Жетісудың жетістіктері таңдай қақтырады (Экономикалық шолу)

ЖАҢАРҒАН ЭНЕРГИЯ КӨЗІ

Әлемде гидроэнергетика ресурстарына деген сұраныс күн сайын артып келеді.  Су энергиясының потенциалы жағынан Қазақстан Орта Азияда алдыңғы орында тұрады. Дей тұрғанмен, әлемдік деңгеймен салыстырғанда еліміз су көздеріне тапшы.  Осы тапшылықты дер кезінде шешуге тиістіміз. Сондықтан «ЕХРО – 2017» көрмесі осыған дейін әлем елдерінің бір- де-бірінде қозғалмаған ең өзекті «Болашақтың энергиясы» атты тақырыпты таңдап алып, қажеттілікті шешудің жолдарын қарастырмақ. Әрине, ол үшін қазақстандықтар жаңа бастамаларымен басқаларға үлгі көрсетуде.

Алматы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, аймақтағы энергия көздерін ашу, қайта қалпына келтіру, дамыту бағытында бірқатар жұмыс атқарылған. Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам»  Ұлт жоспары аясында құрылыс, жер қойнауын пайдалану, энергетика және тасымалдау ісі озық технологиямен жабдықталу керектігі айтылған. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 25 қаңтардағы №43 Қаулысымен бекітілген Қазақстанда баламалы және жаңартылған энергетиканы дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2015 жылға дейін инвесторлар тарапынан 12 жаңартылған энергетика жобасын жүзеге асыру жоспарланған, оның ішінде 2 күн электрстансысы, 8 су электрстансысы және 2 жел электрстансысы бар. Жоспарланған мерзімде соның бірқатары іске қосылды. Сол қатарда Сарқан ауданындағы «Жоғарғы-Басқан» ГЭС-і пайдалануға берілсе, алдағы уақытта «Лепсі – 2» СЭС-інің бірінші торабы қосылмақ. Біз Сарқан ауданындағы іссапарымызда аталған СЭС-тің жұмыс ауқымымен танысып, оның өңір дамуына тигізетін пайдалы тұстарын бағамдадық.

Сарқан ауданында басын таудан алатын ағысы қатты бірнеше өзен бар. Оның суы негізінен егістік жерлерді суаруға жұмсалып келді. Соңғы кездері бұл өзендерге су электрстансыларын салу қолға алынып, екі нысан бой көтеріп үлгерді. Осы екі су электрстансысы алдағы уақытта 21 МВт. ток өндіретін болады. Мұның өзі, біріншіден, инвестиция, екіншіден, жаңа жұмыс орны, үшіншіден, арзан қуат көзі болып табылады.  Расында, Балқаш көліне құятын өзендердің ішінде Лепсінің ағысы қатты. Бастау көзін Жетісу Алатауының құз – шатқалдарынан алатындықтан одан қуаттылығы жоғары электр энергиясын алудың мүмкіндігі мол екендігі бұрыннан белгілі болса да бұл жұмыс тек 2013 жылы ғана жеке инвесторлардың қаржысымен қолға алынды. Қойлық ауылының іргесінен орын алған нысан облысымыздағы «Мойнақ» СЭС-інен кейінгі қуаттылығы жоғары су электрстансысы. Таудың жартасты беткейінде жасалған су қоймасы жер  бетінен 10 метр биіктікке орналасқан. Ал жер астына жеті метр тереңдікке орналастырылған стансы құрылысының сапалы салынғаны бірден байқалады.

Мұндағы техникалар тұтастай компьютермен басқарылады. Жалпы төрт генератордан құралған. Оның үшеуі 4850 КВт., ал біреуі 2500 КВт. ток өндіреді. Оның жұмыс барысы өте күрделі. Яғни,  су  – қоймадан қақпа арқылы өтіп турбинаға келеді, су ағыны турбинаны айналдыра бастайды, турбина электр энергиясын өндіретін генераторды іске қосады, генератордан энергия электр желісі бойынша тұтынушыларға жөнелтіледі. Төменгі қабаттарға өрттен сақтану құрылғылары, генератордың майын ауыстыратын ТП20 май ауыстырғыш, генераторды сумен қозғалтатын биіктігі екі жарым метр труба, генераторды май және ауамен тоқтататын тежегіш құрылғысы, суды сыртқы каналға ығыстыратын сорғыштар орналастырылған. Қысқасы, стансы құрылысы бүгінгі заманауи құрылғылармен толықтай жабдықталғаны көрініп тұр. Айта кетерлігі, стансыда белгілі бір ақау пайда болса стансы жұмысы автоматты түрде тоқтайды. Орын алған ақау толық қалпына келтірілгенше  құрылғылар жұмыс істемейді.

Қазірде мұнда 17 адам жұмыспен қамтылған. Айлық табыстары отбасын асырауға толығымен жетеді. Стансы басшысы Андрей Шаповаловтың айтуынша, стансының құрылғыларын қытайлық мамандар құрастырғанымен, жергілікті жігіттер қолданудың барлық тетігін меңгеріп алған.

МАЛ БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Кербұлақ ауданының Жоламан ауылдық округінде «Шадиев К» шаруа қожалығының салтанатты ашылуы өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Серікбай Қожахметов пен аудандық деңгейдегі мекеме басшылары мен ауылдық округтердің әкімдері қатысты.

Алдымен аудан әкімінің орынбасары Серікбай Қожахметов аталмыш шаруа қожалығы жайлы қысқаша мәлімет берді. Фазыл Шадиев басқаратын «Шадиев К» шаруа қожалығында барлығы 1150 гектар жайылымдық жер бар. Бүгінде алты мың басқа арналған мал бордақылау алаңында отыздан астам адам еңбек етуде. Олар айына орта есеппен сексен мың теңге көлемінде жалақы алады. Сондай-ақ, оларда жылына 1200 тоннаға дейін ет өндіріледі. Шаруашылықта үш «КамАЗ», үш трактор және екі «ГАЗ-53» автокөлігі бар. Ірі қаралар екі ай бойы бордақылау алаңында байланады.

Осы мерзім ішінде әр бас 70–72 келіге дейін салмақ қосып, бір бастың таза салмағы 450 келіге жетеді. Әр жұмыстың өзіне тән қиындығы болады. Сол сияқты мал бордақылау шаруасының да машақаты мол. Малдың жем-шөбін, суын беріп уақытылы азықтандыру, астын тазалау секілді істер де өз ретімен жалғаса береді. Мал да ауырады. Дәл осындай сәтте Бахром Қошқаров, Рақымқұл Сүлейманов, Дәурен Сарсенғали сияқты мал дәрігерлері дер кезінде көмек қолын созады. Олардың бұл істегі еңбектерін ерен деуге болады. Қазір төрт қорада мың бас мал бар. Әр қорада екі жүз елу ірі қара бордақыланып жатыр.

Сондай-ақ, төрт жүзден астам «Ангус» тұқымы бағылуда. Бордақыланған мал еті «Магнум», «Беккер» сияқты ірі фирмаларға өткізіледі. Бір фирма күніне 4-5 тоннаға дейін ет сатып алады. Олармен арнайы келісімшарт жасалыпты. Шаруа қожалығында гидропоника әдісімен арпа өсіріліп, күніне бұл азықтың бір тоннасы малға қосымша азық ретінде беріледі. Арнайы ыдыстарға салынған бір келі арпадан 6-7 күн ішінде он келі дайын өнім алуға болады. Құнарлылығы жағынан таптырмас азық бір қалыпты температурада өсіріледі.

КӘСІПОРЫН ЖЕТІСТІГІ ҚОМАҚТЫ

Нарықтық бәсекеге қабілеттілік таныта отырып, отандық өнімнің өрісін кеңейту міндетінің бүгінгі өндіріс орындарына жоғары жауапкершілік жүктері хақ. Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты дәстүрлі Жолдауында «Қазақстан инновациялық индустрияландыру шеңберінде құрылған экономиканың жаңа секторлары  экономикалық өсімнің драйверлеріне айналуда» деп атап өткені белгілі.

Осы тұрғыда ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып жүрген отандық өнім өндіруші кәсіпорындардың бірі Талғар қаласында орналасқан «Keruen Plus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дер едік. Тікелей шетелдік инвесторлардың қаржыландыруымен жер жаннаты Жетісу өңірінен мұндай іргелі кәсіпорындардың бой көтеріп, іске қосылуы ел Тәуелсіздігінің экономиканы ілгерлетудегі жетістігі саналады. Заман талабына сай келетін экологиялық таза ПВХ профиль және ПВХ құбыр өндіруші зауыт өткен жылдан бастап іске қосылған. Құрылысы қарқын алып отырған осы тұста отандық өнімнің бұл түрі жоғары сұранысқа ие десек, оның сапасы да тұтынушылар тілегін қанағаттандырарлық деңгейде екендігін ерекше атағымыз келеді. Біздің зауыттың басты ерекшелігі сол – өндірістік желіге шикізаттың жеткізілуі толығымен автоматтандырылған. Сонымен қатар, Қазақстанда және Орта Азияда ПВХ өнімдерін өңдеуде қорғасын қолданбайтын алғашқы және жалғыз зауыт саналады, – дейді зауыт директорының орынбасары Айдын Каташев. – Биылдың көктем айынан бастап зауытта полипропилен су құбырын өндіретін өндірістік желі іске қосылып, өнім түрі мен көлемін ұлғайтты. Ыстық және суық суға арналған ПВХ өнім түрін өндіруші бұл желінің іске қосылуына ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы Ерлан Хаиров мырза арнайы қатысып, зауыт жұмысына оң бағасын бергендігін ерекше атағым келеді. Сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиеваның қорғасынсыз өнім өндіруші зауыт болашағына зор сенім артқандығы тың серпін берді. Бүгінде экологиялық таза, жоғары сапалы отандық өнімімізге республиканың барлық аймақтарымен қатар Қырғызстан мен Тәжікстаннан да сұраныс артып отыр. Сондықтан да келешекте ПВХ өнімдерін өндіруде қазақстандық брендке қол жеткізіп, экспорттық әлеуетін арттыруды мақсат етіп отырмыз, – дейді Айдын Каташев.

Қорғасынды ПВХ өнімдері экологиялық тұрғыдан және адам ағзасына өте зиян болғандықтан Еуро одақ елдерінің мұндай өнімдерден 2015 жылы толығымен бас тартқандығын ескерер болсақ, біз сөз етіп отырған «Keruen Plus» зауытының бұл орайда ұтымдылық танытып отырғаны анық. Нәтижесінде экологиялық таза өнімге деген сұраныстың еселеп артуы заңды құбылыс. Қорғасынсыз ПВХ өнімдерінің әсіресе, балабақша, мектеп және ауруханалар құрылысында қолданылғаны абзал болмақ. Сондай-ақ, қорғасынсыз өнім шығару зауыт еңбеккерлерінің денсаулығына да қауіпсіз саналады. Зауыттың бастапқы кезеңінен бастап экологиялық таза өнім өндіру технологиясына негізделуі жоғары сапаға қол жеткізудің мүмкіндігін молайтқан. Қазіргі таңда зауытта 5 ПВХ профиль, 1 терезеалды төсемесін шығаратын, 5 термопласт автомат және 2 құбыр өндіретін желінің іске қосылуы нәтижесінде жылдық өндіріс көлемі артып келеді. Іске қосылғаннан бергі қысқа мерзім аралығында 2500 тонна ПВХ профилі және құбыры, 100 тонна ПВХ фитингі, 1500 тонна ПВХ су құбыры және фитингі өнімдерін өндіріп, сатылымға шығарған. Бұл зауыттың толық қуаттылығының үштен бір бөлігін ғана құрайды.

Кәсіпорын өніміне қажет шикізат Ресей елінен алынып, оған еуропалық шикізат қоспалары қолданылады. Ал өндірістік желілердің барлығы да неміс технологиясына негізделген. Соның нәтижесінде әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті отандық өнім өндірудің өрісі кеңеюде. Үстіміздегі жылы аталған зауыт Шымкентте өткен отандық өнім өндірушілердің республикалық байқауына қатысып, 2-орынды иемденулері осы жетістіктің жемісін көрсетсе керек.

Аталған өндірісте 80-нен астам адам тұрақты түрде еңбек етсе, оларды толықтай талғарлықтар деп айтуға болады. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта озық технологияға құрылған автоматты жүйелерді игеруде кадр тапшылығының байқалатыны ақиқат. Дей тұрғанмен, автоматты тетіктерді басқаруды арнайы мамандардан үйренген операторлардың еңбекке тез бейімделіп, сондай-ақ, өнімді жиыстыру, буып-түю желілеріндегі жұмысшылардың өз істерін игерудегі белсенділіктері өнім сапасы мен көлемін еселей түсуге оң ықпалын тигізуде. Еңбек адамының көңіл-күйінің қалыпты, денсаулығының жақсы болуында уақытылы тамақтанудың маңыздылығын ескерген зауыт басшылығының жұмысшылардың бес мезгіл тамақтануына жағдай жасап отырғандығын атау артық етпес.

– Тұрақты жұмыспен қамтылғаныма тоғыз айдан асып барады. Елімізде осындай жоғары сапалы өнім өндіретін зауыттың барын әркез мақтан тұтамын. Еңбекақы, тамақтану мәселесінде еш қиындық жоғы қуантады. Таза, жылы әрі автоматтандырылған озық технологияға құрылған зауытта шетелдіктерден қалыспай еңбек етуге бар қабілет-қарымымызды жұмылдырудамыз, – дейді зауыт жұмысшысы, кеңдалалық Айбар Құдайбергенов.

Міне, мұны Қазақстанға келген шетелдік инвесторлар еңбегінің жемісі дер едік. Себебі, Жетісудың көрікті қалаларының бірі Талғардан отандық өнім өндіруге тікелей ұйытқы болып отырған бас құрылтайшы түрік ағайындар Мехмет Садык Изжанның, бас директор Мұстафа Ероғлұның іскерлігі екендігін атап айту орынды. Қалталы кәсіпкерлердің әлемдік бәсекеге қабілетті ПВХ өнімдерін шығарудағы басты мақсаты да адам денсаулығына зиянсыз, яғни қорғасынсыз пластикалық өнім түрін шығарып, сауда нарығында кеңінен танылатын қазақстандық бренд жасау.

ӨНДІРІС ҚАРҚЫНЫ АРТТЫ

Ежелден аграрлы өлке болып саналатын Алматы облысында Елбасының стратегиясына сәйкес индустриялды-инновациялық жобалар жүзеге асырылып, халық тұтынатын тауарлар өндіретін кәсіпорындардың қатары көбейіп келеді. Бір ғана Қарасай ауданында 18 ірі өндірістік кәсіпорындар жұмыс істеуде.  Олардың 16-сы сапа менеджменті және халықаралық ИСО жүйесінің сертификатын алған.

Іргелі ауылдық округін­де орналасқан «Алтын жұл­дыз» тігін фабрикасының өнім шығара бастағанына көп бола қоймаса да, қа­зірдің өзінде тапсырыс беру­шілердің сеніміне ие болып үлгерген. Сонау 2007 жылы Алматы қаласында шаңырақ көтерген шағын цех алдымен ғимараттарды жалға алып, аз мөлшерде өнім шығарып көрген. Жұмыстары жүре бастағанда өндіріс көлемін ұлғайту мәселесі туындаған. Алматы аумағынан өндірісті дамытуға қажетті жер табу күрделі болғандықтан құрылтайшылар қала іргесіндегі Іргелі ауылына ат басын тіреген.

– Алдымен төрт адамнан бастаған кәсібіміз қанат жая бастағаннан кейін азды қанағат тұтпай, болашақта атқарылар жұмыстарды есепке ала отырып бір гектар жер сатып алдық, – дейді кәсіп- орынның құрылтайшысы Жанат Алтынхадис. – Содан кейін ғимараттың құрылысын қолға алдық. Екі жыл ішінде құрылыс жұмыстары аяқталып, 2015 жылдың наурыз айында 7500 шаршы метр аумағы бар фабрика пайдалануға берілді. Содан бері тапсырыс бойынша арнайы киім тігумен айналысып келеміз.

Тігін цехтары, қоймалар, өзге де әлеуметтік құрылымдары бар еңселі ғимарат алыстан көзге шалынады. Ішкі жайлылықтарымен қоса кәсіп- орынның сыртқы әсемдігіне көңіл бөлген өндіріс иелері ауланы әрлендіріп, жүк тиейтін көліктердің кіріп-шығар жолына дейін мұқият ойластырып қойыпты. Ал, ғимарат ішінен тазалық пен реттілік аңғарылады.

Біз келгенде тігін цехында қызу жұмыс жүріп жатты.  Қаз-қатар қойылған 200 тігін машинасының тетігін меңгерген қыз-келіншектер бөгде адамдарға көңіл аудармай, өз жұмыстарымен айналысуда. Киім пішетін үлкен үстел айналасына топтасқан жас қыз­дар тәлімгердің айтқан сөзіне құлақ қойыпты.

– Біз  Алматыдағы сән және дизайн колледжімен ынтымақтастық орнатқанбыз, – дейді Жанат Алтынхадис. – Олардың 2 және 3-курс студенттері өндірістік тәжірибесін біздің кәсіпорында өтеді. Істеген жұмыстарына қарай жалақысын төлейміз. Әрине, оларды жатақханадан алып келу-апару, түскі астары мекеме есебінен. Себебі, кәсіпорынға жақсы мамандар ауадай қажет. Оқулары аяқталғаннан кейін колледж бітірген жастардың көбі бізде жұмыстарын жалғастырады.

Фабрика әзірге үлкен фирмаларда еңбек ететін адамдар үшін арнайы жұмыс киімдерін тігуді жолға қойған.  «Тапсырыс берушілерден тапшылық көріп отырғанымыз жоқ», – дейді өндіріс иелері. Мысалы, бүгіндері «Ақтөбе CNPC», ақтаулық «MMJ» мұнай кәсіпорнының, «Астана ЭХРО» және «Арабшек» компанияларының қысқы жұмыс киімдерін тігумен айналысып жатыр. Сонымен қатар кәсіпорын тапсырыс берушінің қалауына қарай қыстық қолғаптар, шұлықтар, басқа да киімдерді дайындап бере алады.

– Өзге де өнімдер шығару жоспарларыңызда бар ма? – деген сауалды көлденең тартқанбыз. – Мысалы, түрлі азаматтық костюмдер, сәнді көйлектер, қыстық пальтолар  тіге аласыз­дар ма?

– Әрине, аталған бағыттағы өнімдер шығару болашақ жоспарымызда бар. Алайда, ол үшін өте тәжірибелі мамандар қажет. Тұтынушыларға ұнайтын тауар шығару үшін ең алдымен оның сапасы жақсы болуы керек емес пе? Ал біз жаңадан құрылған кәсіпорын болғандықтан тігіншілеріміздің шеберлігі әлі де жетілдіре түсуді қажет етеді. Жалпы, маман тапшылығы сезілуде. Мысалы, біздің цехтарымызда 200-ге жуық тігін құрылғысы қойылғанымен қазір өндірісте 75 адам еңбек етіп жатыр. Алматыдан келіп істегісі келетіндердің қатары көп емес. Сондықтан Кемертоған ауылында үйлерінде бос отырған қыз-келіншектерді жұмысқа шақырып, оларды үйретумен біздің тәжірибелі шеберлер айналысып келеді. Тек үйренгендері үшін ғана айына 20 мың теңге төлейміз.  Осылайша, өзімізде тұрақты еңбек ететін тігіншілер қатарын көбейтіп, шеберлігін қажетті деңгейге көтеріп алсақ, бұдан да күрделі өнімдер шығаруды жолға қою жоспарымызда бар.

«Алтын жұлдыз» тігін фабрикасы болашаққа бағдарланған кәсіпорын екенін оның ішін аралаған кезде аңғарғанбыз. Мұнда бүгіндері жұмыс істеп тұрған цехтармен қатар баскиім, аяқкиім тігетін қондырғылар орнатуға арналған үлкен бөлмелер сақадай сай тұр. Сонымен қатар, болашақта ұлттық салт-дәстүрді дамытуға үлес қосатын  шеберхана ашу көзделуде. Үзіліс кезінде демалатын орын, ауысым аяқталғанда жуынатын бөлме де талаптарға сай жабдықталған. Осындай жаңадан ашылып, қанатын кеңге жайып келе жатқан кәсіпорындардың арқасында елімізде кенжелеп қалған жеңіл өнеркәсіп өркен жайып, әсіресе әйелдер қауымы еңбекпен қамтылмақ.

БАҒАЛЫ БАЛЫҚ ТҮРІ КӨБЕЙЕДІ

Өткен жылдан бастап елімізде «Жасыл экономика» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы аясында «Жасыл экономика моделіне өту бойынша Қазақстанды қолдау» атты жобасы бастау алды. Бұл жобаға алты жүз мың еуроны құраған грант бөлініп, ол еліміздегі бизнес жоспары су ресурстарының тиімділігін арттыруға бағытталған 14 мемлекеттік емес ұйымға берілді. Сол қатарға Ерлан Қажынов басшылық ететін «Алакөл табиғаты» қоғамдық бірлестігінің «Инкубациялық цех құрып, Алакөлдің сазанын өсіру» жобасы кірген еді. Міне, содан бері бір жыл өтті. Өткен аптада аталған гранттың Қазақстанда атқарылу барысын бақылауға жауапты «Жасыл экономиканы» қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ-нің баспасөз хатшысы Меруерт Абдалиева бастаған мамандар мен республикалық және өңірлік БАҚ өкілдері аталған қоғамдық бірлестіктің жұмыс барысымен танысып, инкубациялық цехта өсірілген сазан балықтың шабақтарын Алакөлге жіберді.

Өткен жылдың көрсеткіші бойынша, балығы тайдай тулап жататын Балқаш пен Алакөл, Қапшағай су қоймасы және тағы басқа үлкенді-кішілі көлдер мен арналы өзендерден ауланған балық мөлшері өте төмендеп кеткен. Сонымен бірге балық түрлері мүлде азайды. Ауланған балықтың тең жарымын табан балық құрайды және оның өзі бір кездегідей ірі емес, тым ұсақ. Қысқасы, бірнеше жыл қатарынан жетісулық балықшылар облыс тұрғындарының балыққа деген сұранысының жартысын да қанағаттандыра алмай келеді. Кеңес одағы кезінде Алакөлден жылына 5 мың тоннаға дейiн балық ауланып, оның 90 пайыздан астамы сазанның үлесiне тиген деседі. Міне, осы өңірдің атағын шартарапқа паш еткен әйгілі сазан қоры бұл күнде өте азайып кетті. Ал кейінгі кезде Балқаштан әкелінген көксерке (судак) көлде тіршілік ететін басқа балықтарды азайтып жіберген.

Мамандардың айтуынша, балық шаруашылығын дамытудың әлем таныған екi жолы бар. Бiрiншiсi, балық шаруашылығына табиғи су көздерiн тиiмдi пайдаланып, балықтардың өздiгiнен өсiп-өнуiне жағдай жасау, екiншiсі, бүгiнгi заманауи отандық, шетелдiк озық технология мен ғылым жетiстiктерiн пайдалана отырып, индустриялды-инновациялық бағытта аса құнды балық түрлерiн қолдан өсiру. Сол құндылықты ел игілігіне айналдыру жолында жоғарыда аталған инкубациялық цехтің арқалайтын жүгі аз болмайтын сыңайлы. Бүгінде аумағы 290 шаршы метр жерге салынған инкубациялық цех, тоғандық шаруашылық және жаңа тұйықталған сумен жабдықтау қондырғысы жерүсті және жерасты суларын тиімді пайдаланып, сазан балықтың түр-түрін қолдан өсіруде. Тіпті шабақ балықты одан ары көлге бейімдеу мақсатындағы кеңдігі 3 метр, тереңдігі 2 метр болатын 6 бассейн де сақадай сай. Оларға балықтардың тіршілігін қамтамасыз ететін түрлі жабдық пен аппаратура орнатылған. Қазірдің өзінде бассейннің біреуінде көксерке, қалғанында сазан мен мөңке балық өсірілуде. Сонымен қатар, жобаның жергілікті жұрттың әлеуметтік жағдайын жақсартудағы пайдасының мол екенін де білдік. Айталық, цехта 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, мерзімдік жұмыстарға тартылатын адам саны да арта түседі. Тіпті, жұмыс жиілігі артқан кезде адам күші жетіспей жататын кездер жиі ұшырайды.

Балықшылар ауылындағы тіршілік қайта жанданғалы қиын жылдары баспанасын тастап, қалаға көшкендер қайта оралып, туған мекендерінің түтінін түтете бастапты. Бір қызығы, адам қарасы көбейген ауылда балалар оқитын мектеп пен балабақшаға деген сұраныстың туындағанын байқадық. Демек, игілікті жоба аз уақыттың ішінде әлеуметтің әлеуетін көтерумен қатар шалғай ауылдың тіршілігіне қан жүгірткенін көрдік. Қысқасы 69 мың доллар қаржымен қолға алынған жоспар 2018 жылға барғанда 69 миллион теңге пайда береді деп күтілуде. Олар алдағы уақытта балық шаруашылығымен қатар басқа да жұмыс көздерін ашуды жоспарлауда. Тіпті, балық өнімдерін өңдейтін цех салып, жергілікті халықтың материалдық-экономикалық әлеуетін көтеруге серпін бермек.

«Алакөл табиғаты» қоғамдық бірлестігінің мамандары балық қоры азаюының басты екі себебін айтады. Бірінші, табиғат құбылыстары, екіншісі, адами факторлар. Бұл мәселе өткен жылдары Парламент Мәжілісінің қабырғасында да көтерілген. Сонда бір топ депутат Үкіметке: «Алакөлдің бүгінгі бай флорасы мен фаунасын болашақ ұрпаққа сақтау үшін оны мемлекеттік қорық етіп жариялау керек» деген сауал жолдап, ауызсу, электр энергиясы, абаттандыру, санитарлық жабдықтаудың ерекше жобасын жасау сияқты бірқатар шара ұсынған еді. Сол шаралар іске асса құба-құп болар еді.  Браконьерлік жолмен балық аулаудың салдарынан да бағалы байлыққа барынша қауіп төнуде. Сондықтан қоғамдық бірлестік өкілдері: «Алакөлдің жазғы шомылу маусымында пайдаланатын аумағынан басқа бөлігін тым болмағанда 3 жылға жапса, балығын молайтуға мүмкіндік туар еді», – деген пікірде. Осы ретте ауылдастардың: «Мүмкін, бұл ұсынысты жоғарғы жақ ескеретін шығар», – деген өтінішін жеткізе кеткіміз келді.

ӨНІМГЕ СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

Бүгінгі таңда сапалы өнімдер шығарып, бәсекеге қабілетті бола алатын отандық кәсіпорындар саны артып келеді. Солардың бірі – Есік қаласында орналасқан «Электрокабель зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған кәсіпорынның негізі 2002 жылы қаланған. Содан бері зауыт үздіксіз жұмыс істеуде. Олардың электр-техникалық өнімдері нарықта ерекше сұранысқа ие. Қажырлы еңбек пен тату тірліктің арқасында зауыт табыстарға қол жеткізіп, еліміздің энергетикалық саласының дамуына өз үлесін қосып отыр. Жуырда біз зауыт жұмысымен танысып, ондағы технологиялық үдерістерді өз көзімізбен көріп қайтқан едік.

