ҰЛЫ ЫҚЫЛАСТЫҢ АРУАҒЫН КҮҢІРЕНТКЕН КІМДЕР?

Нарық заманы басталғалы бері Жамбыл облысында қазақ халқының маңдайына біткен әулие­-ұлыларын мансұқтау «науқаны» барған сайын асқынып, қалың жұртшылықтың ашу-ызасын туғызуда. Атап айтсақ, алдымен ұлт ұстазы Абайдың есімі бұдан 10 жыл бұрын ешбір себепсіз облыстық қазақ драма театрынан алынып тасталды. Шоқан мен Кенен атындағы кинотеатрлар сонау «приватизация» кезінде көкесі барлардың кұлқынан өтіп кеткен болатын. Қазір бұл мәдениет ошақтары жын-ойнақтың мекені. Шу аудандық мәдениет үйінен Жамбыл есімі біржола өшіріліп, атақты жыраудың ескерткіші жермен жексен етілген. Ал, Жамбыл ауданындағы бұрынғы «Қаракемер» совхозының көшелерінен кешегі Совет Одағының Батырлары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың есімдерін енді көре алмайсыз. Олардың орнына рушылдар өздерінің аталарын жазып қойған.

Сарысу ауданының мықтылары да бұлардан қалыспауды жөн санап, аруақты қорлаудың жаңа бір айла-шарғысын ойлап тауып, тек облыс емес, бүкіл қазақ елін шулатты. Міне, осыған байланысты жақында сол жақтан маған хат келді. Мұны жазған Саудакент аулында тұратын 87 жастағы қарт ана Шырын Түсіпбекқызы. Бұл кісі қара қобыздың киесі атанған ұлы Ықылас Дүкенұлының немересі екен. Кейуана тебірене былай депті: ­­– Құрметті Сақа! Амалсыздан Сізді мазалауға мәжбүрмін. Өткен 2010 жылдың қараша айынан бастап біздің ауданда ел-жұрттың жағасын ұстатқан алашапқын басталды. Ол тек менің атам ғана емес, бүкіл Алаш баласының мақтанышы болған Ықыластың аруағын қорлауға бағытталған залымдық десем, артық болмас. Аруақты күңіренткен сұмдықты бастаған жазушы П.Дүйсенбин. Ол сонау Атыраудан шығатын «Алтын ордаға» туырлықтай мақала жазыпты. Бұдан соң облыстық «Ақ жол» газетінде үш материал жарияланды. Бәрінің айтатын жарапазаны бұдан бір ғасыр, яғни нақтылап айтсақ 95 жыл бұрын қайтыс болған атам жарықтықтың мәйітін топырақ бұйырған жері, Шу өзенінің бойындағы ата-қонысы Қуаралдан Саудакенттің маңындағы қараусыз қалғандықтан, әбден тозып, жын-шайтанның ойнағына айналған ескі кесенеге әкеліп, қайта жерлеу керек деген сандырақ. Аттанға ойбай қосқандардың бірі Саудакент ауылындағы ардагерлердің төрағасымын деп қоқиятын Е.Ақылбеков деген. Кезінде коммунистердің жандайшабы болғанын сақал-шашы ағарса да әлі ұмытпаған сияқты. Күнәкарлыққа белшеден батып, жұртқа іріткі салып қол жинаймын деп ауыл-аймақты мазалап бақты. Сауапты істі қолға алғандай алқынатын әлгі шіренбайлардың пиғылы белгілі. Олар өлі аруақты атақ шығаруға және бизнеске айналдыруға жанталасып жүр. Айтқандарыма дәлел ретінде Сізге әлгі жазғыштардың шимайларын қоса салып жібердім. Бағасын өзіңіз бере жатарсыз. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деп текке айтылмаса керек. Бұл пысықайлардың мұсылмандыққа жатпайтын қара ниетіне атам жарықтықтың осы күні тірі жүрген бір қауым ұрпағы ғана емес, бүкіл Сарысу ауданының халқы және ол кісінің кіндік қаны тамған жері –Жаңаарқа елі түгел қарсылық білдірді. Сонда да әлгі әулекілер тыным табар емес. Бәрінен бұрын мені қатты алаңдатқаны інім деп жақын санайтын Ілия Жақан баласының мүлде үнсіз қалғаны. Атырау мен Астананың арасын шаңдатып жүргенде Сарысуға бір келіп, атама дұға жасайтын жөні бар еді. Аруақты мазалаған әлгі жазғыштарға: «Бұларың қалай?» деп басалқалық айтатын шығар деген үмітім де ақталмады. Ойым сан салаға бөлініп жүргенде жағымсыз мына хабардың сап ете қалғаны. Ұлы қобызшының рухын мазалап, қабірінің астаң-кестеңін шығаруға нұсқау беріп, Дүйсенбин мен бір топ атыраулықтардың мақалаларын ұйымдастырған және тараздық жазғыштарға ықпал жасаған да Ілияның өзі екен. Мұны естігенде бір Аллаға жалынып, еңіреп жыладым. Сонда бұл қалай болғаны? Елге танымал, әжәптәуір атағы бар азаматтың басқалардың қолымен от көсегені лайық па? Ер туған жеріне дегенді ұмытқан-ау, сірә. Амал қанша... Сіздің мен айтқан келеңсіздіктер туралы хабарыңыз болуы керек. Сақа, осы мәселеге араласып, өз пікіріңізді білдіргеніңіз