Тоқаев қайда кетті?..

0
860

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Же­нева­дағы бөлімінің бас директоры болып та­ғайындалды. Бұндай уағ­даластыққа ҚР Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев пен БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун телефон арқылы сөйлесу кезінде қол жеткізілді. «…Пан Ги Мун сондай-ақ, БҰҰ жүйесіндегі басшылық қызметке Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсыну туралы Қазақстан Президентінің ұсынысын егжей-тегжейлі зерттегенін жеткізді. Және халықаралық қауіпсіздікті және ядролық қару-жарақты таратпау режимін нығайтуға қосқан Қазақстанның айтулы үлесін, елдің әлеуметтік-экономикалық дамудағы және сыртқы саясаттағы жетістіктерін ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаевты БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің Бас директоры етіп тағайындау туралы шешім қабылдағанын айтты», – делінген ҚР Президенті баспасөз қызметінің 12 наурызда таратқан хабарламасында.Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы бөлімінің бас директоры болып тағайындалған ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айының ортасында БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесіп, нақты тапсырмалар алатын болады.
Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев өзі айтты.
«БҰҰ жүйесіндегі жаңа қызметімдегі басымдық негізінен қарусыздандыру мәселесіне байланысты болып табылады. Негізінен Женевада бірқатар халықаралық ұйымдар шоғырланған әрі осы жерде қарусыздандыру мәселесі бойынша конференция жұмыс істейді. Мен осы конференцияның Бас хатшысы боламын. Қарусыздану – өте күрделі жұмыс. Өйткені өткен 9 жыл бойы осы конференция жұмысы ешқандай нақты нәтиже берген жоқ. Сол үшін бұл маған жүктелген өте күрделі әрі жауапты міндет»,-деді Қ. Тоқаев.
Сонымен қатар Сенат спикері сәуір айының ортасында Нью-Йоркте БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесуі жоспарланғанын да атап көрсетті. «Осы кездесу барысында маған нақты тапсырмалар жүктеледі деп күтемін»,-деді Қ. Тоқаев.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз