КЕРТАРТПА ДІНШІЛДІК КЕРІ ТАРТЫП БАРАДЫ

sekta

Мұртаза БҰЛҰТАЙ, дінтанушы:

– Исламның бүгінгісі мен кешегісі сіздің назарда қандай көрініс тапты? – Кеңес Одағы тұсында материализм мен атеизмге негізделген низамда өмір сүрдік. Қазір біз 20 жылдан кейін, шегініс жасап, сол бұрынғы қоғамның артықшылықтары мен кемшіліктерін сарапқа салу мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Бүкіл жер бетін дүркіретіп, дірілдеткен қылышынан қан тамған, әлемдегі супер күш «Қызыл империя» құлағаннан соң көбіне оның кемшін тұстары, әкелген апаттары, зияндары тілге тиек етілді. Бұғаудан шыққан жұрт темір перденің артындағы былықтарды паш етіп, еркіндіктің де лебімен тарқаған Одаққа қарсы насихат көбейді. Бүгін біздер таразыға салып, шама-шарқымызша төрелік айтатын халге жетіп отырмыз. Дегенмен, Кеңес дәуірінің пайдалы, өнегелі жақтары да болды, оны мойындауымыз керек. Жалпы тәртіптің болғаны, заңның орындалғаны, азаматтарға жаппай білім беруі, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдени шаралар т.т. жағынан болсын дүние жүзінің көптеген елдерінен ілгері еді. Ал көптеген кемшіліктеріміз де болды, ең бастысы тәуелді болдық. Қара нан мен қара шай ішсек те тәуелсіздік бәрінен артық. Кеңес Одағы құрылған алғашқы жылдары діндарларға аса бір қысым болмаса да, әсіресе, Сталин билікке келгеннен соң бірте бірте дін атаулымен күресу, ұстағанын қамап, жер аударту, тіпті, ату сияқты науқанға айналған қатыгездіктер орын алды. Бұл енді ұзақ әңгіме. Бірақ, қазіргі егемендік дәуірінде қарама қарсы процесстер жүріп жатқаны таңдандырады. Одақ құлағанда 74 жыл бойы атеистік, материалистік жүйеде тәрбие алып, өзінің рухани бастауларына шөлдеген қоғамда моральдық вакуум пайда болды. Оған әлеуметтік, саяси, мәдени т.б салалардағы вакуумды да қосыңыз. Тоқсаныншы жылдардың басындағы жұрт күтпеген жерден түрлі тапшылыққа, атап айтқанда тауардың, заттың, жұмыстың тапшылығына душар болып, бұрын бір жүйеде туып өскен ұрпақтар не болғанын білмей қалған жағдай болды. Тәуелсіздікті өмірі көрмеген, оны сезінбеген көпшілік жаңа мемлекет қалай болар екен деп алаңдады. 74 жыл дегеніңіз аз уақыт па?! Міне, осындай тапшылықтар сахнасында азаттыққа, кең бостандыққа ие бола қалған халық көрінгеннің соңынан ерді де кетті. Мысалы, дінге, діни сенімге шөлдеген халық тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылында тәуіп, әулие, бақсы, балгер, көріпкелдер мен барыпкел-шауыпкелдерге ерді. Сәуегейлер, ғайыптан жаңалық ашатындар, түрлі-түсті әулиелер, аталар, бабалар, аналар пайда болды. Алматыдағы үлкен алаңдарда, стадион мен цирк ғимараттарында мың-мыңдаған халықты жинап, сеанстар өткізіп, діни сауаты жоқ жалпақ жұртты бірнеше жыл бойы өзінің соңынан ергізіп, коммерциялық табысқа жеткен «дінпаздар», «сенім қанаушылары» пайда болды. Алайда, осы комедияны халық түсініп, оның жалыны өшіңкіреп қалды. Азаттығымыздың екінші 10 жылдығында болса консервативті схоластикалық, фундаменталистік, догматтық ағымдар, көр-соқыр сенімге негізделген ұрдажықтар әлгілердің орнын басты. Сырттан келген ағымдар мен іштегі жандайшаптары халықты өз қорасына кіргізумен әлек болды. Біз қазір сол уақытта тұрмыз. Қазір қоғамымызда, әсіре діншілдер мен қанаушы дінпаздар пайда болды, дін атын жамылған ағымдар мен ұйымдардың қоғамға, мемлекетке ықпалы едәуір күшейіп кетті. Олар бұқаралық ақпарат құралдарынан білім жүйесіне дейін, бизнес саласынан мемлекеттің құрылымдарына дейін кіріп кетіп, ықпалын енгізіп жатыр. Оңын-солын ажырата алмаған талай жұрт осылардың жетегінде кетті және осы қарқын жалғаса беретін болса алдымыздағы 15-20 жылдың көлемінде діни-саяси ағымдар мемлекеттің билігіне пішін беріп, саяси-құқықтық жүйенің өзгеруіне апарып соқтыруы да әбден мүмкін. Күні кеше ғана «Құдай жоқ!» дейтін қылышшыл атеист қоғамнан небары оншақты жылдың ішінде өзінің қандас бауырын діни себептерге байланысты бауыздайтын террористер мен көр-соқыр фанаттар шығады дегенге кім сенуші еді?! Қазақстан азаматтары халықаралық террор топтарының ішіне кіреді, Гуантанамода қамақта отырады, шетелдердегі лаңкестік қылмыстарға араласады десе сенер ме едіңіз?! Өкініштісі, қазір екі оғаш, қарама-қайшылығы мол қоғам пайда болды. Бұрынғы қоғамда «бәріміз теңбіз, пролетариаттар бәрің де бірігіңдер!» деп, ұран салып отырған адамдардың ішінен жер бетінде теңдесі жоқ капиталистер шықты. Бұрынғы «құдай жоқ», «дін апиын» дейтін қоғамнан қазір «имансыздарға орын жоқ!» дейтін, басқа сенімдегілерге теріс қарайтын, көр-соқыр һәм санасыз сенім мен қазіргі заманға сай келмейтін догматтар бойынша өмір сүруді қалайтын қоғамға ауысып бара жатырмыз. Дінпаз ұрдажықтар қатыгездік культін өз қатарларына ілінген пенделерге таратып, айналасындағы адамдарға, тіпті, қысым жасап яки күшпен діни жолға салатын жағдайлар да орын алып жатқаны қынжылтады, тіпті, үрейлендіреді. Өкініштісі, бізде «зиялы мұсылманшылықтан» гөрі надан дінпаздық, діни қанаушылық, кертартпа діншілдік көбірек етек жайып келеді... – Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуімізге қандай баға берер едіңіз? – Төрағалық ету дегенді алдымен дұрыс түсініп алу керек. Халықаралық ұйымдардың құрылтайшылары, құрушылары мемлекеттер. Мәселен, бір шартқа 50 мемлекет қол қойып, бекітсе, сондай ұйым орнайды. Орнаған ұйымның өзінің секретариаты, басқару аппараты болады, жарғысы бойынша іс-әрекет етеді, мүше елдердің ұйымды басқарудағы рөлі мен құқықтары айқындалады т.т.. Осындай халықаралық ұйымға мүше елдің бірі бір жыл немесе жарты жыл уақыт сол ұйымға төрағалық етеді, оның мерзімі мен сайлану ережелері әр түрлі болуы мүмкін бірақ негізгі принциптер ұқсас қой. Ислам конференциясы ұйымы да сондай халықаралық саяси-экономикалық ұйымдардың бірі және оған төрағалық ету ислам әлемін билеп-төстеу дегенді білдірмесе керек. ЕҚЫҰ-на уақытша төрағалық еткенде бүкіл Еуропаға билік еткен жоқпыз ғой, тура сол сияқты, артықша құқық бермейді. Ислам конференциясына төрағалық етудің бір пайдасы Қазақстанның аты мұсылман елдеріне, осы ұйымның тіршіліктеріне араласы бар орталарға бір шама мәлім болатыны. Шетелдерде бұрын қазақты көп біле бермейтін, тіпті, мұсылман елдерінің өзі Кеңес Одағы тұсында бәрін бірдей «Руссия» деп атайтын. Тағы бір пайдасы біздің дипломаттарымыз, үкімет мүшелеріміз тәжірибе алмасады, яғни халықаралық ұйымдарға төрағалық еткенде қалай іс жүргізеді, қандай хаттамалар болады, саяси келіссөздер қалай жүргізіледі, биіктер (саммиттер) қалай ұйымдастырылады т.т. жағынан тәжірибе жинақтайды, жетіледі. Төрағалық етудің елдің экономикасына, ішкі мәселелеріне, қарапайым аза­­маттардың күнделікті өмі­ріне тікелей әсері бола қой­майды, мәселен, төрағалық инфляцияның төмендеуіне, мұғалімдердің жалақысының өсуіне, жұмыссыздықтың азаюына, ана мен бала өлімінің азаюына т.т. тікелей ықпал етпейді. Әйтсе де, халықаралық ұйымдарға төрағалық ету қажет. Өйткені, жас мемлекетпіз, халықаралық саясатта беделіміз артуы қажет, ол азаматтардың елдің қазірі мен болашағына деген сеніміне игі әсер етеді... – Жастардың дінтану мәсе­лесіне, қазіргі жағдайларына байланысты ойыңызды айтсаңыз... – Жапонның, немістің я кәрістің баласы істегенді неге қазақ баласы істей алмасын?! Істейді! Меніңше қазір жастар үлгі тұтатын тұлғалар тапшы. Жастармен лайықты дәрежеде жұмыс жасалып жатқан жоқ. Бір өкінішті уақиғаны айта кетейін. Жуырда Қадір Мырза Әлі ағамыз ортамыздан