәсіпкер азаматтардың еңбегінің әділ бағасын беруіміз керек. Шымкенттік Алтынсары Үмбетәлиев кесене аймағын суландыру үшін 136 метр тереңдіктен су тартатын скважина қаздыруға қыруар қаржы жұмсап, үлкен үлес қосты. Сондай-ақ кесене жобасын әзірлеуге, түбі бір туысқан жұрттың ұлы тұлғаларының ақиреттік үйін тұрғызу жұмысына ӨР Мәдениет Министрлігіне қарасты Бас Басқарма бастығы, белгілі ғалым Раушан Мансуров үлкен жауапкершілікпен атсалысты. ҚР Өзбекстандағы Елшісі З.Тұрысбековтың ұсыныс–кеңесімен «Сейітқұл әулие–Әйтеке би» кесенесі кешенді құрылысқа айналды. Бұл күндері кесененің жанындағы мешіт құрылысы аяқталуға жақын. Атыраулық Мұхит Ізбанов басқарған Рысқалиев Аманжан Сәулебайұлы, Барақатов Амангелді Кеңесұлы, Әлдекенов Орынғали Сәттіғұлұлы сынды елдік, ұлттық мүддемен жігерленген кәсіпкер бауырларымыздың имандылық жолындағы ізгі істері ұрпақтан ұрпаққа үлгі-өнеге болып қалатынына сеніміміз зор. Орайы келгенде ойымызға оралып отыр, 2006-2007 жылдары Өзбекстанда елшілік қызмет атқарған, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов Нұратада бірнеше мәрте болып, Науаи облысы басшылығымен әлденеше рет кездесіп, келелі кеңестер жүргізгендігінен хабарымыз бар. 2007 жылдың сәуір айында Ташкенттегі елшілікте Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Т.Мамашев, Шардарадағы «Әйтеке би» қоғамдық қорының жетекшісі, белгілі ғалымдар мен ақпарат құралдарының өкілдері бар кеңеске қатысып, Асқар Исабекұлының ойға қонымды, тұжырымды, кесімді пікірлерін тыңдағанбыз. Осы кездесуде Әйтеке бидің өмірдеректері талқыланды. Дегенмен ол кезеңде тиісті келісімдер мен қажетті құжаттар әзірлеу мәселесі пісіп, жетілмегендіктен кесене тұрғызу мүмкіндігі болмаған еді. Қоғамдық қор негізінен Әйтекебитанудың ақпараттық, насихаттық жұмыстарымен ғана шұғылданып келді, келешектегі қызметіміз де рухани, ғылыми-шығармашылық жұмыстарға арналады. Біз қазір ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде орталығы Ташкент қаласы болған Түркістан генерал губернаторының мұрағат істерімен шұғылданатын комитетінің Орталық Азиядағы, оның ішінде Бұқара, Самарқан аймағының тарихы мен тұғырлы тұлғалары, ел шежірелері туралы деректер жинақтағанын, бұл құжаттар Петербург, Мәскеу мұрағаттарына тапсырылғанын анықтадық. Олардың арасында Самарқан мен Қоқанды билеген Сейітқұл әулие ұрпақтары – ағайынды Жалаңтөс Баһадүр мен Ақша хан және Әйтеке би туралы мағлұматтар бар шығар деп үміттенеміз. Яғни, Әйтекебитануда жаңа ғылыми-шығармашылық бағдарламалар жасалып жатыр деген сөз. Ал, Әйтеке би туралы Қазақстан мұрағаттарынан бір парақ қағаз табылмағаны сірә да белгілі. Бірлесіп қызмет атқаруға мүдделі ғалымдармен, кәсіпкер азаматтармен қарым-қатынас жасауға әзір екендігімізді мәлімдей аламыз. Кез келген тұлғаға арналған кесене, мешіт, басқа да көріктендіру, құрылыс жұмыстарының аяқталатын кезеңі, қорытындыланатын тұсы бар. Ал, Әйтекебитану – мәңгілік ілім, шек-шекараны таңдамайтын, ізденістері толастамайтын ғылыми-шығармашылық ізденістермен сабақтасады. Қоғамдық қор өз қызметін келешекте осы бағыттарда жалғастырады. Мәселен, бұдан үш жыл бұрын біз Шардараға «Түркі әлемі» киностудиясын шақырып, «Әйтеке бидің ақ жолы» атты ғылыми-шығармашылық экспедицияға қатыстырдық, осы аттас деректі фильм түсірілді. Осы кезеңде Шардарада әкімдік қызмет атқарған Серікбай Ибадуллаев қазақстандық делегацияны бастап барып, Нұрата ауданы басшыларымен алғашқы келісім-шарттарға қол жеткізген еді. Ал, қазір жоғарыда аталғандай, Ташкенттегі Елшіліктің айналасында ұйымдасқан отандық кәсіпкерлермен бірлесіп студияның директоры әрі режиссері Д.Тұрлыбек жаңаша шығармашылық ізденістер жасап жатыр. Біз шардаралықтар бастамашысы болған мұндай бірлескен жұмыстарды қолдаймыз, әрі қуанамыз. Тәңіржарылқасын дейміз. Әйтеке бидің белгісіз жатқан орнына кесене тұрғызып, әз бабамызды еліне қауыштыруға ізгі ниеттерімен жұмылған Ташкенттегі, басқа да аймақтардағы дипломатиялық, мемлекеттік қызметтегі және кәсіпкер бауырларымызға Алланың нұры жаусын!

Жұмабек Мұқанов, «Әйтеке би» қоғамдық қорының президенті