Сәбина Алтынбекова: Тек қазақ жігітіне тұрмысқа шығамын
2016 ж. 27 желтоқсан
6937
9
Ақтөбеден шыққан сүйкімді волейболшы қыз негізгі мақсаты спортшы болу екенін айтты. Олимпиада ойындары кезінде ерекше сұлулығымен шетелді шулатқан Сәбина Алтынбекқызына шетелдіктердің тарапынан тұрмысқа шығу туралы ұсыныстар жиі жасалады екен деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.
Ақтөбеде өткен спортшылармен кездесуге жергілікті билік Сәбинаны арнайы шақырған, спортшының ұшақпен жүру шығынын да көтерген. Бұл туралы спортшының анасы айтып берді.
«Сәбинаны қазір қытайлықтар тәжірибеден өтуге шақырып жатыр. Жаттықтырушылары оны әзірге жіберіп жатқан жоқ. Ұсынысты жазға таман көреміз. Мүмкін 4-5 айға барып қайтатын шығармыз. Ақтөбенің әкімдігі шақырып, қолдап жатыр. «Біздің қызымыз» деп ұсыныс тастаған соң біз келдік. Біздің ұшақпен осында келіп-кету жол шығынымызды көтерді», - дейді Сәбинаның анасы Нұрипа Алтынбекова.
Сәбина қазір Алматы қаласында жаттығуда, оның ата-анасы Астана қаласында тұрады. Ол Бердібек Сапарбаевқа Ақтөбеден волейбол орталығын ашуға ұсыныс жасаған. Әкім қолдау білдіретінін айтты.
«Егер жақсы ұсыныстар болса, жергілікті билік спорттың барлық түрін де қолдауға дайын. Бүгінгі кездесуге арнайы жерлесіміз Сәбинаны шақырдық. Жастар арасындағы волейболды дамытуға қатысты ойын біз қолдаймыз. Қала әкіміне тапсырма бердім, әрі қарай шешімді қабылдайтын боламыз. Сәбинаның әлеуметтік желіде 300 мың қолдаушысы бар. Бұл Ақтөбеге жақсы имидж болады деп ойлаймын. Ақтөбенің өз бренді болу керек. Мәселен, музыкадан– Димаш Құдайбергенов. Қазақстанда ондай үздік әнші жоқ. Спорттан Сәбинаны, болашақта шығатын спортшыларды қолдауымыз керек. Ақтөбеде бірдебір олимпиада чемпионы жоқ. Бұл ұят», - деді Бердібек Сапарбаев ақтөбелік спортшылармен өткізген кездесуде.