АНА ТІЛі КІМГЕ АМАНАТ?

Клуб жетекшісі Әлихан Бәйменов бұл іс-шараның алдыңғы отырыста құрылған «Тіл» алқасының бастамасымен ұйымдасып отырғанын айта келе, кандидаттармен кездесу мақсаты – олардың сайлау науқаны барысында мемлекеттік тілге көзқарастары мен жоспарларында қаншалықты орын алатынын анықтау және сайлаушылардың басты аманаты ретінде мемлекеттік тілдің ахуалын жақсартуға арналған ой-пікір түзу екендігін ескертті. Модератор Ә.Бәйменов кездесуге президентке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды насихат науқанына өзінің қатыспайтындығын білдіргендіктен шақырылмағандығын және Ғани Қасымов шара басталардан бұрын ғана өзінің келе алмайтындығын ескерткенін қатысушыларға жеткізді. Отырысқа арнайы ақпарат әзірлеген Серік Ерғали «Елдегі мемлекеттік тілдің ахуалы» тақырыбына қысқаша тоқталды және мемлекет тарапынан нақты жасалмай отырған мәселелердің бетін ашты. Оның айтуынша, «Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін жүзеге асыру соңғы жиырма жыл бойы сөз бен даудан арыға бармай отыр. 2010-2020 жылдарға арналған бағдарлама жобасының қабылдануы да сиырқұймышақтана бастады.Бәрінен бұрын, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мәселесі тұжырымдық жағынан шатасуға тап болып отыр.Соның кесірінен мәселені шешудің тиімділігі мен қолайлылығынан гөрі, саяси жарнамалау науқаны ғана алдыға шығып, нәтижесі бұлыңғыр тартудан танар емес.Бұған аталмыш бағдарлама жобасының он жыл бойы ел азаматтарын қазақ тіліне үйретуге арналған бағытын алуға болады.Тіл мәселесін шешудегі мұндай іс-шара өлген иврит тілін тірілту кезінде қолданылған ғана жағдай, ал айналым ортасы бар тірі тілдің қолданым аясын кеңейтсе жеткілікті болар еді. Сондықтан да, біздің елде әзірленген әлгі бағдарлама жобасы қоғам тарапынан түбірімен тиімсіз және керегі жоқ екендігі мойындалды. Оның үстіне мыңдаған адамға тілді үйретуге он жыл мерзім де жетпейді, жүздеген орталықтар да, оған бөлінетін миллиардтаған қаржы да жетпес еді. Бұған дейін қазақ тілін үйрету бағытында жұмыс атқарып келген орталықтардың нәтижесі мен тиімділігі сарапталмастан, мұндай қажетсіз бағыт ұстану үкімет тарапынан қате ғана емес, мемлекеттік маңызды істі басқа бағытқа бұрмалап, қоғамды алдарқату болып табылады. Егер де бұған дейін бірнеше жыл бойы әлгі орталықтарда қазақша үйренген азаматтардың мемлекеттік қызметте сол меңгерілген тілді пайдаға жаратпауын не жаратуын білмей тұрып, тағы да сол бұлыңғыр істі қолға алудың қандай мәні бар еді?! Бұған қоса, тіл үйрену мемлекеттік қызметтен тыс әр азаматтың жеке құқығы, егер оны заң талап етпесе, азаматты үгіттеп те, насихаттап та әлгі бағдарлама аясына бағындыру мүмкін емес. Қысқасы, бұл құжатты мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасы ретінде қабылдау ешбір қисынға келмес еді және оның әзірге қабылданбауына қоғамдық ортаның үзілді-кесілді қарсы болуы табиғи әрі барынша дұрыс қадам деп бағалаған жөн!» - деді ақпаратшы. «Сонымен, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне не жетпей отыр?» деген сұрақты қоя отырып, ақпаратшы «Мемлекет тарапынан мәртебені жүзеге асыру міндеті қолға алынбай отыр. Қазақ тілі мемлекеттік органдар мен ұйымдарда шетқақпай болуда.Сол саладағы қазақтілді азаматтар өз білігін мемлекет игілігіне жаратудан шеттетіліп отыр. Ел билігінде біртілді ахуал орнаған, қазақ тілін екінші тіл ретінде де енгізуге үрейлену байқалады... мемлекеттік тілде іс жүргізу аудармалық сипатта; мемлекеттік құжаттар мемлекет тілінде дайындалмайды, ел егемен болған жиырма жыл ішінде небәрі екі-ақ заң ғана қазақ тілінде әзірленген; қазақтілді мамандар көбінесе орыстілді басшыға бағынышты, қазақ тілін мемлекеттік іске қолдануға жағдай жасауды былай қойғанда, мемлекет дәлізінде орыс тілінен басқа тілді қолдану мүмкіндігі қарастырылмаған – ілеспе аударма жоқ, қостілді азаматтар сәйкесінше ынталандырылмайды т.т.; лауазымды адамдар мен ұлықтар(чиновник) қазақ тілін менсінбейді және олар ресми жағдайда да, бейресми қатынаста да орыс тілін басты тіл ретінде қолданады...» дей келіп, Қазақстанда халықаралық қатынастағы жұмыс тілі ретінде, кейбір жағдайларды есептемегенде, тек қана орыс тілі қолданылатынын, елдегі халықаралық жиындар мен қоғамдық отырыстардағы басты тіл ретінде ресми түрде орыс тілін таңдалғанын және соны қоғамға мойындатқанын,аталмыш шараларда қазақ тілі ең болмағанда ілеспе аударма арқылы да айналысқа түспейтінін жеткізді. «Бұл ахуал елде Тілдік саясаттың бұлыңғыр сипатын көрсетеді» деп тұжырды өз ақпаратында С.