«Үш тұғырлы тіл» ұшпаққа шығара ма?

Егемендігімізді алып, жиырма жылды артқа тастағанымызбен, ана тіліміздің жұлдызы жанбай-ақ қойды. Кеңес одағының тұсында тіл мәртебесін алды деп ауыз толтырып айтамыз. Алайда содан бергі уақыт аралығында жетім қалған баладай, жалтақтаумен келеді. Ана тіліміз кімге керек, әрине ең алдымен өзімізге, қазақ халқына қажет емес пе? Өлмегенге өлі балық жолығады дегендей біріміз қазақша, біріміз орысша, ал енді біріміз ағылшын тілінде шүлдірлеп, басымызға төнген бұлтты ыдыратып, күнді шығара алмай жүргенде 2007 жылы «Үш тұғырлы тіл» саясаты көтеріліп, ол 2008 жылы бекітілген болатын. Өз тілімізді тұғырға қондыра алмай жүргенде өзге тілдің не керегі бар? Орыс тілінің өз отаны, елі бар сол себептенде өз жерінде тұғырлы болсын. Ал, ағылшын тілі онсыз да әлемді жайлады. Сондықтан өз тілімізді өгейсітпей тұғырына қондыруға міндеттіміз.

Әлемдегі дамыған елу елдің қатарына қосылу үшін билік «үш тұғырлы тіл» саясатын қолға алып жатқаны белгілі. Біз әлі бұл мәселеге келгенде дайын емеспіз. Себебі, бүгінгі күні орыстар мен қазақтарды орысша сөйлетіп жарыстырсақ, орыс елін жаңылыстырып кететіндей жағдайға жеттік. Бесіктегі баламыздан бастап шетелдің сериалдары мен мультфильмдерін көріп, ол елдердің тілін де, басқа да жайттарын жақсы біліп алдық. Бірақ, ана тіліміз болса жаутаңдап, жабырқап өз елінде өгейсіп, жетім баланың күйін кешіп келеді. Қазақта «балық басынан шіриді», деген жақсы бір сөз бар, басшылықта отырған ағаларымыздың өзі қазақ тіліне келгенде шорқақтап, бірдемені шүлдірлеп отырса да бір-бір тізгінді қолдарына алған. Үлгі тұтатын адамдарымыздың өзі осындай қадамдар жасап жатқанда, қарапайым халықтан не күтеміз? Көп тілді игеруге ешкімнің қарсылығы жоқ. Әл-Фараби бабамыз секілді 76 тіл білгенімен өз тілін, дінін еш уақытта ұмытпаған, құрметпен қараған. Қазақстанның болашағы қазақ тілінде екендігін ескерсек, алдымен тілдің бірінші тірегі - отбасы, екінші - балабақша, үшінші - мектеп, төртінші - жоғарғы оқу орындары екенін ұмытпаған жөн. Бүгінде 2-3 жасар сәбилерімізді балабақшадан бастап орыс, ағылшын тілдеріне үйретіп жатыр. Ой санасы әлі қалыптаспаған, енді ғана тілі шығып былдырлап жүрген бүлдіршіндеріміз өз тілдерін білмек түгілі, ұлтын, дінін, қанының қазақ екенін ұмытпасына кім кепіл? Айталық, шет елдерде бала 12 жасқа келгенше, яғни ақыл-есі толық жетілгенше тек өз тілінде тәрбиеленеді екен. Ал бізде, бұғанасы қатпаған балаға өзге тілдерді үйретумен әлек болып жатырмыз. Дархан даламыздың дара перзенті Жүсіпбек Аймауытов «Бала өз ана тілінде тәрбиеленбесе, өз ұлтына қызмет ете алмайды» деген, шын мәнінде өзге тілде тәрбиеленген баладан не күтеміз? Ойланбай жасалған ағат қадам еліміздің, егемендігіміздің шырқын бұзуы әбден мүмкін. Сондықтан «үш тұғырлы тіл» саясатын қайта қарап, оның орнына мемлекеттік тіл туралы заң қабылданғаны жөн. Өйткені, байқап қарасақ, орыстанып болып енді батыстанып бара жатырмыз. Мәселен, қала көшелерін бойлай келе жатқанда жарнамалардан, маңдайшалардан көретініміз сауатсыз жазылған «жарымжан» қазақ тілі. Тіпті, кейбір қазақтарымыз қазақ тілін мойындағысы келмегендей шет тілдерде бадырайтып жазып іліп қоятын болған. Осы мәселелерді қарайтын тіл басқармасы, тіл сақшылары не істеп жүр, оларды қадағалайтын құзырлы орындар бар ма? Осы келеңсіздіктерді көріп, үйге келгесін тынығайын деп теледидарды қосып қалсаң, орыс тілінде сайрап жатқан бағдарламаларды көреміз. Бұқаралық ақпарат құралдары халықты тәрбиелеуші құралдың біріне айналған мына заманда мемлекеттік тілде 24 сағат бойы хабар тарататын телеарнаның бірнешеуі болмаса да біреуін ашуымыз керек. Тәуелсіз қазақ елінде тек мемлекеттік тілде хабар таратын телеарнаның жоқтығы елдігімізге сын емес пе? Онымен қоса, шетел азаматтары келіп жұмыс істеп, біздің байлығымызды пайдаланып жақсы өмір сүріп жатыр. Алайда, олар бұл елдің тілін неге құрметтемейді? Керісінше, олардың алдында біз құрдай жорғалайтынымыз ешкімге де жасырын емес. Біздегі «үш тұғырлы тіл» саясаты дегеніміз ақылға сыймайтын «бір қайнауы ішінде» қалған шала шешім секілді. Өйткені, өз елімізде өзге екі тілді тұғырлы етіп қоюға бола ма? Қазақ елі үшін қазақ тілі ғана тұғырлы болуы тиіс. Сондықтан да атаулы бағдарламаны қайта қарап, оның орнына мемлекеттік тіл туралы жаңа заң қажет. Әрі осы ұсыныс бірнеше рет көтеріліп келе жатқанына қаншама уақыт өтті? Әлі күнге дейін еш нәтиже жоқ! Кез-келген егеменді елдің ең басты қағидасы - мемлекеттік тілді құрметтеу. Мемлекеттік тілі жойылған халықтың болашағын елестету мүмкін емес. Егер де осылай жайбасарлық пен немқұрайлылықтар орын ала берсе, енді жиырма жылдан кейін де тіліміз тиісті мәртебесін ала алмайтыны айдан анық. Сондықтан да бүгіннен бастап өзге ұлттың тіліне жармаспай, өзге елдің сойылын соғуды ар санап, тілімізді шұбарландырмай, сөйлеуге тиіспіз. Ата-бабамыздың қанымен бойымызға дарыған ана тілін мойындамаған, қадірлемеген ұлтты кез-келген ел мойындамайтыны анық. Осыны ескере отырып әрбір қазақстандық және бойында қазақпын деген намысы бар азаматттар, әрбір ұжым, ауыл, аудан, облыс, мемлекеттік органдар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар жалпы бүкіл ел болып өз ана тілімізді еңсесін көтеріп төрге шығарғанға дейін талмай еңбек етіп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» өз тіліміздің мерейін үстем етуге ат салыссақ, алынбайтын қамал жоқ.

Әсел Рзаева