айырылып, орны толмас қазаға ұшырадық. Ағамыздың жаназасына барып, ет жүрегім езіліп, қайғыға батып, көңілім босап тұрған сәтте жолшыбай бір кеңсеге кірдім. Қарасам бөлмеде оншақты жас қызметкер отыр екен. Жас дегенде жас бала емес, 25-35 жас аралығындағы қыздар, келіншектер дейік. Сонда «Сендер білесіңдер ме дүниеден кім өткенін?» деп сұрадым, олар «Кім өтті?» деп сұрады, мен «Қадыр Мырза Әлі ағамыз!» десем, әлгілер маған «Ол кім еді?»,-деп сұрамай ма?! Қазақ үшін 50 жыл тер төгіп, 50 том еңбек жазған біртуар тұлғаны жастар танымайтын болып шықты, қатты қынжылдым. Мұндай мысалдар көп. Сонда, ұрпақ үшін еңбек еткен асыл тұлғаларымызды танымайтын жастар қалай пайда болды? Олар шетелден көшіп келген жоқ қой. Бұл да қазіргі қоғамымыздың жеткен жерін көрсететін бір ауыр жәйт, әрине. Ұлттық санасы барлар ондай асылдарымызды білетін болар, бірақ мына заманда теледидар мен инетернетпен тәрбиеленген жастардың басым көпшілігі ондай тұлғалардың атын да білмейді. Ал түріктің телехикаяларының кейіпкерлерін сұрай қалсаң, сайрай жөнеледі! Біз қандай қоғамда қандай ұрпақ тәрбиелеп отырмыз, тіл, дін, сана мәселесі неге дұрыс шешілмей келеді? Біз қай жерде қателестік, қай жерде шалағайлық таныттық, қай жерде сүріндік? Осыларды сіздер болып біздер болып ашық және ашытып ойлануымыз керек. Жастар жас ағаш секілді, қалай қарай исең, солай қарай иіледі, су секілді қандай ыдысқа құйсаң сол ыдыстың формасын алады. Жалпы қоғам да халық та сол. Біз жастарды өнерге, интеллектуалды дамуға, эстетикаға, еңбекке бағыттап, соған ынталандырып жігерлендіріп отырсақ жағдай мұндай болмас еді. Бір газеттен оқыдым - жастар арасында сұрау жүргізілген екен. Сонда жастарымыздың тек 20 пайызы ғана таза біліммен, еңбекпен жұмысқа орналасуға болады деп сенеді екен! Ал қалған 80 пайызы болса басқа жолдарды, таныстық, тамырластық, сыбайластық, туыстық т.т. айтыпты. Енді біз осы жастарды қалай таза білім мен еңбекке баулимыз? Жастар неге солай жауап берген? Өйткені, олардың өмірде көріп отырғаны сол ғана, олар қоғамның айнасы іспетті. Егер олар өмірден тек білім және еңбек арқылы ғана жұмыс табасың және сатылап өсесің дегенді көргенде басқаша ойлар еді. Соны көрсете алмай отырмыз ғой. Біз сондай ұстанымға көшкенде жастар да соған бейімделеді. Адам баласы қай нәрсе өтімді, қай нәрсе арқылы абаттанады – соған қарай жүгіреді. Сондықтан мемлекет үшін жер асты ресурстары емес басты орында адам ресурстары тұруы шарт. Алтынмен соққан сарайдың ішінде адам тұрмаса ол сарайдың кімге қажеті бар? Мемлекетке көрік беретін сол елдің азаматтары, мемлекеттің мақтанышы да әшекейі де азаматтары, яғни адам ресурстары. 16,5 млн халқымыздың әр бір азаматының дені сау, әлеуметтік жағынан дұрыс қамтамасыз етілген, сапалы білімі бар, білікті тұлға, құқықтық сауаттылығы терең, өз ана тілімен қатар шетел тілдерін меңгерген, шет елдерде болып, олардың озық тәжірибиелерін ала білетін дәрежеде көреген зерек болуы мемлекеттің ең басты мүддесі. Әр азаматымыз біздің ресурсымыз және біз сол ресурсқа инвестиция жасауымыз керек, әр адам ресурсымызды тиімді пайдалануымыз және оны оңтайлы ұйымдастыра білуіміз керек. Осы елдің 16,5 млн халқы білімді де білікті болса ол 165 млн халқы бар сауатсыз елден асып түседі. Оның әр бір адамының білімі, потенциалы 10-100 адамға татиды. Сондықтан инвестиция адамға жасалуы шарт, ол ең пайдалы, ең қайырымды инвестиция дер едім. Азаматтар­дың рухи саулығы да осы санаттан қарастырылуы тиіс мәселелерден. Зиялы да зайырлы отаншыл азаматтар ғана елді бұзбай, мемлекеттің байлығын, табиғатын сақтап, іргесі мықты, беделі биік, тамсанып таңырқайтын мемлекет қалыптастыра алатынына сенемін.

Ардақ ҚҰЛТАЙ