Қазақ тілінің қауқары қандай?

Ұлт тілі қашан да қоғамдық құбылыс әсерінен үздіксіз үдеріске айналған проблемалық сұрақтарсыз болған емес. Солардың әсері, ұлттық идеологтар мен әлеуметтанушылардың жанайқайынан туған үндеулері қазір де кеңірдекті жыртатындай, құлақтың суы мен көздің майын тауысарлықтай қаптап кеткені тағы бар. «Тілім – ділімді сақтайды, ділім – дінімді сақтайды» – деп аттанға басқанымызбен ауыз толтырып айтарлықтай қазақ тілінің мәртебесі өз деңгейінде емес. Бар философия көзі – атам қазақ айтқан «Тыңдар құлақ болса, көрер көз болса, айтар сөзім бар» деп айтқан асқан ақыл тереңдігінде жатыр емес пе? Әлде «Неге қазақша сөйлемейсің!?» деп шара қолданып жатқан жоғарғы лауазым өкілін көзіміз көріп, түйсігіміз сезіп пе еді? Көптеген ұлттық тақырыптағы БАҚ-ның мың жерден өз тілімізде сайрағанымен, осынау даулы мәселе көтеріп отырғандардың кейде түсінігі қайда кеткен деп ойлайсың? Тәуелсиз+

Түгел халықты тоталитаризм жүйесінен өз тілінде сөйлете алмаған кеңес өкіметінің алдын орап, егемендігі жиырма жылға жете қоймаған Қазақстан өзінің 130-ға жуық өзге ұлт өкілдерін қалай ғана қазақша сайратпақ? Оның үстіне, жоғарыда отырған ағаларымыздың да жұмақтың тілін орыстың тіліндей көріп жиналыста отырған екі орыс үшін баяндамасын да, айтар сөзін де орысша сабақтағаны балық басынан шіридінің көкесін көрсетпей ме? Ә дегенде әңгімені тілдің қай деңгейде екенін және ұлттың тілге деген қандай ауан-ниетте екендігіне бірқатар мысалдар келтіріп көрейік. Тіл саясаты әлемнің көптеген елдеріндегі алдыңғы қатарлы өзекті мәселелердің бірі. Бүгінгі күні жаһандағы мемлекеттік тілдердің маңызын арттыру, рухани тазалығын сақтау мақсатында әр елде түрлі шаралар іске асырылуда. Бірі заң шығарып, солқылдақ қағидалар құрап жатса, енді бірі айыппұлдар салып, әкімшілік жауапкершілікке күшпен тартқанды жөн көреді. Біздің елімізде де тәуелсіздік алғаннан бері айтылып, қолға алынып жүрген шаралардың бірі – мемлекеттік тіл тақырыбы. Енді әлемдік тәжірибеде тіл саясатына қатысты қандай іс-шаралар қолданылып жүр? Сонымен танысайық... Тіл саясатында Балтық елдерінің ішінде ұлттық мүддеге көбірек назар аударып, сол бағытта батыл жұмыс жасап отырған мемлекеттің бірі – Латвия. 2,3 миллион халқы бар елдің 44 пайызын орыс тілді халық құрайды. Соған қарамастан биылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің ұсынысымен елдегі бүкіл орыс тілді мектептер жабылып, латыш тіліне ауысатын болды. Мемлекетте латыш тілін үйрену үшін БҰҰ-ның қолдауымен халықты ынтымақтастыру, елдегі саны аз ұлт өкілдеріне латыш тілінде еркін сөйлеуді үйрету мақсатында 10 жылдық бағдарлама қабылданған. Қазіргі уақыттта елде мемлекеттік тіл саясаты әділет министрлігінің құзырында. Мемлекеттік тіл орталығы халық арасында тұрақты түрде тексерістер ұйымдастыра отырып, латыш тілін білмегендігі үшін айыппұл салады. Былтырғы жылы мемлекеттік тілді білуге міндетті мамандықтар тізімі 48-ден 1400-ге дейін артқан. Яғни, тізімге мемлекеттік лауазымы бар қызметкерлерден бастап, қарапайым дала сыпырушысына дейін кірген. Латвияда тілді білу міндетімен қоса, ана тілдеріне жат есімдерді, мәселен, орыстардың төл фамилияларын латыш транскрипциясына сай жазу заңы қабылданған. Бұрынғы Кеңес одағы елдерінің бірі Эстонияда тіл туралы заң алғаш рет 1934 жылы енгізілді. Содан бергі уақытта түрлі шаралар қолданылып келеді. Бүгінгі күні мемлекет халқының 30 пайыздан артығы орыс тілділер. Соңғы 2 жыл ішінде эстондықтар санының 7,7 пайызға артуы байқалғанымен, үйренуі қиын эстон тілін білетіндер саны көбеймей отыр. Елде мемлекеттік тілді білу міндетті болып саналғаннан кейін, жергілікті ұлт пен орыс тілділердің арасында дау-дамай жиі көрініс береді. Орыс этностары «эстон тілін білгеніміз үшін жалақы мен қызметтік лауазымдарымыз жоғары болуы тиіс» деген талаптар қоюда. Соған қарамастан жақында Ресеймен шекаралас орналасқан, халқының 5 пайызын ғана эстондықтар құрайтын Нарва қаласында орыс