Дәурен Абаев уақытша тіркеу туралы пікір білдірді
2017 ж. 11 қаңтар
2571
1
Қазақстанның Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев елдегі қазіргі өзекті мәселенің бірі — азаматтарды уақытша қоныс орнында тіркеу мәселесін жеңілдету бағытындағы шаралар туралы айтты. Ол бұл туралы өзінің Фейсбуктегі парақшасында былай деп жазды:
Қымбатты достар, соңғы күндері ең көп талқыланған мәселенің бірі азаматтарды міндетті түрде уақытша тіркеу нормасы болғаны белгілі.
Бұл мәселенің қоғамда қызу талқыланып, меморгандар тарапына бірқатар сын айтылуына түсіністікпен қарауға болады. Өкінішке қарай, кейбір қажетті шаралардың дер кезінде атқарылмауы көрініс тапты.
Әрине, Заң қабылданған соң, оның жүзеге асуы шарт. Ендігі жерде басты міндетіміз – азаматтардың тіркеуден өтуіне барынша қолайлы жағдай жасау.
Міне, осы мақсатта біз ХҚКО-лар қызметкерлерінің жұмыс күнін ұзарттық. Бұған қоса, олар азаматтарды демалыс күндерінде де, яғни 7-8 қаңтарда да қабылдады. Әрине, аталған шара еңбек заңнамасы сақтала отырып, жүзеге асырылды.
Сонымен қатар, операция залдарында көші-қон полициясы қызметкерлеріне арналған жұмыс орындары көбейтіліп, ХҚКО қызметкерлерінің ауысым графигіне өзгертулер енгізілді.
9 қаңтардан бастап азаматтарды жылжымайтын мүлкінің орналасқан орнына қарамастан тіркеу мүмкіндігі қарастырылуда. Халық тығыз орналасқан Алматы мен Шымкент қалаларына мобильді ХҚКО-лар жіберілді. Олар әскери бөлімдер мен тұрғын саны көп аудандарды қызметпен қамтамасыз етуде.
Тіркеуге қатысты барлық сұрақтарыңыздың жауабын Бірыңғай байланыс орталығының 1414 нөмірі арқылы алуларыңызға болады.
Әрине, әлі де бірқатар мәселелердің бар екені рас, оларды жақын уақытта реттеу көзделуде.
Ең алдымен, шамамен бір ай ішінде «онлайн» режимінде тіркелу мүмкіндігі қолжетімді болмақ.
Сонымен бірге, азаматтардан міндеті түрде 2-форма бойынша (жылжымайтын мүлікке құқық туралы) анықтаманы талап етуді алып тастау жоспарлануда. Бұл тіркелу процесін 2 есеге дейін азайтар еді.
Министрлік ХҚКО-лардың мәліметтер базасына әкімдіктердің қолжетімділігін қамтамасыз етуді ұсынып отыр. Бұл әкімдікте жәрдемақы рәсімдеуші азаматтардың қажетті анықтамаларды сол жерден алуына мүмкіндік бермек. Осы қадам ХҚКО-лар жүктемесін азайтатыны анық.
Сөз соңында, біз азаматтарды қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарауға шақырамыз. Ал, Министрлік өз тарапынан мәселелердің реттелуіне күш салатын болады.