Шымкентте елді дүрліктірген атышулы "авторитет" сотталып кетті
2016 ж. 30 қараша
4637
0
Шымкентте қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 46 жастағы атышулы авторитет «Ёскаға» үкім шықты деп хабарлайды Oinet.kz порталы.
Екі кәсіпкер бірлесіп бизнес ашады. Бірақ істері жүрмейді, қыруар қарызға батады. Қарызды кәсіпкердің екеуі де төлегісі келмеген. Ақыр аяғында бірі кәсіпкер мүлдем қарасын батырып, қашып кеткен. Қарыздың оңайлықпен қайтпайтынын түсінген ана кәсіпкер мәселені заңсыз жолмен шешуге кіріскен.
Ол әлдебір жігіттерді жалдап, қарызды мәжбүрлеп қайтарудың амалын қарастырады. Қарызданған кәсіпкер де қарап жатпайды, ол «Ёскадан» көмек сұраған. Жүсіпбек Бартакеев кәсіпкерді қыспаққа алып, жасасқан келісім шартты бұзуға мәжбүрлеген. Бұдан бөлек одан 10 мың доллар талап еткен.
Сот үкімімен Жүсіпбек Бартакеев 13 жылға бас бостандығынан айырылуға, жазасын түзету мекемесінің қатаң режимінде өтеуге сотталды. Оның екі сыбайласы Серік Жапашев 11 жылға, Мұхамеджан Орманов 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
Алайда сотталушылардың туыстары сот үкімімен келіспей отыр. Олардың айтуынша, жігіттер екі азамат арасында дауды шешіп, оларды өзара бітістірмек болған. Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.
Жүсіпбек Бартакеев 1970 жылы туған. Ол бұған дейін қару сақтағаны үшін бірнеше рет сотталған. Қылмыс әлемінде үлкен беделге ие. «Ёсканың» бұл жолғы қылмыстық ісін Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүгізген.