Бүгінгінің Сәбиті

d181-d0b4d0bed181d0b0d0bdd0bed0b2

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ресей педагогика және әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, профессор Сәбит Досанов жетпіс деген жемісті жасқа толды. Сәбит Досановтың қаламынан «Тау жолы», «Екінші өмір» «Жиырмасыншы ғасыр» романдары, «Ақ аруана» хикаясы, «Қазағым-ай, қайда кетіп барасың?» жыр жинағы туды. Сонымен қатар ол әдебиеттану монографияларының авторы.

Сәбит Досановтай «Сегіз қырлы, бір сырлы дарын» жазушы ғана емес  драматург ретінде де елге етене таныс. Қаламгердің «Дауыл», «Ертең бюро», «Тозақ шеңбері» және т.б. пьесалары республиканың көптеген театрларында қойылып келеді. Ал, жазушы өзінің “Ұйық” романында қазақ жұртының бостандық жолындағы күресі, жер-суына иелік ету жолындағы  жанқиярлық әрекеттері туралы баяндайды

Жазушының қазақ халқының өмірін тебірене жазған «Жиырмасыншы ғасыр» атты эпопеясы әлем әдебиетшілерінің де зор бағасына ие болды.

Қазақ әдебиетінің дамуы жолында ерен еңбек етіп келе жатқан қарымды қаламгер Сәбит Досанов ағамыз бұдан бұрын М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлығын алып, Ресей Әдебиет академиясының академигі атанса, жақында ғана Ресей Федерациясы Кемерово облысының «Сенім және жақсылық» медалін омырауына тақты. Сонымен қатар, жазушы жетпіс жылдығының қарсаңында еліміздің жоғары марапаты – «Парасат» орденінің иегері атанды. Біз де өз тарапымыздан Сәбит Досанов ағамызды жетпіс деген жемісті жасқа келуімен шын жүректен құттықтаймыз!

Сәбит Досановтың «Жиырмасыншы ғасыр» романы тек қана өткен жүзжылдықтың оқиғалары туралы ғана емес, бастан кешкен жайттарды әр түрлі адамдардың тағдырлары арқылы терең ой елегінен өткізу және болмыстың жаңа заңдылықтарын рухани-адагершілік тұрғыдан іздестіру. Ұлы қазақ даласының шежіресі нағыз суреткер қолымен жазылған. Мұнда табиғатпен үйлесім тауып, қалыпты және баянды өмір сүріп жатқан дала перзенттерінің күйзеліс пен сын шақтағы тіршілігі баяндалады. Бұл роман адамдардың психологиясы мен ой-пиғылы өзгерген, қазақ халқының тарихында қайғылы, бетбұрысты саналған жаңа ғасыр туралы. Оқырман кітаптың бас кейіпкерлері Нұрдәулет, Айжан, Асылхан, Свирцев, Кутов, Тұяқтармен және басқалармен бірге адамның жоғары рухани ұмтылысы мен үркек ой-түйсігі аңғарылатын ауыр сынақты – революцияны, аштықты, соғысты бастан өткереді. Бұл бөліну, яғни қашан да күйзеліс жылдары жарамсақтар мен басқа да кездейсоқ адамдардың маңдайын жарқыратып, көңіл суытатын ахуал орнатады. Өтіп жатқан жайттардың барлығын шетсіз-шексіз көк биігінен Әруақ, халықты қорғаушы – Ақбасты қыран бақылап отырады.