– Біздің кәсіпорын елімізде алғашқы болып энергетика саласына қатысты өнімдер шығара бастады. Мұнда түрлі диаметрдегі электр кабельдері өндіріледі. Өндірістегі құрал-жабдықтардың барлығы Түркиядан әкелінген. Ондағы жұмыс істейтін мамандар жоғары білімді. Өз ісінің нағыз білгірлері.

Зауыт жылына 1000 километрге жуық кабель шығарады. Өнімдеріміз еліміздің барлық аймақтарын қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, Алматыдағы бірнеше қосалқы стансы біздің зауыттың шығарған материалдарымен жарақталған. Солардың бірі – «Медеу» мен «Шымбұлақтағы» электр жүйелері. Кәсіпорын ең алдымен үш нәрсеге баса назар аударады. Олар – өнім сапасы, кәсіби шеберлік және іскер сенімділік, – дейді зауыт директоры Зилфикар Чикаев.

Әрине, өнім ең алдымен сапасымен бағаланады. Бұл орайда зауытта өнімнің сапасын бақылайтын арнайы лаборатория жұмыс істейді. Бақылау-өлшеуіш және сынау жабдықтарымен бізді осындағы лаборант Олеся Лено таныстырды. Мұнда ең алдымен алюминий сымының диаметрін штангенциркуль арқылы өлшейді екен. Оның мөлшері қондырғыда дайындалған мөлшермен сай болуы керек. Одан кейін кептіру мен суытуға арналған жабдықтарда ыстыққа, суыққа төзімділігін анықтайды. Сосын арнайы тартқышпен алюминий сымын керіп тартады. Бұл құрал оның тез үзіліп кетпеуін қадағалайды.

– Осындағы бақылауыш құрылғылардан өткен өнім барлық талаптарға сай болуы тиіс. Сонда ғана барып өнідірістегі технологиялық үдерістердің қалыпты жұмыс істеп жатқанына көзіміз жетеді. Осы күнге дейін біз шығарған өнімдерге тұтынушылар тарапынан көңіл толмаушылық болған емес, – дейді ол.

Электр өнімдеріне қажетті шикізаттардың бәрі бұрын шетелдерден тасымалданыпты. Ал, қазір алюминий Павлодар облысынан әкелінеді екен. Мұның өзі зауыттың шығынын азайтып, уақытын үнемдеуге өз септігін тигізіп отыр.

Кәсіпорында 32 адам жұмыс істейді. Барлығы да жергілікті тұрғындар. Олар шетел қондырғыларының тілін меңгеруі үшін Түркияға барып, арнайы білім алып қайтыпты.

– Мен Есік қаласының маңындағы Төле би ауылынанмын. Мұнда жұмыс істеп жатқаныма 2 жылдай уақыт болды. Құдайға шүкір, тұрақты жұмысым бар. Алматыға барып жұмыс іздеп сабылып жүргенім жоқ. Осында, міне, маман болып қалыптастым. Алатын жалақымыз да жаман емес, – дейді зауыт операторы Мұхтар Әлімбаев.

Алдағы уақытта зауытта тағы да екі желі іске қосылуға дайын тұр. Бұл – өндіріс көлемінің ұлғаюы мен жаңа жұмыс орнының ашылуы деген сөз.

Он бес жыл уақыт ішінде кәсіпорын үлкен белестерді бағындырды. Еңбектері еленді. Оған дәлел, керегеде ілініп тұрған Алғыс хаттар мен арнаулы дипломдар. Алдағы уақытта да зауыт ел экономикасының өркендеуі жолында аянбай жұмыс істейтініне кәміл сенеміз.

"АЛТЫН ТАҢҒА" СҰРАНЫС КӨП

Ел экономикасын өркендетуде шағын және орта бизнесті кеңейтіп, ауылшаруашылық өнімдерін арттыруға, қайта өңдеу жұмыстарын жандандыруға айрықша назар аударылуда. Бұл орайда мемлекеттік «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қаржылық қолдауға ие болып отырған кәсіп иелері жұмыс ауқымын кеңейтумен қатар іскерліктерін арттыра түсуде. Соның бірі Панфилов ауылындағы «АКНИ» ЖШС өндіріп отырған отандық сүт өнімі – «Алтын таңға» деген сұраныс артып келеді.

