ЕҢБЕГІ ЕРЕН ЕЛ АҒАСЫ ЕДІ

Іңірде аспанды қара бұлт торлап, жаңбыр сіркіреп сала берді. Дала аруын жайқалтып отырған еңбек адамдарын ерсілі-қарсылы сабылдырып, әбігерге түсірген табиғаттың тосын мінезі ұзаққа созылды. Күзгі жиын-терінде кезігетін көп кедергілердің бірі – осы жауын-шашын. Жүгеріні жинап жатқан қызу науқанда нөсердің ақ жауынға ұласуы Шаймұхамбет САПИЕВТІ састырған жоқ. Қиын сәтте оңтайлы шешім шығарып, дер кезінде іске кірісу – ә дегеннен әдеті. Жаңбыр жауды екен деп істі ертеңге қалдыру жаз бойғы еңбекті еш кетіретіні сөзсіз. Ақ жауынның астында жүгері алқабына тартты. Кеңестік кезеңде аудандағы бірінші басшының бұлай егістік басынан табылуы сирек еді. Әсіресе, дәл бүгінгідей ақ жауында. Оның бойындағы мұндай қарапайымдылық әрбір жүгерішіге жігер берді. Қылшылдаған қырық жастан енді асқан қазақ жігітінің еңбекке ұмтылысы, бұлжытпайтын жауапкершілігі, ең алдымен, ел кеңесіне құлақ түретін ерекше қасиеті ауыздан-ауызға тарап, аз күнде абыройын асқақ етті.

Жаңбыр астында жамылғы іліп, жұмыла еңбек етіп жатқан бір топ жүгерішілердің бел ортасында Панфилов ауданының бірінші хатшысы Шаймұхамбет жүр. Әу баста Николай Головацкий өз көзіне өзі сенбеген. Кәдімгі жүгерінің атасы, екі рет Еңбек Ері атанған жазиралы Жаркенттің Головацкийі. Күзгі жаңбырдың ұзақ жауатынын жүрегі сезген ұжымшар жетекшісі сел болып аққан суды кеше-меше алқапқа алқына жетті. Алпысты алқымдаған кезі. Жүгері зауыты тоқтап тұр деп сыртынан тон пішіп келіпті сөйтсе. Ақ жауынның астында жүгері де дін аман. Шетінен зауытқа қабылданып жатыр. Жұмыс та жүріп тұр. Істің басы-қасына әлдеқашан Шаймұхамбет келіп алыпты. Жұмысшылар да қуанышты. Николай Головацкий дәл осы көріністі өмір бойы жадында тұтып өтті. Бірінші хатшының қарапайымдылығына осы кездесуде көзі анық жетті. Іскер басшының жарқын бастамаларын қолдап, ақиқат туын биік ұстаған «Правда» газетіне үлкен тебіреніспен мақала да жазды. Осыдан елу жыл бұрын жазылған шағын публицистикада автордың, әйгілі Николай Головацкийдің тебіренісі, құрметі әлі сол қалпы сақталғандай. Бүгін оқысаң да күні кеше ғана көз алдымызда өткен оқиға секілді жұп-жұмыр жазылған. Шын жүректен шыққан сөз ғана ғасырлар бойы жылуын жоғалтпаса керек. Жаркенттің көшелері сұрапыл соғыстан кейін сүреңсіз көрінетін. Қорғас пен Сарыөзекті жалғайтын сары тап болған көне жол ғана тастақ. Қалған көшенің тұрғындары шаң жұтып жататын. Мал өсіруден де, егістіктен де, өндіріс орындары бойынша да Жаркент өңірі артта қалды. Соғыстан кейінгі сұрқай кез Панфилов ауданын есеңгіретіп тастаған. Алланың қарайласқаны ма, ауылшаруашылығы кенжелеп қалған өңірге аяқасты Шаймұхамбет Сапиев келді. Бірінші хатшы лауазымына тағайындалған білікті басшыны аудан ә дегеннен-ақ жылы қабылдады. Өйткені, ол табан тіреген жерін кемсітпей, бірден еңбектің туын көтерді. Халықтың ой-пікіріне құлақ түріп, үнемі ақсақалдардың ақылын тыңдады. Жаспын деп, баспын деп өзеуреп, өзімбілемдікке салынған жоқ. Жергілікті қариялардан Жаркенттің шаруашылығын сұрады. Топырағын зерттеді. Ауа райын білді. Жер бедерін бақылады. Николай Головацкий Шаймұхамбеттің даналығына, ұтымды шешім шығара білетін жетекшілік қабілетіне тәнті болады. – Аудандағы бір ұжымшарда жүгері өсіру ісі алға баспай қойды. Жылда егеді. Жылда шығынға батады, – деп еске алады Н. Головацкий. – Шаш етектен шығын көріп келе жатқан ұжымшар Шаймұхамбетті күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды. Өз басым мұндай басшыны көрмеппін. Өзге