МАҒАН АҚЫЛЫ БАР ТЕНТЕКТЕР ҰНАЙДЫ

Болат МЫРЗАЛИЕВ, «Мирас» университетінің президенті: – Дәрігерсіз, бірақ сізді халық дәрігер емес, білім саласының білікті маманы ретінде танып, құрмет тұтады. Таңдаудың таңдаған мамандыққа емес, білім саласына түсуіне не себеп? – Қоғамды алға сүйрейтін білім, мен білім мемлекеттің қауіпсіздігіне әсер етеді деп айтар едім. Ата-бабамыз «білекті бірді, білімді мыңды жығады» деп кеткен. Осы сөздің астарын түсінген адамның білім саласынан кетуі мүмкін емес. Көптеген түсінбеушілікке қарамастан білім жүйесін жаңарту жолында тер төгіп жүруімнің сыры осы ғана. Біле білсеңіз 12 жылдық мектеп бағдарламасын республикада алғаш көтеріп, қозғау салған осы «Мирас» университеті. – 12 жылдық оқу бағдарла­масының айналасында түрлі пікір жүр. Кейбіреулер қы­зымыз бойжетіп, ұлдарымыз сақал-мұрты шық­қанша мек­теп партасын­да отыр­ғанда не ұтамыз дей­ді, дұрыс көретіндер де бар. Ал, 12 жылдық білімсіз Қа­зақстандағы білім жүйесі заң­сыз дегенді айтып жүргендердің бірі өзіңізсіз. Неге? – Қазақстандағы қалыптасып қалған білім жүйесі заңсыз деп айту бәлкім басқалар үшін көзсіздік болар. Сондықтан заң аясында таратып айтып көрейік. Әр мемлекетте қоғамдық қатынастарды реттеп отыратын түрлі деңгейдегі заңдар, заңдық күші бар түрлі құжаттар бар. Мұны бәріміз білеміз. Әлемдегі түрлі мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастар да осындай заңдық күші бар, бірқатар мемлекет қажет деп тауып, келісімге келіп қол қойған заңдық құжаттарға, Балалар құқығын қорғау, т.т. осындай Конвенцияларға негізделеді. 1997 жылы 13 сәуірде Лисаббон қаласында «Еуропа аумағында жоғары білімге қатысты квалификацияны мойындау туралы» Конвенцияға қол қойылды. Осы құжатқа қол қойған 42 елдің ішінде Қазақстан да бар. Конвенцияға қол қою дегеніңіз осы елдің оқу жүйесін, берген дипломдарын мойындаймыз деген келісімге келу. Ескере жүрер бір жайт Конвенциялар әр мемлекеттің ішкі заңдарынан жоғары тұрады. – Конвенцияға қол қо­йылды. Қазақстандық жоға­ры оқу орындарының берген дипломдары халықаралық деңгейде мойындалады. Біз осылай түсінеміз. ЖОО қазір студент тарту мақсатында жапа-тармағай жасап жат­қан жарнамалардың қай­сыбірінде осылай деп айтылады. – Жоқ, қателеспеңіздер, 12 жылдық білім бағдар­ламасына өтпейінше қазақ­стандық ЖОО-ның дип­ломдары халықаралық дә­режеде мойындалмайды. Және Конвенцияға қол қо­йыл­­ған соң олардың 12 сыныптық білімі жоқ балаларды қа­былдауының өзі заңсыз. – Қазіргі ахуалға қарасақ, 12 жылдық білімі бар ЖОО түсемін деп талаптанған балаларды 13 жылдан кейін көреміз. Бұл - қазақстандық жоғары білім 17-18 жылдан соң ғана халықаралық деңгейде мойындалады деген сөз. «Мирас» та еліміздегі көп оқу орнының бірі. Сіздерде бұл мәселе қалай шешіліп жатыр? – Мен жоғарыдағы мәсе­лелердің бәрін бір даулы мәселе туғызу үшін айтып отырғаным жоқ. Дүниежүзіндегі беделді ұйым ЮНЕСКО-ның білімге қатысты қоятын талаптары, ұсыныстары бар. Соған сүйеніп айтып отырмын. Бірінші талап, 12 сыныптық білім бағдарламасы, оның Қазақстандағы жағдайы туралы жоғарыда ішінара айтып кеттік. Екінші талап, үш сатылы білім, бакалавр, магистратура, аспирантура. Бұл да біздің еліміздің жоғары білім жүйесінде бар нәрсе, бірақ өз дәрежесінде емес. Үшінші талап Кредиттік сағат, дәрістер бірлікпен өлшенеді, 120 бірлігіңіз бір кредит сағат дегендей. Бұл да өз алдына үлкен бір сала. Ол үшін Қазақстанда жоғары білім жүйесінің мемлекеттік стандартын жасау керек. Төртінші талап, әрине білімнің сапасы. Қандай қоғамда болмасын әртүрлі білім жүйесінің болғаны дұрыс. Таңдау туындайды. Қоғамның білім ордасына сенімі қалыптасуы керек. Аккредитация ұғымы қазақстандық ЖОО-да бала оқытып жатқан ата-аналар, студенттер үшін әбден таныс болып қалған ұғым. Осы ұғым елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты қоғамға оң әсер еткен ұғым болған жоқ. Қайта үркітті, қорқытты. Оқу орындары басшыларын да, студенттерді де, ата-аналарды да әуре-сарсаңға салғанымен есте қалды. Кейбір жеке оқу орындары жабылды. Қайсыбірі әупіріммен, әрең дегенде, жүйкелерін жұқартып жүріп аккредитациядан өтті. Біздің елімізде аккредитациядан 5-ақ күнде өтеді. Білім мекемесінің барлық мүмкіндігі бес-ақ күнде сарапқа салынып, тиісті шешім қабылданады. Министрліктің талабы осындай. Ал, ол халықаралық деңгейде қалай жүзеге асады, салыстыру үшін айта кетейін. Ең бастысы бұл білім ордасы үшін қажет нәрсе. Алдымен ол қоғамның сеніміне кіру үшін өзінің шама-шарқын, мүмкіндігін өзі тексеріп алу керек. Сол үшін тексеру бірінші сол мекеме тарапынан жүргізіледі. Сонан соң тиісті мекемеге біздің жұмысымызды тексеріңіздер деп тапсырыс береді. Ондай орындар тәуелсіз агенттіктер болуы да мүмкін. Тексеру біткен соң агенттік мамандары сіздің басқару жүйеңізге, білім беру жүйеңізге баға береді. Кемшілігіңізді көр­сетеді. Сіздің басқару жүйеңіз дұрыс емес, осы бағытта ізденіңіз, болмаса кітап қорын молайтыңыз дегендей ұсыныстар айтылып, келесі тексерудің уақыты белгіленеді. Мақсат құрту, жою, жабу емес. Бірлесіп жұмысты оңалту, жақсарту. Бұл процесс бақандай төрт жылға созылады. Содан кейін ғана арнайы құрылған қауымдастық кеңес шақырып, кемшіліктердің орындалуы таразыға салынып, егер бәрі талапқа сай болса аккредитациядан өткені туралы құжат беріледі. Қорытынды осылай жасалады. Бұл процестерден біз зорлықтың емес, ізгіліктің нышанын көреміз. Негізі солай болуға тиіс. Аккредитация жұмыс сапасын үздіксіз жақсартуға, көтеруге бағытталған іс-шара. Байқап отырсыздар, жоғары оқу орындарына көмектесу, жәрдемдесудің құралы. Бесінші талап - бұл студенттер мен оқытушылардың мобильдігі. Мұны да түсіндіре кетейін. Мәселен, маған бір студентім келіп, ОҚМУ-да мықты физик маман бар, менің содан тәлім алуым керек деп ұсыныс айтуы мүмкін. Мен оған қарсы болмауым керек. Студенттің бір семестрде өзі қажет деп тапқан оқу орнында білім алуға мүмкіндігі болуы керек. Оқытушылар да осылай. Мықты маман ба оның білімін, тәжірибесін басқа оқу орындары да пайдалана алуы керек. Басқа мемлекеттерде жоғарғы білімді мамандардың жұмыспен қамтылуына барлық жағдай туғызылған. Оның еңбек өнімділігінің мемлекет қазынасына түсетін салыққа тікелей қатысы бар. Ал, бізде қалай? Жоғарғы білімді жас мамандардың жұмысқа орналасқанынан орналаспағаны көп. Тіпті білікті, кәсіби, білімді деген мамандардың өзінің жұмыссыз жүретін жағдайлары бар. Олардың мүмкіндігін, күш –қуатын пайдалану тетіктері қарас­тырылмаған. Маманға са­лық төлеуші ретінде қарау үрдісі қалыптаспаған. Еңбек кітапшаң қай жерде, сол сенің тұрақты жұмыс орның. Көп жағдайда басқа жерде жұмыс істей алмайсың. Өзім жақсы білетін білім саласында басқа оқу орнынан оқытушы шақыртып дәріс оқыту әдісі әлі жүйеге ене қойған жоқ. Студенттер де солай, қай оқу орнына құжатын тапсырды, сол оқу орнын бітіріп шығады. Қазір Қазақстанда студент алмасқаннан, шетелдік оқу орындарымен студент алмасу әлдеқайда оңайырақ. – Біраз өзекті мәселенің басын аштыңыз, енді осы­лардың ішінде кезек күт­тірмейтіні қайсы? – 12 жылдық білім бағ­дарла­масы. Бізге 15 жылды күтуге болмайды. Соңғы зерттеулер елімізде 1 жылда 100 мың бала мектепті бітірсе, соның 75 мыңдайының жо­ғары оқу орнына түсетінін көрсетіп отыр. Яғни, барлық баланың 12 сыныпты бітіруіне қажеттілік жоқ. Міндетті орталау білім 10 жыл болу керек. Қазір үкіметтің жанында осы мақсатта арнайы топ құрылып, жұмыс істеп жатыр. Біздің «Мирасқа» түскен студенттер 12 жылдық білімді осы университеттің қабырғасында алады және ол дипломдарында көрсетіледі, таяуда осы тәжірибенің қолданылуы әбден кәдік. – Жоғарыда айтқан заңдарға сәйкес «Мирастың» түлектері шетелде жұмыс істей алады дейсіз ғой. Енді кадр мәселесіне келсек, қызметкерлерді жұмыс­қа қабылдағанда қандай қасиет­теріне көңіл бөлесіз? – Ойлау қабілетіне қарай­мын. Қалай ойланады, мәселе осында. Өзіндік мінезі болуы керек. Жалпы маған «ақылды бұзықтар» ұнайды. Олардан көп нәрсені күтуге болады. – Еңбекті қалай бағалай­сыз? – Білім инемен құдық қаз­ған­дай деп бекер айтылмайды. Біз білім беретін мекемеміз. Ал, білімде нәтиже 15-20 жылдан соң көрінеді. Нәтиже бұл оқытушының еңбегіне қойылған баға. Нәтиже - ол біздің студенттеріміз, олардың жетістігі, жұмысқа тұруы. Сондықтан әл-әзір мынаның мынадай еңбегін бағалаймын деп кесіп айту қиын. Біздің оқытушыларымыз да, студент­теріміз де өзіне сенімді. Осы қасиетті ерекшелеп айтуға болады. – Олардың сенімділігіне кепіл деп нені айтасыз? – Бізде парақорлық, пара беру жоқ деп айтуға болады. Өз ісіне, өз біліміне сенімді адамдар ғана параны бермейді де, алмайды да. – Оқытушылардың бі­лік­ті­лі­гін арттыру қалай ше­шілуде? – Біліктілікті арттыратын се­минар, курс сияқты оқулар оқытушылар арасында ғана емес, студенттер арасында да университет қабырғасында 2 аптада бір рет рет үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Білім –бұл үнемі ізденісті қажет етеді. Сондықтан ортаға салатын ойлар да, тәжірибелер де, жаңалықтар да аз емес. -Әңгімеңізге рахмет.

Бейсенкүл НАРЫМБЕТОВА