Елордада «ЕХРО-2017» тақырыбына арналған кітап көрмесі ашылды
2017 ж. 05 қаңтар
4706
0
Осы жылғы 10 маусым және 10 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтетін халықаралық «EXPO-2017» көрмесі 2017 жылғы Қазақстандағы негізгі оқиғаға айналады. Осыған орай, ҚР Ұлттық академиялық кітапханада Астана EXPO-2017 – «БОЛАШАҚТЫҢ ҚУАТЫ» тақырыбында әсем безендірілген, мазмұнды кітап көрмесі ашылды. Осылай, жаңа жылдың алғашқы жұмыс күні Кітапхана қала жұртшылығы, оқырмандар мен журналистердің назарын Жылдың негізгі тақырыбына аударуда.
Көрменің ашылу салтанатында жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, филология ғылымдарының докторы, профессор Рахымжан Тұрысбеков, белгілі ақын Бахытжан Тобаяқов, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы басшысының орынбасары Әлия Қожабекова және «EXPO-2017» көрмесінің билет операторының ресми өкілі Виталий Лю сөз алды. Спикерлер ЭКСПО Қазақстан тарихындағы аса маңызды шаралардың біріне айналып, еліміздің имиджін көтеруде, экономика мен мәдениетті дамытуда басты рөлдерді атқаратынын атап өтті.
Көрменің мақсаты – Қазақстан Тәуелсіздігінің аса бай тарихын ашып сипаттау, сол шежіредегі халықаралық «EXPO-2017» көрмесін жарқын беттерге айналдыруға үндеу; елорда қонақтары мен кітапхана оқырмандарын EXPO тарихымен таныстыру; «EXPO-2017» көрмесі қарсаңында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының жобалары мен Астанадағы «EXPO-2017» көрмесін өткізу туралы әңгімелеу.
Көрме келесідей төрт бөлімнен тұрады: «ЭКСПО тарихы», «Астана ЭКСПО-2017», «Қазақстан», «Болашақтың қуаты». Сөрелерге 400-ден аса кітап қойылған, сол қатарда «Лондоннан Астанаға дейін халықаралық көрме тарихы» атты Бүкіләлемдік көрмелер тарихы туралы үш томдық кітап бар. Бірінші том 1851-1933 жылдарды, екіншісі – 1935-1968 жж., үшіншісі – 1970-2017 жылдар аралығын қамтыған.
Көрменің музыкалық бөлімінде кітапхана маманы Бекзат Смағұловтың орындауында екі ән шырқалды. Біріншісі – халық әні «Балқадиша». Ескеретін жайт, 1925 жылы Париж қаласында өткен ЭКСПО көрмесінде осы әнді Әміре Қашаубаев орындаған екен. Екінші орындалғаны – «Менің елім», бұл әннің сөзін Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев, музыкасын әйгілі әнші Бекболат Тілеухан жазған.
Кітап экспозициясының ашылуы оқырмандар мен шетелдік қонақтардың Қазақстан, EXPO туралы білімдерін тереңдетуге, қазақстандықтардың елімізде өткізіліп жатқан оқиғаларға белсенді қатысуына, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуге және өз еліне деген мақтаныш сезімдерін оятуға септеседі.
EXPO қонақтарын қазақтың жазба тарихымен және Кітаптармен таныстыру мақсатында 2014 жылы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Кітап мұражайы ашылды. 2016 жылы Кітапханада «Қазақстан Республикасының 2017 жылы аталып өтілетін және еске алынатын күнтізбесі» шығарылды. Күнтізбеде
ерекше орын EXPO-2017 көрмесіне берілген. Бұл еңбекте сан алуан материалдар, сонымен қатар Бүкіләлемдік көрмелер тарихы, EXPO-ның негізгі хронологиясы, EXPO-ның шығу тарихы және «Астана. EXPO-2017 «Болашақтың қуаты» бойынша ақпараттар берілген. Бүгінде кітапханада Сирек кітаптар мен қолжазбалар орталығын құру жұмыстары жүргізілуде, жаңа орталық ЭКСПО қонақтарын қазақтың және әлемнің басқа да халықтарының тарихи-мәдени салт-дәстүрлері туралы құнды ақпараттардан тұратын тарихи-ғылыми маңызы ерекше кітап ескерткіштерімен таныс етеді.
qazaquni.kz