Мюньхендегі басқосу

аңызға айналған қазақ көшін фильмге түсіру керек деп қарады

Жақында Германияның Мюнхен қаласында Еуропа Қазақ қоғамдары федерациясы (ФЕКА) Шығыс Түркістан қазақтарының аты аңызға айналған атақты көшбасшысы Елісхан Әліпұлын еске алуға арналған «Эмигранттық және болашағымыз» атты дөңгелек үстел өткізді. Еуропадағы қандастар бас қосқан бұл шарада Шығыс Түркістанның Алтай, Бәйтік және Баркөл сияқты аймақтарында тұратын қазақтардың 1930 жылдардағы Қытай әкімшілігінің зорлық-зомбылығы мен зұлматы салдарынан шығыстағы дүнгендер тұратын Қытайдың Гансу аймағына босуға мәжбүр болғаны еске алынды.

Мұнда зұлымдықпен күрескен Елісхан Әліпұлы басшылығындағы елдің Тибет жолымен Гималай тауларын көктей өтіп, әлем тарихында сирек кездесетін ең қайғы-қасіретті және қиын-қыстаулы көштердің бірін бастан өткере отырып, 1941 жылы атбасын Үндістан жеріне тірегендігі әңгімеге арқау етілді. Қазақтардың 12 жыл бойы Үндістан, Пәкістан жерлерінде тұрғаннан кейін жаппай Түркияға қоныс аударғаны сөз болды. Дөңгелек үстелге қатысқан және осы көштің куәгері болған қажы Шәріп Найман ақсақал да өз көзімен көргендерін баяндап берді. Әлихан Жаналтай, Сулеймен Шадкам, Мутелла Улицай, Үміт Теміз секілді дөңгелек үстел қатысушылары да өз пікір-көзқарастарын ортаға салды. Аңызға айналған осы қазақ көшін қайткен күнде де Қазақстандық режиссерлердің фильмге түсіруі үшін көшке байланысты барлық мағлұмат және құжаттарды жинап, ценарий дайындау керек екендігі де баса көтерілді. Әрі қазір Қазақстанда тұратын тегі Шығыс Түркістандық қазақ жазушысы Жәди Шәкенұлының осы көшке байланысты жазған және таяуда Алматыда жарық көрген «Қаралы көш» деген романының мұндай жұмысқа негіз бола алатындығы айтылды. Дөңгелек үстел Шығыс Түркістаннан Үндістан және Пәкістанға, одан Туркияға көшу жолында шаһид болғандардың әруақтарына Құран бағыштап, дұға жасаумен аяқтады.

Aбдул Kaйым Keссежи Еуропа Қазақ қоғамдары федерациясы