Ерғали. Одан әрі ҚР президентіне үміт­кер­лерге кезекпен сөз беріліп, олардың өз бағдарламалары мен жоспарларындағы мемлекеттік тіл мәселесіне көзқарастары мен ойлары тыңдалды. «Халықшыл коммунист» үміткер Жамбыл Ахметбеков мырза қызу да ұзақ сөйлеп, өзінің қазақ тілінің бірден бір жанашыры екенін дәлелдеумен болды. Өз кезегінде сөз алған президенттік тақтан үміткер эколог кандидат Мэлс Елеусізов «президентке кім сайланатыны бәрімізге де белгілі» дей отырып, өзінің бұл науқанды барынша халық үшін пайдалы ете отырып, оған экология жөніндегі ақпарат жеткізуге тырысатынын айтып қалды. Оған отырыстағы кейбір қатысушылар сыбырмен «қоғамдық ұйымы дамыған Қазақстанда экология ақпаратын жеткізу мүмкіндігі тек қана президентке үміткер болу жолымен жүзеге асатын болғаны ма?!» деп жатты. Үміткерлер берілген әр сұраққа екеулеп жауап берді. «Үміткерлерді тілдік сынақтан өткізген комиссия жұмысы қаншалықты заңды» екеніне екі кандидат та өз күдіктері бар екенін жасырмады. Ж.Ахметбеков үш тілді меңгерген У.Қайсаров мырзаның тіл сынағынан сүрінуі мен мәтінді ежіктеп оқитын Ғ.Қасымовтың тіл сынағынан өтуі көзбе көз күдік келтіретінін айта келіп, «ҚазТЕСТ жүйесінің іске қосылғаны дұрыс болар еді» десе, оның бәсекелесі М.Елеусізов мырза аталмыш Линком жұмысында нақтыланбаған жайттардың аз еместігін, заңмен, ережемен бекітілмеген тұстарының жеткілікті екенін айта келіп, «Уәлиханның бір қатесі - жұрттың бәрінен бұрын емтиханға барғаны» деп әзілдеді. Айта кетейік, осы тіл комиссиясы қазақша қақпайтын президенттік­ке үміткер Ғани Қасымовты зу еткі­зіп өткізіп жібергенде, «Жас қазақ үні» газеті «Қазақтың бетіне қалай қарайсыз, Мырзатай мырза?» атты мақала жариялады. Бұл қоғамның ашу-ызасын туғызған болатын. Сайлаушылардың сұрақтарына жауап берілді. Көптеген сауалдарды коммунист үміткер «жоғарыға жеткізетінін» де айтып қалды, оны жұрт кандидаттың жоғарыдағылармен «ауыз жаласуы» түрінде қабылдап, күлкіге айналдырып жатты. Эколог кандидат өзінің тіл үшін неге болса да баруға әзір екенін, бірақ асықпау қажеттігін ескертумен болды. Мемлекеттік тілдің қалыстасқан жағдайын қарастыра отырып, «Мемлекеттік тіл және президент сайлауы» іс-шарасына қатысушылар арнайы қарардың жобасын қабылдап, оны кейінірек толықтыра отырып, аманат ретінде сайланған президентке жолданатынына келісті. Атап айтқанда, бұл қарарда мынадай негізгі жайттар қарастырылған: 1. Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау; 2. Мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметтегі барлық қызметшілерге, соның ішінде биліктің үш бұтағына бірдей қатысты етіп, сәйкес дәрежеде талап ету тетігін жасақтау және оны жүзеге асыруды үшжылдық мерзімге жоспарлау; 3. ҚазТЕСТ жүйесін Қазақстан азаматтарының лингвистикалық паспортын жасақтау жолында іске қосу жөнінде шешім қабылдау; 4. Коммерциялық салада қоғамдық қызмет саласындағы қызметшілері үшін қазақ тілінің белгілі бір қатынас деңгейін меңгеру мүмкіндігін жасау және олардан қазақтілді тұтынушымен қатынасу деңгейін талап ету; 5. Мемлекеттік тілді халықаралық және елдегі барлық іс-шараларда басты жұмыс тілі ретінде қолдану мәселесін қарастыру және шешу; 6. Қазақстандағы ақпарат өндірісі мен тарату және оқу-білім саласында қазақ тілін дамытудың арнайы бағдарламасын жасау; 7. Қазақ алфавитін латын қарпіне негіздеу мәселесін түбегейлі шешу. т.т. Қарарды қабылдаған қоғамдық алқа бұдан әрі мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған нақты жобалармен айналыспақ, соның ішінде аталмыш қарардың жүзеге асуына тікелей атсалысып, оны бақылауға алмақ. Шара соңында сөз алған ақын Серік Тұрғынбеков сезімге беріле сөз сөйлеп, үміткерлерге бата берді: «Сендер президент боларсыңдар, болмассыңдар, мәселе онда емес! Мәселе халықтың сөзін айтып, соны жеткізуде. Мейлі билік қолынан келгенін істей берсін, бірақ нүктені қоятын қашан да халық!» деді ақын.

Гүлдана Сырымбет