Н. Назарбаев екі министрлікті қайта құрды
2017 ж. 05 қаңтар
1768
4
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі министрлікті қайта құрды деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап NUR.KZ.
"Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында қаулы етемін:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне:
халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру;
құзыреті шегінде шет мемлекеттердің уәкілетті органдарымен және халықаралық ұйымдармен көші-қон процестерін реттеу саласындағы ынтымақтастықты ұйымдастыру және жүзеге асыру саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып;
2) Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квоталарын, шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізу, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көшіп-қонушыларды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету, еңбекші көшіп-қонушылар мен этникалық қазақтардың бірыңғай дерекқорын қалыптастыру, құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны туралы заңнамасының сақталуын бақылау жөніндегі функциялар мен өкілеттіктерді қоспағанда, көшi-қон саласындағы мемлекеттік саясатты ведомствоаралық үйлестіру және іске асыру, көші-қон процестерін мониторингтеу, талдау және болжамдау саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, қайта ұйымдастырылсын", - делінген президент жарлығында.
Сонымен қатар үкіметке:
1) қайта бөлiнетiн штат саны шеңберінде Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетін құруды;
2) Президент Әкімшілігімен келісу бойынша қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдар арасында штат санын қайта бөлуді;
3) 2017 жылғы 1 сәуірге дейін 2017 – 2021 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасын әзірлеу;
4) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Ал осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелді. Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.