жөн болар еді. Сонымен, ұлы атамның аруағын мазалап, тәлкекке салғандардың жан шошырлық қиямпұрыстығына қалай қарайсыз? Әсіресе, Ілияның көмекті сырттан сұрағаны Сізге ерсі көрінбей ме? Жалған ұранмен әруақты күңіренткен мынау жазғыштарға айтарыңыз бар ма? Бұған Сіздің Сарысу ауданының «Құрметті азаматы» ғана емес, ақиқат жолындағы табанды күрескер, елге та­нымал қарымды қаламгер ретінде толық құқыңыз бар деп ойлаймын. Жауапты газет арқылы бересіз деп үміттенемін. Ықыластың жалғыз немересі Шырын Тү­сіп­бекқызы деп білерсіз. Қаңтардың 19-ы 2011 жыл». Бүкіл Алаш баласы мойындаған ұлт ұстазы Абай бастаған ешбір теңдесі жоқ данышпандарымыздың жуан ортасында Ықылас Дүкенұлы тұр ғой. Киелі қара қобыздың абызы атанғаны айдай әлемге белгілі. Оның саналы өмірі, асқан сазгерлігі, бір Алла топырақ бұйыртқан жердегі бейіті – бәрі баға жеткісіз ұлттық құндылығымыз болып табылады. Сондықтан бұлар көздің қарашығындай сақталып, кейінгі ұрпаққа мұра болып қалуы тиіс. Ол жөнінде бейпіл сөз айтуға, әлдебір теріс әрекет жасауға тиым салынған. Өзін мұсылманмын, қазақпын дейтіндер ондай оғаштыққа жол бермеуі тиіс. Ал, жоғарыда Шырын айтқан төбе құйқаны шымырлататын фактілерге бейжай қарауға болмайды. Алдымен Ықаң жарықтықтың аруағына қарсы «жорыққа» шыққандардың газеттерде шыққан материалдарына аз-кем тоқталып өтелік. П.Дүйсенбин орыстың ұлы әншісі Шаляпиннің мәйітінің Парижден Мәскеуге әкеліп жерленгенінен бастап бүкіл әлемде, оның ішінде өз елімізде осындай рәсімнің тағы кімдерге қатысты болғанын ұзақ сонарға салыпты. Бұл марқұмдардың сүйегін қайта жерлеуге мүмкіндік беретін нақты объективті себептер жеткілікті. Ал, мұның Ықаңның әруағын мазалауға ешқандай қатысы жоқ. Дүйсенбин мынадай уәж айтыпты: «Бұл жерде біз қозғап отырған мәселені халықтық, елдік тұрғыдан ойлауымыз керек. Ұлтымыз ұлықтап отырған ұлы бабаның сонау шалғайда, елсіз жерде, өзіне арналып салынған салтанатты кесенеден бөлек жатқаны кейінгі ұрпақты ойландыруы тиіс». Автордың күйінгендей кейіп танытқаны қисынсыз. Ежелгі қалыптасқан дәстүр бойынша бақилық болған адамға кесене топырақ бұйырған жерге салынады. Алайда, мұны бұрынғы Жамбыл облысының «приватизациядан» қолы тимеген басшылары ескермеген. Баяғы совет кезіндегі науқаншылдықпен әйтеуір кесене салдық дегенді желеулетіп, сиықсыз бірдеңені сол кездегі аудан орталығы Байқадамның іргесіне қалқайта салған. Атақты адамдарға, әулие-әмбиелерге, батырларға арналған кесенелер әдетте күмбезді және төрт қүлақты болып келеді. Ал, қобыз, домбыра немесе басқа бір өнер аспабы бейнесінде мұсылман әлемінде кесене салынған емес. Ұлы қобызшының туыстарымен ақылдаспай, солардың келісімін алмай сауапты істе қарадүрсіндікке жол берілген. Мұны Шоқай датқаның Саудакент ауылындағы бұдан біржарым ғасыр бұрын салынған кесенесімен салыстыруға бола ма? Мықырайған жертөлені «салтанатты кесене» деп айтуға қалай ауыз барады? Бұған кие қонбақ түгіл, безе қашар. Н.Дәутайұлы тепсіне былай дейді: «Біз әуелі қазақпыз. Арабтар алып келген исламның барлық талаптары қазаққа келе бермейді. Ықыластың сүйегін көшіру шариғаттың шамына тие қоятындай іс емес. Мәселе аса киелі Ықыластың ұлы рухы қу далада күңіреніп жатпасын деген. Біз көтеріп отырған әңгімеге (әңгіме деген сөз қайдан адасып келді екен?–С.А.) азаматтық биіктен қарап, қолдау көрсеткен ләзім». Міне, өзін белгілі қаламгер санатына қосақтайтын мықтының сөз саптауы. Аяқ астынан білгішсініп, біздің қазақ екенімізді «дәлелдеудің» қандай қажеті бар? Екіншіден, Исламның бұдан 14 ғасыр бұрын қалыптасқан, қазір жер жүзіндегі 1,5 миллиардттан астам мұсылман қауымы мойындап, құлдық ұрып құрметтейтін шариғат заңдарына күдік келтіру күпірлік емес пе? Үшіншіден, Ықаң жарықтықтың мәйіті қу мекиен айдалада емес, өз елінде, өз жерінде, ата қонысында жатыр. Қазақтың кез-келген жері қасиетті. Ол кісі өзін Қуаралға жерлеуге өсиет қалдырған. Мен ол туралы 1965-жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің 22-қазандағы санында жарық көрген «Қыл ішектің атасы» деген көлемді мақаламда егжей-тегжейлі айтқан едім. Тағыда қысқаша еске түсірейін. Қобызшының қабыры Бетбақдалаға қарай көктей өтетін бұрынғы Қазықты жолының бойында екен. Шу өзені осы тұста негізгі арнасынан бірқырындай ағады. Өйткені, жолында кескестеген тастақты қырат бар. Су жайылмағандықтан ол Қуарал деп аталады. Соның күнбатыс тұмсығындағы ескі қорымға кезінде Ықаңның ұлы анасы Кемен жерленген. Сондықтан ол жер Кемен қорымы деп аталған. Әулие осында ақ жуып, арулап қойылған. Бүл мекен Сарыарқаны жайлап, күзде Шу бойына келетін Ықаң әулетінің ежелгі қыстауы. Конысқа жайлы. Өзеннің Бетпақдала жағындағы саласы тайыз, әрі-бері өтуге ыңғайлы. Көктем шығысымен жылыстап Арқаға көшуге оңтайлы. Кейін ұлы қобызшы туралы табылған жаңа деректерге байланысты зерттеу мақаламды толықтырып, 2005 жылы «Егемен Қазақстанда», содан соң 2009 жылы «Қазақ» және «Алтын ғасыр» газеттерінде жариялаттым. Сонау, 1965 жылдың күзінде Ықаңның қабырын іздеп барған кезде түсірілген суреттер мақаламен бірге берілді. Мұнда атасының айтқан өсиетін мүлтіксіз орындап, қасиетті қара қобызды өмір бойы көзінің қарашығындай сақтаған, ел-жұртқа қадірлі кейуана Рәзия шешей, қасиетті қара қобыз және бұзылып қалған бейіттің орнына тас үйіп белгі қалдырғандар бейнеленген-ді. Соған қарамастан жорналшы Қ.Сәрсенбай: «И.Жақановтың тынымсыз еңбегінің арқасында Ы.Дүкенұлының жатқан жері анықталды» дегенін қоймайды. Мен облыстық мәслихаттың депутаты А.Майлыбаевты біраздан бері білуші едім. Халық қызметшісі міндетін атқаруда көзге түсіп жүрген азамат. Бірақ, бұл жолы жорғасынан жаңылып қалғандай. Асаубайдың «Ақ жолда» жарияланған мақаласынан мәмілегерлікті байқай алмайсыз. Сөзім уытты болсын дегені ме, әлде мықтылармен сыбайлас екенін танытқысы келгені ме, әйтеуір бір өктемдіктің ызғары білініп тұр. Депутат көпшік қоя сөйлеуді ұнатады екен. Былай дейді: «Қазақтың қабырғалы қаламгері Несіпбек Дәутайұлы киелі қыл қобыздың құдіреті – Ықылас Дүкенұлының сүйегін Саудакент аулына қайта жерлеу туралы мәселені орынды көтеріп отыр. «Қыл қобыздың киесі Ықыластың рухы күңіреніп жатпасын қу далада» деген тақырыптың өзінен көзі ашық, көкірегі ояу әрбір пенденің жүрегі зырқ ете қалмай ма?» Пау, деген-ай. Қалай ойлайсыз, бұлайша әсірелеу артық емес пе? Содан соң Асекең: «Атыраудан бір топ зиялы қауым өкілдері қаламгердің айтқанын қолдап, газет бетінде «Ықылас мавзолейі құлазымасын» деп орынды пікірлерін білдірді» дегенді дәтке қуат етіп, өздерінің әруақты мазалағанының дұрыстығын нығарлай түседі. Керісінше, өмірлік тәжірибесі мол сарысулық қария Т.Маманұлының ел атынан айтқан Ықыластың сүйегін қозғамау жөніндегі орынды талабын біржола жоққа шығара мансұқтап, ашуға басады. Шариғат жолын ұстанған аузы дуалы ақсақалға сонша шүйілетіндей не болды? Сөз бостандығы асыра айтуға, доқ көрсетуге ешкімге де мүмкіндік бермейді. Іс басында жүргендер мұны ескеруі тиіс. Ол қара аспанды төңкеріп, Қуаралға дейін жол және Шу өзеніне көпір салу дегенің ақылға сыймайды дегенді көлденең тартады. Сөйтіп, көкейін тескені аруақтың қамы емес, бизнес екенін жасырмайды. «Туризм қүлазыған қу далада емес, Ықаңның сүйегі қайта жерленген Саудакентте дамиды» деп соғады, сабазың. Бұған жұртшылық қалай қарайды дегенді қаперіне де алмайды. Сонымен ел арасына сына қағып отырған Т.Маманұлы емес. Қайта-қайта Несіпбекке бас ие жүгініп, бар ақиқатты сол білетіндей ышқынатын Майлыбаевтың өзі. Ел ішінде жүрмін, бәрін білемін десе де күні кеше өзін қолдап, депутаттыққа сайлаған көпшіліктің мұң-зарын ол естімейді. Әйтпесе, қобызшының әруағына қасақана жасалып жатқан қиянатқа соның араша түсетін жөні бар емес пе? Ол Сарысудың бел баласы. Әулие Ықаңның мәйітін қайта жерлеу жөніндегі мұсылмандықты тәрік еткендерге қарсы шығу соның тек перзенттік емес, азаматтық борышы ғой. Ал, Ықаңның қабірі жатқан Шу өзені бойындағы Қуаралға бару үшін жол мен көпірді салдыру халық қалаулысының атқаратын міндеті. Облыстық