ұжымшарлар үнемі алда жүрді. Солар-ақ ауданның беделін биікке көтеретін еді. Жоқ, Шаймұхамбет бір күні маған: «Ойланайықшы, сол ауылға қалай қол ұшын созсақ екен?» – деді. Сосын бірден іске кірісті. Осындай тәуекел ете білетін ерлерге тән ісі маған қатты ұнайтын. Шаймұхамбет Сапиев тұйықтан шығар жол іздеп, аудандағы ең үздік егіншіні, ең үздік агрономды, ең білімді экономика маманын бір шаңырақтың астына жинайды. Ғылым мен тәжірибені ұштастырып, жан-жақты зерттеу жүргізеді. Аз күнде нәтижесі де шықты. Ол ол ма, санаулы жылда Жаркент өңірі жүгерімен бүкіл әлемге танылып үлгерді. Аға буыннан жас буынға алмасқан жүгері егудің сабақтастығы дәл осы Шаймұхамбеттің кезінде қалыптасты. Атақты агрономдардан, танымал егіншілерден шәкірттері озды. Бірінші хатшы бар білімін, бар күшін Жаркенттің жүгерісіне сарп етті. Панфилов ауданының тұрғындары Шаймұхамбетті сырттан келген деп тосырқамады. Ақсақалдарынан бата алып, замандастарын құрметтеп тұрған кішіпейіл басшыны әрбір жаркенттік туған бауырындай көрді. «Маған ерекше ұнайтын жұмыс сапасын айтпағанның өзінде, оның халықтың мұң-мұқтажына назар аударып, бірінші кезекте соны шешуге ұмтылатыны, көпті көрген тәжірибелі адамдардан үйренуді, ақыл-кеңес тыңдауды ар көрмейтіні қатты таңдандыратын», – деп түйіндейді Н. Головацкий Шаймұхамбет туралы жылы леп ескен жазбасын. Ақиқатында да солай еді. Шаймұхамбет Сапиев ХХ ғасырдың басындағы аумалы-төкпелі кезең саябырсып, ел кеңестік жүйеге мойынсына бастаған момақан уақытта өмірге келді. Кеңестік билік бай-бақуаттылардың бар мүлкін талан-таражға салып, әлеуметтік теңсіздікті жоюға кіріскен. Сұлтанмахмұт айтпақшы, «өмірге өгей қылған кедейлікте» ғұмыр кешкен Шаймұхамбеттің отбасы «Жарлы болсаң да арлы бол» деген қазақтың көне мәтелін ұстанды. Тігерге тұяқ қалмаған кезде де біреудің ала жібін аттаған емес. Сол тектілік, сол тәрбие Шаймұхамбеттің де бойында жалғасты. Жазықсыз жала мен зұлмат жылдардың ауыр азабын тым ерте көрген бала жүрегіне жара түсті. Ауыл арасында күнде аштықтан бұратылып, жан тапсырып жататын үлкен-кіші ағайын, көзі ашық, оқыған-тоқығандарын темір торға тоғытып алып кететін құзырлы мекемелер сәбидің бойына қорқыныш ұялататын. – Өмірімнің 42 жылдан астамы басшылық орында қызмет етумен өтіпті. Осы жылдар ішінде жақсыны да, жаманды да көрдік. Небір қиындықтарды бастан өткердік. Соның бәрін көруге, соның бәрін көтеруге тура келді. Ол кез компартияның айтқаны болып, дегені жүріп тұратын. Қайда жіберсе де бардық. Аянбай еңбек етіп, ауыл-аймақтың көркеюіне, ел-жұрттың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына үлес қостық, – дейді көзі тірісінде берген бір сұхбатында. Сөзіне үңілсек, адал еңбек етудің ауыртпалығын көргендігі, өмірден көп нәрсе түйгендігі білінеді. Заманның зарын да, қуанышын да қатар көрген ел ағасы жас ұрпақты еңбекке баулуды ғана мақсат тұтқан. Ең алдымен ауылды көркейтуді ойлаған Шаймұхамбет кеңестік кезеңде де, егемендік алған жылдары да ұрпақ тәрбиесіне, адал еңбек етуге көбірек көңіл бөліпті. Қазақта «Көп естігеннен емес, көпті көргеннен сұра» деп айтылатын даналық бар. Шаймұхамбет өмірден өткенше көргенімен бөлісіп кетті. Әсіресе, жастарға бастан кешкен қиындықтарын айтып, қазіргі буынды қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманның қадірін білуге, отаншылдық рухты дәріптеуге шақырды. Кіндігі кесілген күннен аштық пен қуғын-сүргін белең алып тұрған алмағайып дәуірмен тұспа-тұс келген Шаймұхамбеттің балалығы бақытты болды дейсіз бе? Ел ішін үрей жайлаған кер заманда сұрапыл соғыс басталды. Жасөспірімге бұл да ауыр тиген. Күнде, тіпті әр сағат сайын ауыл-ауылдарға қара қағаздар келіп, талай ананың, талай жардың қабырғасын қайыстыратын. Ауыл-ауылдардан лек-легімен аттанған боздақтардың тең жарымынан астамы от пен оқтың ортасынан оралмай қалды. Кәмелеттік жасқа толмаса да мұндай қасірет Шаймұхамбеттің жауға деген өшпенділігін ұлғайта берді. Фашистік көзқарастағы неміс жендеттеріне тезірек оқ жаудырғысы келді. Ол кезде әрбір баланың жүрегі осылай деп үн қатушы еді. Ұлы Жеңістің туы тігіліп, ел бөркін аспанға атып жатқанда кешегі жасөспірім де жетіліп, Отан алдындағы борышын өтеуге кетті. Өмірдің тәттісінен гөрі ащысын көбірек татқан жастың денсаулығы сыр беріп, бір жылдан кейін әскер қатарынан елге оралды. Жастайынан қиындық көріп өскен баланың денсаулығын күте алмауы оның жігерін жасытқан жоқ. Қайта келе салып, қызу еңбекке араласты. – Әр адамның тағдыры бар. Тағдыр маңдайға нені жазса, соны көреді екенбіз. Мен 1945 жылдың соңында Шұбар ауылдық кеңсесіне хатшы болып орналастым, – дейді еңбекпен есейген қария өмірінің соңғы жылдарында айтқан бір естелігінде. – Еңбек жолын жаңа бастаған маған бұл жұмыс алғашында қиын соқты. Уақыт өте оған да көндіктім. Шаймұхамбеттің алдында үлкен сынақтар күтіп тұрды. Ол – ел алдындағы адал еңбектің сынағы. Соғыстан кейін сағы сынған елдің еңсесін көтеріп, тұралап қалған қазақ ауылдарының тұрмыс деңгейін көтеру дәл осы Шаймұхамбетке артылғандай еді. Бозбалалықтан жігіттікке өткен өрен жастық жігерін туған жерін түлетуге жұмсады. Үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсететін ізгі тәрбиесінің арқасында қызметте де тез көтерілді. Жаңа жұмысын құлшына істеген жас ағалардың ақылын үнемі басшылыққа алатын. Ел алдындағы адалдығы, қызметіндегі асқан жауапкершілігі жігітті екі-ақ жылдың ішінде Талдықорған аудандық атқару комитетінің хатшысына дейін көтерді. Жетісудың мақтаны, бүкіл бұрынғы кеңестер одағына атағы шыққан И. Сталин атындағы ұжымшар басшысы болған, екі дүркін Социалистік Еңбек Ері  Н. Алдабергенов атамыздан үлгі алып, бірге жұмыс істескен азамат осы Шаймұхамбет еді. Ол небәрі 20 жастағы сайдың тасындай жігіт болатын. «Бұл маған көрсетілген үлкен сенім болды. Жастық жалынмен жұмыс істеуге тура келді. Кейіндеп ауылдық кеңестің төрағасы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Талдықорған облыстық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі қызметтерін атқардым», – деп жалғайды алғашқы еңбек жолдарын есіне алған бір сұхбатында. Шаймұхамбет жас та болса жауапкершілікті сезіне білді. Билік жүйесіндегі тәжірибелі мамандар жастың жігеріне еріксіз бас шайқап, іштей таңданып отыратын. Жиырма жасар жігіттің тапсырылған жұмысты бұлжытпай орындап, тіпті, саяси мәселелерге келгенде де сауатты қимылдауы зор сенімге алып келді. Ең бастысы, жас жігіт халықтың сеніміне ие болды. Мұндайда дана халқымыз: «Қой асығы демеңдер, қолыңа жақса сақа ғой. Жасы кіші демеңдер, ақылы асса аға ғой», – деп айтпай ма?! Шаймұхамбет Сапиев жас та болса бас бола білді. Жанып тұрған жігітті бүкіл ұжымы, бүкіл елі жақсы көрді. Кішіпейіл, қарапайым мінезіне сүйсінген әрбір ел ағалары туған інісіндей еркелетіп, болашағына дұрыс жол сілтеді. Сөйтіп, еңбексүйгіш жастың алдынан ел мүддесін бәрінен биік қоятын мемлекет жолындағы қыруар жұмыс шықты. Бұл жолда тайқып кетуге, шалыс басуға, қателесуге болмайтын еді. Шаймұхамбет мұны жақсы