Қазақтың Ақселеуі

ҚАЙРАН АҚАҢ!

АРМАНЫҢЫЗ АСҚАҚ ЕДІ-АУ!  ТЫМ ШЕКСІЗ ЕДІ ҒОЙ!..

Акселеу

***

Бір күні келдіңіз де «Болды, бітті! Енді, қолыма қалам ұстамаймын», – дедіңіз. Таң қалдым! Жоқ, бұлай болуға тиісті емес еді-ау! Мен үшін аспан жерге құлап түскендей болды...

Дәл сол күннен бастап тым асықтыңыз. Бұған дейінгі жазған-сызғандарыңызды қайта қарап, саралап-сараптап, жіліктей бастадыңыз. Еш нәрсеге көңіл бөлместен, аюдай арпалысып, еңбектеріңізді том-томға бөліп, ыңғайлай бастадыңыз. Содан тағы бір күні келдіңіз. Сіздің әдетіңіз, менің бөлмеме кіріп келгенде айтатын бір ғана сөзіңіз бар еді. Ол: «Аруақ аттағандай болмайын деп сәлем бере келдім» деуші едіңіз. Тағы да осы сөзіңізді қайталап айтып, бөлмеме кіріп келдіңіз. Бұл сөзіңіз маған емес, ата-баба аруағын ардақтаған қалпыңызбен Күлтегін аруағына бағытталған сөз еді. Оны мен жақсы түсінуші едім. Жайғасып отырдыңыз да бетіме қарап күлдіңіз. «-Әй, ұл! О дүниедегі аруақтармен сөйлесіп, мың жыл бұрынғы аруақтармен сұхбаттасып жүрген ұлсың ғой. Байырғы түріктердің құлпытасындағы ең керемет сөйлемді айтшы маған»,- дедіңіз. Мен сәл ойланып отырдым да: «Енисей ескерткіштерінде «Көктегі ай мен күнге, жердегі еліме, ұрпағыма құмарым қанбады» деген керемет сөйлем бар. Енисей құлпытастарында осы мәтін көп қайталанады»,- дедім. Сіз түртіп алдыңыз да, біраз әңгімелесіп отырып кетіп қалдыңыз.

Соңғы мәрте 2009 жылы 16 қыркүйек күні таңертеңгі 10.00-де «Аруақ аттағандай болмайын деп, сәлем бере келдім» деп, белгілі тарихшы-публицист Қойшығара Салғарамен бірге кіріп келдіңіз. Біраз әңгіме- дүкеннің көрігін қыздырдық. Әдеттегідей, әңгіменің тізгінін өзіңіз ұстап отырдыңыз. Мәңгілік туралы, бақилық туралы, мына алдамшы өмір, қазіргі қоғамдағы арсыздық, әділетсіздік, ақшалылардың ұлтқа бүйрегі бұрылмай тұрғаны, ұят, ар мәселесі тағысын тағылар сөз болды. Сөз арасында:

– Қаржеке темекіңді әкелші, – дедіңіз.

– Сіз темекі тартпаушы едіңіз ғой. Насыбайыңыз қайда? – деп таңдана қарадым. Жаңа босанған мама бәйбішедей екі бетіңізге жұқалтым қан теуіп лаулап тұр. Екі көзіңіздің жанарында бір құбыжық сәуле боталап тұр екен. Бұрын мұндай кейпіңізді көрмеген едім. Іштей қатты таң қалдым да, темекімді шығарып, тамызып бердім. Сіз күл салғышты алдыңызға қойып алдыңыз да, темекі таусылғанша үнсіз отырып, тартып тауыстыңыз. Сонан соң терең күрсіндіңіз де:

– Пай, Қаржеке-ай, темекің қандай тәтті еді, – дедіңіз елжіреп.

– Қойыңызшы, аға! Темекіні жек көруші едіңіз ғой. Бұл мақтағаныңызға жол болсын, – дедім. Сіз тағы да елжірей:

– Шын айтам, темекің тәтті екен, – дедіңіз.

Біз бәріміз ешқандай ойсыз күліп қойдық. Біз бұл жолы екі сағаттай уақыт бойы әңгіме құрдық. Сонсоң Сіз "Тұрсын Жұртбайдың апайы о дүниелік болыпты ғой. Жүріңдер, Тұрсынға барып көңіл айтып шығайық" дедіңіз. Бәріміз солай бардық. Өкініштісі, Тұрсын орнында болмай шықты. Біз қол алысып, екі жаққа кеттік. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы, ғалым, көсемсөз шебері – Сіз, Ақселеу Сейдімбек өзіңіздің үйреншікті дағдыңыз бойынша Қойшығара Салғараұлының тізгіншісі болып, машинаңызды айдап, кете бардыңыз. Күндіз сағат 15.30 кезінде маған бір мәрте телефон шалып, біраз нәрсені сұрап қанықтыңыз. Одан соң... Иә, одан соң ... ...

Ертеңінде таңертең 08.30-да жұмысқа келгенімде Сізден айырылып қалғанымды бір-ақ естідім. Ойпырым-ай!.... Бұл не?... Менің асқар тауым құлап, мәңгілік көк аспан қара жерге сынып түскендей күй кештім.

Беу, қамшының сабындай ғана қысқа өмір-ай! Жалт еттің де, жоқ болдың! Тым-тым алдамшы екенсің ғой! Қандай өкінішті, ә!....

Содан бері бір жыл өтіп кетіпті-ау. Сағымдай сырғыған ұры уақыт-ай десеңші.

Ақа, Сіз көп жаздыңыз. Көпіртіп жаздыңыз. Бес саусағыңызға сүйел шығып, жауыр болғанша жаздыңыз. Жаза бердіңіз. Сіздің жазуыңыз ғажап еді. Ақ параққа төгілген ақ күріштей анық та, қанық мөлдіреп тұрушы еді. Біз соны бүгін талғажау етіп талмап отырмыз. Сіз білесіз ғой. Біздің бәріміз емес, бірлі-жарымымыз ғана талмап, Сіздің жазғандарыңыздың бетін енді парақтағалы жатырмыз. Білесіз ғой, мына жұрт өз қағынан жеріген құлан сияқты құба жұрт! Ниеттері бұзылып қасаптанып, жаттың қақпышына тілемсектеніп кеткен – аяр жұрт! Жаттың жалт-жұлт еткен жарқылына көзі қарығып, өзін-өзі танудан қалған жұрт! Өзіндік мені жоқ, өзгенің өңіріндегі жылтыраққа бүйрегі бұрылып, жоғарыдан жел қалай соқса, солай жығылып тұрған табиғи буынсыз бұлаң жұрт! Сіз осы жұртыңыздың өткені туралы көп жаздыңыз. Еліңнің дәстүр-салтын, иба-ізгілігін, қылықты қыз-қылығын, адами қасиетін, азаматтық арын, ағалық ақылын, апайтөс батырын, айбаты мен асқар арманын жырладыңыз. Еліңнің өнер өлкесін шарлап өзіне-өзін насихаттадың. Домбырашылар мен қобызшыларын тірілтіп, саз өнерінің айырықша қасиетін паш етіп, күйін күйттеп, күнін жоқтап шырылдадың. Халқыңның ұмытылып бара жатқан рухани құндылықтарын тірілттің.

Сен қазақ халқының Далалық ауызша шежіресін тірілттің. Оның ғылыми теориясын жасап, хаттап-шоттап, халқыңның қолына салдың.

Осылар арқылы бодандықтың бұғауында есенгіреп қалған жұртыңның санасын жаңғыртып, ұлтыңның рухын оятуды мұрат тұттың.

Ойпырым-ай, қыза-қыза «сенге» көшіп кеттім бе? Білесіз ғой, мен Алтайдың жүген-құрық тимеген тентек ұлымын ғой. «Сіз» деп майысып отырып көп дүниемді айта алмай қалатын сияқтымын. Оның сыртында мен таулықпын ғой. Тау өзенінің арсы-күрсі мінезі бар бойымда. Әрі мен байқұс майдан қылшық суырғандай сызылып тұрған адам емеспін ғой. Сондықтан кешіріңіз. «Сенге» көшіп көсілейін.

***

Иә, аға! Сен ұлтыңның жоғын жоқтаған мәңгілік жоқшысы болып өмір есігін аштың да, жоқшысы болып бұл пәнидің есігін жаптың. Сен Сарыарқаның тумасы едің. Сарыарқамен сені бөліп қарауға болмайды. Сарыарқа десе Ақселеу, Ақселеу десе Сарыарқа көз алдыңа келеді. Еуразияның ортасын атжалданып алып жатқан, ұшқан құстың қанаты талған осынау сары жон сенің кіндік қаның тамған киелі жер. Ақселеудей ұлтын сүйген, жерін сүйген, елін сүйген ұл тудырған қасиетті жер. Басқаның ешқандай үгіт-насихатынсыз Сарыарқаның өзі берген бала махаббатың сені тума далаңа ғашық етті. Сен Сарыарқаның, Ұлытаудың, Теміртаудың, Сарыкеңгір, Қаракеңгір, Тізебүккен, Шажағай, нұрлы Нұра, Бетбақдала, Тесіктастардың шежіресіне суарылып, солардың аңызын тоя жұттың. Туған далаңның тума шежіресі сені қазақ жеріне, қазақ еліне ғашық етті. Сенің жан жүрегіңді осы елге байлап берді. Сондықтан да сен атақты Сарыарқа әнін жаздың. Шексіз-шетсіз көсілген Арқаның ұлы Даласы, оның салқын самалы Сенің жүрегіңе ән боп құйылды. Жақсы көретін ақын інің Несіпбек Айтұлы ән әуенін сөзге түсірді.

Саржайлауым менің,

Ән – жайлауым менің.

Жан жайлауым менің,

Беу-беу, Сарыарқа!

Аққу аңсап қонған

Ақ маңдай көлдер.

Сал самалы саумалдай болған

Мақпалдай белдер.

Бал бұлағы есіліп аққан, оу, Сарыарқа,

Арғымағы көсіліп шапқан, оу,

Аңыз дала,

Абыз дала,

Қобыз дала, Сарыарқа!

Қасиетті төрім:

Кер биігім,

Жез киігім,

Шер-күйігім, Сарыарқа!

Кең бесігім менің,

Көл-көсірім менің,

Сенде сырым менің,

Беу, беу, Сарыарқа!

Туған жердің осы махаббаты сені, осы даланың тума ұлтыңның өмір сүру үлгісіне үңілдірді. Өзің айтпақшы, өмір жасақтау үлгісіне алып барды. Сол сол-ақ екен тынысыңыз ашылып, қанатыңыз жайылып қазақтың тал бесіктегі өмірінен тас бесікке дейінгі өмір сүру әдет-ғұрпын түгендеп, мұхиттан маржан сүзгендей мөлдіретіп алып шықтың. Сен – қазақтың шашуын, ұйқыашарын, бастаңғысын, тоқымқағары, сыбағасы, ерулігі, сірге жияры, асарымен ұлтыңның дастарханын қайта жайып, уызқағанағын, тасқорықтығын, сірнесін, құрғақ сүтін, қызыл ірімшігімен қазағыңды қайта бір тойдырып, өшкенін есіне түсіріп, өлгенін тірілтіп бердің. Сен – қазақ шеберлігінің көзін ашып, ырым-тиымын есіне түсіріп, сәйгүлікпен саят құрған серілігін қазақтың көз алдына алып келдің.

«Бұлақ көрсең, көзін аш» деп үйреткен Арқа жұртының әдетімен мәңгүрттенген ұрпақтың көзін ашу үшін сон-а-а-ау ежелгі естен кеткен сақ, ғұн дәуірінен бастап қазақ хандығына дейінгі тарихты қозғап, қазақ құл болған халық емес, ұлық болған ұлт екенін айтып бердің.

Далалықтардың даналық дәстүрін өрнектеп, Күлтегіннен бастап Ахмет Иассауи, Алаша хан, Жошы хан, Домбауылдарды сөйлетіп, қасиетті орындардың тарихи-мәдени құндылықтарынан сыр шертіп, халқыңды құмықтырдың.

Мұнымен де шектелмедің, сен құлашты бұдан да алысқа сермедің. Өзің айтпақшы қазақтың екінші тілі болған күйге көңіл бөліп, ұмыт боп бара жатқан «Күй шежіресін» күйттеп, күй аңызын қазақ ауыз әдебиетінің дербес жанры ретінде саралап алып шықтың. Күй көктегі ұлы Тәңірдің ділі, тілі. Жүрегіңді шымырлатып, сезіміңнің қылын дірілдете шертіп, жан дүниеңді бебеу қақтырып, бұл дүниенің баянсыздығынан, бақисыздығынан терең философиялық ой толғап, пәни дүние-мұхитының шексіз-шетсіз тереңіне батыратын құдірет. Осы құдіреттің құпиясын ашып бердің де, қазақтың екінші тілі – рух тілі деп атадың. Ой дүние-ай! Насыбайыңыздан ерніңізге салып бір қойыңызшы! Құмарыңыз қансын! Сұм дүние-ай!

Ұлтыңның қазақтықтан шығып бара жатқанына жаның қиналды. Ұлттық дәстүр-салтымызды тәрк етіп, еуропалық найсаптыққа тайып түскенімізге жүрегіңіз ауырды. Этнос деген уақыт пен кеңістік аясындағы ауқымы кең, тамыры терең жаралым. Бүгінгі күні батыстық өмір салты қалыптастырған даму үлгісі, дүниетанымы, ойлау жүйесі, тарихи-мәдени құндылықтар адамзаттың өркениеттік жетістігі ретінде үстемдік құрып отырғанын жеткізе айтып, қазақ ұлтына сол батыстық үлгінің ықпалы тым басым, тым зорлықшыл (агрессивті) екенін айтып шырылдадың. Жаһандану дәуірінде күшпен мойындатып отырған осы өмір сүру, өмір жасақтау үлгісінің ақыры қайырсыз болатынын Ф.Ницше, З.Фрейд, О.Шпенглер, М.Хайдеггер, И.Хейзинг, Т.Адорна іспетті аузын айға білеп, адамзаттың өткені мен келешегін парлап, қолдың бес саусағындай саралап, сараптаған ойшылдардың, ақылмандардың айтқанын куә ретінде ұстап отырып, шырылдап айттың. Осы батыстық үлгінің іргетасы әу баста қате жасалғанын, түптің түбінде адамзатты тығырыққа тірейтінін, соның салдарынан адам атты пендеге қырғын әкелетінін көз жасың етегіңе толып, еңіреп тұрып айттың. Осы сөзіңе өзгені қойып жаныңда жүрген достарыңның қайсысы мыңқ етті. Қараған шайнаған қасқа сиырша екі езуі көпіршіп, көзін сүзе бір қарады да, өз сүрлеуімен желдің ыңғайымен бүрсеңдеп кете барды.

Батыстың ұсынып отырған үлгісін емдейтін жолды да көрсеттің. Адамзатты табиғат бір қалыпқа салып, бір үлгімен қалыптамағанын табиғат ана адам пендені фабриканың өнімдері іспетті бір стандартпен, бір ғана өлшеммен жасамағанын дәлел еттің. Әрбір ұлт – этнос атаулы биологиялық түр ретінде белгілі бір экожүйенің нәтижесі екенін сен дәлелдей отырып, қандай бір ұлттың төлтума болмысын сақтай отырып жетілдіруді, әр текті биологиялық үлгілердің дамуын қамтамасыз ету адамзат өмірін жасақтаудағы әмбебап үлгі болатынын әлемге жар салып ұсындың. Адамзаттың жалпы даму бағыты әр ұлттың өзіндік ерекшелігін, этикасын, тарихи-рухани мәдениетін сақтай отырып бір үлгіленуге (униформациялануға) бағытталса қуана-қуана қол соғатыныңды айттың. Әй қайдам. Ондай атты күн қайда. Мың жыл бойы басқаның дәулетін тонап, шіріп байыған батыстықтар ондайға көңіл бөле қоймас-ау! Әрі ниеті – дүниетанымы бұзылған батыстықтар бұған мойын бұрмасы да анық. Керісінше, жаңадан бас көтеріп, ел қатарына қосылып жатқан елдердің билік басындағыларға батыстықтар өз идеологиясын зорлықпен күштеп құйып, жадылап жатқан жоқ па? Өз идеяларын тықпалап, күндіз-түні құлағына зарлап, бүкіл болмысымен жалмап үгіттей отырып, жан дүниесін жадылап,  ұлттың ұлттығын жоюға күндіз-түні ат салысып отырғаны мынау.

Ақа, сен, нағыз қазақ патриоты едің. Қазақ елінің мәңгілігін, оның керегесінің беріктігін, рухани пәктігін аңсадың. Сондықтан да, мемлекеттің қауіпсіздігі, әлеуметтік экономиканың дамуы және қоғамның парасаттылық ахуалын біртұтас құбылыс, біртұтас жүйе ретінде алып қарадыңыз. Осы киелі үш ұғымның бірлігінен Қазақстанның келешегін көре білдіңіз. Осы үш ұғымның бірлігі ұлттың ұлтжанды жадын жаңғыртатынына сендіңіз. Сонда ғана біздің қазақ қоғамы тегеуірінді күшке айналатынын айттыңыз. Сіз өзіңіз «Парасат» деген қасиетті ұғымның эталоны едіңіз. Сіз табиғатыңыздан солай жаратылғансыз. (Бір аруақты күш Сіз дегенге итермеледі. Қайтадан Сізге көштім. Сіздің парасатыңыз жеңіп, тізе бүктіріп болмады...) Алла тағала алып дене, сұңғақ бой, сұлу мүсінін Сізге қалай сыйласа, ішкі дүниеңіздің байлығы да соған сай еді. Жүрген жеріңізде қайырымдылық, азаматтық көрсетіп, мол пішілген парасатыңызды басқаға дарытып, қауіп-қатерден қорғап жүруші едіңіз. Бері айтқанда үйіңізге ауылдан келген соғымды жалғыз өзіңіз иемденбей бүкіл жора-жолдас, ақын-жазушыларды шақырып бөлісетін едіңіз. Содан Сіз ләззат табатығұнсыз.

Сіз – өзіңіз осындай парасат иесі болғандықтан, қоғамның парасаттылық ахуалына бірінші кезекте мән бердіңіз. Егерде азаматтық, адами қайырымдылық, парасаттылық болмаса әлеуметтік-экономиканың жетістіктерінің ақыры қайырсыз, жұғынсыз болатынын, соның салдарынан мемлекеттің өзі қожырап, сынаптай сырғып, қорғасындай еріп, өзінен өзі бордай тозып, божырап кететінін талай мәрте ескерттіңіз. Халықтың арқасында байлық жинап, мұрты майланған ақшалы азаматтар ұлтқа қызмет етіп, ұлттың рухани дүниесіне тамшыдайын болса да ықпал етпесе, жинаған дәулетінен қайыр болмайтынын айттыңыз. «Қалталы азамат! Сен ұлтың арқылы халықтың азаматы боласың. Ұлтыңның мәдениеті мен әдебиеті, тарихы мен тағылымын дамытуға қол ұшын бермесең, ұлттың атын жамылып жүргенің артық болады. Сен жиған-тергеніңді ұлт игілігіне жұмсасаң, ертең халқың сені ұлықтайды. Жер басып тірі жүргендегі еңбегіңнің ақталғаны осы болмақ. Ал егер жиған-тергеніңді уысыңнан шығармай өзің ғана жалмап жата берсең, есіктің алдындағы қоқыс салғыштан не айырмаң болмақ. Қоқ-соқты кім жинамаған...» Осылайша жеке бастың азаматтығынан, қоғамдық парасаттылыққа дейінгі өзекжарды мәселелерді көтердіңіз, Ақа! Мүмкін, бірлі-жарымы ұққан болар, біразы тағы да таңданып, бажырайып өте шыққан шығар. Ақа! Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдарының экспанциясы сенің жүрегіңді қатты жаралады. Республика халқы тұтынатын 3633 бұқаралық ақпарат құралдарының оннан бірі ғана қазақ тілінде екенін айтып, ұлт ұрпақтары басқаның идеологиясымен уланып жатқанын айтып қаншама мәселе көтердіңіз. Әсіресе, телевидение! Бұл құралдар наркотикадан кем емес, атом радиациясынан да ондаған есе күшті әсер етіп, ұлттың рухын жойып жатқанын көтеріп дабыл қақтыңыз. Міне, осы құралдар арқылы жат пиғылды ұлы ұлттың идеологиясының жер бауырлап жорғалаған құрт-құмырысқасынан бастап, аузын айға білеген алпауыттарына дейін ұлттық-мемлекеттік мүддеге ашық шабуылдап, тұтас ұлтты тілімдеп, жемтікке айналдырып отырғанын сынның садағына алдыңыз. Қолынан іс келетін азаматтар бұған да мыңқ демеді-ау, мыңқ демеді. Байшыкештердің мыңқ демейтін себебін де қолмен қойғандай етіп, нақты деректермен дәлелдей отырып айтып бердіңіз. Олар өздерінің жеке бастарының жемқорлығын қорғау үшін ұлттың моралдық этикасынан аттап өткенін, олардың арнайы заңдастырған өз заңын, өз университетін, өз ақпарат құралын, өз тілін қалыптастырғанын саралап тұрып көрсетіп бердіңіз. Онымен қатар қазақ жері, қазақ ұлтының біртұтастығы мен патриотизімінің кепілі болып келгенін көзге шұқып тұрып айта отырып, бүгінгі күні сол мүмкіндіктен айырылып бара жатқанымызды ашына жаздыңыз. Бүгінгі күні қазақ ұрпағы менің Алтайым, менің Алатауым, менің Жетісуым, менің Сарыарқам, менің Атырауым, менің Жасыбайым, Баянауылым деп айта алмайтын күйге жеткенін еңіреп тұрып етегің жасқа толып тұрып айттыңыз. Олардың орнына Терещенконың жері, Машкевичтің жері, Кулагиннің жері дегендер пайда болғанын көрсетіп жүрегіңіз қақ айырылды.

Осылайша біздің қоғамда қалыптасқан моралдық-парасаттылық нормаларының қаншалықты құлдырағанын бетің-жүзің демей жіпке тізіп айтып бердіңіз. Айтып қана қойған жоқсыз. Оны жөнге салатын бағытын да көрсетіп бердіңіз. Бәрін де экономика мен саясат, экономика мен құқық, экономика мен қоғамдық парасат арасындағы ықпалдастық біліктілікпен жұптаса реттелсе мемлекеттің іргесі берік болмақ. Қоғамда қалыптасқан моралдық-парасаттылық экономиканың өзін парасаттандырып, ұлттың патриоттық белсенділігін қуаттандырып, мемлекеттің іргетасын бекемдейтінін қазақ халқына оның ұрпағына арнап жазып кеттіңіз. Міне, қоғамдық парасаттылықтың түп қазығы қайда апаратынын, қандай әсерлі, ықпалды екенін осылайша дәлелдеп бердіңіз.

Тіл туралы, дін туралы көп жаздыңыз, саусақтарың жауыр болғанша жаздыңыз. Ол туралы сөз қозғасам, тағы да ұзаққа кетермін, көз жасымды тыя алмай қалармын. Сол жазғандарыңыздың әсері болған да шығар. Бірақ оның бәрін уақыт көрсетеді. Нәтижесі шыққан кезде тағы да бір қайырылармын.

Сіз бақилық болған соң Кеден Одағы дегенге кірдік. Қымбатшылық ақпанның аязындай қыса бастады. Енді кешікпей Экономикалық Одақ дегенді пайда болдырып, соған кірмекпіз. Білмеймін, келешегіміз не болар екен?!... Тәуелсіздік деген қасиетті құқығымыздан айырылып қаламыз ба деп бүкіл халқыңыз қорқыныш үстінде. Ел азаматысыз-ғой. Халқым деп, Қазағым деп еңіреп өттіңіз. Бір шапағатыңыз тиер. Аруағыңызбен қолдап, желеп-жебеп жүріңізші?

***

Сіз білесіз бе, Ақа? Биылғы күз ұз-а-а-қ болды. Арқаның нағыз алтын күзі болды. Желтоқсанның он бесіне дейін қар түспей қойды ғой. Осы сартап болып жатып алған сары күзде Сізді сағындым. Ешкімге айтпай, ешкімді ертпей балам екеуіміз Сізге тарттық. Өзің орналасқан Қарауыл төбе! Жан-жағына қараймын. Ұлы далада бүкіл Арқада ақ селеу жайқалып, үп еткен желмен басы жапырыла тербеледі. Құтты Сізді аймалап жатқандай, Сізді құшақтап, сіздің алдыңызда бас иіп жатқан ұлы далаңның ақ селеуі теңіздей толқыйды. Бүкіл ұлы даланың өскіндері ақ селеу Сізге бас иіп жатыр. Қабіріңізге қараймын. Сіз бірдеме дей ме деп үміттенемін. Бір-ақ ауыз сөз. «Көктегі күнге, жердегі халқыма мейірімім қанбады». Құдайым-ау, бұл не?! Қайтыс боларынан бір жыл бұрын келіп менен сұраған Енисей ескерткіштеріндегі ақтық сөз-ғой, мынау!...

Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ,

түрколог