КІМГЕ ДАУЫС БЕРЕМІН?

0
1019

өң мен түстің арасындағы хикая

Көшеде өзді-өзіне күбірлей сөйлеп, ыржалаңдап бара жатқандарды көргенде не күлерімізді, не жыларымызды білмей тәубемізді үйіретін едік. Мүбада сондай күн басыңызға түсе қалса…құдай сақтасын, бетін ары қылсын! Десе де дәл солардың кебінін кие қалсаңыз жұрт сізді аямайды. «Өзіне керегі де сол еді» деп талай досыңыз табалап, сырт айналады.
«Сайлау болады», «сайлау жақындап қалды» деген сайын жұрттың көбі күбірмен күнелтіп жүр. Алладан да жасырғысы келген әлде қандай құпиясын ешкімге ашқысы келмей бүгежектеп бара жатады. Аузына малта салғандай ұрты бүлкілдеп, тілін де жұта салғысы келгендей түк демейді.
Ал, менікі тіпті қызық…
«Ертең сайлау болады» деген күні тауға қарай қаштым. Қанша дегенмен ұлылықты биіктен іздеп, тау сағалаған халықтың баласымыз ғой. Бірақ қайдам, айналамда итке үргізбей, битке білгізбей аңдып жүргендер көп екен, тұра қуды. Жақпар-жақпар жаңқа тастарды тырмалап, өрмелей қаштым. Тырнақтарымның көбесі сөгіліп, табанымды тас тілді. Артыма қарасам қалың шоғырдан суырылып төртеу қуып келеді. Шашы жалбыраған біреуі қалың тазы ертіп алыпты. Ал енді біреуі ақ шапан жамылып, Джекки Чанның бет пердесін киіп алған. Тағы біреуі әскери шапан жамылса, ең алдындағы дәудің басында алтыннан жасалған қалпақ. Бірде алтын қалпақ нұр шашып арыстанның басына ұқсайды. Ал артынан ергендер де ішіне жел толтырған құр бақадай қорбаңдап қалысатын емес.
Олай қашамын, алдымды орайды. Бұлай қашамын тағы алдымнан шығады. Құтылдыратын түрі жоқ. Әл-дәрменім құрып, қара терге малшынып жатып, түсімнен шошып ояндым.
Жүрегім «дүрс-дүрс» соғады. Жүрегім деймін-ау, жүрегім емес біреу есікті дүрсілдете қағып жатыр екен. Тезірек ашпасам сындыратын түрі бар.
Есікті ашып қалып, құлап түсе жаздадым. Алдымда төртеу – төрт жігіт тұр. Түрлері таныс сияқты. «Сайлау, сайлау, жүріңіз!», – дейді әлгілер әмірмен ентігіп.
Мен сасқалақтағанымнан: «кімге, кімге?» деп тұтыға күбірледім. Жай ғана күбірлеп қойғаным жоқ, әлгілердің артынан бүлкектей еріп, өз-өзіме сөйлеп барамын: «кімге дауыс беремін, кімге, кімге?».
Сайлау залына таяғанымда әлде кімнің: «әй, сорлы бейшара-ай, өзіне де сол керек еді. Ақыры жынданып тынған екен ғой» – дегенін құлағым шалып қалды. Артыма қайрылып қарағанымша, біреу желкемнен нұқып жіберді. «Са-сай-сайл…лау-лау» – деп сөзіме қақалып қалдым. Көзім бұлдырап барады. Әттең, жалған-ай!

Ж.Шәкен

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз