Ән төресі «Ақторғынға» абай болайық...

 

Уәлибек, бауырым! Өзіңнің басқаруыңдағы «Шаншар» әзіл-оспақ театры дайындаған Жаңа жылдық бағдарламаңды көріп, тамашаладық. Керемет риза болдық. Жалпы, өмірде де, өнерде де кездесетін түрлі пендешілікпен сүріну, жығылу, қайта тұрып еңсені тіктеп, досқа күлкі, дұшпанға таба болмай, ел-жұрттың алдында тірнектеп жинаған абырой-құрметті сақтап қалу – мұның бәрі-бәрінен өттің. Қазақ атам сүйсінгенде айтатын «Атаңа рахмет» деген бір сөз осындайда айтылатын шығар. Көтеріп-көтеріп тастап жібергендей болмай, ойымды ертерек баяндайын. Сен де, мен де өнер атты ұлы керуеннің сарынында келе жатқан жандармыз ғой, сондықтан бір-бірімізге түрлі пікір білдіріп жатсақ, достық, жанашырлық деп қабылдайық. Сол бағдарламаңның кезекті бір нөмірінде жанды дауыспен ән орындалатынын өзің хабарладың. Өмір бойы жанымыз шығып кетпей, жанды дауыспен жырлап келе жатқандықтан, оның үстіне өткен жылы ғана республикалық «Алтын дауыс» байқауында бас жүлдені жеңіп алған Таңат Мамырхан сахнаға шығатынын естігенде тіптен қуандым. Ал енді, Өзіңе тартам өлеңнің кеппей сиясы, Ақынның осы сазгерге деген сый-асы. Қалақтай ғана қалқиған мынау қалжаңның, Қай жерінде екен ән менен жырдың ұясы – деп өзім жырлағандай, шардаралық дарынды сазгер Ілесбек Амановтың «Ақторғын» әні орындалады дегенді естігенде жанымды қоярға жер таппадым. Өйткені, осыдан оншақты жыл бұрын, тараздық термеші Елікбай Исаев бұл әннің әре-тәресін шығарып республика көлемінде таратып жіберген болатын. Содан күпті боп қалған көңіл, апырай қалай орындап шығар екен деп жүрексініп те отырдым. Айтса айтқандай Таңат бауырымыз да, Елікбай ағасы аузына түкіріп қойғандай «Ақторғынның» быт-шытын шығарды. Теледидардағы жүгіртпе жолда әні, сөзі Ілесбек Амановтыкі дегенді оқығанда-ақ шошып кеттім. Біріншіден, Ілесбек ақын емес, бірақ әсем әуендерімен, сазгерлігімен исі қазаққа мәлім азамат. Ал «Ақторғын» әнінің мәтінін Ілекеңнің өмірде де, өнерде де қимас досы болған шардаралық Қуат Сәтібеков жазған. Әңгіменің өткен шаққа өріс алып бара жатқанын байқап та отырған шығарсың. Қуат бауырымыз бүгінде арамызда жоқ. Кезендіге кез келіп дегендей, кездейсоқ ажал арамыздан алып кетті. Оған да оншақты жыл болып қалыпты-ау... «Ақторғын» әні 1985 жылы дүниеге келген. Ол кездерде ненің қадіріне жеткендей едік, әйтеуір Шардара ауылының клубында Ілесбек баянның сүйемелдеуімен бірінші рет орындап берген еді. Кейін-кейін Шардарада «Ақторғын» шырқалмай той өтпейтін. Ілесбектің өзі көпшіліктің сұрауымен 1994 жылы бір тойда алты мәрте орындағаны әлі есімде. Келе-келе халық аузында «Ақторғын–әннің төресі» деген әңгіме кеңінен тарап кеткені де рас. Ақынның жары болу да оңай емес. Осы әнді естіген сайын Қуат ағаның жұбайы Салтанат жеңгеміздің көңілі нілдей бұзылатын. Өнерді, ғашықтық сезімді құрметтегенім болар, бір қызымның атын Ақторғын деп қойдым. Осы жайтты естігенде марқұм Қуат аға балаша қуанып еді. Шын ғашықтар қосылмайды дейді. Егер шын ғашықтың бәрінің жұптары жарасып кете берсе, «Қыз Жібектей», «Қозы Көрпеш – Баян сұлудай» дастан жырдың дарабоздары, «Ақторғындай» ән төресі дүниеге келмес те еді. Уәлибек! Бұл заман жазғыштардың заманы болып тұр ғой. Байқап тұрсаң қолына қалам алып не болса соны сүйкей салатынның бәрі ақын болып алды. Қарабайыр ұйқас, қаражаяу тіркес. «Әнін де, сөзін де өзім жаздым», -деп жалақтап отырған біреу. Қайбір жылы «Жас Алаштан» Аққұштап апаның Ысырайыл ағаға жазған хаттарында «Аты-жөні қалай шатасып кетсе, өлеңдері де солай бытысып кеткендер де ақын боп жүр ғой», дегенін оқығаным бар еді. Әуенінің ырғағын сонау Қызылдың құмында жүрегінде тербетіп жетілдіріп, Алматыға келген соң, қасқа жырдың қара нары Қадыр ағаға тапсырыс беріп мәтінін жаздыратын Шәмшілер қайда қазір?! Немесе, Тұманбай ақынның сөзіне жазылған Нұрғиса ағаның «Куә бол» әні ше? Көзіміз көрмесе де, естігеніміз Дариға апамызды Алатаудың етегіне отырғызып қойып, ай дидарына қарап отырып әнін жазған екен.Көпке топырақ шашудан аулақпын, бауырым. Әйтсе де саз қадірін жүрегімен сезіне білетін жаны нәзік Ілесбектің «Әбдіғаппар, өлең жақсы болса, ән де жақсы болады»,-деген бір сөзі бар. Ілесбек өлең таңдай білетін, ақын саралай білетін сазгер. Ақыры айттым ғой, «Қызым, саған айтам...» дегендей, Сен арқылы өнер әлеміне енді қанат қағып келе жатқан Таңат ініме де айтарым бар. Таңатжан, мәтін жазған ақынның ән жазған сазгерден ешқандай кемдігі жоқ. Сондықтан әнді құрметтесең, сөзді де қор қылмағайсың. Алар асу, шығар белестерің әлі алдыңда. Тек сол биіктерге адал еңбекпен, абыройлы бейнетпен жеткенің абзал болар. Уәлибек! Сатира сахнасында өзіндік соқпағыңды салып, қалың қазағымыздың қадір-құрметіне бөленіп жүрген азаматтың бірісің. Мақсатымыз сені аяқтан шалып, я болмаса шамыңа тию емес, досымыз Ілесбектің жүрегінен туған әуезді әуенінің өзгермегенін, Қуаттай бауырымыздың азғантай мұрасының халқына қалпын бұзбай жеткенін қаладық. Дос әруағының алдындағы тірі жүргендегі парызымыз деп есептедік. Біздің елге деген әр сапарыңды сағынып күтетін шардаралықтардың атынан дүғай сәлем!

Әбдіғаппар АЙДАРОВ, Шардара қаласы