Негізінде 2009 жылы құрылған серіктестіктің алға қойған жоспары сапалы сүт өнімін өндіру болатын. Нарықтық қатынастағы тауар айналымын зерттеп, зерделей келе таңдайға татымды «Алтын таң» деген  сауда маркалы қышқыл сүтті сусын өндіруге білек сыбана кіріседі. Алғашқы жылдары аталған өнімді өндіруге қажет заманауи құрылғылар алып, үлкен іске дайындалған зауытта өткен жылдан бері қалыпты жұмыс ырғағы қалыптасқан. Бүгінде ел Үкіметінің отандық өнімнің беделін өсіріп, өтімділігін арттыру үшін «Қазақстанда жасалған» деген атауға ие арнайы акция ұйымдастырып, оған кең қолдау көрсетіп отырғаны белгілі. Сауда орындарында көзге жылыұшырайтын осы екі ауыз сөздің өзі көңіліңді қуантып, патриоттық сезіміңді қамшылайды. Құрамы табиғи таза өнімнен жасалатындығына еш шүбә келтірмейтін отандық азық-түлік түрін алуға дағдыланып қалғанымыз анық. Осылайша тұтынушылар сенімін нығайта отырып, жоғары сұранысқа ие болып отырған сүт өнімінің бірі жоғарыда аталған  «Алтын таң» дер едік.

– Істі қолға алмас бұрын, оның адам денсаулығына тиімділігінің ескерілгені абзал. Себебі, өнімді сауда сөресінен сатып алып, тұтынатын адам болғандықтан бұған аса мән беруіміз қажет. Біздің серіктестік өндіріп отырған қышқыл сүтті сусынның адам ағзасына, соның ішінде ас қорыту жұмысын жақсартуға тигізер пайдасы өте зор. Табиғи әрі экологиялық таза сүттен жасалатын сусынның құрамы биологиялық құндылыққа бай. Сусынды тағам түрінде де қолдануға болатындығына көз жеткізген тұтынушылардың қатары көбейіп, уақыт озған сайын сұраныс  артып келеді, – деген «АКНИ» ЖШС-нің бас директоры Руслан Устемиров  «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша «Эксимбанк Қазақстан» банкінен жеңілдетілген несие алып, зауыт көлемін ұлғайтып, қуаттылығын арттыруға күш салатындықтарын тілге тиек етті.

– Тәулігіне қабылданатын табиғи сүттен 3 мың тонна сусын өндіріліп, Алматы қаласының ірі сауда орындары мен Талғар ауданының дүкендеріне таратылады. Сақталу мерзімі 3 айға дейін жарамды. Қазірдің өзінде облыс шеңберінен шығып, Батыс пен Шығыс Қазақстан облыстарынан тапсырыс түсіп, отандық өнімнің осы өңірлерге жөнелтіліп отырғаны қуантады. Келешекте сүт зауытының қуаттылығын арттырып, экспорттық әлеуетін көтеруді жоспарлап отырмыз, – дейді серіктестіктің сауда бөлімінің басшысы Шухрат Даутов.

– ЖШС бүгінде «АКНИ-мен» бірлесе еңбек етіп отырған «Үш Нұр Бұлақ» газдалмаған жоғары санатты таза табиғи минералды су өндірумен айналысуда. «Бұлақ» атты атауға ие 5 литрлік пластикалық ыдысқа құйылған мөлдір де табиғи таза судың отандық өнім қатарын толықтырып қана қоймай, өтімділік танытуы кәсіпорын жұмысының жандана түсуіне айрықша ықпал етуде.

 Аталған зауытта тұрақты түрде жұмыспен қамтылған ауыл тұрғындарының көңіл-күйлері көтеріңкі. Автоматтандырылған қондырғылардың тетігін басып, өздеріне жүктелген жұмыстарды тиянақты атқаруға машықтанған еңбек адамдарының жүздерінен табандылық пен сенімділік аңғарылады.

– Қазіргі заманғы озық технологияның арқасында жұмыс әлдеқайда жеңілдеді. Міндетіміз – сүт құйылған соң ыдыс сыртына жапсырмасын жапсыру. Осы зауыттың арқасында алысқа сабылмай ауылда еңбек етіп, отбасымызды асырап отырмыз, – дейді еңбек тәжірибесі мол Татьяна Гордеева.

 Жұмыстың жандануына Османова Назипа қызы Эльнарамен, сонымен бірге Максим Недушенков, Анна Коновалова сынды еңбек адамдары аянбай атсалысуда. Бес саусақтай бірігіп, еселі еңбек көрігін қыздыра білген жандар жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатындығына көз жеткізіп отыр.