БАҚ: "Із-түзсіз жоғалған" Шымкент әкімі қызметінен кеткелі жатыр
2017 ж. 17 қаңтар
3505
1
Сенімді ақпарат көздерінен алынған мәліметтерге қарағанда және болуы мүмкін деген болжамдарға сүйенсек, жуық арада Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қызметін ауыстырғалы жатыр деп хабарлайды oinet.kz порталы.
8 қаңтарда Шымкенттегі тұрғын үйде газ жарылысы болып, бір азаматша қаза тапты. Оқиға орнына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев түнгі сағат төрт жарымда тұрып келді. Облыс басшысы ертеңіне бір топ атқамінерлермен бірге оқиға орнына тағы келіп, ұйымдастыру шараларын жүргізді. Әбдірахымов келмеді" - деген басылым Шымкент әкімінің тағы бір шарадан бой көрсетпегенін еске салды.
"Өткен демалыс күндері облыс әкімі Шымкенттегі «Тассай» тұрғын үй алабында құрылатын «Шымсая» деп аталатын саябақта көппен бірге көшет екті. Әкіммен бірге бір топ мемлекеттік қызметкерлер, жастар және қарапайым тұрғындар жүрді. Әбдірахымов бұл шарадан да тыс қалды. Неге?
Бәлкім, әкім кезекті еңбек демалысында шығар? Алайда атқарушы биліктегілер халықтың алдында есеп беріп жатқан кезде әкімнің демалысқа шығып кетуі қисынсыздау сияқты", - деп жазған басылым Әбдірахымов қызметінен кетсе, қайда барады деген сауал тастайды.
"Егер Әбдірахымов қызметінен кетсе, қайда барады? Оның Лас-Вегастың, Нью-Йорктің әкімі болып ауысып жатпағаны бесенеден белгілі. Өзі жақсы көретін Лондонның әкімі де Әбдірахымовты қызметке шақыра қоймаған сияқты. Жоғарыдағы ақпарат көздерінен алынған мәліметтерге қарағанда Әбдірахымов көршілес облысқа, облыс орталығының әкімі болып ауысқалы жатқанға ұқсайды. Рас-өтірігін кім білсін?", - деп жазады басылым.
Бұған қатысты пікір білдірген Шымкент әкімінің баспасөз қызметі Ғабидолла Әбдірахымовтың осы уақытқа дейін қысқа мерізімде демалыста болғанын, ал қазір қайта қызметіне кіріскенін хабарлады.