БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫ ТАҒЫ ДА ТОЛЫҚ ИГЕРІЛМЕДІ
2016 ж. 29 желтоқсан
2179
1
Биылғы жылы да үкіметтен түрлі салалар бойынша бөлінген бюджет ақшасы толықтай игерілмей қалды. Мемлекет қаржысын мақсатты жұмсай алмаған органдар Үкіметтің кезекті отырысында белгілі болды. ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов олардың атын атап, түсін түстеп, жария етті.
Игерілмеген қаржы иелерін толықтай түгендеп шығуға уақыт көп керек. Сондықтан арасынан бірқатар министрліктер мен аймақтарды ғана атасақ жеткілікті. Мәселен, Сыртқы істер министрлігі – 2,8 млрд, Ішкі істер министрлігі 1 млрд. теңгені игере алмаған. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі – 1,2 млрд. және Білім және ғылым министрлігі – 0,6 млрд. теңгені мақсатты жұмсамапты. Аймақтар бойынша 133 млрд. теңге игерілмеген. Ақшаны ұқсата алмаған өңірлер: Алматы мен Астана қалалары 26 млрд теңгеден астам, Маңғыстау мен Оңтүстік Қазақстан облыстары 10 млрд. теңгеден астам қаржыны тиісті жеріне жұмсай алмады. Батыс Қазақстан мен Алматы облысы 7 млрд теңгені игермеген. Алайда Үкімет отырысында Премьер-министрдің алдында есеп берген министрлер мен әкімдер қалған қаражатты жыл соңына дейін игеруге уәде берді. Олар үшін жыл соңы қашан келерін білмедік, ал, бүкіл дүниежүзі бойынша жылдың соңына бір-ақ жұма уақыт қалды. Жыл бойы игере алмаған қаржыны бір жұмада қайтып жұмсамақшы, ол жағы белгісіз.
Ал, Қаржы министрі мемлекеттік қаражаттың игерілуін былтырғы жылмен салыстырғанда жақсы деп отыр. Мақсатты жұмсалмаған қаржы биыл 7,5 млрд. теңгені құраған. Өткен жылы 7,8 млрд. теңге игерілмеген. Сонда арасындағы 300 млн. теңге ғана айырмашылық бар екен. Бұл жақсы деген бағаның маңына жуымайды. Бақытжан Сағынтаев бас уәзір болғалы әрбір отырыста осы мәселені тұрақты көтеріп келсе де бюджеттік қаржы толық игерілген жоқ. Ол үшін кім жауап береді? Кейбір аймақтарымызда тап осы қаржының жетіспеуінен ауыз сусыз, жолсыз отырған елді мекендер қаншама. Ал біреулер болса бар қаржыны игеруге ерінеді. Сарапшылардың айтуы бойынша қаржының уақтылы игерілмеуіне бірнеше себептер бар екен. Бірінші – аймақтар мен саланың мүмкіндігін есекермеу, яғни нақты жоспарлау ақсап жатыр, екінші – ақшаның кеш бөлінуі, тендерлер кеш өткізіліп орындаушы мердігерлерге уақыт тым аз тиеді. Үшінші ең басты себеп – жергілікті жерлер мен саладағы мамандардың жауапсыздығы. Өйткені осыған байланысты қатаң заң жоқ бізде. Сарапшылардың пікірі негізінен дұрыс. Тендер мен ақша бөлу жылдың алғашқы айында шешілсе, қалған 11 ай бойы жұмыс істеуге болады. Ал, бізде керісінше, алдында айтқанымыздай бір жұма қалғанда әкімдер айды аспанға шығарғысы келеді. Содан барып тұрғызған сапасыз үйлеріміз бір жағына қисайып немесе құлап жатады.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz