15 СӘУІР – МАХАББАТ МЕЙРАМЫ БОЛСА...
2011 ж. 29 наурыз
6482
14
Махаббатқа да бір мереке керек-ақ. «Еңлік-Кебек» күні немесе «Қозы мен Баян» күні болсын, жоқ дегенде «Ғашықтар күнін» атап өтейік деп наурыздың әр күнін меңзеген әртүрлі ойлар жазылып жүр. Біз аталмыш мерекені, Махаббат мейрамы деп атауды ұсындық. Оны 15 сәуірде тойлау – жұмыр басымызға тап бүгін ғана жұмыртқа салған идея емес. Осыдан он шақты жыл бұрын, осы жазба иесінің қиялына қауырсын шаншыған аталмыш ой «Хабар» агенттігінің атынан мыңдаған көрерменнің талқысына ұсынылған болатын-ды. Кейінірек, 2003 жылы «Таң қалмаңыз» жобасының негізінде арнайы бағдарлама да түсірілді. Әнші-композитор Сейфуллин Жолбарысқа арнайы ән де жаздырғанбыз. Содан бері де Махаббат мейрамын насихаттау жолында арнайы шаралар ұйымдастырмасақ та, осы күн қарсаңында түрлі бағдарламаларда махаббат тақырыбында ой қозғап, көрерменге мерекелік көңіл-күй беруге тырысып жүрміз. Егер өзіңізбен бет көріссек, «...неге наурыз емес, неге мамыр емес?» болмаса «...неге бұл айдың 14-і немесе 16-сының бірін белгілемеске?» деп сауал тастауыңыз анық. Біздің ойымызша, махаббат мерекесі сөзсіз көктем мезгілінде болу керек. Көктем – күллі адамзат үшін сезімнің, шуақтың, шабыттың, яғни махаббаттың синонимі секілді. Ал сәуірді таңдауымыздың себебі, бұл айда бірде-бір елеулі мереке жоқ (ғарышкерлер күні бүкілхалықтық сипатта тойланып жүрген жоқ). Сәуірдің 15-жұлдызын таңдауымыздың тағы бір себебі, бұл күн көктемнің бел ортасы. Символдық жағынан көңілге қонымды. Махаббат мейрамын айтулы датаға айналдырып, ауқымды түрде атап өтудің уақыты жеткен сияқты. Сезім мерекесінің қажеттігі сол – кеудесінде жұлқынған жұдырықтай еті бар адам ішкі лүпілін өзгеге жеткізуге ынтық. Ал кез-келген ұятты пенде жан сырын жайып саларға ұяң келері және рас. Қысқасы себеп керек. Салдарын маңдайының бағы білер... Сонымен махаббат атты тылсымның жетегінде қылшылдаған жігіттер мен уылжыған қыздар ғана жүрген жоқ. Жеңгенің ағаға деген тәтті назын, жардың жарға деген ыстық құштарлығын, ананың балаға деген шексіз мейірімін, тіпті атаның әжеге деген сыйластығын осы ұғымның аясынан тысқары әкете алмайсыз. Сол күні іңкәр жүректер арқырай ақтарылып жатса, үйде дастархан жайылып, алаңдарда концерттер, сарайларда кештер, телеарналарда думандар өтіп жатса. Сыйлыққа қазақша ашықхаттар, қазақы кәдесыйлар жолданып жатса шіркін, нағыз мейрам сонда болар ма еді деген балдай қиялымыз, анығында баладай мәпелеп, болашақтың бір күнінде оң әсеріне куә болсақ деген жоспарымыз бар. 15 сәуір Махаббат мейрамы болсын. Қош көрейік. Қолдайық. Жақынымызға мейірім сыйлайық сол күні. Тағы бір ой.. Махаббат мейрамындағы екі жанның арасын жалғаған ұяң сезімнің көрінісі мынадай болса: 1. Дәл осы күні әркім өз сүйіктісіне деген сезімін әдемі сөз, көрікті тілмен 1 минут бойы тоқтамай, ақтарыла жеткізсе. 2. Дәл осы күні әрбір адам өз сүйіктісіне бәйшешектің (немесе басқа гүлдің) бір шоғын сыйласа. 3. Дәл осы күні, әрбір адам өз сүйіктісіне жүрек сыры жазылған шағын ашықхат сыйласа. (Қандай белгіде болу керегін ойластырудамыз. Ақыл қосыңыз!) 4. Дәл осы күні, әрбір ер азамат өз сүйіктісінің құрметіне кем дегенде бір көшет отырғызса. 5. Дәл осы күні, жұртшылық қауым өздеріне ыңғайлы уақытта, ыңғайлы жерде (алаңдарда, ашық орындарда, стадиондарда) буын биі «Қара жорғаны» билеп, мерекеге жалпыхалықтық сипат берсе. Және қыз-жігіттеріміз иба сақтап, өз алдына жеке топ болып билегені дұрыс та шығар. Бұл әрі замандастар ортасындағы би жарысына да ұласар еді. 1-ші ескерту: Аталмыш шарттардың бәрін орындау міндет емес, біреуін орындасаңыз да қош көреміз. 2-ші ескерту: 15-ші сәуірді таңдауымызға әзірге өзіміз ғана білетін тағы да бір себеп бар. Осыны тапқан алғашқы екі адамға 77 мың теңгеден екі сыйақымыз бар. (бұған қатысты болжамдарыңызды өзім ғана оқитын a_sser@mail.ru электронды почтасына жіберуге болады)
Абас-шах Серік