Халық жанын қорғаушы образ – Ақбас қыран «Жиырмасыншы ғасыр» романында өмір мен бүкіл романның өн бойында өрбіп отыратын алыс эпостардан жеткен халықтық идеалдардың мәңгілігінің символы. Осының өзі тартымды әрі мәнді, оқырманның жан-дүниесін қозғайды. Халық жанын білдіретін және ғасырлардан ғасырларға қорғап келе жатқан, өзінің үздік ұлдары үшін алаңдайтын ғажайып Ақбас қыран образы бұған дейін әдебиетте болған емес. Міне, сондықтан да өмір құнарлы, «тыңайтылған» зерде мен ар-намыс рухының топырағындағы өскін сияқты жалғасуда. «Әлемде – адамның, Ақбас қыранның және төңіректе – Ұлы даланың барлығы қандай тамаша, қандай ғажап. Дала – бұл тасқын ойлар мен істер, тұрақты қамқорлық кіндігі. Ол адамды өз сұлулығымен таңғалдырғысы келеді, аңдарды қоректендіреді, құстардың, оның ішінде қыранның да көзін өзіне тартады. Ол Ұлы даланың қожайыны, Ұлы дала да адамды емес, оны, Ақбас қыранды, алып құсты өзінің қожайыны ретінде мойындады, ол осынау ұланғайыр даланың жаны саналады… Ақбас қыран адамдарды жүріс-тұрысынан, даусынан, атпен қандай жылдамдықта кетіп бара жатқанын, неге шауып бара жатқанын, неге асығатынын түсінді. Барлығын білді және адам ойларын, шалдың қитұрқы пиғыл-ниеттерін жете ұғынды, ол адам бойындағы құпия күш-қайратты түсіне білді, олардың жүректерінде қайырым мен жамандық, әлсіздік пен қайрат, нәзіктік пен кек бар-жоқтығын сезінді».

Сәбит Досановтың «Жиырмасыншы ғасыр» романын оқып отырып, қазақ халқының әлемі мен философиясына қанығасың, батырлар эпосының рухымен нәрленген фольклорымен танысасың, қазақ даласының ұлылығын сезінесің. Сонымен бірге көптеген салт-жораларға, әдет-ғұрыптарға қанығасың, жаңа ғасыр қаһармандарымен бірге шетсіз-шексіз кеңістікті аралап шығасың. Қоршаған табиғаттың үйлесімділігі мен сұлулығына сүйсінесің, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан үйлесімділікке адамның белсенді және зор қауіппен килігіп отырғанына куә боласың.

Біз Сәбит Досановпен бірге жиырмасыншы ғасыр прогресс пен бүлінудің жаңа белгілерін даланың өмірі мен тәртібіне қалай әкелгенін көреміз. Біз өзіндік өмірлік жолдары бар, яғни, парасат пен жасампаздық жолындағы, бүлдіруге бейім және халық мүддесіне сатқындық жасайтын жолдағы әр түрлі адамдар тағдырын кездестіреміз. Және әрбір адам тағдыры оқырманға түсінікті. Осылай өрілу және қоршаған табиғатта адамдардың арасында қайшылық тууы өте символды түрде берілген. Автор түсінігінде адамдар мен туған жер тағдырларының мызғымастығы көрініп тұр.

Жазушы Сәбит Досанов – қазақ әдебиетінде үлкен биікті бағындырған өзгеше құбылыс. Оның таптаурындықтан ада «Жиырмасыншы ғасыр» романын оқыған жоғары мәдениетті оқырман, қаламгердің халқының өмірі сондай әрқилы және терең екендігіне, оның сөзінің бейнелілік қуаты күшті екендігіне көз жеткізеді. Қазіргі таңда Сөзді ашу ғарыштық көлемдегі құбылысты ашудан да маңызды. Сөз – мәңгілік белгісі және Сөз – мәңгілік құбылыс. Сәбит Досанов өз сөзінде өз халқының мәдениетінде бар нәрсені сіңдіре білген. Оның әлемдік әдебиеттің алыптары – Лев Толстойдан, Достоевскийден, әлемдік әдебиеттің ең даңқты жазушыларынан тәуелділігі басқа планеталардың Жер атты планетаға тәуелділігі сияқты.

Сәбит Досановтың романындағы ең керемет нәрсе – бұл тілдің халықтығын сезіну, оның таңғажайып рухы, ол қызығарлықтай айқындылығымен мәңгілік және тұрақты құбылыс, осыдан келіп болжайтынымыз өмірде мәңгілік жарық бар, онсыз өмір сүру мүмкін емес. Оның романы – эпопея, ерекше әлем, онда адамдық болмыстың материалдық және рухани жақтары бір-бірімен соқтығысады: мәңгілік және қас-қағым сәт, осында адам мен табиғат тұтас. Бұл проблемалардың шешімі, оларды адам санасында қабылдау біздің планетамызда болып жатқан жағдайлар селқос қалдырмайтын адамның жүрегін мазасыздандырады. Өз халқының осындай үйлесімді проблемаларын көтерген жазушы халық атынан шешімді істер тындыруға және сөйлеуге хақылы. Өйткені бұл құқықты халықтың өзі беріп отыр.

 

Валентин Мирнев,

жазушы, Ресей әдебиеті Академиясының президенті

Өзіңізді сұңқар құсқа ел теңер Алтын кездік қап ішінде жатпайды,

Алау Күнсіз таң да ерте атпайды.

Сіздің өмір шежіре ғой қатпарлы,

Шежірені келер ұрпақ хаттайды.

 

Әдебиеттің әлемісіз бүгінде,

Көтергенсіз үлкен істің жүгін де.

Дағдарысқа қарсы тұрған дауылдай

Оны-дағы еңсергенсіз түбінде.

 

Жетпіс деген жет, піс дейді расында,

Жарқылдайсыз ұқсағандай жасынға.

Сіздей ардақ, абзал жанды асылға

Бар ғұмыры көркем болып көздеген

Жетсін дейміз жасы ғиззат ғасырға.

Құран сөзді ғұмыр бойы жаттайын,

Дүбірлесін атағыңыз сәт сайын.

Сізге болған анадайын аяулы, -

Ғылымдағы жарық жұлдыз Патшайым.

 

Бұл өмір де бір орында тұрам-ай,

Туындыңыз алашыма ұран-ай.

Қатар жүріп қанатымен су сепкен,

Жан жарыңыз – қыр сұлуы Құралай.

 

...Өзіңізді сұңқар құсқа ел теңер,

Асыл жандар халқына бек еркелер.

Арманына адал еңбек байлаған

Жасай берсін Сәбең сынды серкелер!

                                                                 Бақытжан Тобаяқов

Юрий Поляков,

«Литературная газетаның»

бас редакторы

«Жиырмасыншы ғасыр» туралы

«Күшті, ізгі және көреген өткірлігі мен көркемдігі жағынан сирек талант иесі – Досанов өз халқының тарихи шытырман өміріне еніп, ел-жұртының жан-дүниесін, арман-үміттерін жайып салады».

 

Юрий Бондарев,

жазушы, Лениндік сыйлықтың иегері, Социалистік Еңбек Ері

«С.Досановтың эпопеясы қазақтар мен орыстардың жарқын образдары және көркем сөз саптауы арқасында әдебиеттегі құбылыс саналады».

 

Михаил Алексеев,

жазушы, Лениндік сыйлықтың иегері, Социалистік Еңбек Ері

«Нағыз роман. Бұл жүгірте оқып шығатын роман емес, оқуға, ойлануға және ойланып, оқуға арналған роман».

 

Егор Исаев,

ақын, Лениндік сыйлықтың иегері, Социалистік Еңбек Ері

«Бұл орыс әдебиеті үшін үлкен оқиға, өйткені кітап орыс тіліне аударылып, шығарылды, қазақ әдебиеті үшін де үлкен оқиға». Мен қазақ әдебиеті осы роман арқылы бүкілресейлік, түптеп келгенде әлемдік деңгейге енетініне сенімдімін».

Феликс Кузнецов,

сыншы, академик, РҒА әлемдік мәдениет институтының директоры

«Жиырмасыншы ғасыр» романы тек талантты ғана емес, бізді, орыстар мен қазақтарды біріктіруші шығарма. Бұл монументті шығарма…

Мен дәйектілікпен айта аламын, орыс оқырманы Сіздің біздің бірлікке – рухани-шығармашылық байланыс шеңберінен тыс бірлікке қосқан айтулы үлесіңізді толық мәнінде бағалай алады».

 

Олег Шестинский,

ақын, Ресей Мемлекеттік

сыйлығының иегері

«Роман өте қызық, өткір, талантты. Өткір болып, дарынсыз болса – бұл үгіт. Егер ол талантты болса, оның зымырауы жақсы болса, бұл – әдебиет».

 

Валентин Осипов,

жазушы, тарихшы, академик

«Сәбит Досанов – көрнекті суреткер. Оның «Жиырмасыншы ғасыр» романы – эпикалық сурет, прозадағы поэма іспеттес… Ол ұлы орыс шеберлері – Толстой-Достоевский мектебінің шамалы шәкірттерінің бірі. Егер бізді орта мектепте Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасы орыс өмірінің энциклопедиясы деп оқытса, мен толық негізде және сенімділікпен айта алар едім: «Жиырмасыншы ғасыр» романы – бұл қазақ халқы өмірінің энциклопедиясы».

 

Қаратеңіз қарауытып жатқанда

Қаратеңіз қарауытып жатқанда,

Дариядай сезіміміз тасқанда,

Жыр оқыдым Құралайды сағынып,

Өзім мұнда...

Қиялым жүр аспанда.

 

Ақын Сәбит!

Таусылғандай тағатың,

Таң алдында жырың қақты қанатын,

Екеуміз де Құралайды сағындық,

Екі ару да Алматыда болатын.

 

Жүрегіміз махаббатқа тұңшығып,

Мұңға батып теңіз жатты  күрсініп,

Боз торғайлар махаббатты мадақтап,

Бір ғажайып күйін тартты тіршілік,

Көк теңізден келе жатты күн шығып...

 

Дархан Сәбе, сен де оқыдың өлеңді,

Кітабыңды ашып тастап көлемді.

Елеске елтіп, есеңгіреп тұрмын мен,

Пері қыздар судан шығып келеді...

Пері қыздар сылаң қағып жалаңаш,

Қарасы да, торысы да аралас.

Ақ сазанның бауырындай жарқылдап,

Судан шыққан сұлулар ай қара шәш.

Қара шәштан маржан су – су төгіліп,

Күлкісінен күміс алқа өріліп,

Бектер мінген бедеулердей  бұлықсып,

Жаға жайға жата кетті керіліп,

Қара шәштан маржан су – су төгіліп!

Өтті Сәке!

Басымыздан тылсым күн...

Бақыттан да тәтті екен ғой шіркін мұң!

Пері қызға қарап тұрып жалаңаш,

«Құралайға жетпейді», - деп күрсіндің...

«Жетпейді», - деп өзім дағы күрсіндім.

                                                                    Зейнолла Тілеужанов

Жары шарықтатқан жазушы

Халықаралық Шолохов атындағы әдеби сыйлықтың иегері Сәбит Досановтың 70 жылдық мерейтойы ел көлеміндегі баспасөз беттерінде кеңінен аталып, шығармашылығы жоғары бағалануда. Арнайы айта кетерлік жай, осыған дейін Сәбеңнің шығармалары туралы Сәбит Мұхановтан бастап қазақ, орыс, француз және Орта Азия халықтары тілдерінде 130 жазушы мен журналист ағайындар пікірлер мен рецензиялар жазыпты.

Сырбай Мәуленов пен Тұманбай Молдағалиевтерден бастап сексенге жуық ақындар өлең арнапты. Олардың бәрі көлемі 800 бет (50  баспа табақ) жеке жинақ болып жарық көріпті.

Жерлесі әрі досы ретінде осы тойына арнап мен де оған өлең арнағым келген. Бірақ 80 ақынның өлеңін оқып шыққаннан кейін бағамдасам, солардан  маған айтар сөз қалмапты. Оларды қайталағым келмеді.

С. Досановтың шығармашылығын шолып көрсем, ол екі кезеңге бөлінеді екен: 1987 жылға дейінгі және содан кейінгі кезең. Оның шығармашылығының өрге өрлеп, Шолохов шыңына шығуы сол 1987 жылдан бастау алады. Бұл жыл – Сәбит үшін аса  айтулы жыл яғни оның шабытын шарықтатқан, қырандай қалықтатқан, өмірін мәнді еткен, сәнді еткен Құралай сұлуға үйленген жылы. Сол себепті осындайда жазушы жарының шырайын неге шығармасқа деген оймен осынау өлең туған еді.

Құралай сұлу!

 

Сәбиттің аттың арай ақ таңы боп,

Сылаңдаған сұлу жар мақтаны боп.

Тамсанған ол аузының суы құрып,

Деп «мен мұндай бұрын бал татқаным жоқ»

 

Иә, Сәбит аяулы жар Құралайың,

Шығар күнің, оңыңнан туар айың.

Ақылын, кісілігін, сұлулығын

Жырға қосып шырайын шығарайын.

 

Құралайдай жар құшу асқан бақыт!

Жанары күн – шапағын шашқан бақыт!

Сұлу жар, сәйгүлік ат, қыран бүркіт,

Шығарар жігіт атын аспандатып.

 

Құралай десе сұлу Құралайсың,

Сұлулықта ақ бұлақ-тұмадайсың.

Жарыңа деген пейіл, адалдықта,

Жабысып тасқа біткен қынадайсың.

 

Сыны кетпес сырлы аяқ гүліндейсің,

Түркімен кілемінің түріндейсің.

Сәбитің қамал бұзған батыр болса,

Ұрыста жебеуші рух-піріндейсің.

 

Өзі түгіл лебізі бал татыған,

Сұлулар – ақынға жыр, айтатын ән.

Иса ақын жырға қосқан дастанында,

Құралайдың өзісің қайта туған.

 

Отырмын айтып көзбен көргенімді,

Өмірге екінші рет келгеніңді.

Бақытты өмір сүріп жатсың бүгін,

Қосылып қайта тауып Келденіңді.

 

Мына отырған сол батыр Келден-Сәбит!

Жетпіске ту көтеріп келген Сәбит!

Күншілдердің ұшырып күлін көкке,

Шолохов сыйлығын ап жеңген Сәбит!

 

Күншілдер тиіп қатты намысына,

Түскен талай Сәбиттің бағы сынға.

Қайрап қайта мінгіздің қайратына,

Өмірдің буырқанған ағысында.

 

Дем беріп, қуанып әр табысына,

Шабыт қостың жазушы шабытына.

Қол соғып отыр елі Сәбитіңнің,

Сүйсініп Тайбурылдай шабысына.

 

Жігерін жани білдің жасытпадың,

Кей әйелдей миын сен ашытпадың.

Ал бүгін қуаныштың құшағында,

Ақ тудай желбіреп тұр асып бағың!

 

Тәңірім сені сұлу, сүйікті еткен,

Ажарыңа ақыл сай білікті еткен.

Сенің пәк махаббатың Сәбитті шын,

Шолоховтың шыңына биіктеткен.

 

Жарысың жазушы-ақын асқақ ұлдың,

Кейіпкері сенсің жыр-дастанының.

Көзісің,          сені көріп еске аламыз,

Қазақтың ұлы ғалым Патшайымын.

 

Бейнесі Құртқа, Жібек асылдардың,

Бізге жеткен үстімен ғасырлардың.

Тегі текті,

 солардың сынығындай,

Үлгісісің сен нағыз асыл жардың!!!

 

                                                        Жұма-Назар

                                                      СОМЖҮРЕК