Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 25 жыл өтсе де, Петропавл темір жол бөлімшесі әлі күнге дейін Ресейге бағынады, - деп жазады baq.kz. Мұнда жұмыс уақыты да, пойыздардың жүру кестесі де Мәскеудің уақытымен есептеледі. Ал тиісті мамандардың жауабы қандай? Неліктен Қызылжар темір жол вокзалы өзге елдің ережесіне бағынады? Бұл сұрақтарға Руслан Жасұланұлы жауап іздеп көрді.
Петропавлдың теміржол вокзалы неге Ресейдің ережесіне бағынады?
2017 ж. 21 қаңтар
3089
17
Петропавл теміржол бекеті Мәскеу уақытымен жұмыс істейді. Ішкі заңдылықтары да Ресей тәртібіне бағынады. Билет құны басқа қалалармен салыстырғанда әлдеқайда қымбат. Валюта бағамына байланысты еңбек ететін адамдардың да жалақысы мың құбылады екен. Және мұнда Ресей темір жолының картасы ілулі тұр. Сондай-ақ көп жылдар бойы «Петропавловск» деп тек орыс тілінде жазылып тұрған. «Петропавл вокзалы» деген жазба тек кейінгі уақытта ғана қойылыпты. Басқаша айтқанда «үй ішінен үй тігіп жатқан жайы бар»дейді халық.
Вокзалдың кіреберіс маңдай тұсында ілініп тұрған сағат. Мұнда Мәскеу уақытымен 14:00-ді көрсетіп тұр. Біздегі уақыт бойынша кешкі 17:00 болды. Қалаға бірінші келген адамдарды шатастырады. Ал вокзал ішіне камерамен кірудің өзі бір күш. Ол үшін ресми хат жолдап, Ресей заңдарына сәйкес 10 күн жауап күту керек.
Ал Жарасбай Сүлейменов 4-шақырылымда Мәжіліс депутаты болған кезде бұл мәселені көтеріп, Үкіметке хат жолдағанын айтады. Бірақ онда да мұны жылы жауып тастады дейді. Дегенмен өзімізге қайтаруды ұзаққа созбаған жөн, айтуынша. Бұл мәселе Қазақстанның бүйрегіне батып тұрған тас сияқты деп есептейді.
«Осы арадан билет алсаңыз Астанаға, Алматыға. Ол билет Астана, Алматыда алған бағадан әлдеқайда қымбат. Ал пойыз Қазақстанның пойызы. Бізде қос елдің азаматтығын алған адамдар ұсталып жатыр. Міне, солардың көбі осы теміржол аумағында жүрген адамдар. Петропавл бөлімшесінде жұмыс істейтін адамдар. Сол жерде қызмет істегеннен кейін, еңбекақы алғаннан кейін солардың айтуынан шыға алмай, қос паспортты қалталарына салып жүр», - дейді ҚР Парламент Мәжілісі IV шақырылымының депутаты Жарасбай Сүлейменов.
Ал көлік комитетінің өкілдері бұған экономикалық тиімділік жағынан қарайды. Петропавл станциясы арқылы өтетін пойыздардың 95 пайызы Ресейдің темір жол көлігі. Ал ол бізге өтсе, пойыздардың жүруі күрт азая ма деп қорқады. Сол себепті жақын күннің жоспарында оны өзгертуді қарастырмайды.
«2009 жылы келісімге енгізілген өзгерістерге сәйкес Петропавл бөлімшесі түгел теміржол инфрақұрылымымен бірге Ресей теміржолының жеке меншігіне өтті. Сәйкесінше, Ресей аумағындағы Илецк және Шығыс темір жол станциялары Қазақстан теміржолының иелігінде. Екі жаққа да тиімді шешім болып қабылданған», - деп түсіндірді ҚР ИДМ Көлік комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Потлов.
Яғни, Петропавл вокзалындағы сағат тілі де әзірге таңғы алтыда Қазақстанның уақытын көрсетпейді. Ел таңның атқанын вокзалға жақын үйлердің әтештері үш рет шақырғанынан ғана білетін болады.