ҚОС МҰХТАР ТІЗЕ ҚОССА ҒАНА қазақ тілі азат тілге айналуы мүмкін
2010 ж. 27 қаңтар
1762
0
Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей бастамасымен Тіл саясатын жүзеге асырудың жаңа кезеңіне арналған Мемлекеттік бағдарламасын әзірлеумен айналысуды мақсат еткен арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының алғашқы отырысы жақында Мәдениет және ақпарат Министрі М. Құл-Мұхаммедтің басшылығымен Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында өткізілді.
Мәдениет және ақпарат министрі М. Құл-Мұхаммед жетекшілік ететін арнайы жұмыс тобына ғылыми және шығармашылық, әртүрлі әлеуметтік-саяси топтар мен мемлекеттік емес ұйымдар, саяси партиялардың өкілдері тартылды. Сонымен қатар бұл құрамға елімізге танымал ғалым-лингвистер, заңгерлер, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары да енгізілді.
Қожайын тілінде құлдарша,
Орысша сайрасақ – сол қайғы,
Ел Азат болғаны шын болса,
Тіл неге Азаттық алмайды?..
Мәңгүрт көп айтатын басқаша ән,
Салғырт боп жүру де сор қанша...
Бұл майдан бітпейді ешқашан,
Қазақ тіл – Азат тіл болғанша!
Қазыбек ИСА
«Мемлекеттік тіл» республикалық қоғамдық қозғалысының төрағасы, ұлт жанашыры М. Шаханов топ жетекшісінің орынбасары болып тағайындалды.
Бұрын-соңды құрылмаған мұндай ауқымды құрамдағы жұмыс тобы тіл айналасындағы қордаланған проблемаларды шешуге білек сыбана кіріспекші. Басты мақсат - елдік мұраттар мүддесіне негізделетін маңызды стратегиялық құжатты барынша ашық, әр алуан пікірлер мен ұсыныстарды жан-жақты назарға алу жағдайында жүзеге асыру болып отыр.
Мәдениет және ақпарат министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенетін болсақ, қазіргі уақытта орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың іс қағаздарында мемлекеттік тілдің үлесі 70%-ға жуық екен. Республика аймақтарында жүзден астам мемлекеттік тілді оқыту орталықтары ашылып, келесі 2011 жылға дейін олардың саны 120-ға жеткізіледі деп жоспарланыпты.
Тек 2009 жылы ғана әртүрлі салалардың ерекшеліктері ескеріліп, 260 мың таралыммен екі-үштілдік 8 түрлі сөздіктер шығарылыпты. Интернет желісінде 2008 жылдан бері Мемлекеттік тіл порталы іске қосылып, қазіргі уақытта олардың саны 200 мыңнан асыпты.
Сонымен қатар, халықаралық стандарттарға сай 19 атаулы өнімдерден тұратын Мемлекеттік қызметшінің тілдік портфелі атты оқу-методикалық кешені әзірленіп шығарылыпты.
2009 жылы 10 сала бойынша жалпы таралымы 40 мың данамен қазақша-орысша тілдескіштер де әзірленіпті. Мемлекеттік тілді дамыту жолында жасалған осындай істердің барлығы да қазақ тілінің дамуына қосылған үлес екені даусыз. Әйтсе де, мемлекеттк тілдің бүгінгі халі көңіл көншітпейді.
ЕЛБАСЫ ТІЛ ЖАНАШЫРЛАРЫНА АЛҒЫС АЙТТЫ.
Ал, кейбіреулер тілден саясат жасап жүр деген ойдан аулақпыз...
Туған тілдің тағдырына алаңдаған ел азаматтарының басын қосқан бұл жиынды жүргізген Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Мемлекеттік тіл туралы мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаттарына тоқталды.
- Елбасының тапсырмасы бойынша осыдан тура он жыл бұрын Қазақстандағы тілдерді дамытудың он жыл мерзімге арналған бағдарламасы жасалғандығы өздеріңізге белгілі. Аталмыш бағдарлама аясында көптеген жұмыстар атқарылды. Биылғы жылы сол бағдарлама өз мәресіне жететіндіктен, келесі жылдан бастап біз алдағы он жылға арналған жаңа бағдарлама жасауымыз қажет. Бұл бағдарлама бұрынғылардан ерекше болады. Ерекшелігі сол оның мемлекеттік статусы болады. Бұл Мемлекеттік бағдарлама Елбасының Жарлығымен бекітілетін болады. Соңғы уақытта Елбасының тапсырмасы бойынша оңды-солды орындалмайтын бағдарламалар санына шектеу қойылғандығын білесіздер. Бірақ, Тіл мәселесі ұлт руханиятының алтын қазығы болғандықтан, бұл мәселеге Елбасының өзі ерекше мән беріп, осы бағдарламаны жасауға тапсырма беріп отыр.
Екіншіден, Президент тіл мәселесі бүкіл елдің тарихына, руханиятына, мәдениетіне қатысты болғандықтан, бұл мәселені кең отырып келісіп, бүкіл қоғамдық ұйымдармен, тіл мәселесіне жанашырлық танытқан барша азаматтармен бірлесе отырып дайындауды тапсырды. Сондықтан бұған тек Үкімет мүшелері ғана емес, Парламенттің қос палатасының тіл саласында көптеген қызмет атқарып жүрген депутаттары да, республикадағы барлық қоғамдық ұйымдардың мүшелері де қатысып отыр. Тіпті жеке-дара шығып әрекет танытып жүрген, ешбір партияға, қоғамдық ұйымдарға кірмейтін азаматтар да осы ынталы топқа мүше ретінде еніп отыр. Сондықтан баршаларыңызға әуелі осы ынталы топқа мүше боп кіруге келісім бергендеріңіз үшін, бұл мәселеге атсалысып отырғандарыңыз үшін рақметімді айтқым келеді.
Бұл бағдарламаның негізгі, түпкі мақсаты неде? Оны жүзеге асыру үшін қандай міндеттерді шешу көзделетіндігі жөнінде біз жұмыс тобының жарты жыл бойына тұрақты жұмыс істейтін секретариатын құрып отырмыз. Бұл мәселені министрліктің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева басқаратын болады. Бүгін, әрине, бірінші басқосуымызда біздің тіл саласындағы қордаланған мәселелердің бәрін талқылап шығуымыз мүмкін емес. Кейін сіздердің тараптарыңыздан қосымша ұсыныстар, жазбаша пікірлер болатын болса, оның бәрін осы жұмыс тобының секретариаты қабылдап, болашақтағы отырыстарда оны талқылауға мүмкіндік туады.
Енді тіл саласындағы кейбір мәселелерге тоқталғым келеді. Елбасымыз жаңа жыл қарсаңында бірқатар қазақ тілді басылымдардың басшыларымен өткізген сұхбатында тіл турасындағы қадау-қадау мәселелерге пікірін жеткізді. Ең бірінші мемлекет басшысы тілге жанашырлық танытып отырған азаматтардың бәріне алғысын жеткізді. Себебі елдің, руханияттың, ұлттың болашағына, тағдырына алаңдап отырған азаматтар болғандықтан, бұл мәселелер Елбасын да, Үкіметті де толғандырады. Кейбір азаматтар бұдан саясат жасап жүр, я болмаса ұпайын түгендеп жүр деген ойдан біз аулақпыз. Керісінше, ұлт тағдырына, тіл тағдырына үлес қосып жүрген азаматтарға өз тарапымыздан айтар алғысымыз шексіз. Сонымен қатар, кейбір фактілерді айтып өткенді жөн санап отырмын.
Осыдан біраз уақыт бұрын халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ортамызда отырған академик Өмірзақ Айтбаевтың бір сұхбатын оқыдым. Онда қазақтілді №12 мектептің қалай ашылу тарихын жазыпты. Сонда Алматы қаласындағы бір ғана №12 мектептің ашылуына бүкіл қазақ зиялылары болып атсалысқан. Қаншама академиктер, институттың директорлары, қаншама ғылым докторлары, Шона Смаханұлы бастаған жазушы ағаларымыз - барлығы жабылып жүріп Орталық Комитеттің хатшысына, республика, қала басшыларына шығып, мемлекеттік үлкен мәселе ретінде көтерудің арқасында ғана №12 мектеп әзер дегенде ашылған екен. Тың игеруден кейінгі жылдары Қазақстандағы қазақ мектептерінің 600-інің жабылуы ұлттың ұлы трагедиясы. Ал енді Тәуелсіздіктің 18 жылында 880 қазақ мектебінің ашылуын қазақ тілінің көсегесінің көгергені, өркенінің өскені дегеніміз жөн шығар. Бұл Елбасының қазақ тілін өркендетуде жүргізіп отырған саясатының ең жарқын көрінісі. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, бір ғана №12 мектепті ашуға қаншама күш-қуат кеткен. Олай болса, 880 қазақтілді мектептің ашылуын ұлт руханиятының үлкен жетістігі деп бағалауымыз керек. Тәуелсіздік алғанға дейінгі жылдарда бүкіл мектептердегі балалардың 22%-ы ғана қазақ тіліндегі мектептерде оқыған. Ол мектептердің саны көп болғанымен, көбісі ауылдық жерлерде орналасқан, 100-200 бала оқитын шағын мектептер болған. Ал орыс мектептері үлкен қалаларда орналасқандықтан, олар 1200-1400 адам оқитын мектептер болды. Сонда қазақ мектебінде оқитын балалар мен орыс мектебінде оқитын балалардың санын салыстырсаңыз, 22% бен 78%-дың айырмасы жер мен көктей. Ал бүгінгі жағдайға қарайтын болсақ, Қазақстандағы барлық мектептердегі оқитын балалардың 67%-ы қазақ тілінде білім алады. Осыны үлкен жетістік емес деп қалай айтамыз? Елбасы әрдайым да «балаларыңды қазақ мектептеріне беріңдер» деп айтып жүр. Алысқа ұзамай-ақ осы үстелдің басында отырған адамдардың арасынан «сіздің балаңыз қай мектепте оқиды деп, социалогиялық сауалнама жүргізсек, біразымыздың ұялып қалатын түріміз бар. Тіл жөніндегі мәселені үлкен-үлкен трибунадан айтамыз, ал сөзіміз бен ісіміздің арасында алшақтық бар екенін аңғара бермейміз. Егер 65% қазақ өз баласын қазақ мектебіне берсе, оған қоса түркі тілдес халықтардың өкілдері балаларын қазақ мектебіне беретін болса, онда қазақша оқитындардың саны 73%-ға көтерілуі мүмкін. Оған қоса 25 мың өзге ұлттың өкілдері мектептерде қазақ тілінде білім алуда. Оларды да қоссақ, онда 75-78%-дың төңірегіне жетуіміз мүмкін, - деді министр өз сөзінде.
Мұхтар Абрарұлының айтуынша, кезінде «Вечерняя Алма-Ата» деген газеттің қазақшасын ашуға КПСС Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі Дінмұхаммед Қонаевтың да шамасы жетпеген көрінеді. Сөйтіп, ол мәселе КПСС Орталық Комитетіне дейін көтеріліпті. Керек десеңіз, газеттің атына дейін үлкен мәселе болыпты.
«Буржуазиялық Түркияда «Ақшам» деген газет шығады екен. Ертең діни газет болып кетейін деп тұр» деген дау-дамай шыққан. «Алматы ақшамы» «Кешкі Алматы» дегеннің поэтикалық атауы деп, әрең иліктірген», - дейді М.Құл-Мұхаммед.
Сонымен қатар, министр қазақ тілді газеттердің таралымына да тоқталып өтті. «Егемен Қазақстанның» тиражы 100 мыңға жеткенде біз халықтан сүйінші сұрадық. 130 мыңға жеткенде төбеміз көкке жеткендей болды. Биыл 160 мыңға жетті. Ондай таралым жинаған орыс тілді газет жоқ Қазақстанда! Баспасөзі осындай қарқынмен дамып жатқан елдің тілінің жағдайы мүшкіл деп айтуға бола ма?» деді министр.
Мұхтар ШАХАНОВ,
«Мемлекеттік тіл» республикалық қоғамдық қозғалысының төрағасы, Қазақстанның Халық жазушысы:
«ЕЛДІ КӨТЕРЕМІЗ,
ЕКІНШІ ЖЕЛТОҚСАН БОЛАДЫ»
- Күні бүгінге дейін бізді тілдің төңірегінде капитал жинап жүр деп есептеді. Бірақ шындығына келетін болсақ, біз осы тілменен тамырымызды терең жалғаған адамбыз. 1989 жылы Кеңестер Одағының қылышынан қан тамып тұрған кезінде қазақтың тілі мемлекеттік дәреже алған. Сол кезде депутаттар екі тілді бірдей мемлекеттік тіл етіп, бір-бірін құттықтап қойған. Сол кезде мен «елді көтереміз, екінші желтоқсан болады» деп дауыс көтерген соң, Президент «Шахановтың ұсынысын қайтадан дауысқа салайық» деді. Қайтадан дауысқа салып, өзі бірінші болып қол көтергенде, жұрттың бәрі қолдаған. Сол үшін біздің осылай айтуға қақымыз бар, біз жолдан қосылған адам емеспіз. Ал енді Тәуелсіздіктің он сегіз жылында не жасалды? 1991 жылдың аяғында елімізде 8880 балабақша болса, соның 4734-і аралас балабақша болатын. Кейін соның 100-ге жуығы ғана қалдырылды да, қалғандары билік басындағылардың ағайын-туыстарына екі мың теңгеге сатылып кетті. Оны жасаған кім? Билік әрине. Сол кезде он мың кітапхана жойылып кетті. Бұл масқара емес пе? Кезінде Гитлер он мың кітапты өртетіп, рухани жағынан қара тізімге ілінген еді. Мұнымен қоса сегіз мыңдай мәдени ошақтар жойылды. Мынау Алматының іргесінде «Іргелі» деген ауылда «Евангелия» дінінің өкілдері 500 орындық мәдениет ошағына күні бүгінге дейін иелік етіп отыр. Олар 300 орындық балабақшаны да сатып алған. Мұның барлығын біз халықтан осы күнге дейін жасырын ұстаймыз. Бұл қалай?
Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:
МЕМЛЕКЕТТІК АРНАЛАРДЫҢ БІРЕУІН ҚАЗАҚШАҒА КӨШІРУІМІЗ КЕРЕК
Бүгін тіл саясатын жүзеге асырудың жаңа кезеңіне арналған Мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу қолға алып отыр. Бұл кезеңдік бағдарлама 10 жылда жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Осы уақытқа дейін де онжылдық бағдарлама болған еді. Он жыл ішінде Президент әкімшілігі де, Үкімет те түгел қазақ тіліне көшуге міндетті еді. Бірақ, ол бағдарлама орындалған жоқ. Ендігі қабылданар бағдарлама орындала ма, орындалмай ма, белгісіз. Егер Мемлекеттік бағдарлама осындай ұзақ мерзімге қабылданар болса, онда әр жылға нақты жоспар құрып, кезең-кезеңімен сатылап алға жылжу керек.
Осыдан үш ай бұрын Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев «таза қазақ тілінде үш телеарна ашу» мәселесін көтерген еді. Бұл мәселенің шешілуі үшін төрт-бес жыл керек сияқты. Осыған орай, менің ұсынысым - мемлекеттік арналардың тым болмаса біреуін жыл аяғына дейін таза қазақшаға көшіру керек. «Айтылған сөз - атылған оқ» екенін білесіз, Мұха. Ендігі жерде осы мәселені сиырқұйымшақтандырмай, шешуді қолға алу керек. Әйтпесе, үкіметтің халыққа қарайтын беті қалмайды.
Тағы бір мәселе, орыс мектептерінде оқитын балалардың 70%-ы - өзіміздің қазақтаң балалары. Біз балабақшадан мектепке дейін түгел қазақ тілін меңгеріп шығатын бағдарлама жасамасақ, ұлттық келбетіміздің тамыры қиылатыны сөзсіз. Бәйтеректің тамыры қиылса, ары қарай не болатынын өздеріңіз білесіздер...
Амангелді АЙТАЛЫ,
қоғам қайраткері:
ТАТАРСТАНЫНЫҢ ҚҰЖАТЫ –
БҰЛ ДОКТРИНАДАН ӘЛДЕҚАЙДА МЫҚТЫ...
Мемлекеттік бағдарламаны 10 жылға деп белгілеуге қарсымын. Бұл бізді салғырттыққа итермелейтіні сөзсіз. Ол кезде «Әлі 10 жыл бар ғой!..» деп арқаны кеңге салып, жайбарақат күй кешеміз. Мұндай салғырттықпен іс бітпейді. Сондықтан бағдарламаны қысқа мерзімге, ары кетсе 5 жылға қабылдауымыз керек. Сол жоспардың шеңберінде нақты жұмыстарды жүзеге асыруымыз керек. Қысқасы, ірі-ірі стратегиялық мәселелерді шешпей, мемлекеттік тілдің саясатын жүзеге асыра алмаймыз. Ресейдің ықпалын азайтпай, біз отарлана береміз...
Нұртөре ЖҮСІП,
«Айқын» газетінің бас редакторы:
«ҚАТЕ ҚАЗАҚТАРДЫҢ»
ҚАТАРЫ КӨБЕЙІП БАРАДЫ
Соңғы әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, Қазақстан Үкіметінің құрамы 98% қазақ ұлтының өкілдерінен тұрады. Оның 78%-ын - ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары, яғни халықтың ең сауатты өкілдері құрайды. Неге солардың бәрі қазақ тілін қолданбайды? Осы мәселені қолға алу керек.
Екінші мәселе, Қазақстанда туған «қате қазақтардың» саны күн сайын көбеймесе, азайған жоқ. Оны жыл сайын оқуға түскен балалардың тізімі жарияланатын «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінен анық көріп жүрміз. Қазақтардың аты-жөндерінде қате деген өте көп. «Мягкий знактан» көз сүрінеді. Қазақ газеттерінің редакторлары осы қатемен әрдайым бетпе-бет кездесіп жатады. Қазақтың аты-жөнін таза қазақша түзеп жазумен әлі күнге дейін әлек болып келеміз. Кеңестік кезең емес, соңғы кездегі 20 жылдың ішінде туылған сәбилердің бәрінің аты-жөні құжат жүзінде қате толтырылған. «ә, ұ, ү, ғ, ө» деген қазақ тіліне ғана тән әріптерді таба алмайсыз. Ал осы қатені түзеткісі келетіндер бір ғана әрпін өзгерту үшін дүниенің құжатын жиып, талай есікті тоздыруы керек. Демек, біздің елдегі азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдері, Әділет министрлігінің адамдары осы мәселені шешуге міндетті. Бұл мәселені шешуге олардың да шамасы жетпейді. Өйткені кезінде бұл мәселені З.Бәлиеваға да айтқанбыз. Бұны Қазақстанның Үкіметі шешуге тиісті. Жаңадан туылған нәрестеге берілетін куәлікте оның аты-жөні тек қана мемлекеттік тілде толтырылуы керек деген мәселені алға қоюымыз керек.
Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, Халықаралық қазақ тілі қоғамының президенті:
ҚАЗАҚ ТІЛІН ЗАМАНҒА
САЙ ҮЙРЕТЕР КЕЗ КЕЛДІ
Бұл Ресей, Молдова, Украина елдері Тіл саясатына байланысты концепцияларда ашық «Мемлекет құраушы ұлтқа ешқандай ұлт балама болмайды» деген идеяны ұстанады. Мемлекет құраушы ұлтқа қай тұрғыда да басымдық беруді біз де басты стратегиялық мақсат етіп қоюымыз қажет. Жуырда Франция жаһандану заманында шетелден келетін концерттік бағдарламаларды реттеу, шетелден келетін артистерді реттеу, киноларды реттеу, театр, кинотеатр, БАҚ - бәріне француз мәдениетіне басымдық беру мәселелерін заң жүзінде бекітті. Алдағы уақытта бізде кім көрінгенді құрақ ұшып қарсы ала бермей, мәдениет, өнер саласында нақты стратегиялық жоспарлар жасап, сол бойынша жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек. Әйтпесе, алға жылжи алмаймыз. Татарстанның автономиялық республика ретінде қабылдаған мемлекеттік құжаты біздің елдегі «Ел бірлігі» доктринасынан әлдеқайда мықты. Олар татар ұлтына басымдық бере отырып, басқа диаспоралармен ашық сөйлеседі. Мұдай істен үлгі алуға тиіспіз!
жолғы бағдарламада қай облыс, қайсы ауданның, қашан, қандай жағдайда мемлекеттік тілге көшетінін айқындап көрсетіп бермесек болмайды. Бұл алдыңғы бағдарламаның мұрасы.Жуырда бір басқосуда премьер-министр Кәрім Мәсімов бастаған комиссияда мен «мемлекеттік тіл жөнінде жеке заң қабылдануы керек» деген ұсыныс айттым. Сонымен қатар, «тіл комитетін бөлек отау қылып шығару керек» деген ұсыныс жасадым. Сол кезде елдің алдында «бәрін жасаймыз, бір қазақша телеарна болады» деп уәде берген болатын. Бірақ әлі орындалған жоқ. Біздің ендігі үмітіміз қазақтілді ашылатын телеарналарда болып отыр. Сондай-ақ, қазақ тілін үйретудің заман талабына сай келмейтін әдіс-тәсілдерінен арылатын кез келді. Ендігі жерде жаңа технологияларды пайдалана отырып, тілді меңгеруді қолға алу керек.
Дос КӨШІМ, саясаттанушы:
Баласын ҚАЗАҚША ОҚЫТПАҒАНДАР КОМИССИЯҒА ҚАЛАЙ КІРЕДІ?
– Біз «мемлекеттік тіл» деген сөзді көп айтамыз. Кез келген мемлекеттің заңында «мемлекеттік тіл» деген сөз басында ғана айтылады да, қалған жердің бәрінде нақты тіл (орыс тілі немесе украин тілі немесе грузин тілі т.б.) деп жазылады. Сондықтан біз де тек «қазақ тілі» деп айтуымыз керек, одан қорқудың қажеті жоқ. Тағы бір мәселе - орыс тілін «ұлтаралық қатынас тілі» деп белгілеп қойдық. Бұл адам құқығын шектейтін нәрсе. Екі адам қай тілде сөйлесетінін өзі біледі. Бұл мәселе заңмен бекітілмейді. Тағы бір ескеруге тиісті нәрсе - әскер мемлекеттік тілді үйренудің орталығы болу керек. Бұрындары қазақ балалары орыс тілін әскерден үйренетін. Енді қазақ тілін әскерден үйренетіндей жағдай жасауымыз керек. Қазақстанның азаматтығын алам деушілердің бәріне қазақ тілді білуін талап етуіміз керек. Мемлекеттік бағдарламаны дайындауға атсалысатын комиссия мүшелерінің балалары қазақтілді балабақшаға бара ма, қазақтілді мектепте оқи ма осының бәрін тексеруіміз керек. Егер де ол кісілер өз балаларын қазақ тілді етіп тәрбиелеуді жолға қоймаған болса, мен оларда жүрек жоқ деп есептеймін. Олардың тіл туралы айтуға да қақысы болмауы керек. Осы мәселенің бәрі Мемлекеттік бағдарламада ескерілуі керек.
