Астананың ең атақты тұрғын үй кешені қирай бастады
2017 ж. 26 қаңтар
7936
5
Астанада жүздеген пәтер иелері кооперативтеріне қарсы ауқымды күрес жарияланды.
Тіпті қарша бораған шағымның астында қалған қала әкімі Әсет Исекешев тәртіп орнатуға жеке өзі кірісті. Ал үйдің күтіміне жауаптылармен жанжалдасып шаршаған жұрттың жанайқайымен шенеуніктер келісіп отыр. Себебі, кооператив жетекшілері халықтан жиналған қыруар ақшаның қайда жұмсалғаны туралы айтуды қойған. Соның кесірінен ескіні айтпағанда, элиталық баспаналарға дейін қирап жатыр.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Бұл Астанадағы 44 қабатты «Северное сияние» деп аталатын ең биік кешендердің бірі. Есілдің жағалауындағы элиталық үйге сыртынан қарасаң көздің жауын алады. Бірақ сырты бүтін болғанымен, іші түтін. Миллиондарын жұмсап осыннан пәтер алған ауқатты адамдар енді өкініп отыр.
-Қазір қыс боп тұр. Жаз болып жаңбыр жауған уақытта шелектен шелек, ыдыстан ыдыс қалмайды, дейді Астана қаласының тұрғыны Сәрсенгүл Бұлалова.
Тек, хол ғана емес, төбені тесіп аққан су пәтерден те түк қоймайды. Сызат түскен қабырғаларды жұрт қайта-қайта жөндеу жасап жалыққан. Үйдің күтімі үшін ай сайын кооперативке 8 мың төлегенімен көрсетілген қызметке көңілдері толмайды.
-Осы үйді салған мақтаулы «Базис-А» компаниясы екенін біліп қуанғанмын. Бірақ, жұмысына өте салғырт қарайды екен. КСК-ға да ай сайын қыруар ақша төлейміз. Бірақ көрсетіп отырған қызметтері мүлдем ұнамайды. 9 жылдан бері шағымданып келеміз нәтиже жоқ, дейді Астана қаласының тұрғыны Айжан Райымбекова.
Элиталық кешеннің берекесі қашып тұрғанда, Астанадағы басқа 2 жарым мыңдай үйдің жайы айтпаса да түсінікті. Кооперативтер жеке құрылым болғандықтан олардың ісіне шенеуніктер араласа алмайды. Бірақ бұл қадағалау жоқ деген сөз емес. Бұдан-былай шағым түссе, прокурорлар кооперативтің қаржылық құжаттарын тексеріп, ақшаның қайда жұмсалғанын анықтауға кіріседі. Алайда, қулығына құрық бойламайтын басшылардың заңсыз есеп-қисабын әшкерелеу оңай болмай тұр.
-Әрбір шағым бойынша жеке-жеке жұмыс істеп, қажет болса, мәселені сот арқылы шешу қажет. Жұрттан жай ғана ақша жинап отырған кооперативтер жетіп артылады. Бәрін анықтау керек. Өйткені, ай сайын ақшасын төлеп отырған астаналықтар жайлы өмір сүргісі келеді, деді Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев.
Әйтсе де, жайлылықты сезініп отырғандар аз. Енді әкімдік «электронды шаңырақ» деп аталатын сайтты іске қоспақ. Онда үйдің күтіміне жауапты компаниялар жұрттан жиналған теңгелерді қайда жаратқандарын тізіп беруі керек. Тұрғындар да пәтер иелері кооперативіне интернет арқылы шағымданып, қанша ақша өткізгенін жаза алады. Егер оның мақсатсыз жұмсалғаны анықталса кінәлілер істі болмақ.