ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми мырзаның назарына! Оңтүстікте оңбай тұрған іс көп... ҚАЛАУЫНША заң бұзған қала әкімі...
2010 ж. 01 ақпан
1488
0
Ал енді, айтылған мәселелерге байланысты мақаламыздың негізгі түйініне көшсек. ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық жер инспекциясы азғана уақыттың ішінде облыс орталығы мен аудандарда жоспарлы тексерулерді жүзеге асырып, жер заңдылығының сақталуын бұзған әкімдердің келеңсіз әрекеттерін анық та айқын ашуға қол жеткізіпті. Анықталған мәліметтерге қарағанда Оңтүстіктің орталығы Шымкент қаласы әкімдігінде орын алған заң бұзушылықтар осы мәселеге көптеп көңіл бөлуді қажет етіп тұрғандай. Жер учаскесін беру туралы арыздарды қарау барысында ҚР Жер кодексінің 43 бабының 2 тармағында көрсетілген екі ай және үш апталық қарау мерзімінің сақталмағаны жөнінде 19 заң бұзушылық әшкере болған.
Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы арыздарды қарау барысында Жер кодексінің 49-1 бабына сәйкес бір ай қарау мерзімінің сақталмауы бойынша 53 заң бұзушылық ашылса, жер учаскесін сатып алу туралы арыздарды қарауда аталмыш заңның 47 бабын ескермей, 6 заңсыздыққа жол берілген. Сонымен жалпы 78 заңбұзушылық жасайтындай Шымкент қаласының әкімдігіне соншама не күн туды екен!? «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» ҚР 1998ж 2 шілдедегі № 267 Заңының 12 бабында жазылған «Мемлекеттік міндеттерді атқаруға уәкілеттік берілген адамдардың немесе соларға теңестірілген адамдардың жеке және заңды тұлғалардың арыз-өтініштерін қарауда және өз құзыретіне кіретін өзге де мәселелерді шешудің заңда белгіленген тәртібін бірнеше рет бұзу әрекеттері сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық болып табылады» деп жазылғанына қарамастан Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев мырзаның тәуекелге барғанына не айтасыз?! Мұны бір деп қойыңыз.
Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін беруде Жетпісбаев мырза «техастық айлакерлік» танытыпты. Жаңаша зор әдіс! Қала әкімі 12 тамыз 2008 жылы 31-ші шілдедегі жер комиссиясының қорытындысымен 56 тұлғаға (оның ішінде 2 заңды тұлға, 54 жеке тұлғаға) «Архивтен негіздеме түбірі жоқ болғанына байланысты бас тартылсын және сот арқылы заңдастырылсын» деп жер беруден бас тартқан. Бірақ әкім өзі шығарған осы №580 санды қаулысын арадан бір ай өткен соң 18 қыркүйекте жер комиссиясында қайта қарап, араға 9 ай салып 2009жылдың 24-ші маусымында жер учаскелеріне жеке меншік құқық беру туралы №915 санды қаулы шығарып, жоғарыда өзі бас тартқан 54 азаматтың 26 азаматына заңсыз артықшылық танытып жер берген. Қаулының орындаушысы Шымкент қаласы жер қатынастары бөлімінің бастығы С.Жансейітов болып шықты. Әрине, әкім айтып тұрған соң орындамай қайда барады? Орындайды ғой. Бірақ, осы арада сұрақ туады - не үшін әкім жер беруден бас тартып бір қаулы шығарады да артынша өз қаулысын бұзып, жер беру туралы қайтадан басқа қаулы шығарады. Ал, енді жер берген соң неге сол 54-тің бәріне бермей, 26 -ын ғана берді екен? Ол жағы да әкімнің өзіне ғана аян.
Етектегі тасы өрге домалап тұрған Жетпісбаев мырза мұнымен шектелмей, 2009 жылдың 30 наурызында №456 санды қаулысымен елдімекенге жатпайтын «Ақниет» өндірістік кооперативінде орналасқан жер учаскесінен 17 азаматқа, бұрын ауылшаруашылық өнімдерін өсіру және өндіру үшін берілген жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзбілермендігімен өзгертіп, бұл жерде ҚР Жер кодексінің 14 бабының 11 тармағына сәйкес жерді бір санаттан басқа санатқа ауыстыру мәселелері ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің құзыретіне жататындығына қарамастан, жеке тұрғын үй құрылысын салуға рұқсат беріп және кезектілік тізімін сақтамастан 17 азаматтың маңызды шаруасын бітіріп беріпті. Осы орайдағы № 11/223 санды 16.04.2009ж. болған жер комиссиясының қорытындысына комиссия төрағасы емес, төрағаның орынбасары ретінде жоғарыда әкімнің қаулысын бұлжытпай орындайтын С.Жансейітовтің өзі қол қойыпты. Оқасы жоқ, бәрібір орындайтын да өзім ғой деген шығар...
