Әкім және ауданның “алтын кезеңі”
2010 ж. 27 қаңтар
1924
1
Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, жаманның жамандығын айт, құты қашсын» деген даналық бар. Сөз мәйегінің төркіні – шындықты шыжғырып тұрып айту дегенге саяды бұл сөз. Шындықты, әсіресе, халыққа пайдалы шындықты айту – әрбір арлы азаматтың парызы. Олай болса, өзіндік ерекше мінезі, ұлтымыздың тарихында алар орны бар. Арал өңірі халқының кейінгі өмір шындығын жеткізу – мен үшін де парыз.
Бір кездері облысымызды басқарған қазақтың біртуар ұлы Еркін Нұржанұлы Әуелбеков пен оның Арал ауданын басқарған адал шәкірті, лайықты ізбасары Балтабай Ақпанбетовтен басқа атқамінерлер, тіпті өз топырағынан жаралған басшылар да бұл қасиетті жерге айтарлықтай еңбек сіңіре алмағаны ащы шындық. Керісінше, көбісі әңгір таяғын ала келді. Жергілікті жерден шыққан облыс көлеміндегі, аудан көлеміндегі басшы кадрлар жаппай қудаланды. Ел бірлігіне сызат түсті. Соның салдарынан аудан шаруашылығының басты салалары тұралап, байланыс, көлік қатынасы, жол салу жұмыстары дұрыс дамымай келді. Барды базарлай алмай, мәдениет ошақтарын, парктерді аздырып-тоздырып жіберді. Мектеп құрылысы мен аурухана жағдайы облыс деңгейінен әлдеқайда артта қалды. Ел арасында «Балтабай Ақпанбетовтің жасағанын қиратып үлгере алмай жатырмыз» деген ащы сөз нақылға айналып кетті.
Ұлттық құндылықтар, тарихи мұрағаттар қараусыз күйге түсті. Жұмыссыздық қаладан асты. Кеңестік әскерилерден қалған ғажайып ғимараттар, ен бойлық көрінгеннің қолында кетті. Өкініштісі сол, атқамінерлер бұл күйзелісті өтпелі кезеңнің қиындығына теліп, әрекетсіз қалды. Алайда, «жыртық үйдің құдайы бар» дегендей, облысымызға И.Адырбеков пен ауданымызға Н.Мұсабаевтың келуіне байланысты ауданымызда жылы леп есе бастады. Шаруашылық, байланыс пен көлік, әлеуметтік салалардың барлық түрлеріне жан еніп, соны серпін пайда болды. Әр ауылда жаппай құрылыс салу үрдісі халық көңіліне үлкен үміт отын жақты. Болашаққа деген сенім күшейді.
Аудан әкімі Нәжмедин Мұсабаевтың 2007 жылы газетке берген сұхбатында: «Мен ауданға келгенде (ол 2004 жылы келді. – Н.Ж) мұндағы 50-ден астам мектеп ғимараттың 7-і ғана типтік жағдайда, қалғандары ешқандай талапқа сай келмейтін. Сондықтан жылына республикалық бюджеттен 1, облыстық бюджеттен 1 және аудан күшімен 2, барлығы 4 мектеп салуды алға міндет етіп қойдым. Бұл бастама өз нәтижесін берді. Қалада республикалық бюджеттен 864 орындық 1 мектеп пайдалануға берілді, тағы бір 624 орындық мектеп Жақсықылыш кентінен бой көтеруде. Облыстық бюджеттен 2, аудандық бюджеттен 4 мектеп жаңадан пайдалануға берілді. Бөгеннен интернат үйі және 3 мектепке спорт зал салынды.
Денсаулық саласында республикалық бюджеттен аудандық диагностикалық орталық, қалалық спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы басталып, облыстық бюджеттен Жақсықылыш ауруханасы пайдалануға беруге әзір тұр. Аудандық бюджеттен 15 ФАП жаңа мекенжайға орналастырылды. Мәдениет саласында аудандық бюджет есебінен 6 селолық клуб салынып, пайдалануға берілді. Соңғы үш жылда жас мамандарға арналып 161 тұрғын үй салынды.
Бұрынғы үш қабатты пошта ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ол аудандық мемлекеттік мекемелер орталығы болып қайта ашылды. Осы ғимараттан аудандық ардагерлер үйі ашылып, бөлмелері ардагерлер сұранысына сай жабдықталды.
Аудан көлемінде биылғы жылғы көркейту жұмыстары ерекше сипат алды. Су бармайтын көшелерге, мекеме аулаларына және бейіттердің басына сексеуіл көшеттері егіліп абаттандырылды.
Ауыл шаруашылығы құрылымдарын несиелендіруде алғаш рет «Арал ырысы» ауылдық несие серіктестігі құрылды. Қазығұрттықтар бастамасымен бүгінде ауданда 26 СТК (селолық тұтыну кооперативі) жұмыс істеп, олар халыққа түрлі қызмет көрсетумен бірге балық аулау, құрылыс салу, жол жөндеу, өнім өндіру сияқты алуан кәсіппен айналысуда.
Халықты таза ауыз сумен кепілді қамтамасыз етуде «Арал – Сарыбұлақ топтық су құбыры» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын аудан орталығында «Арал су құбырысервис» ЖШС құрылып, олар бірнеше жылдан бергі қордаланған бұрынғы қарыздарынан тазартылып, жұмысқа кірісті. Ауданның көптеген елді мекендеріне «Арал – Сарыбұлақ топтық су құбырының» желілері тартылып, халықтың 80%-ы жерасты таза суды пайдаланып отыр. Ауданда балық шаруашылығы біршама дамыды. Аудандық балық инспекциясы құрылып, оған жылдам жүретін катер, басқа да түрлі техникалар мен құрал-жабдықтар берілді. Кіші Арал мен көлдер жүйесі негізінен республика, облыс басшыларының араласуымен Арал балықшыларына ұзақ мерзімге бекітіліп берілді.
Алдағы атқаратын жұмысымыз да ауқымды. Аудан орталығынан республикалық бюджеттен 600 орындық Мәдениет үйі, Президенттің 100 мектеп бастамасына орай қаладан 1200 (мың екі жүз) орындық жаңа мектеп үйі салынады. Сексеуіл кентінен Құландының шұбаты және Аралдың минералды таза суы әлемдік стандартқа сай құтыға құйылып шығарылып, халық тұтынатын тауарлар қатарында сатылады. Оның шетелдік линиялық қондырғылары қазірдің өзінде орнатылуда. Қамыстыбас – Бөген – Қаратерең автокөлік жолы асфальтталады. Облыстық бюджеттен Шөмішкөл елді мекенінде және Шөміш бекетінде, басқа да елді мекендерде жаңа мектеп құрылыстары басталады», – делінген.
Бүгінде сұхбаттағы аталмыш мәселелер артығымен орындалды десек болады. Өйткені, жылдар бойы Қамыстыбас станциясы жанынан салынуға тиісті теміржол өткелі биыл пайдалануға беріледі. Жаңадан 6 мектептің құрылысы басталды. «Дана» ЖШС Германиямен келісім-шарт жасасып, аудандағы кварц құмын өндіру арттырылады. Мұндай игілікті істер аудан көлемінде әлі де жалғасын таба берері сөзсіз.
Осы игілікті істерге назар аударып, талдап көрсек, жаңадан мектеп, аурухана, мәдениет ошақтарын салудың көптігінің, яғни рухани салаға деген жаңаша көзқарастың қалыптасқандығын аңғарамыз.
Елбасының Арал ауданына келуіне тікелей ықпал еткен аудан әкімі Н.Мұсабаев Арал қаласын жаңа қырынан танытып, қаланы абаттандыруға ерекше еңбек етті. Халық рухын көтеруде соны жол қалыптастырды. Оның басшылығымен Арал қаласы аудан тарихын бейнелейтін билбордтармен көріктендірілді. Көшелерге түнгі жарықтар тартылды. Қала орталығында Ұлы Отан соғысының 6000 боздағына және 16 Еңбек Еріне арналған «Тағзым» алаңы, «Ауданның құрметті азаматтары», «Ауданның Батыр аналары» аллеялары ашылды. Көшелер жаңа заманға сай тәртіпке келтірілді. Соның арқасында Арал қаласы кіші қалаларды абаттандыру жұмыстары бойынша республикалық конкурста бас бәйгені жеңіп алды.
Ауданда алғаш рет жыл сайын тарихи тұлғаларды ұлықтауды дәстүрге айналдырылды. Атап айтар болсақ, 2005 жыл – «Жетес би» жылы боп жарияланып, бидің туған жері Ескіұра елді мекеніндегі жермен жексен болған қабірінің үстінен күмбезді кесене, Арал – Қазалы жолының бойынан биіктігі 5-6 метрлік белгі, қалаға әйгілі бидің еңселі ескерткіші орнатылып, көшесі асфалтьтандырылды. 2006 жылды «Бекмырза хан» жылы деп жариялап, хан атындағы көше абаттандырылды. Ескерткіш орнатылды. 2007 жыл – «Зейнолла Шүкіров жылы» аталып, қалаға заңғар жазушының ескерткішін ашып, көшесі абаттандырылды.
Жазушының өзі оқыған Бөген орта мектебіне бюсті орнатылды. З.Шүкіров атындағы қалалық Мәдениет үйіне барельефін орнатты. 2008 жыл – «Билер, батырлар мен өнер саңлақтары жылы» аталып, төңіректен шыққан ел қорғаны болған ата-бабаларымыз ұлықталды. 33 тұлғаның аты-жөні жазылған зәулім ескерткіш орнатылды. Бұрынғы сор жабылып, үстіне гүл алаңын жасаған бұл жер «Тәуелсіздік алаңы» боп аталды. Қаланың қақ ортасына орналасқан бұл алаң қаланың сәніне айналды.
Биылғы 2009 жыл ерекше жыл ретінде, яғни Арал ауданының 80 жылдығын мерекелеумен есте қалды. Қаланың ортасындағы тағы бір сор жабылып, халық рухын көтерер «Жалаңтөс баһадүр» алаңы мен «Жалаңтөс баһадүр» ескерткіші жасалды. Балықшылар алаңында Арал балықшылары рухына арналған «Ақ кеме» ескерткіші, «Тәуелсіздік» алаңында «Хан шатыры, №262 мектеп-гимназиясының алаңында «Әйтеке би» қола бюсті бой көтерді. Мұндай қысқа уақыттың ішінде ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуының түбірімен жақсы жаққа өзгеріп, рухани салада қол жеткізген биіктерін халықпен бірге қуана алмаған азғантай «аламан» топтың аудан әкімінің игілікті ісіне барынша кедергі жасауға тырысқанын да айтып өткен жөн.
«Аламан» – Халел Досмұхамедұлының түсіндіруі бойынша – тәртіпке, жолға, низамға көнбейтін, өз дегені болмаса, басқаны елемейтін топты айтады.
Бастықтан лұқсатсыз біреуді шабуға, олжалауға аттанған тәртіпсіз топты да аламан дейді. Аламандықтан өзімшілдік, бәсекелік туады. Аламандық бүтін қазақта болған, әрбір руда болған, әрбір адамда болған».
Осы аламан топ Н.Мұсабаевтан бұрынғы басшыларды айтқандарына көндіріп, ортақ халықтық істен алшақтатып, ақыры жұмыстан кетуіне ықпал жасап келген-ді.
Аудан әкімі Н.Мұсабаев халық игілігі жолында аталмыш аламан топпен де қажырлы күрес жүргізді. Олардың ықпалына жығылмады. Нәтижесінде, аламан топтың күші әлсіреп, аудан көлемінде халықтың ауызбірлігі сақталып, рухы көтерілді. Болашаққа деген сенім күшейді.
Бүгінде біз аудан әкімі Н.Мұсабаевтың басшылығымен Аралды сомдап жатырмыз. Енді аралдық әр қазақтың санасы ауызбірлікті, мәрттікті, әділдікті, адалдықты, ұлттық рухты еске түсірердей мықты болуымыз керек. Мұндай «инемен құдық қазғандай» аса жігерді қажет ететін жұмысты да аудан әкімі Н.Мұсабаевтың абыройымен атқаратынына халық сенімді.
Қорыта айтқанда, Еліміздің Тәуелсіздігін баянды етуде, халықтың рухын көтеріп, ауызбірлігін нығайтуда ауданымыздың рухани алтын кезеңін жасаған әкім Н.Мұсабаевтай азаматтарымыздың қатары көбейе түссе, болашағымыз жарқын болары сөзсіз.
Нұрбай ЖҮСІП
Қамыстыбас аулы,
Арал ауданы,
Қызылорда облысы.
Жүдеп кеткен айтулы Арал еліңнің,
Ажарына қан жүгіртіп жатырсың.
Нәжмединнің
алпыс жылдығына
Талай қиын асулардан өткенсің,
Талай рет ащы терді төккенсің.
Туған елдің асқақтатар айдынын,
Сен сияқты азаматтар жеткен шың.
Саған әр кез сүйеу болды серіктер,
Сен де сүйдің,сүйді сені сүйікті ел.
Абырой мен ақылыңмен ауылда,
Талайларға алынбайтын биіктер.
Ел басқару оп-оңай іс емесін,
Мен айтпай-ақ, сен өзің де білесің.
Жауапты да ауыр жолда осынау,
Сүрінбей де, бүлінбей де келесің.
Қиналғанда туған елің - ақылшың,
Халқың саған, сен халқыңа жақынсың.
Жүдеп кеткен айтулы Арал еліңнің,
Ажарына қан жүгіртіп жатырсың.
Қалды артыңда қанша қимас
арман күн,
Көрдің ыстық, ызғарын да
жалғанның.
Есігінен кіріп тұрсың сен бүгін,
Алпыс деген берік, биік қорғанның.
Кеудеңдегі үміт-гүлің солған жоқ,
Бұл қорғанға аялдама, қорған көп.
Қатар шықтық алпыс деген асуға,
Нәжім досым, әзір бізде арман жоқ.
Ақын досың, құрдасың –
Ибрагим Исаев