мәслихаттың сессиясы сайын мінберден түспейтін ол, сол белсенділігін енді неге көрсетпейді? Тиянақтап мәселе қойсын. Жан-жақты ойластырылған ондай істің қолдау табары сөзсіз. Мұнысы нағыз сауапты шаруа болар еді. Жамбыл облысынан бұған жұмсалатын қаржы қанша болса да табылады. Амал не, Майлыбаевтың кежегесі кері тартып түрған сыңайлы. Тағы да ескерте кетейік. Шариғат заңы бойынша ту баста «аманат» деп қойылған мүрдеден басқасына қол тигізуге болмайды. Ол ақирет күніне дейін сол қалпы сақталуы тиіс. Егер де бұған қиянат жасалса мұның күнәсі соны істегендердің мойнына жазылып, олар дозақ отына мәңгі өртенеді. Шырын Түсіпбекқызы жоғарыдағы маған жазған хатында атасының әруағын сынықтан сылтау тауып, көкпарға салушылардың дем берушісі І.Жақанов деп күйіне айтқаны орынды. Бұл жөнінде менің де күдігім бар-тын. Білгіш қазекем осындайда: «Пәленің басы буырылдан басталады» демей ме? Әуел бастан осы алашапқынға мұрындық болып, аруаққа «шабуылдың» «тактикасы мен стратегиясын» белгілеп берген І.Жақанов екені айдан анық. Соның «идеясын» жүзеге асыруға құныға кіріскен сарысулық «муриттері» Е.Мысықбаев пен Т.Алтайбаевтар «Алтын орда» газетінде: «Ықылас бабамыздың Ұлы Жібек жолының бойында көз тартатын көркі бар кесенесінің салынғанына да он жеті жылдың жүзі болды. Ал қазақ ұлттық мәдениетінің тарихында өшпес орны бар тұлғаның адам аяғы баспайтын елсізде – алыстағы Қуаралда жетімсіреп жатқаны рас. Ендеше, ұлы кобызшы сүйегінің елі көтерген еңселі кесенеге әкелініп, қайта жерленгені жөн. Бұл мәселені белгілі композитор, жазушы, өнер зерттеуші И.Жақанов әлдеқашан көтергенімен қолдау таппай келеді» деп зарлайды. Ата-сақал аузына біткен дейтіндердің бұлайша күпінуінің шындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Олай дейтінім, әлгі жазғыштардың ата-бабалары қазан төңкерісіне дейін Сарыарқаны жайлап, Шу бойын қыстап келгені белгілі. Ал, кеңес өкіметі кезінде бұл өңірде Сарысу ауданынан мал өсіретін үш шаруашылық құрылған. Бұлардың орнында қазірде бір қауым ел отыр. Мысықбаев пен Алтайбаевтардың «адам аяқ баспайтын елсіз» дегені шылғи өтірік. Осындай қу мекиенге арнап Ілия «Жайлаукөл кештері» деген әнін неге шығарды екен? «Дайын асқа тік қасық» болып дағдыланған ол күй абызының аруағын шын құрметтейтін болса біз санамалап өткен кемшіліктерге жол бермес еді. Егер жөн білсе, сонау жылдары Жамбыл облысының әкімі болған, қазіргі «қытайтанушы» сенатор Ө.Бәйгелді бастаған біліксіз сәулеткерлердің қобыз бейнесінде жасалды дейтін кесенесымағын марқұмның мәйіті жоқ жерге салғызуды қолдап, «Ықаңның творчествосын зерттеушімін» деп екі қолын бірдей көтерген сол еді ғой? Ықаңның мерзімінен он жыл кешігіп өткізілген 150 жылдық мерекесіне жайылған мол дастархан басында соның қаттыны қайырып, жұмсақты жұмырғандай желпілдегенін естігенмін. Бұл әруақты аттап өтіп, атақ шығарудың бір жолы ма? Шырын бәйбішенің І.Жақановты «туажат болып кетті» дегені шындыққа саяды. Мәселен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңде туған елге ең болмаса сөзімен болса да қол ұшын берейін деген оның ойына кіріп-шықпағанын мен де білемін. Сарысудан ат та, авто да мінгенін ұмытып кетті. Шәкеңнің әлгі хатында айтқан: «Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында топырақ бұйырған бабамыз Қарабура әулиенің зәулім кесенесіне Алаш баласының ынтымағын таныту үшін қазақ халқының марқұм болған атақты адамдарының топырағымен бірге аты-жөндерін жазып қою рәсімі болғанда менің атама 4-орын белгіленген екен. Біз өткен күзде сонда құдайы беруге барғанда жерге қарағандай болдық. Атама арналған орынға қырғыз жазушысы Ш.Айтматовтың есімі жазылып, досы І.Жақановтан делініпті. Ілияның бұл оғаш қылығы көңілге дық салды. Мұнысы аз болғандай: «Шақалар маған өкпелемес, көп жақсылық жасадым, Ықылас туралы кітап жазғанмын» деп өктем сөйлепті. Айтыңызшы, осы дұрыс па?» Баяғыда, яғни 1989 жылы шыққан романға назар аударуымызға осы себепкер болды. Бір түсініксіздігі шығарманың алғашқыда қырғыз тілінде басылғаны. Қазақшасы бір жыл кейін шығыпты. Әлде оны автор қырғызша жазған ба? Ақиқатқа жету үшін роман деп айдар тағылған шығарманы жатпай-тұрмай оқып шықтым. Турасын айтсам, салған жерден көңілім құлазып сала берді. Кітапқа бүкіл ғұмыры арқау болған Ықылас Дүкенұлының ең болмаса туған, қайтыс болған жылдары да дұрыс жазылмапты. Автор оны 1843-1915 жылдар деп сүйкей салыпты. Мұнысы жалған. Бұған кейін тоқталамыз. Әзірге айтпағымыз басқа. Кітаптың бірнеше сөйлемнен тұратын аңдатпасының өзінен жазушының қолы көтере алмас шоқпарды белге байлап, дұрыс бағыт ұстамағаны көзге түседі. Ықыластың өнеге алған ұстаздарының ең ықпалдысы деп қырғыз Күреңкей қияқшыны атап көрсетуі көңілге бірден күдік-күмән туғызды. Содан соң Ықаңа түс көргізуі де шындыққа жанаспайды. 1965 жылы қыркүйектің 25 күні Ықаңның Шу өзені бойындағы Қуаралдағы қабіріне мені ертіп барған Райымбек ақсақал бұл әулетке қара қобыздың киесі Ықыластың атасы Алтынбектен бастап қонғанын тілге тиек еткен-ді. Жолай Арқа елінде аңыз болып тарап кеткен мына бір тәмсілді еске түсірді. Алтынбек қобызшы: «Дүкенімнің саусағы жеткен жерге енді менің саусағым жете қоймас» депті. Дүкен айтыпты: «Бұдан былай қобыз пірі – Ықыласым болады». Кейін Ықаң: «Қара қобыздың құты бұл жолы Түсіпбегіме қонады» деген екен. Ал, Ықаңа таңылған түсті көрген Түсіпбек көрінеді. Райымбек қарт мұны сол кісінің өз аузынан естігенін маған айтқан еді. Бұдан шығатын қорытынды Жақанов ақиқатты бұрмалап, қиялдың жетегінде кетуді әдетке айналдырған. Біз оның суреттеп отырған образына септігін тигізетін ой-толғамына қарсы емеспіз. Егер ол шындық болса. Тек Ықаң әулеті емес, бүкіл Арқа өңіріне белгілі жәйтті жерден жеті қоян тапқандай өңін айналдырғаны абырой әпермейтінін, әдеби шығарманың құнын түсіретінін ескерткіміз келді. Сарысу ауданынан 49 адамның жазған «Наразылық хатына» облыстың өкіл иманы А.Керімбектің жауап бермегені қалай? Егер де сол хатқа кезінде көңіл бөліп, әлгі мақала жазғыштардың мұнысы дұрыс еместігін діни тұрғыдан дәлелдеп, газеттер арқылы риуаят айтқанда бұл мәселе сонша ушықпас еді. Осы жерде Жаңаарқа ауданында тұратын әдебиетші Жақсыбай Сүлейменовтың Ықаңның қобызшылығы туралы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қалам тартқанын айту орынды. Ол «Жаңа арқа» деп аталған аудандық газетте 1964 жылдың 2-7 шілдесінде «Талант тарихы» деген айдармен «Ықылас Дүкенов» деп аталған зерттеу мақаласын жариялады. Сол арқылы Қарағанды облысының жұртшылығы ұлы қобызшының өмірімен, творчествосымен алғашқы рет жан-жақты танысты. Мақалада былай деп жазылған: «Қобызшы-композитор Ықылас 1834 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, қазіргі «Жеңіс» совхозындағы Қамысмола деген жерде Сарысу өзенінің бойында туған. Бұған дәлел, 1916 жылы Ықылас дүние салғанда шәкірті, бүгінде сау-саламат жүрген Бұралқы Құдайбергенов қария ол кезде 39 жаста екен. Ұлы қобызшы 82 жасында о дүниеге аттанғанда Бүрекең қадірлі ұстазын соңғы сапарға шығарып салып, басы-қасында болған. Қазір ол кісі «Жеңіс» совхозында тұрады». Ықаңның туған, қайтыс болған жылдарының ақиқаты осы. Ал, Жақанов қате жазған. Бұдан кейін Ықыластың Кіші жүздің Тамасынан тарайтын Шақа руынан екендігі айтылады. Нағашысы Орта жүздегі Ноқта ағасы Тарақтының Әлеуке-Көгедей аталығынан Дүрет Шілмәмбетұлы деген белгілі адам. Ол қобызшы екен. Анасы–Шәмшия көрікті де ақылды болған. Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы Ұлы Отан соғысының қаһармандарының бірі–Байғозы Наймантайұлын Ықылас нағашым деп мақтан тұтқан. Бір Алладан соң сол кісінің әруағына өмір бойы сиынып өткен. Мақала авторы Ықаңның қобызшылық тәлімді алғашқы рет атасы Алтынбектен алғанын, содан соң бұл әулетке мұра болып жалғасқан киелі өнерпаздықтың қыр-сырын әкесі Дүкеннен жалықпай үйренгенін нанымды баяндайды. Ол өзінің тұңғыш күйі «Қоңыр шалқуды» 19 жасында шығарыпты дейді. Жас таланттың бойын кернеген бұла өнерпаздықты тура жолға бағыттап, жетілдіруге ағалық қамқорлықтарын аямай, шын ниетпен қол ұшын бергендер қобыз тартудың атақты шебері Жанақ Сағындықұлы, жасынан қобыз тартып машықтанған, күміс көмей ақын Шөже Қаржаубайұлы және өз замандасы, шертпе күйдің саңлағы Тәттімбет Қазанғапұлы. Сол сияқты Сарыарқаның басқа да дүлділдері екен даусыз. Ықаңның әлде бір қиялға беріліп, Алатаудан қияқшыны іздейтіндей жөні жоқ қой. Ықылас Дүкенұлының қара қобыздың киесі атанған асқан талантын бүкіл Алаш баласына мойындатқан тарихи баға туралы тұжырымды келтіру артық болмас. Қазақ Совет Энциклопедиясының 12-томының 349-350-беттерінде былай деп жазылыпты: «Ықылас Дүкенұлы ­– қазақтың белгілі күйші қобызшысы, композитор, қыл қобызда ойнаудың асқан шебері. Ол қазақтың көне аспабы қыл қобызда шебер ойнаумен қатар, сол қобыздың дыбыс көлемін байытып, өлшем-ырғағына өзгерістер енгізді, мелодиялық үн-бояуын түрлендірді. Кейін өз жанынан күй шығара бастады. Сол күйлерді орындау арқылы қыл қобыздың мүмкіндігін шегіне жеткізе кеңейтті. Ғасырлар бойы бақсы-балгер аспабы болып саналатын қобызды халықтың тіршілік-тынысын, арман-мақсатын жырлайтын аспапқа айналдырды». Өкінішке орай, энциклопедияда да Ықаңның туған жылы 1843 деп қате жазылған. Кітап роман делінгенімен күрделі жанрдың атанның белін қайыстырар ауыр жүгін межелі жерге жеткізе алмай, жолда қалдырған. Өйткені, басты кейіпкердің өмірі, ол өскен орта жан-жақты, қапысыз зерделенбеген. Осы себепті қыл қобызшының талайды тамсандырған асқан шеберлігі, бойын кернеген бұла таланты, бұрын-соңды болмаған жаңашылдығы, басқаға әсте ұқсамайтын жоғары адамгершілік тұлғасы көзге түсіп, көңіл көншітпейді. Ықыластың Ұлытаудай асқар бейнесі жатаған тәбешік тәрізді қораш. Ол жақсылығы өзінен артылмайтын, күйкі тіршіліктің күйбеңі мен күн кешкен, санда бар, сапада жоқтардың бірі тәрізді. Бір Алла дарытқан өнерпаздығы да мүлде көмескі. Қолына әуейілікпен қобыз ұстап, тек дүмділердің алдында бірдеңе берер ме екен дегендей жалпаң қағатын жалтақбайдың «әржақ-бержағында» қалған. Ықылас қобызының қоңыр үні құлаққа жа­ғымды, әсте қайталанбас сарынымен қымбат. Ол адам жанын тебірентіп, жеті қат көкке көтеріп, бүкіл әлеммен қауыштырғандай әсер қалдырады. Саз­гердің данышпандығы әрқашанда көкірек көзі ояу, сезімталдығының ешкімге бітпеген сергектігінде ғой. Сондықтанда басқалар байқай бермейтін өмірдің толғауы тоқсан құбылыстарын күй мазмұнына айналдырады. Ол өмірге деген құштарлықтың қанын қыздырып, кәміл адамдық биікке нұсқап, өршіл рух сыйлайды. Жүрекке шынайы иман ұялатып, үкілі үміттің отын жағады. Бір Алладан соңғы құдірет осы деп мойындамасқа амал жоқ. Жақановтың көңіл тұшытпайтын құрғақ баяндауынан мұны сезіну мүмкін емес. Қорыта айтсақ, ақиық атанған нағыз өнерпаздың толыққанды образы жасалмаған, оған автордың шамасы жетпеген. Ерназар әулетінің құты болған, ел-жұртына қадірлі Алтынбек надан байлардың әбден можа болып қартайғанға дейін күйеуге шығатын шүйке бастарына әшекей бұйымдар жасатып сәумеңдетіп қоюы, оның касында ертелі-кеш бет-аузы қара күйелеш болып бозбала Ықыластың жүруі қандай қисынға келеді? Тіпті, көрігінің өзі «жамау-жасқаулы» деп соғады. Жамаулы көріктің желі шығып кетіп, отты үрлей алмайтынынан Ілияның хабары жоқ екен. Кір-қожалақ қалпымен Ықыластың Қоңыр төренің қызы Айкүміспен кездесуі, солардың көз алдында атасы Алтынбектің «ышқырын ұстап бүгежеңдеп, торпақтар жайылып жүрген өзекке дәретке кетуі», оны қыз-қырқынның мазақтап жырқылдап, ернін шығарып, «ұятсыз деуін» қағазға түсіріпті. Алтынбектей әулиені күйгелек, ашушаң, пәтуасыз етіп көрсетіп, Арқа қазағының сөз қорында жоқ «қызталақ» деген боқтықты аузына салып қойыпты. Дүкен мен Ықыласты кіріптар етіп, Сапақ байдың қойын баққызады. Қояндының қан базарында зыр жүгіртіп, әркімге бір жалынтып қобыз саудалатады. Жақанов қырғыздарды көзінен тізіп жазғанымен, Ықаңа туыстық қатысы бар адамдардың аты-жөнін бұрмалап көрсетеді. Ол кісінің шешесі Байғозы батырдың қызы емес және есімі Шәкі емес, Шәмшия. Жас Ықылас пен Кемен қыздың аттың жалы, түйенің қомындағы «бұт махаббатына» өзі шағын кітаптың жүз бетін арнағаны қалай? Содан соң қырғыздың ырларын жөн-жосықсыз тықпалап беріпті. Сөз қолданудағы орашолақтығынан көз сүрінеді. Мәселен, қазақ киіктің лағын құралай дейді. Іштегі қата емес, ішек-сілесі қата күледі. Өкшесі биік сұр етік емес, ол көксауыр етік қой. Көзі шоқтай жанған ісек бола ма? Қазақ «көзі шоқтай жайнаған» деп адамға айтушы еді. Осы да жетер... Жазба әдебиеттің ежелден қалыптасқан бұлжымас заңы бар. Тарихи тұлғаның өміріне арналған шығар­маларда «өтірікті шындай, ақсақты тыңдай» етіп жазу әбестік, біліксіздік болып табылады. Ал, Жақанов бұл талапты орындауды қажет деп санамай, роман жазған осылай деп, көңілге емес, көзге іліккенді талғамай, қоқытып жаза берген екен. Сөйтіп, ұсақтап кетіпті. Тарихи тұлға өзі өмір сүрген дәуірмен шендес­тіріле суреттелуі тиіс. Бірақ, Жақанов бұған мән бермегендіктен шындық бұрмаланған. Соның жылмита жазғанына сенсек, Ықаң қырғызға бозбала шағында барған сияқты. Бұдан біраз бұрын Кенесарымен Наурызбайдың Жантай Қарабеков бастаған манаптардың қанішер зұлымдығынан шейіт болғаны белгілі. Бұл, екі ел арасында соғыстың дүмпуі әлі басылмаған кез еді. Міне, осындай қауіпті аласапыранда жас Ықыластың Алатауға келіп, сауық-сайран салды деуі мүлде қисынсыз. Нақты тарихи фактіге жүгінсек былай. 1847-жылы қазанның 15-інде қырғыздың бас манабы Жантай Қарабеков Кенесары ханның қырғызбен соғысы және қаза табуы туралы Сібір қазақтарының шекара бастығына хат жолдаған. Бұл құжат ҚР-ның мемлекеттік орталық мұрағаты қорындағы 2920 істе сақтаулы тұр. Хатта былай делінген: «Сол кезде (1847 жылдың көктемі, дәл майдан басталатын күннің алдындағы түнді айтып отыр) Рүстем сұлтан, Сыпатай би Әлібеков енді Кенесарымен не істесең, соны істе, саған бердік, деп әскерлерін алып (12 мың адам) кетіп қалды». Кенесары ханның басына Ресей патшасы тіккен 3000 күміс ақшаны кейін Рүстем сұлтан, Сыпатай би және Жантай манап үшеуі бөлісіп алған («Ақ жол, Қазақстан» газеті, №1, тамыз, 2000 жыл). Ықаңның адамгершілік және өнерпаздық тұлғасын асқақтатуға жасынан бір Аллаға сиынып, екі жаһанның бақытын уәде еткен Ислам дінін жетік білуі айырықша ықпал жасағаны мәлім. Сондықтан 1886-жылы 62 жасында Меккеге сапарға аттанып, қажылық парызын абыроймен өтеп қайтқан. Бұдан соң Ықаңды ауыл-аймақ, елі-жұрты қастерлеп әжіата деп құрмет тұтқан. Жақсыбай Сүлейменов маған жуырда факспен жолдаған хатында осыған байланысты және «Ықылас» романында ақиқаттың бұрмаланғаны жайлы өз ой-пікірін ортаға салыпты. Кәне, соған құлақ түрелік. Ол былай дейді: – Ықаң атамыз 1916 жылы дүниеден озғанда айтылған ұзақ жоқтауды бала күнімде жатқа білуші едім. Соның әлі жадымда сақталған бірер шумағын еске түсірейін. «Жанкісі, Тыныс едік бірге туған, Арқа да кесіп, кірін жуған. Қобыз тартып, ән айтып думандаттық, Орала ма, сол күндер сауық құрған? Айырлып әжіатадан болдық ғаріп, Қайғырып аза тұтып, естен танып. Аспанда шалқыр ма енді қобыз үні, Сарнатып ел тағдырын мұңға салып. Әжіатаны қазағым құрметтеген, Сексен аса ажалға ол беттеген. Бәріңе айтылатын аманат бұл, Дұға оқыңдар әулиеге шын ниетпен». Амал не, жарықтықтың жұртқа үлгі болып, адам жүрегіне иман ұялататын өмірінің осы жарқын кезеңі жайлы романда бірауыз сөз жоқ. Ілияның шындықты көзге ілмеуі қалай? Ол Құдайдан қорқып, әруақтан именбей ме? Жақановтың тағы бір өтірігін айтпасыма болмайды. Ықаң әулетін атасы Алтынбектен бастап сіңірі шыққан кедей етіп көрсету шектен шығушылық дер едім. Ғұмырында шыр бітпесе Ықылас жер түбіндегі қажылыққа қалай барды? Ал, оның үлкен ұлы Түсіпбектің 1928-жылы ірі байлардың қатарында тәркіленіп, Оралға жер аударылғаны белгілі. Әкесі бай адам болмаса, оған мыңғырған мал қайдан келген? Бұл кітап туралы менің тағы да айтарым бар. Басты кейіпкері Ықылас делінсе де негізінен мұнда қырғыздар қолпашталғаны бірден көзге түседі. Қазақтың қазақ халқының атажауы орыс отаршыларына қарсы қазақ халқының