ДҮЛДҮЛІ МЕН ДҮБІРІ КӨП ЖЕТІСУ

БАҒЫ ЖАНҒАН МАРГАРИТА

Ер мінезді қыздарымыз ел мәртебесін көтеріп жүр. Еліміздің түкпір-түкпірінде спорттың әр түрінен жастарымыз өз шеберліктерін жоғары деңгейде көрсетіп келеді. Сол жастардың бірі аудан орталығы Өтеген батыр кентіндегі экономика және құқық колледжінің студенті Маргарита Агамбаева. Аудан мақтанышына айналған қаршадай қыз жақында ғана Иран мемлекетінде өткен жастар арасындағы шыңға өрмелеуден Азия чемпионатында  жүлделі 2-орынды алып келді. 

Жүлдегер қызымыз: «Бірінші рет шығып жатқан жоқпын. Қарсыластар да оңай болмады. Десек те, сәттілік менімен бірге болды. Азия мемлекеттері арасында 2-орын алу үлкен мәртебе», – дейді.

Маргарита 6-сынып оқып жүрген жерінде Чапай ауылдық округіндегі «Альпийская роза» туристік клубында жаттықтырушы Алексей Сапроновтан тәлім алған. Алғашқы жаттығудан-ақ осы спорт түрі ұнап қалған соң қызығып, жиі әуестене бастайды. Көп ұзамай-ақ алты айдан кейін  алғашқы жетістігін Талдықорған қаласында облыс бойынша жастар арасындағы шыңға өрмелеу жарысында көзге түсіп, Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Альпинизм және шыңға өрмелеу федерациясына арнайы шақырту алады. Онда ол альпинизм және шыңға өрмелеуден халықаралық спорт шебері Тамара Кузнецованың қарамағына түседі.

Міне, содан бері Алматы облысы және  республика бойынша алыс-жақын шетелдерде шыңға жылдам өрмелеуден тамаша жетістікке қол жеткізіп жүр. Өзі Қараой ауылында тұратынына қарамастан  70 шақырымды артқа тастап, Алматы қаласындағы аталмыш федерацияға жаттығуға келіп-кетіп дайындалады. Жақында Иран мемлекетінде өткен үлкен жарыстан келе сала Шымкент қаласындағы ел кубогы үшін өтіп жатқан жарыстан  үшінші орынды алып қайтты. Маргаританың айтуы бойынша бұл нағыз бәсекеге апарар жолдағы сатылық деңгейлер ғана.

Небәрі 17 жасар Қазақстанның Абсалюттік чемпионы, ҚР спорт шебері, ересектер арасындағы Азия және Орта Азияның күміс жүлдегері Маргарита спорт жолында бағындырар белестері әлі де көп екенін айтады. Соның бірі үстіміздегі жылы қарашада Қытай Халық Республикасында өтетін әлем чемпионатында алтын алқаны ұтсам деген мақсаты да бар.

БИЛЬЯРД БӘСЕКЕСІ

Талдықорғандағы «Жастар» спорт кешенінде Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай бильярдтан ардагерлер арасында Алматы облысының чемпионаты өтті. Оған өңіріміздің әр ауданынан іріктеліп келген ардагер спортшылар қатысты.

Жарыс облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіттің алғы сөзімен бастау алды. Ол жарысқа келген спортшыларды құттықтай келе:

– Осы уақытқа дейін өңірімізде жеке бильярд федерациясы болған емес. Біздің бұл спорт түрі Алматы қаласымен бірге дамып келеді. Алайда, үлкен жарыстарға  келгенде біздің кейбір спортшылар ескерілмей жатады. Сондықтан бүгінгі кешті пайдалана отырып, ақсақалдармен кеңесе келе қаламыздың бильярд федерациясын құрдық. Оның төрағасы болып Ахметсапа Шалқыбаев сайланды. Енді, болашақта біз де өңіріміздің спортшыларын ірі жарыстарға алып баратын боламыз, – деді. Жиналған қауым да қолдап, өңірлік спортты дамытуға қол ұшын созған шешімге дән риза болып жатты.

Осымен ардагерлеріміз басшылардың игілікті ісін мақтан етіп, көтеріңкі көңілмен жарыс­ты бастап кетті. Спортшылар жеребе тартып, бас төреші ойын ережесімен таныстырды. Сайыс бильярдтың «Мәскеу пирамидасы» түрінен өткенін де айта кеткеніміз жөн.

Алғашқы айналымнан-ақ тартысты басталған бәсекеде ақсақалдар тас таяқ ойынының хас шебері екендігін көрсетіп, тәжірибелері молдығын  дәлелдеді. Кілең «сен тұр, мен атайын» деген мықтылар. Арасында есімін естігенде ат үркер, бильярд ойынының жілігін шағып, майын ішкен, өңіріміздің намысын қорғап жүрген майталмандар да бар. Олардың ойыны тіптен ерек. Соққан соққылары торға дәл даритынына шүбә келтірмейсің.

Екінші айналым келіп, ойыншы азайған сайын жарыс қыза түсті. Алма-кезек ауысқан қариялар шарды бильярд торына шебердің шеге қаққанындай ғып тоғытып жатты. Бұл ардагерлердің тас таяқ спортының қыр-сырын меңгергендігінің белгісі. Келген көрермендер де ардагерлердің шеберлігіне тәнті болып, қариялар арасында осындай жарыс жиі ұйымдас­тырылып тұрса деген ниетпен тарқасты.

Ойын қорытындысы бо- йынша 1-орынды Ескелді ауданының ойыншысы Тоқтар Есімов жеңіп алды. 2-орын талдықорғандық Жылқышыбек Кенжебековке бұйырды. 3-орынды жаркенттік Қалижан Надыров пен Сарқаннан келген ойыншы Жеңісбек Сембаев иеленді. Сонымен қатар көрер­мен көзайымы номинациясы Кербұлақ ауданынан келген Тілеухан Жолғожановқа берілді. Ең қарт ойыншы номинациясын 81 жастағы Владимир Евдоков алды. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер Мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтарға ие болды.

ДҮЛДҮЛІ МЕН ДҮБІРІ КӨП ЖЕТІСУ

Ұлттық спорт десе алдына жан салмайтын аймақтың бірі - Алматы облысы. Талай дүлдүлдерді топқа қосып, дүбірлі дода өткізуде де ешкімнен кем түсіп жатқан жоқ. Ат құлағында ойнаған шабандоз­дарымыз бәйгенің алдын бермей ел мерейін асырып, топтан озып жүр. Мәселен Қырғыз елінде өткен халықаралық  Көшпенділер ойынында да аламан бәйгеде Жетісудың жүйрігі дара келіп, елдің атын шығарған еді. Дәл сол сәтте бөркін аспанға атпаған қазақ жұрты қалмаған шығар. Сонымен қатар Астана қаласында өткен «Алтын тұлпар» бәйгесінде де 51 шақырымды еркін бағындырған Ұлан Омаровтың «Жаннұр» атты сәйгүлігі бірінші келіп, шабандоз Асхат Әлімжанның жұлдызы жанғаны естен кете қойған жоқ. Міне, осындай жетістікке толы Алматы облысының ұлттық спорт мамандары өңірлік коммуникациялар қызметіне келіп, журналистермен жағымды жаңалықтарымен бөлісті.

Аталмыш брифингке облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұлттық және бұқаралық спорт түрлерін дамыту бөлімінің басшысы Алмат Үшкемпіров, облыстық «Бәйге» ұлттық ат спорты федерациясының президенті Рүстем Досжанов, тоғызқұмалақтан облыстық аға жаттықтырушы Айнұр Молдахметова және жас шабандоз Асхат Әлімжан қатысты. Ең бірінші сөз алған Алмат Тоқтарбекұлы облыста ұлттық спорт түрлері бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Бүгінгі таңда 1384 дене шынықтыру ұжымында ұлттық спортпен айналысушылар саны 46566 адамды құрайды. Оның ішінде қазақ күресімен 12850, тоғызқұмалақпен 15800, құсбегі 162, хандойбы 610, жекпе-жек 230, көкпар 4332 және ұлттық ат спортымен  12582 адам шұғылданады. 2011 жылдан бері облыста ұлттық ат спорты клубы ашылған. Сондай-ақ, облыс орталығында «Талдықорған», Жамбыл ауданында «Көкбастау», Қарасай ауданында «Нұрдаулет», «Азем» атты заман талабына сай атшабарлар бар. Жеткен жетістігіміз де бір төбе. Мысалға, Талдықорған қаласында көкпардан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Ел біріншілігіне барлық облыстан көкпар командалары келіп, апта бойы дүбірге бөледі. Міне, сол кескілескен тартыста облыстық көкпар құрама командасы үшінші орынды жеңіп алды. Қазақ күресінен де қара жаяу емеспіз. Шеберлігі асқан балуандарымыз әр кез байрақты бәсекеде оза шауып, облыс намысын жыртып жүр. Мысалға, төртінші республикалық ардагерлер спартакиадасында 2, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерекесіне орай ұйымдас­тырылған спартакиадасында 1-орынды жеңіп алды. Аламан бәйгеде де жұлдызымыз жоғары. Мұнан кейін сөз алған тоғыз­құмалақтан аға жаттықтырушы Айнұр Молдахметова ұлттық ойынымыз туралы біраз жағымды жаңалықтың бетін ашты. Расында да, тоғызқұмалақ ойыны қарқынды дамып келеді. Республикалық чемпионатта үздік шыққан ойыншыларымыз Азия, Әлем біріншіліктерінде бақ сынап, ел намысын құлатпады. Төртінші ардагерлер арасында өткен спартакиадада бірінші орынды жеңіп алдық. Дәл қазіргі уақытта облыста жастар арасында ел чемпионаты өтуде, онда екі жүзден аса тоғызқұмалақшы қатысып, апта бойы Талдықорған қаласын дүбірге бөлейді деп сөзін түйіндеді.

Ал, ат спорты федерация­сының президенті Рүстем Әмірғазыұлы ат спортының қыр-сырына тоқталды. Әсіресе, көкпар ойыны облыста жақсы дамыған. Мұның барлығы аталған спорт клубының мүшелері. Көшпенділер ойынында да біздің облыс­тың жігіттері ұлттық құрама сапында өнер көрсетті. Қазір аудандарда арнайы қазандықтар орнатылып, көкпарды дамытып келеді. Алғашында Жамбыл мен Қарасай аудандарында ғана тынысы кең тараған спорт, басқа аудандарды да шарпыды. Бүгінде облыстық чемпионаттар өтіп тұрады. Міне, сол додада Райымбек, Кербұлақ, Ескелді, Алакөл, Панфилов ауданынан келген көкпаршылар жақсы өнер көрсетіп жүр. Мұндай келелі жұмыстың қарқын алуына Орынтай Әмірғалиев ағамыздың еңбегін айта кеткен жөн. Ұлтжанды азамат, көкпардың дамуына бар күш-жігерін салуда. Білікті маман кейбір кемшін тұстарды да тілге тиек етті. Мәселен, көкпар ойнау үшін мықты жылқылардың керек екені анық. Команданы атпен қамтамасыз ету үшін жақсы жылқыларды сатып алуымыз керек. Оның бағасы да оңай емес. Сол үшін жұмыстар жасап жатырмыз. Көптеген түйіні қиын мәселелер бар. Алдағы уақытта шешімін табады деген сенімдеміз деп сөзін қорытындылады. Сонымен қатар жуыр­да «Жетісу жүйрігі» деген ат бәйгесін ұйымдастырдық. Бұл дәстүрлі додаға айналады. Бұл доданың мәртебесі биік болады деген ойдамыз. Иә, осы тұста, бір жылда жеті көлікті тізгіндеген үздік шабандоз Асхат Әлімжан да тілшілердің сұрағына жауап беріп, өз жаңалығымен бөлісті. Жас шабандоз алдағы уақытта да ел намысын жоғары ұстап, ұлттық спортты дамытуға күш салатынын айтты. Қаршадай бала жақында ғана облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Осындай жеткіншектеріміз көп болса, рухы биік ұлтжанды  азаматтарымыз көп болатыны хақ.

ЕРЖҮРЕК САҚШЫҒА АРНАЛДЫ

Қоғамдық тәртіпті сақтау және адамдардың өмірін қауіптен қорғау жолында қызмет бабында жүріп қаза тапқан тәртіп сақшыларының ерліктерін жерлестері ешқашан ұмытпайды. Солардың бірі талдықорғандық милиция сержанты Бауыржан Ақылбеков бауырымыз. Ержүрек жігіттің тілсіз тажалмен тайталаста батыл қимылдап, қып-қызыл от жалынының құшағынан адамдарды құтқару кезінде, өкінішке қарай, өзі мерт болған күніне де отыз жыл толыпты.

Сол жолғы жанқиярлық ерлігі үшін марқұм «Қоғамдық тәртіпті қорғау кезіндегі үздік қызметі үшін» медалімен марапатталған болатын. Осы датаның құрметіне Алматы облысы ішкі істер департаменті басшылығының бастамасымен қызмет бабында қаза болған полиция қызметкері Бауыржан Ақылбековты еске алуға арналған шағын футболдан жарыс ұйымдастырылды.

Жарыстың ашылу салтанатында жұртшылықтың алдында Бауыржан Ақылбековтың өмірбаяны мен жоғарыдағы ерлігі жайында тілге тиек етілді. Еске алушылар оның адамдарды ажалдан аман алып қалу үшін өзінің қыршын өмірін қиғандығы жайлы, оның ерлігі кейінгі жастарға үлгі болатыны туралы тілге тиек етті.

Бұл турнирге облыстың барлық өңірлерінен полиция бөлімшелері мен төтенше жағдай мекемелерінің өкілдерінен жасақталған 20 команда қатысты. Тартысты өткен кездесулердің қорытындысы бойынша Панфилов ауданының тәртіп сақшылары топ жарып, бас бәйгеге ие болды. Аталмыш ұжымға бұл турнирдің ауыспалы кубогы тапсырылды. Облыстық ішкі істер департаментінің аяқдопшылары тек ақтық ойында ғана жаркенттіктерге есе жіберіп, жеңіс тұғырының екінші сатысына жайғасты. Үшінші жүлделі орын өңіріміздің төтенше жағдайлар мекемелері ұжымына бұйырды.

Жарысты ұйымдастырушылар тағайындаған үздік ойыншыларға арналған арнайы жүлделер де өз иелерін тапты. Турнир барысында тамаша шеберліктерімен көзге түскен қақпашы Руслан Құсайынов, қорғаушы Айдын Дакиров және шабуылшы Медет Исанов ноутбук, теледидар және фотоаппарат сияқты бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Аталмыш турнир дәстүрлі түрде жылда өткізіліп тұратын болды.

АЙБАРЛЫ АРЫСТАР

Кеңес өкіметі тұсында солақай саясаттың кесірінен қазақтың спортшылары Олимпиада ойындарынан қағылып, жүлделі орындардан көрінсе де, қолдағы алтын КСРО құрамасының қоржынына түсіп жатты. Сыңаржақ қоғамның қиындығына қарамай қазақ өрендері  биіктен көрінген болатын. Тәуел­сіздік алғалы  спортымыз қарыштап дамып келеді. Бүгінгі күнге дейін еліміз 6 жаз­ғы және 5 қысқы олимпиада ойындарында өнер көрсетті.

Қазақстан ұлттық құ­рамасы тұңғыш рет 1996 жылы Атлантада өткен жаз­ғы олимпиада ойындарына қатысып, өз қоржынына 3 ал­тын, 4 күміс және 4 қола медальді салды. АҚШ-та қоланы қанағат тұтқан Ермахан Ыбрайымов Сидней төрінде сенімді өнер көрсетіп, алтыннан алқа тақса, жасындай жарқылдаған Бекзат Саттарханов та бас жүлдені қанжығасына байлап, ел абыройын асқақтатты. Қазақстанның ұлттық комитеті бастап барған Афина олимпиадасында Бахтияр Артаев жеңіс тұғырынан көрінсе, Бейжіңде Бақыт Сәрсекбаевтің бағы жанды. Тұманды Альбионда қазақ жұрты күллі әлемді таңғалдырып, айды аспанға шығарып тастады десек те болады. Еліміз 7 алтын, 1 кү­міс, 5 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 12-орынға табан тіреді. Бұл додада Серік Сәпиевтің алтыны ел мерейін үстем етті.

Биылғы төрткүл дүние көз тіккен Рио-де-Жанейрода қазақ спортшыларының мысы басым болды. Данияр Елеусінов, Жазира Жаппарқұлова, Елдос Сметов сынды қазақ спортшылары байрақты бәсекеде намысты қолдан бермей, қазақ жұртының үкілеген үмітін ақтап берді. Қазақстан жалпы есепте 17 медаль алып, бұрын-соңды болмаған көрсеткіштерге қол жеткізді.

Тәуелсіздікте жеткен жетістіктеріміздің санын жіпке тізер болсақ толағай табыстарымыз жетіп артылады. Бұның барлығы дербес мемлекет болып қалыптас­қан жылдардағы жарқын жеңісіміз.

Бүгінгі күні елімізде спортқа ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен қатар төл спортымыз­ды да дамытып келеміз. Елбасының «Жаңа онжылдық, жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Қазақстан халқына елімізде ұлттық спортымызды дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, ұлттық спортқа деген қызығушылықты арттырып, жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбилеу, халықтар арасындағы достық пен татулықты нығайту және ауыл, аудан, облыстардағы ең мықты спортшыларды анықтау, тәуелсіздік жылын бүкілхалықтық спорт мерекесі етіп өткізу керек дейді. Елбасының тікелей тапсыр­масымен қазір әр облыс орталығында салынып жатқан  Спорт сарайлары байрақты бәсекелерде топ жаратын небір саңылақтарымызды даярлап жатыр. Бұқаралық спортқа осындай қолдау көрсетіп отырса, рухты қазақ жұртынан әлі талай чемпиондар шығарына сенімім мол!

АРМАНЫМ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ БОЛУ

Бүгінгі күнде қолына былғары қолғап киіп, боксты серік еткендердің қатары көп. Сонау Кеңес өкіметінен бастап жіпке тізуге болады. Әсіресе, кәсіпқой боксқа аяқ басқандардың саны артуда. Оның басында Геннадий Головкин мен Қанат Ислам тұрса, кейінгі жас ұрпақтан Мадияр Әшкеевті де айтуға болады. Олай болса, әуесқойдан кәсіпқойға ауысқан Мадияр Әшкеевпен болған сұхбатты назарыңызға ұсынайық. 

– Әуесқой бокста әлі жетістікке жетіп үлгермеген боксшының кәсіпқойға ауысуына не себеп болды? Қонақбаев, Жарылғапов турнирлерінде топ жарғаныңызбен ел біріншілігінде жолыңыз болмады, бірде Рақманқұловқа, екіншісінде, Елеусіновке жеңілдіңіз, мүмкін Қазақстан чемпионатын жеңіп барып кәсіпқойға ауысу керек пе еді? – Әуесқой бокста кішкене жолым болмады. Алдыма қойған мақсатым – әлем чемпионы болу. Сол мақсатымды кәсіпқой бокста жүзеге асыру үшін ауыс­тым. Америкаға барып бағыңды сынап көр деген Жандарбек пен Жәнібек ағаларыма алғыс айтамын. Менің ойымша дер кезінде кеттім бе деймін. – Жамбыл облысының тумасысыз, бірақ жарыс­тардың басым көпшілігіне Маңғыстаудың атынан қатысып жүрдіңіз... – Жамбыл облысының атынан жастар арасында қатыстым. Қазақстан чемпионы болдым. Одан кейін Алматыдағы спорт-интернатқа қабылданып, Алматы құрамасының сапында жүрдім. Ал 2014 жылы Ақтау қаласына ауысып, сол жақтан шықтым. – Жартылай кәсіпқой бокс­тағы «Астана арландарының» қатарында үздік боксшы болдыңыз. «Куба Домадореспен» жолыққанда Олимпиада және әлем чемпионы кубалық Роньель Иглесиасты жеңдіңіз. Олимпиадаға, Әлем чемпионаттарына жолыңыз түспегенінен өкінетін сәттер бола ма? Дәл 69 келі болмаса да 64 не 75 келіде бақ сынап көру керек пе еді? – Кесіп айтайын, басқа салмаққа ауысу туралы ойламаппын, мүлдем қызығушылық бол­мапты. Өз салмағым осы. Мен салмағымды түсіріп не көтергім келмейді. Ал Олимпиадаға, Әлем чемпионаттарына барып бақ сынау бұйырмағаны үшін өкінбеймін. – Кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесулеріңізді «Астана арландарының» киімімен өткіздіңіз. «Астана арландарын» қимағандық па, әлде басқа себеп бар ма? – Жоқ, «Астана арландарын» қимағандық емес, ыңғайлы болды. Бастапқы кездесулерім келісімшартсыз өткендіктен, киіп шыға бердім. Оның үстіне басқа шортыларға қарағанда көпке шыдайды. Кей шортылар көп раундтық жекпе-жектерге келмейді. Су тисе қысып тұрғандары босап, салбырап шыға келеді. – Кәсіпқой бокста екі кездесу өткізгеннен кейін үлкен промоутерлік орталық «Main Events»-пен келісімшартқа отырдыңыз. Таңдау сізге түсті ме, жоқ әлде сіздің таңдауыңыз солай болды ма?  Гонорар жағы қалай? – Келісімшарт бойынша гонорар жағы құпия сақталады. Кәсіпқой бокстағы алғашқы екі кездесуімді көрген «Main Events» промоутерлік орталығының директоры Кэти Дува бесжылдық келісімшарт ұсынды. Мен қарсылық танытпадым, іздегенім де осы болатын. Содан бері Эгис Климас есімді менеджермен тізе қосып жұмыс істеп келемін. – Әр жекпе-жекке шапан киіп, қазақы әуенмен шаршы алаңға көтерілесіз. Қазақы болмысты әлемге әйгілеу деп түсінеміз. Енді басқа да ұлтымыздың қандай да бір ерекшеліктерін осы қатарға қосу ойыңыз­да бар ма? – Әрине, ойда бар. Келешекте көре жатарсыз. Мендегі негізгі мақсат – Қазақ елін күллі әлемге таныту. Әлем чемпионы болғым келетіні де содан. – 12 раундтық жекпе-жектерге қай уақытта көшуіңіз мүмкін? – Жуық арада емес, рейтинг жинау қажет. Ал келесі жылдан бастап 8-10 раундтық жекпе-жектерге шығамын. – Бес кездесуіңіз АҚШ-та, біреуі Ресейде өтті. Болашақта өз ұжымыңызбен ақылдасып Қазақстанда жекпе-жек ұйымдастыру ойда бар ма? – Әрине, өз елімде үлкен бокс кешін өткізгім келеді. Менеджермен ақылдасып та қойғанмын, келешекте рейтинг жақсы болса, міндетті түрде Қазақстанда кездесу өткіземін. – Биыл бес кездесу өткіздіңіз, келесі жылға қандай жоспарыңыз бар? – Алла бұйыртса алтыншы кездесуді өткізуді жоспарлап отырмын. Ал келесі жылы да дәл осылай 5-6 жекпе-жек өткізу ойда бар. – Ағылшын тілінде жақсы сөйлейсіз. Қайдан үйреніп жүрсіз? АҚШ-қа ешкімнің жетектеуінсіз өзіңіз келіпсіз, бастапқыда қиын болған шығар? – Ағылшын тілін алғашында білмей бардым. АҚШ-та жүріп тіл сындырдым. Әлі де жаттықтырушыларымның арқасында шет тілін үйреніп жатырмын. Бастапқыда көз көрмеген барлық жер қиынға соғады. –  Қазақстандағы бокста жүрген жандармен сөйлесіп, ой бөлісіп тұратын шығарсыз. Қай бапкерлермен тығыз байланыстасыз? Ол ағаларыңыз сізге қай тұста, қандай пікір айтты? – Қазақстандағы барлық бапкермен жақсы араласамын. Ақылдарын айтып тұрады. Қолдау білдірген жандарға тек қана ризамын. –  Сұхбатыңызға рахмет!

Тілдескен - Серік ҚАНТАЙ.

ӨЗ ОТЫНА ӨЗІ КҮЙГЕН ФУТБОЛШЫ

Олег Литвиненконы өз отына өзі күйіп кеткен адам деп қарауға болатын шығар… Жаратушы соншама мол талант бергенмен, сол талантты орнымен пайдалана алмаған жан бірте-бірте өзін жеп тынатын сияқты. Оның өмірі қым-қуыт оқиғаларға толы болады, бірақ соңына қарай таразы басы пендеуи әлсіздік жағына басылып кетеді. Литвиненконың ғұмыры дәл солай болды. Сөз жоқ, қазақ футболының өлара кезеңі дерлік 15 жылда ол аңызға бергісіз қаһарман бола алды.

Жарқын қадамдар Олегтің жарқылдай бастаған кезі біздің студенттік шағымызға тап келді. Ол әуелі Л. Остроушко жаттықтырған «Динамо» (Алматы) командасында мергендігімен танылды. Сосын өзін тәрбиелеген «Тараз» командасында (ол кезде «Фосфор») ауысып, 1994 жылы Қазақстан чемпионатының бас мергені атанды, қарсыластар қақпасына 20 гол соқты. 21 жастағы жігіт сол кездің өзінде еркіндігімен, доптың қалауынша үйіретін шеберлігімен, екі аяғының да мықты соққысымен ерекшеленген-ді. Әлі есімде, дәл сол жылы ол «Спорт» газетінің орысша нұсқасына сұхбат беріп: «Я – профессионал!» – деп мәлімдеген-ді. 20-дан жаңа асқан жігіттің бұл сөзінен өзіне деген шексіз сенімі байқалып тұрғаны айдан анық еді. Біз Литвиненконы 1995 жылы нағыз мерген деп таныдық. Қазақстан олимпиялық құрамасы Атланта олимпиадасының іріктеу кезеңінде Қырғыз­стан, Тәжікстан, Өзбекстан құрамаларымен бір топқа түскен-ді. Әуелі отандастарымыз 20 мамыр күні сырт алаңда Тәжікстанды 3:0 есебімен ойсырата ұтты. 1990 жылдардың ортасы дәл қазіргідей ақпарат базары қайнап жатқан кезең емес еді, сондықтан бұл жаңалықты ертеңіне естіген біздер бақытқа мас болып қалдық. Есепті 22-минутта Олег Литвиненко ашыпты. Ойыннан соң, қазақстандықтардың қимылына тәнті болған тәжік жанкүйерлері тік тұрып қол соқты деседі. Тіпті біреуі Олегті арнайы тоқтатып, гүл де ұсынған. Не десек те, бұл топта басты қарсылас Өзбекстан олимпияшылары еді. Көршілермен ойынды асыға күттік. 24 маусым күні Ташкенттен тағы да қуанышты хабар жетті: Қазақстан олимпиялық құрамасы алаң иелерін 2:1 есебімен жеңді. Екі голды да Литвиненко енгізген! Бұдан кейін Олегті көруге қатты құмарттық. Қазақстан олимпиялық құрамасының Бішкекте Қырғызстанмен 2:2 есебімен тең ойнағанын, Тәжікстанды Алматыда 3:1 есебімен (екі голдың авторы – Литвиненко) ұтуын заңдылық ретінде қабылдадық. 2 қыркүйекте Сергей Гороховодацкийдің шәкірттері Алматыда қырғыз ағайындарды 6:0 есебімен тұқыртты, Олег хет-трик жасады! Келесі ойын 7 қазанға жоспарланған-ды. Таяған сайын бізден де тағат кетті. Сабақтан шыға салып, Орталық стадионға тартамыз. Литвиненко бастаған жігіттердің жаттығуын көруге асықпыз. К. Гальченко, Р. Лучкин, К. Котов, Р. Гумар, Ә. Нысанбаев,                С. Жейлетбаевтар допты гүрс-гүрс соғады, қос қақпашы А. Ненашев пен А. Екторов жанталаса қайтарады. Бәрібір олардың арасында Литваның қимылы алабөтен. Өзі ешқашан езуін жимайды. Бір жолы жаттығу барысында бапкер С. Гороховодацкиймен бәстесіп қалды. Ұстаз бен шәкірт айып алаңының сыртынан айып доптарын кезек тебуге кірісті. Байқауымызша, доптың дәл «тоғыздыққа» енуі шарт! Ұстаз озып кетті! Литваның еңсесі түсе қойған жоқ, бапкерін шын ниетімен құттықтады, тіпті алаң шетіне дейін арқасына да мінгізіп алды. Біз қолтаңба алуға асықтық. «Литвиненко 10» деп шиіре жазды ол қағаз бетіне. Сол қолтаңба менде әлі бар… Иә, ол шынында да таланты ең жоғары – 10 балмен бағаланатын жігіт еді, әттең, өзі 5 балын ғана пайдалана алған сияқ­ты. 7 қазан күні стадионға ерте жиналдық. Ашып айтпасақ та көңілімізде күдік бар. Ташкентте есе жіберген өзбектер бүгін қаһарына мінсе қайтеміз? Олар жеңсе, олимпиадаға іріктеудің екінші кезеңіне жолдаманы иеленіп кетеді… Жоқ, Литва бізді бірден-ақ бақытқа кенелтті. Иә, сол гол әлі көз алдымда. 8-минутта қорғаныстың оң қапталынан доп алған Руслан Гумар оны бірден алға, түу алыстағы Литвиненкоға асырды. Олег өзін матай ұстаған қорғаушыдан тез сытылды да доп түсетін нүктеге құйын-перен жүгірді. Өзбек қақпашысы да айып алаңын тастай бере, допқа өлермендене ұмтылған. Міне, екеуі допқа бір мезетте жетті! Екеуі де допқа аяқпен ұмтылды! Әй, Олег-ай, қандай құйтыр­қы едің! Доп жерге түсе қалған сәтте ол оң аяғын сәл көтеріп, доп тез тоқтайтындай ғана қимыл жасады да өзі сол жаққа бұлт ете түсті. Қақпашы ауа қармап, айдалада қалды. Доп сиқырланғандай Литвиненконың алдына келді. Гол! Гол!! 70-минутта Олег тағы бір гол енгізді, Лучкин тағы бір доп үстеді. Өзбектер жалғыз голмен жауап қайыра алды – 3:1. Сол жылы Литвиненко «Елім-айдың» сапында Қазақстан чемпионы атанды, қазан айында Азия футбол  конфедерациясының (АФК) шешімімен құрлықтың ең үздік ойыншысы болып танылды!

сәтсіздік жолы Бұдан әрі Литвиненконың қарама-қайшылыққа толы жолы басталды. Қазақстан ұлттық құрамасы Азия чемпионатының іріктеу кезеңінде Қатар және Сирия командаларымен бір топқа түсті де, Олег Литвиненко оның сапындағы тұңғыш кездесуін 1996 жылдың 14 маусымында Қатарға қарсы өткізді. Бұдан соң күзде ол құрама сапынан біраз уақытқа аластатылды. Тіпті 1997 жылдың алғашқы жартысындағы әлем чемпионатының іріктеу ойындарына да қатысқан жоқ. Оның себебі кейінірек белгілі болды. Литвиненко режим бұзған, яғни, құрама жиыны кезінде ішімдік ішіп, бапкерлер көзіне түсіп қалған. Ол құрамаға 1997 жылдың күзінде оралды. Бірақ 4 қазан күні Жапониямен ойында оң аяғын қатты жарақаттап, маусым соңына дейін алаңға шыға алған жоқ. Келесі жылы ол «Елім-ай» сапында екінші рет ел чемпио­ны атанды. Олегті бұл кезде тағдырдың тағы бір тосын сынағы күтіп тұрған-ды. 1998 жылдың күзінде «Ертіс» командасы Азия чемпиондары кубогының алғашқы іріктеу кезеңінде, бірінші матчта Түркіменстанның «Копет-Даг» командасынан 1:4 есебімен жеңілді. Қазақстандықтар келесі кезеңге өту үшін қарсыласын 3:0 есебімен ұтуы керек еді. Өзге жұрт аңғармай қалады деді ме, павлодарлықтар сол кездегі ҚР футбол  қауымдастығы біле тұрса да қарымта матчқа Литвиненконы «Ертістің» ойыншысы ретінде тіркеп, алаңға шығарып жіберді. «Ертіс» «Копет-Дагты» 3:0-мен жеңді, бірақ қулығы көп өтпей-ақ ашылып қалды. Бұл оқиғада қатты зардап шеккен Литва ғана болды. АФК оны бір жылға айыптап жіберді. 25 жастағы жігіт үшін бұдан өткен жаза болар ма? Мүмкін, осы оқиға да жұрт алақанында жүрген Олегті іштей мүжіп, қажырын кемітіп кеткен шығар… Кім біледі… Оңашада ол күйігін алкогольмен басып жүргенін мамандар да, жанкүйерлер де, футболшылар да жақсы білетін. Бір жылдық айыбын өтеп оралған Олегті «Қайрат» командасы бауырына басты. Литва да алматылықтардың сенімін жақсы ақтады. Бұл команда сапында ол Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды. Финалдық ойын тұңғыш рет Астана қаласында өтті. «Қайраттың» қарсыласы «Аксесс-Голден-Грейн» (Петропавл) командасы еді. 5:0 есебімен аяқталған матчта Литвиненко 20 және 90-минуттарда қос гол енгізді. Көмегі болмаған супергол 2001 жылы Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне екінші рет қатысты. Литвиненко бапкер Вахид Масудов жаттықтырған бұл құраманың белді шабуылшыларының бірі еді. Непал, Макао және Ирак құрамаларымен бір топқа түскен отандастарымыз Бағдат қаласында өткен алғашқы айналымды өте жақсы көрсеткішпен аяқтады, ең бастысы, негізгі қарсылас ирактықтармен 1:1 есебімен тең ойнады. Сәуір айының соңына қарай 4 құрама Алматыда тоқайласты. Әлсіз екі қарсыласты еркін еңсерген Қазақстан құрамасы Иракты да бірден шеңгеліне ілгендей болып еді… Ойынның 30-минутында Олег Литвиненко Орталық стадионға жиналған жанкүйерлерді естен тандырды. Айып алаңына жақын тұста Асқат Қадырқұлов өзіне сырғыта салған допты алған ол бір қадам жасады да айналдыра соқты. Қарсы алдында тұрған қос қорғау­шы да, қақпашы да допты тек көзбен ұзатып салды. Теңбіл доп дәл «тоғыздыққа» сүңгіді де кетті! Гол!!! Иә, мұндай әдемі голды көру де бақыт еді! Бірақ ирактықтар 40-минутта есеп теңестіріп кетті. Біздің құрама доп айырмасының кемдігінен келесі кезең жолдамасынан айырылды… Тағдырмен бетпе-бет Бұдан соң Литваны Кипр дәмі күтіп тұрды. Ол ортаңқол «Эрмис» командасының құрамында 9 ойын өткізді, бірақ гол соғып көзге түскен жоқ. Қалай дегенмен, бұл сәтсіздік те Олегтің нәзік жанына қамшы болып тигені сөзсіз. Литвиненко жүрген жерінде ел ықыласына бөленуге үйреніп қалған-ды. Кипрде болса да, ол Еуропа футболында еш ерлік жасай алмағанына қатты қапаланған сияқты. Кім біледі, ол Кипрде бір жарқырап алып, ары қарай бәсі одан жоғарырақ лигаларда өнер көрсетуді армандаған шығар. Олегтің әкесі Федор ұлының осы сапардан оралған соң қатты түсіп кеткенін, ішімдікке жиі үйірсектей бергенін айтады. Елге оралған соң, «Жеңіс» пен «Елім-ай» сапында голдарымен қайта табысса да, біз білетін Литва баяғы өмірге құштарлығымен, алаңдағы ақылға сыймайтын қимылдарымен көріне алмады. Дәл осы кезде оны әйелі мен ұлы да тастап кетті. 