тілді оқу орындардары түгелімен жабылып, эстон тілінде білім беруге көшті. Гүржі халқының президенті Михаил Саакашвилидің ұсынысы бойынша, биылғы оқу жылынан бастап өз елінде ағылшын тілін Ұлыбританиядан, АҚШ-тан келген мұғалімдер үйрететін болады. Осылайша ағылшын тіліне ерекше назар бөлініп отыр. Халыққа жаппай ағылшын тілін үйрету мақсатында, телеарналарда ағылшын кинолары аудармасыз субтитрмен көрсетіледі. Сонымен қоса, ағылшын тілін білетін ұстаздарға қосымша үстемақы берілетін болып шешілген. Ресей мемлекетінде де тіл жағдайы аса мәз емес. Ғылыми негізде әлем тілдері пайдаланылу дәрежесіне қарай 6 топқа топтастырылатынын ескерсек, Ресейдің қолданыстағы тілдерінің «қауіпсіздер» тобына орыс, татар, украин, «жоғалуы мүмкін» деген болжам қатарына 20, «жоғалу қаупінде» тізбегіне 49, «өте қауіптілерге» 29, «нашар жағдайдағыларға» 22, ал «жоғалғандар» санатына 20 тіл жатады. Тілдің құрып кетуіне ең басты себеп – ана тілін халық жастарының кем дегенде 30 пайыздайы толық қолданбауы болып табылады. Ал Жапония өз ана тілдерінің қызмет ету аясының тұйықталуына байланысты жапон тілін дамытуды мемлекеттік деңгейде шешуді жөн деп тауып, бюджеттен қомақты қаржы бөліп отыр. Олардың тілдегі саяси ұстанымы – жаһан халқын жапонша сөйлету. Осы мақсат нәтижесінде Күншығыс елінің сыртқы істер министрлігі «Жапон тілі мұғалімдері» қоғамымен бірлесе отырып, шет мемлекеттерде жапон тілін оқытатын 105 орталық ашып, оны арнайы мамандандырылған мұғалімдермен, әдістемелік оқу құралдарымен және аударма сөздіктермен қамтамасыз еткен. Адамзат тарихындағы ерекше құбылыстардың бірі – еврей халқының он тоғыз ғасырдан кейін көне иврит тілін қайта тірілтіп, мемлекеттік тіл деңгейіне көтеруі. Олар он төрт ғасыр бойына (б.з. дейінгі ХІ ғасырдан – б.з. ІІ ғасыры аралығында) ана тілдерінен айрылып қалған. Содан кейін он тоғыз ғасыр бойына иврит тілі туған халқымен бірге қудалауға түседі. Халықтың көп бөлігі ол тілде сөйлеуден қалып, тек аз ғана бөлшегі оқып, жаза алатын және өзара түсінісетін жағдайға жеткен. Тілі жоғалған елдің өзі де жоғаларын білген еврей халқы ана тілінің жойылып кетуіне жол бермеді. Иврит тілін жандандыру идеясын алғаш қолға алған Бен-Иехуде деген литвалық еврей болды. Ол 1881 жылы өз Отаны Израилге көшіп келіп, алғашқыда баласына ана тілін үйретеді. Кейіннен өзгелерге иврит тілін насихаттап, кең көлемде сабақ жүргізді. 1902 жылы Иерусалимде 10 отбасы сөйлесе, 1918 жылы Израиль халқының 40 пайызы иврит тілінде еркін тілдесе алатын жағдайға жетеді. Үш жылдан соң, 1921 жылы иврит тілі Палестинаның үш ресми тілінің (ағылшын, араб тілдерімен бірге) бірі ретінде танылады. Бүгінгі таңда Израильдің бір ғана мемлекеттік тілі бар. Сонымен қоса, иврит тілі әлемнің 500-ден астам университеттерінде оқытылады. Дания еліндегі тіл жағдайы мүлдем басқа. Қазіргі дат тілінде өте үлкен өзгерістер болып жатыр. Қарапайым даттықтар бір-бірінің сөздерін түсінуден қалған. Кәрілердің айтуы бойынша, олар ана тіліндегі қазіргі телесериалдарды түсінбейтін көрінеді. Сондай-ақ, тілдегі тағы бір қызық жайт, даттық әліппидегі «R» әрпі жоғалу қаупіне түскен. Негізгі себебі, қазіргі дат халқы ауыз екі сөйлеу стилінде бұл әріпті дұрыс қолданбай, жұтып айтады. Қазіргі уақытта қолданыстан түсіп қалған «th» әрпі де кезінде дәл осындай жайтты бастан кешірген еді. ЮНЕСКО-ның соңғы зерттеулеріне сүйенер болсақ, жоғалып жатқан тілдер тізбегінің «қаупі жоғары» топтамасына әлемдегі 6900 тілдің 2500-і енгізілген. Ал 2001 жылы мұндай қасірет тек 900 тілдің басына төнген еді. Соңғы жарты ғасырдың ішінде жер бетінде белсенді қолданылып жүрген 200 тіл мүлдем жойылып кетті. М.Мағауиннің пікірін берейік. Айтарымыз да, қосарымыз да сол: «Қашан да кіріптар халықты қорлау, кемсіту, біржола жер қылудың, рухынан, ділінен айырудың ең оңай әрі төте жолы – оның ұлттық қазынасын, қастерлі ұғым, қасиетті мұраларын қатардан қалдыру, теріске шығару арқылы жүзеге асады екен». Ардақ ҚҰЛТАЙ