Көтерілген мәселелердің бәрі орынды. Шындығына келсек, бұл бағдарламаны 10 жылға деп жоспарлау мүлдем дұрыс емес. Өткен 20 жылдың ішінде біз іс жүзінде де, құжат мәселесінде де толықтай қазақ тіліне көшіп бітуге тиісті едік. Менің ойымша, бұл бағдарлама әрі кетсе 3 жылды қамтуы керек. Біз онсыз да уақытты өткізіп алдық. Енді амал жоқ, атты қамшылауымыз керек. Бұл бағдарлама Президенттің жарлығымен жүзеге асатын болса, тіпті жақсы. Онда қоғамда оны орындау міндетті деп ұғады. Сондықтан 3 жылдың ішінде нақты жұмыстар жасауымызға әбден болады. Тіл саясатын жүзеге асыру үшін ең алдымен не істеуіміз керек? Әрине, бірінші кезекте мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауымыз қажет. Республиканың ономастика туралы заң қабылдау мәселесі де бірінші орында тұрған мәселе. Екінші, мемлекеттік тілді қолданудағы және дамытудағы жауаптылықтың заң негізінде жүзеге асыру керек. Бізде жауаптылық жоқ. Мысалы үшін, Францияда көшедегі жарнама немесе басқа да жазуларды қате жазғаны үшін 5 мың евро көлемінде айыппұл салынады. Бізде қате де өріп жүр, ала-құлалық та шаш-етектен. «Абай даңғылы» дейміз де, оның астына орысша «проспект Абая» деп жазып қоямыз. Жиырма жылда осындай ұсақ-түйекті ретке келтіре алмағанымыз масқара ғой! Бізде бірінші кезекте осындай жауаптылық мәселесін енгізу керек. Тіпті мемлекеттік тұрғыда енгізе алмасақ, алғашқы жылдары кез келген облыстық мәслихаттың қаулысымен жүзеге асырудың мүмкіншілігі бар ғой.
Үшінші мәселе, барлық облысты кезең-кезеңімен қазақ тіліне толық көшіру. Құлық болса, үш жылдың ішінде барлық облыстарды толық көшіруімізге болады.
Төртінші мәселе, аралас мектептер мәселесі. Аралас мектептің болғанын кейбіреулер құптайды, кейбіреулер құптамайды. Мүмкін, аралас мектептің Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан сияқты қазақы облыстарда болғаны дұрыс шығар. Бірақ, басқа жерлердің бәрінде де мемлекеттік тіл екінші орынға ысырылып, бірінші орынға орыс тілі шыққанын көз көріп жүр. Сондықтан осында отырған Білім және ғылым министрлігінің өкілінің «құлағына алтын сырға», аралас мектептердің басшылары міндетті түрде мемлекеттік тілді жатық білетін болу тиіс және іс қағаздары, жиналыстар, бәрі тек қазақ тілінде жүргізілуі керек. Сол үшін осы бағытта кешенді бағдарлама қабылдау қажет. Керек десеңіздер, Қазақстандағы жетімдер үйлері, мемлекет қамқорлығындағы мекемелердің мектептерінің саны 34 болса, соның бірде-бірі қазақ мектебі емес. 20 жыл бойы біз қазақ мемлекетінің ақшасымен басқа мемлекеттің тіліндегі азаматтарды бағып-қағып, тәрбиеледік.
Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облыстарында Тіл саясатын жүзеге асырудың арнайы стратегиялық бағдарламасын дайындауымыз керек. Қазақ мектебі аз болғандықтан, ол облыстардағы балалар орыс мектебіне мәжбүрліктен барады. Әсіресе Павлодар, Өскемен қалаларында қазақ мектебінің дамуы арнайы зерттеуді қажет етіп отыр.
Соңғы кезде аударма жұмысы белең алды. Қазақ тілі - аударма тіл ретінде ғана, қолданылып жүр. Аударманы мемлекеттік бағдарлама арқылы шектеу қажет. Аударма жұмысын әрі кетсе 2-3 жылдың ішінде мүлдем тоқтататындай іс жасауымыз керек. Қазақ тілін білмейтіндер үшін мен өз қалтамнан аудармаға ақша төлегім келмейді. Қазақ тілін білмей ме, онда, керек болса қаржыны өз қалталарынан төлесін. Бұл дүниежүзілік тәжірибе. Себебі аударма дегеніміздің өзі - тілдің дамуын тоқтатуға арналған арнайы құрал. Аударма тек халықаралық жиындарда қолданылуы керек, ал мемлекет ішіндегі барлық жиын, баспасөз мәслихаттары тек қана қазақ тілінде өтуі керек.
Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры:
ҚАЗАҚ ТІЛДІ КАДРЛАР ДАЙЫНДАУ – ҒЫЛЫМИ КЕҢІСТІКТІ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ
- Біз әлі қазақ тілі заңмен белгіленген мәртебесіне сай мемлекеттік тіл қызметін толық атқаратын жағдайға жеткен жоқпыз. Мемлекеттік органдарда іс қағаздарын жүргізу аударма арқылы жүзеге асырылады. Нормативтік-құқықтық құжаттардың, бұйрықтар мен хаттамалардың көпшілігі орыс тілінде дайындалып, қазақшаға тексерушілер үшін, мемлекеттік тілдегі құжаттардың пайыздық көрсеткішін ұлғайтып көрсету үшін аударылып қойылады. Жиындар, министрліктердің алқа мәжілістері, барлық мемлекеттік органдардың аппарат мәжілістері қазақ тілінде өтетін болса, жағдайымыз оңалып қалған болар еді. Өкінішке орай олай емес. Алдағы қабылданатын бағдарламада мемлекеттік тілдің мемлекеттік органдардағы ауызша қолданысы міндетті түрде көрініс табуы қажет. Түрлі жиындар мен шаралардың қаншасы қазақ тілінде өткендігі тексеріліп, сол бойынша да мемлекеттік органдардың қазақ тілін шынайы қолданысы анықталуы керек. Мемлекеттік тілде іс жүргізуге көшкен орталық мемлекеттік органдар, облыстар мен кесте бойынша көшіп үлгермегендерінің арасындағы құжат айналымы іс жүзінде негізінен орыс тілінде жүргізіліп келе жатыр. 2011 жылдан бастап мемлекеттік органдардың барлығы іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуі керек. Тілдің қоғамдық беделі сол тілде мемлекет басқару, білім беру мен ғылымды дамыту және ақпарат саласындағы қолданысына тікелей байланысты. Бағдарламада осы салалардағы тілдің іс жүзіндегі қолданысын қамтамасыз етуге басымдық беріліп, оны жүзеге асырудың тетіктері нақты көрсетілуі керек. Қазақ балалары қазақ балабақшалары мен қазақ мектептеріне барып, жоғары оқу орындарының қазақ бөлімдерінде оқып жатса, мемлекеттік тілдің берік әлеуметтік-лингвистикалық іргетасы қаланады. Осыны уақыт оздырмай қолға алуымыз керек. Қазақ тілін жетік білетін ғылыми кадрлар дайындай білсек, олар ұлт тіліндегі ғылыми кеңістікті қалыптастырып, ғылым тілінің өрісін кеңейтуге жол ашады.
Мемлекеттік тілдің қолданысын лингвистикалық тұрғыдан қамтамасыз етуге келгенде, қазір таралымы белгілі бір мөлшерден аспайтын сөздіктер мен құралдар шығарғаннан гөрі интернет, компьютер арқылы қолдануға жарайтын бағдарламалар дайындаудың маңызы зор. Бұл мәселе бойынша А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қазақ тілінің электрондық корпусын жасауға бағытталған бірнеше жобалар бойынша жұмыс жасауда. Қазақ тілінің электронды терминологиялық, ономастикалық қорын жасауға бар әлеуетімізді пайдаланатындығымызды айтқым келеді. Сонымен қатар, әлеуметтік лингвистикалық зерттеулерге, әлеуметтік сауалдарды негізге алған, яғни елдегі тілдік жағдаяттың шынайы көрінісін біле отырып жасалған Бағдарлама ғана көздеген мақсатқа жеткізетінін ескермей болмайды.
Айдос САРЫМ,
саясаттанушы
ЛАТЫН ӘРПІН ОҚЫҒАН БАЛА - ҚҰЛДЫҚ САНАДАН АРЫЛҒАН ҰРПАҚ
– Қоғамның дамуына қарай тілдік қолданыс та, сөз де өзгеріске ұшырап отыратыны заңды құбылыс. Кезінде кеңестік кезеңнің концепциясына сай талай сөздер тілдік қолданысқа енген болса, сол концепцияның құрдымға кетуімен ол тудырған сөздер де маңызын жоғалтты. Оның есесіне осы заманға тиісті жаңа сөздер тілдік қорымызға ене бастады. Өз еліміз ғана емес, сырт жерде жүрген қандастарымыздың қолданысындағы сөздермен тілдік қорымыз байып жатқанын айту керек. Осы сөздерді түгелдеп отыратын бір орталық болса артық болмас еді. Жақында ғана баспасөз беттерінде «Ағылшын тілі миллионыншы сөзбен байыды» деген мақала жарық көрді. Оны қайдан білді? Лос-Анджелесте бүкіл әлемдегі ағылшын тілін зерттеумен, тізімдеп, түгендеумен айналысатын мемлекеттік орталық бар. Осы орталық арқылы біліп отыр. Бұл орталық, жаңадан қандай сөздер пайда болып жатыр, оның түбірі не, контексті қандай деген мәселелерді зерттеумен айналысады. Ресей ғалымдары да «осы жылдың жаңа сөздері» деген зерттеу жүргізу арқылы рейтингін белгілеп отырады. Біз де өзіміздің және өзге елдегі қандастарымыздың тілдік қолданысындағы қазақ сөздерін айналысқа қосқанымыз жөн.
Екінші мәселе терминология. Осыдан 5-10 жыл бұрын Терминкомның кез келген отырысы, кез келген жиыны үлкен тарихи маңызы бар оқиға тәрізді өтетін еді. Әр сала бойынша ғалымдар шуласып, айтысып жататын, «мынадай термин керек, мынадай сөз керек» деп күнде талдау, күнде пікірталас болып жататын еді. Халықтың сол рухын, сол жігерін, сол құлшынысын өшіріп алғанымыз өкінішті жәйт. Күн санап ғылым да, техника да дамып жатқаны белгілі. Ал, біз оған дер кезінде ілесе алмасақ, бізге жалын да ұстатпай кетеді. Бәлкім, әр министрліктің жанынан сол салаға қатысты терминдердің, сөздіктердің аудармасын, баламасын іздейтін арнайы бөлім құрғанымыз жөн шығар.
Үшінші - латын әліпбиінің мәселесі. Өткен жылы Елбасы Н.Назарбаев осы мәселені көтерген кезде үш-төрт ғалымның «бұл өте қымбат дүние, бұған біз әлі дайын емеспіз...» деген тәрізді қарсы уәжі айтты. Ерте ме, кеш пе, біз латын әліпбиіне көшуіміз керек. Оған бүгіннен бастап дайындалу қажет. Балабақшадан, бірінші сыныптан бастап латын әрпін оқыған бала құлдық санадан арылған ұрпақ деп айта аламын. Егер ұрпақ болашағын ойлайтын болсақ, онда осы мәселені қазірден бастап қолға алған жөн.
- Сіздердің айтқандарыңызды мұқият тыңдап, пікір-ұсыныстарыңызды түгелдей жазып алдым. Мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу барысындағы жиынымыздың бұл тек басы ғана. Алда талай бас қосатын боламыз. Тіл мәселесін көтерген адамдардың бәрі де ұлтқа жаны ашитын адамдар деп түсінемін. Бүгін көптеген тұшымды пікірлер айтылды. «10 жыл тым ұзақ мерзім» дегенді айттыңыздар. Он жыл деген сөз - осы он жыл бойы қазақ тілінің тағдыры аспан мен жердің ортасында ілініп тұрады деген сөз емес. Осыны да ескеріңіздер. Мерзім 10 жыл болғанымен, ол кезең-кезеңге бөлінеді. Ең негізгі, ең зәру мәселелер үш жылдың, бес жылдың ішінде өз шешімін табуына күш саламыз. Комиссия жұмысы ашық жүргізіледі деп уәде беремін. Жұмыс тобының алғашқы отырысында Жаңа бағдарламаның негізгі бағыт-бағдары, құрылымы мен мазмұнына қатысты салиқалы пікірлер ортаға салынды. Барлығыңыз пікірлеріңізді ашық айттыңыздар. Ешкімге шектеу қойылған жоқ. Айтылған пікірлердің барлығы міндетті түрде ескерілетін болады. Бүгін арнайы топтың жұмысын оңтайлы ұйымдастыру жайы да жан-жақты талқыланды, - деп түйіндеді сөзін Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Тіл мәселесін шешуге білек сыбана кіріскен ел ағаларының жұмысына сәттілік тіледік. Көкейімізге қос Мұхтар тізе қосып, қайрат көрсетсе, алынбайтын қамал жоқ шығар деген ой келді. Тек биліктің беті бері бұрылсын, қазақ мәселесі шешілмей Қазақстан мәселесі шешілмейтінін ұғынса деп тілейміз. Сонда ғана қазақ тілі азат тіл болады деген сенім ұялайды. Дәйім сол сеніміміз ақтала бергей!
Гүлмира САДЫҚОВА