2004 жылы Олег «Ақтөбе-Ленто» командасымен келісімшарт жасасты. Ақтөбелік клубтың жаңа еңсе түзей бастаған кезіне тап келген мерген жаңа команда құрамында 5 ойын өткізіп, 1 гол соқты да… жұрт назарынан таса болды. «Ақтөбе» бір ай бойы із-түзсіз кеткен шабуылшыны сыртынан трансферге қойып, шартты үзді. Жұрт қуанышы болған Литваның футболдағы ғұмыры осымен тамам болғандай еді… Өзін тауып алып, түсініктеме алуға тырысқан журналис­терді ол: «Мені мазаламаңдар! Ештеңе айтқым келмейді!» – деп қайтарып та тастаған. 2005 жылы күтпеген жерден ол футболға оралды. Оған «Алматы» клубы сенім артты. Көргендердің айтуынша, «Алматының» базасына келген Олегтің түрі тым аянышты болған. Үстіндегі күртесі қатты тозған, шашы ұйысып кеткен, қолы қап-қара күс… Адамшылықтың есігінен шығып бара жатқандай көрінген «экс-қаһарманды» өмірге оралтқан Сергей Тимофеев еді. Бірақ Тимофеевтің өзі «Алматыда» тұрақтап қала алмады, сөйтсе де, Литвиненконың жаңа клубтан кетпеуін тапсырған да осы бапкер болды. Литва «Алматы» сапында өткізген 22 матчта 7 голдың авторы атанды. 1 жылдай допқа аяқ тигізбеген футболшы үшін бұл өте жақсы көрсеткіш еді. Әсіресе, 2005 жылдың 25 маусымында оның «Ақтөбе» қақпасына соққан хет-тригі естен кетпейді. Бұрынғы бейнесін мүлде өзгертіп, шашын тықырлап алып тастаған мерген әр гол сайын иығын түртіп шоқынып, аспанға қарап күбірлеп, рахмет айтумен болды… Сол жылы Тимофеев оны ұлттық құрамаға қайта шақырды. Дания, Грекия, Албания, Түркия құрамаларына қарсы Олег өте жақсы ойнады. Гректермен Алматыдағы кездесуде ол 2 метр жерден гол соға алмай қалды. Жанын сала жүгіріп жүргенмен, оның шамасы 90 минутқа толық жетпейтінін жанкүйерлер де жақсы шамалап отырды. 2006 жылы Олег тағы да өз тағдырына қырын кетті. Жыл басында «Астана» командасына ауысып, құраманың жаңа бапкері Арно Пайперстің басшылығымен Иордания, КХДР және Финляндия құрамасына қарсы жолдастық кездесуге қатысқан соң, тағы да із суытты. Жыл ортасынан ауғанда аты да, заты да өзгерген «Семей» командасынан табылды. Өзінің бұрынғы командаласы Андрей Мирошниченконың қанаты астынан пана іздеді. Бірақ көп ұзамай, «бұл команда жоғары лигаға шығуды мақсат етпейді» деп одан да кетті. 2007 жылы, өмірінің соңғы жылы ол «Таразға» оралып, 4 ойында 1 гол соқты. Сосын тағы да футболдан қол үзді. Арғы әлемде кездесеміз, әке… 2007 жылдың 18 қарашасында Тараз қаласындағы зираттардың бірінен Олег Литвиненконың мүрдесі табылды. Азамат өзін-өзі өлімге қиыпты… Әкесі Федор: «Мұның себебі ұлымның жеке өміріндегі сәтсіздіктерінде жатыр. Ол бір қызбен танысып, өмірін жаңа арнаға қайта салғандай еді. «Тараз» командасымен келісімшарт жасасқан соң, ол ықшамаудандардың бірінен 1 бөлмелі пәтер сатып алды. Әскери билетіне байланысты қиындықтар туындаған соң, үйін қалыңдығының атына жаздырды. Бұл кезде оның бұрынғы әйелі мен ұлы Шымкент қаласында тұрып жатқан еді. Ұлымен жиі сөйлесіп, ара-тұра жолығып жүрген Олегтің баяғы ерке қалпы қайта оралғандай көрінген. Бірақ келе-келе оның өз үйіне қонбай жүргені белгілі бола бастады. Күндердің күні қалыңдығы үйін сатып, басқа қалаға кетіп қалыпты. Ұлым содан кейін еңсе түзеген жоқ. Жұртқа берген қомақты қарыздарын да қайтара алмай қиналды. Соңғы жолыққанымыз­да: «Енді қашан кездесеміз?» – деп сұрап едім, ол : «Арғы әлемде, әке…» – дей салды. Мән бермеппін сөзіне…» – деп еске алады. Олег өзінің отыз төртінші туған күніне 5 күн қалғанда көз жұмды. Олег Литвиненко – тәуелсіз қазақ футболының бас мергені. Ол А. Мирошниченкодан кейін екінші болып Қазақстан чемпионаттарында 100 гол соққан ойыншы болды (барлығы 148 гол). Оның бұл жетістігі 2015 жылы ғана жаңарды. Ұлттық құрама сапындағы, Қазақстан кубоктарындағы және түрлі құрлықтық сындардағы нәтижелерін қоса есептегенде, Олег Қазақстанның мергендер көшінде Нұрбол Жұмасқалиевтен кейінгі екінші орында тұр (182 гол). Тағдыры қанша ауыр болса да, дәм-тұзы ерте таусылса да, қазақ жанкүйерлері Олег Литвиненконы мәңгі жадында ұстайды. Оның қазақ футболына қосқан үлесі өлшеусіз. Оның Ирак қақпасына соққан голы қазақ футболының ең ғажайып 10 голының қатарынан орын алатыны еш күмәнсіз. Қазақстан премьер-лигасының бас мергеніне жыл сайын Олег Литвиненко атындағы жүлде ұсынылатын болса, ешкім де артық демес еді. Есей Жеңісұлы, Мақалалар "Жетісу" газетінің сайтынан алынды.