ұлт-азаттық күресінің көсемі Кенесары ханның түбіне жеткен жауыз Жантай Қарабековты сонша дәріптеуі масқара емес пе? Бұл аздай, оның баласы Шабданды және қырғыздың сол кездегі басқа да шөпке тышарларының бірін қалдырмай мадақтайды. Бұлардың бәрі қанды қол құныкерлер. Шәйіт болған ханымыздың мәйітін қорлап, басын кесіп орыс патшасына апарып бергендер де осы жексұрындар. Жақанов қалайда Байекеңдерге (қырғыздарға) жағыну үшін бақай есептің соңынан мұрнын тескен тайлақтай ере берген. Шыңғыс Айтматовтың емеуірінімен Ілияға кітапты қырғыздар жазып берген деген сөз текке айтылмаса керек. Әйтпесе, ол кітап алғашқыда қырғыз тілінде басылып шықпас еді. Сол себепті де Қарабура әулиенің кесенесіндегі Ықыластың орнына Айтматовтың есімі бекерге жазылған жоқ қой, – деп ашына аяқтапты Жақсыбай өзінің пікірін. Қазақта сұраса келе қарын бөле болып шықты дейтін сөз бар. Жақсыбай Ықыластың ағасы Жанастың қызы Жұмакүлден туған жиені екен. Ұлы нағашысына бүйрегі бұрып, Жақановтың жатаберісін бет-жүзіне қарамай әділдікпен айтуының орынды екенін біз де қуаттаймыз. Мұнда ол біреуге күйе жағып кінәлаудан аулақ. Айтпағы елдігімізді танытып, әруақты мазаламайық, рухын құрметтейік деген ақсақалдық ізгі ниеті. Қорыта айтсақ, Ықыластың рухы моласында емес. Сүйегін көшіруді даңғазалау арқылы әруақты риза етемін деу үлкен қателік. Мәселе басқада. Қыл қобыздың киесі атанған ұлы сазгердің даңқын әлемге жайган әсте қайталанбайтын музыкалық шығармалары ғой. Егер баға жеткізісіз осы рухани байлықты көздің қарашығындай сақтап, қалың көпшіліктің кәдесіне дұрыстап жарататын болсақ, алға қойылған мақсат орындалады. Міне, сонда ғана Ықаң аруағы құрметтеліп, кейінгі ұрпаққа деген арман-аңсары ойдағыдай жүзеге асырылады. Ол үшін қобыздың қоңыр үнінен сәби кезінен қол үзген, әлде бір жағымсыз бөгде дыбыстай оны жатырқайтын жас жеткіншектерді соған баулуды мектеп қабырғасында ыждаһаттықпен жалғастыру оң нәтиже берері күмәнсіз. Өкінішке орай, менің бұл айтқандарымды қолға алу тиісті орындар тарапынан әзірге ескерілер емес. Ықыластың бай мұрасын насихаттау және оны шын мәніндегі мәдени рухани қажеттілікке айналдыру ең алдымен Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда ғылыми негізде жолға қойылуы тиіс еді. Амал не, оқу орындарының басшылары мұнымен түбегейлі айналыспауда. Қазақтың халық музыкасының тарихын оқытқанда Ықылас творчествосына арнайы курс ұйымдастырылмаған, жалпылама шолу жасаумен шектеледі. Сондықтан студенттер қыл қобыздың асқан шеберінің шығармаларына онша қызығушылық, ынта танытпайды. Мұндай кертартпа көзқарасты өзгертуге батыл шаралар қоданылуы қажет. Бұған Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммед мырза баса назар аударып, пәрменді ықпал жасауға міндетті деп ойлаймыз. Ұлы күйші сазгерден Алаш жұртына мұра болып қалған бірден-бір жәдігері қасиетті қара қобыздың қазіргі сақталу жайы жұртшылықты аландатып отыр. Олай дейтініміз, сол тәбәрік, құндылығын алтынмен де анықтай алмайтын музыкалық аспабтың облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы бастығы Ә.Әмзеевтің «делдалдығымен» үш бөлмелі үйге айырбасталып кетіпті. Бұл аспабтың тұратын жері берісі–Алматыдағы Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық аспабтар мұражайы, әрісі–Елбасының Мәдени орталығы деп білеміз. Ол Астанада сақталатын болса, тек өз еліміз емес, шетелдерден сапырылысып келіп жатқан сыйлы қонақтардың көзайымы болары сөзсіз. Тараз қаласындағы химиктердің бұрынғы мәдени үйінің қасындағы ескерткіш қобыз өнері классигінің өмірдегі жарқын бейнесін көмескілеп жіберген. Бұдан саңлақ қобызшының тұлғасын тани алмайсыз, әрі тұғыры тым төмен. Көп жыл бойы атаусыз қалған осы мәдениет ошағына неге халық сазгерінің есімі берілмейді? Жасыратын несі бар, соны қазір аман-есен жүрген алматылық бір әртіс өзіне иемденіп алыпты деген дақпырттың тарағанына көп болды. Алаштың ардагері Ықылас Дүкенұлының рухын асқақтату бәріміздің құрметті борышымыз.

Сағат АРЫНҰЛЫ ТАРАЗ