Бұларды қанағат тұтпаған қала әкімі А.Жетпісбаев ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін бір санаттан екінші санатқа ауыстырмастан, қала әкімдігінің 2005ж. 16 сәуірдегі №1256 санды мемлекеттік қажеттіліктер үшін Шымкент қаласында орналасқан өндірістік кооперативтерден ауыл шаруашылығына арналған жерлерді алып қою туралы қаулысын негізге ала отырып, өндірістік кооперативтер мен фермерлік шаруашылықтармен «келісім-шарт» жасасып, жеке тұрғын үй құрылысын салуға жеке меншіктің көптеген гектар жерін беріп жіберген. Атап айтқанда 2008 жылдың 21 тамызында қала әкімі А.Жетпісбаев мырза «Үмбетов» фермерлік шаруашылығымен №110 келісім-шарт жасасады. Келісім шарт бойынша «Үмбетов» фермер шаруашылығы жоғарыдағы қаулының негізінде жалпы алаңы 44 га жер учаскесін мемлекет меншігіне беріп, ол үшін Шымкент қаласының әкімі 15 га жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертіп фермер шаруашылығының 165 мүшесіне алаңы 0.08 га жер учаскесі жеке меншікке жеке тұрғын үй құрылысы үшін беруге келісім береді. Бірақ, осы қаулыдағы тізім бойынша есептегенде «Үмбетов» фермер шаруашылығының 165 мүшесіне 15 га жер учаскесі емес, 13,2 га жер учаскесі берілгендігі анықталған. Яғни, 1,8 га жер учаскесі кооператив мүшелеріне берілмеген болып шықты. Сонымен, Шымкент қаласы әкімдігінің № 1256 санды 2005ж 16 сәуірдегі қаулысы бойынша «Үмбетов» фермерлік шаруашылығынан Шымкент қаласының жер қорына өтуге жататын 44 га жер телімінің орнына, 29 га жер телімі өткендігі анықталған. Сонда қалғаны жеке мүддеге пайдаланылғаны белгілі ғой. Мемлекеттің жері осылайша құмға сіңген судай жоқ бола берсе қазақ халқы Қытайға барып тұрғын үй сала ма сонда!? Не деген батырлық! Тізе берсе мұндай келісім-шарт көптеп табылады. Атап айтқанда «Жұмабек» ауыл шаруашылығы, «Қошқар ата» өндірістік кооперативімен де тура осындай ел үшін емес «қалта үшін жемісті» іс-әрекеттер жасалыныпты. Жалпы айтқанда А. Жетпісбаев пен С. Жансейітов мырзалардың осындай заңсыз әрекеттерінің салдарынан Шымкент қаласының жер қорына 309,92 га жер телімі өтудің орнына 214,88 га ғана жер телімі өтіпті. Оның ішінде 75,2 га жерге келісім шарт жасалып, кооператив және фермер шаруаларының мүшелеріне жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін заңсыз берілгені тағы бар. Заңсыз дегеніміздің себебі ҚР Жер заңнамаларында мемлекеттік қажеттілікке алынуға жататын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінен келісім шарт негізінде жеке тұрғын үй салу үшін жер беру нормалары әлі де заң жүзінде қарастырылмағанында болып тұр. Бір таңқаларлығы облыс әкімі А.Мырзахметовтың назарына осы мәселеге байланысты тиісті шара қолдану туралы 14.08.2009ж. № 24-1-9/1556 санды хат жетсе де, облыс әкімінің осындай бассыздыққа көз жұма қарауы екі әкімнің сыбайластығын аңғартатын сияқты. Облыс басшысы ретінде Елбасының сенімін ақтаймын деген уәде жалаң сөзге айналды ма екен? Кім білсін...
«Үре білмеген ит үйіне ұры түсіредінің» кебін киген әкім Жетпісбаевтың қолынан ел басқару ісі келмейтінін талай басылымдардың жарыса жазып келе жатқанын көз көріп жүр. Анығын айтқанда Арман әкім қолы көтере алмайтын шоқпарды беліне мықтап байлап алған-ау, тәрізі.
