ПРЕЗИДЕНТ және «ПОНТТАР»

93

Өткен аптада Елбасы Н.Назарбаев Үкімет басшысы К.Мәсімовтың есебін тыңдады. Бұл есептің еліміз үшін маңызы үлкен болғалы тұр. Себебі, Президент онда алда болатын кадрлар мәселесіне тоқталды. Және тоқталғанда мүлде тосын жағынан тоқталды.

«Қазақтың

иісі де жоқ онда!»

Біріншіден, мемлекет басшысы ірі компаниялардың, әсіресе мұнай айналасындағы компаниялардың же­текші мамандарының, басшыла­рының, тіпті үлкен-үлкен отандық зауыттардың қатардағы жұ­мыс­шыларының құра­мында қазақ­тардың жоқ екендігіне ай­рық­ша тоқталды. Қазақты айтасыз, мұнайдың топ-менеджерлерінің арасынан қазақстандық азамат емге табылмайтын көрінеді. «Где наши люди? Почему их там нет, мы же акционеры?!» деп орысша айтып келе жатқан Президент әлгі айтпақ ойын да орысшадан аударма түрінде жеткізді. «Ол жерде қазақтың иісі де жоқ!» деген сөз «там казахами и не пахнет!» деген ойдың қазақшаға қотарылып берілгені. Жарайды, оған да шүкір дейік, әлемдегі ең шүкіршіл халықпыз ғой. Президенттің жанына басқаны былай қойғанда «Қазақмыс» пен «Еуразиялық топтың» басшылары құрамында қазақстандықтардың болмағаны қатты батқан көрінеді. «Мен олардан «өзіміздің тәрбиелеген адамдарымыз қайда?!..» деп сұрадым» деді Елбасы. Мемлекет басшысының айтуына қарағанда, ол бұндай жағдайдың бәріне сол шикізат саласының басшыларымен Шымбұлақта бірге демалған кезінде сұрастырып біліпті. Егер шынымен де Президентіміз кадр маңайындағы мән-жайға шаңғы теуіп жүріп қанығып жататын болса, онда ол кісіге бұдан былай да әлгі шетелдік алпауыттармен бірге жиірек демалысқа барып тұрыңыз деп тілек айтқаннан дұрысы жоқ секілді...

Балабақшаға айналып

кеткен билік...

Екіншіден, мемлекет басшысы түрлі министрліктерде топырлап отырған жас қазақтарға, «жаңа қазақтарға» қаһарын қатты төкті. Елбасының айтуынша, министрліктер мен ведомстволар аппараттары «балабақшаға» айналып болған. «Келген адамдардың барлығы күліп кетеді» деді Президент...

 «Жаңа» да «жас» қазақтар түсінсін деген болуы керек, бұл арада да Нұрекең тағы да орысша төгілді. «Сегодня в наших ведомствах на достаточно приличных должностях сидят молодые ребятишки, которые даже не понимают, для чего они сюда посажены».

Міне, нағыз «қазақтың исі байқалмайды» деп айтуға дөп келер жері осы. Өйткені мұндағы қазақтардың аты қазақ болғанымен, заты баяғыда басқа болып кеткен... Президент «Қазмүнайгазда» отырған жалақысы өте жоғары өңкей жас балалар өсек соғудан басқа түк білмейді деп бір түйреп өтіп,  15-20 пайыздан басқасы, кімнің қай топқа, қай кланға жататынын әңгіме еткеннен, ертең қайтсем бұдан жайлы, майлы орныға барып жайғасамын дегеннен басқаны білмейтін, құр кеудені соғып жүрген «понттар» деді.

 

«Жаңа қазақты» - ауылға, жарамды қазақты – астанаға!

Президент жағдайдың дәл осындай екенін бұған дейін шынымен байқамай жүрді ме, жоқ әлде байқаса да онша мән бермей жүрді ме, ол жағы бізге, әрине, белгісіз, бірақ, ең бастысы Елбасының жасаған түйіні ел көптен күткен шешім болса да ерекше тосын болып көрінді. Министрлердің топырлаған жас орынбасарларын ең болмағанда 2-3 жылға облыс әкімдеріне орынбасар етіп жіберуді, ал оған деңгейі жетпегендерді аудан, тіпті одан да төмен деңгейге дейін түсіруді тапсырған Президент сол облыс, қала,  аудандардағы басшы азаматтардың ішінен ел басқаруға дайын, лайықтыларын министрліктерге алып келуді айтуды да ұмытқан жоқ.

Енді қалай болғанда «биографиясы» келгенмен «географиясы» келмей жүрген көп азаматтың жұлдызы жарқырап жанатын, бабы шауып тұрған ерлердің бағы да шабатын тұс болғалы тұр енді. Алақанды аямай шапалақтаудан басқа айтарымыз жоқ. Тек әйтеуір Алматыдағы бау-бақшаның орнына заңсыз салынған керемет коттедждері сияқты аяқсыз қалмаса болғаны...

Дегенмен, Елбасының бұл күнгі ең соңғы нұсқауы да есте қаларлықтай-ақ болды.  «Оңтүстік-Шығыс Азиядан алатынымызды алып болдық» деген Президент енді біріншіден - сапалы жоғары білімге, екіншіден – ашық бәсекеге, үшіншіден – ұлттық инфрақұрылымдарға, төртіншіден – ғылым мен бизнестің күшін біріктіруге ұмтылатын  финдерді үлгі-өнеге етуді ұсынды. Ақ жол!

 

Алмамбет ӘЗИЗҰЛЫ