Тізбектей берсек, әкім мырзаның талай былығы ашылатыны анық. Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы анықтаған төмендегі жәйтқа таңданбасқа шараң жоқ.
Облыс прокуратурасымен ҚР ҰҚК-нің ОҚО бойынша департаменті Шымкент әуежайы аумағында Біріккен Араб Әмірліктерінің «Department of UAE President s Affaris ABU DHABI» қоры үшін офис құрылысы жүргізіліп жатқан жерді тексере келіп, ондағы заңсыздықтарды анықтапты. Тексеру барысында бұл жер Шымкент қаласы әкімдігінің 21.08.99ж. № 1222 қаулысымен В.И. Бакиевке Ынтымақ шағым ауданы, әуежай аумағының 1,228 га жер учаскесі ауыл шаруашылық мақсатында пайдалану үшін 5 жылға уақытша пайдалану құқығымен беріліпті.
24.08.09ж. Шымкент қаласы жер қатынастары бөлімі мен В.Бакиев арасында жер учаскесін жалға беру шарты жасалып, 28.08.09ж. В Бакиевке уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беретін № 144220 акт берілген.
Мұнымен қоса облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мамандары жүргізген тексеру барысында аталған жер учаскесінде 20,0 x 15,0 м аумақта тереңдігі 2,0 м шұңқыр қазылғаны анықталды. Шұңқыр қазуды В. Бакиевпен 01.08.09ж. жасалған келісім шарт негізінде «Эристайл-Казахстан» ЖШС жүргізген екен.
Осы орайда ауылшаруашылық мақсатында пайдалануға алынған жерге шетелдің тышқандары өздерінің «офис» деп аталатын ұясын салуына көз жұма қараған А.Жетпісбаев мырзаның бұл әрекеті ұрыларға айқара құшақ ашқандай. Жай елдікке жайылған төсек болып, заңды белден басуына жол болсын! Қала әкіміне қаланың жерін, соның ішінде суармалы жерлерді шетінен жеке тұлғалар арқылы шетелдіктерге түрлі жолмен үлестіре беруге кім рұхсат берді? Облыс әкімі бұған не дейді. Прокуратура ше? Қолымыздағы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, Шымкент қаласы жер комиссиясының төрағасы Е. Білісбеков 06.08.2009ж. бекіткен № 24/64 қорытындысына қарасақ, Бакиев Вячеславқа аталмыш жер ауыл шаруашылық мақсатына пайдалану үшін берілді - деп комиссиядағы жауапты 14 азаматтың 7-і өз қолдарын қойыпты. Мұның артынша қала әкімі Жетпісбаев 8 желтоқсан 2009 жылда №1795 нөмірлі қаулысымен азамат В.Бакиевке бұрын уақытша ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалану үшін берілген жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру туралы шешім шығарып та үлгеріпті. Бұл жерде Жетпісбаев үкіметтің ауыл шаруашылығына қажетті суармалы жерлерді басқа нысанаға немесе басқа да мақсаттарға пайдалану үшін беруге қатаң тыйым салынады деген қаулысына мұрнын шүйіріп те қарамапты. Әкімнің осы заңсыз іс-әрекетінен мол өнім беретін ауыл шаруашылығы жерлері көп залал көрсе де, облыс әкімі мен құқық қорғау органдары неге бір шара қолданбайды?
Қорыта айтқанда, қала әкімінің және қалалық жер қатынастары бөлімінің жоғарыда көрсетілген жеке тұрғын үй салу үшін берілген жер учаскелері Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің жер учаскелерінің тұрғын үй құрылысын салу үшін пайдалану мүмкіндігі туралы ұсыныстарын ескерместен, егжей-тегжей жобасының бекітілмегендігіне және Шымкент қаласының Бас жоспарына қайшы берілгені айқындалған. Бұл жөнінде Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі өзінің №30/3225 санды 22.07.2009ж. хатында бір қатар тұрғын және мөлтек аудандар, Шымкент қаласының Бас жоспарына мүлде сәйкес келмейтіндігіне және олардың бірде-біреуі де сәулет және қала құрылысы мұрағатында тіркелмегендігі анық етіп көрсетіпті. Бас жоспарға сәйкес келмейді деген сөздің өзі қылмыс емес пе? Демек, мұның артында шырайлы Шымкент қаласында үлкен былықтың иісі аңқитынын көрсетсе керек. Алдағы уақытта бұл мәселелерге облыс прокуроры бір тосқауыл қояды деген үміттеміз.
Қуаныш Ботабеков
Оңтүстік Қазақстан облысы