түсінді. Отызында орда бұзған жас партия жұмысына ауысты. Содан бастап өмірінің соңына дейін халық мүддесін ойлады. Жұмысқа берілгендігі сонша, әрбір қоғамда болып жатқан олқылықты, кемшілікті өзінің кінәсіндей қабылдап, жүрегі сыздайтын. Қызметке адалдық деген осы шығар, бәлкім. Кейінгі толқын Отанға деген шексіз сүйіспеншілікті Шаймұхамбеттен үйренді. Маңдайы кере қарыс тұлғаның түрінен жүрегінің кеңдігі, адалдығы, мақсатына жете білетін табандылығы бірден байқалады. Кейбір замандастары Шаймұхамбет Сапиевті сұсты адам деп айтып жататыны жасырын емес. Алайда оның бұл жүзі қаһарлы бейне деуден гөрі табиғатынан дарыған салмақтылыққа, қызметтегі жауапкершілікке, жұмыстағы нақтылыққа, талап қоя білетін біліктілікке жақын. Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржекеұлы Шаймұхамбетпен алғашқы кездесуін: «Ақ сұрлау кісі екен. Сұстылау көрінді. Кірген бетте-ақ маған сынай, өне бойымды көзімен көктей қарады. Сыр бермей, сабырлы болуға тырыстым», – деп еске алады. Жазушыны, шығармашылық адамын ел алдындағы қоғамдық қызметке, мемлекеттік мүддеге тәрбиелей білген Шаймұхамбетке шәкірті кейін алғыс айтады. «Үйренгісі келген адам айналасындағының бәрінен де үйренеді ғой. Адамдарға қалай басшылық  жасауды біз ол кезде тек Шәкеңнен үйрендік. Үлкеніміз де, кішіміз де Шәкеңнің бюро жүргізгенін, мәселе талқылағанын үлгі ететін едік», – деп жалғайды әңгімесін жазушы. Панфилов ауданының көп азаматтары өз өмірінде Шаймұхамбеттің ерекше орын алатынын тебірене отырып еске алады. Әсіресе, Панфилов ауданында басшылық қызметте жүргенде Шаймұхамбет Сапиевтің есімі аңыз болып таралды. Әділдігімен көзге түскен ол түрлі шикіліктердің беті ашылып жатса, ақ-қарасын ажыратып алмай шешім шығармайтын. Эмоцияға беріліп кеткенін, ашу үстінде қатты сөз айтқанын, сол қара дүрсін екпінмен мамандарды жұмыстан қуғанын ешкім естімепті. Тіпті, басшылық тарапынан сөгіс алып, жұмыс орнын босатқандардың өзі Шаймұхамбеттің сыртынан ләм деп ауыз ашпайтын. Сыпсың сөз таратып, мұрын астынан міңгірлеп кінәлап жатпаушы еді. Өйткені, Шаймұхамбет шын мәніндегі кінәлі адамды нақты дәлелдерді алдына жайып салып, күмән мен күдік қалдырмай қоштасатын. Бұл бір жағы жауапкершілік, бір жағы қатал талап қоя білетін басшының ұстанымы. Көзі тірісінде Жаркент өңіріндегі жанқиярлық жұмыстарды жастар түсінсін деп әңгімелеп отырды. Бірде қыс қаһарына мініп, Панфилов ауданын қар белден басты. Жолдар жабылып, қатынас үзілді. Омбылаған қалың қардың соңы үскірік аязға ұласып, жұт келді. Тігерге малы қалмай, таяғын ұстап қалған шопандар болды. Сол қиын-қыстау кезеңде Шаймұхамбеттің ел басқару шеберлігі шыңдалды. Бексұлтан бастаған ұжымын қар астында қалған шаруашылықтарға бөліп, жедел аттандырды. Ондағы мақсат етек-жеңін жинап үлгермеген ауылдарды сынап-мінеу емес, керісінше, адамдардың амандығын білу, мал шығынын есептеу. Ең бастысы, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу. Қар көбесі сөгілгенше Шаймұхамбет ұйқы көрген жоқ. Ауыл басшы- лары жолда қар құрсауында қалып қойған сәтте ұжымшарларды бір өзі басқарған кездерін ел әлі күнге әңгімелеп отырады. Шаймұхамбеттің күні-түні көз ілмей еңбек еткенінің арқасында сол қыстан Жаркент өңірінің тұрғындары шығынға батпады. Аз ғана мал басынан айырылғаны болмаса, адамдар дін аман қалды. Дәл осы Жаркент топырағында Шаймұхамбет Сапиевтің республикаға танымал шәкірттері өсіп шықты. Үнемі басшылықтың қауырт жұмысымен жүре бермей, ол отбасына, жас мамандарды машықтандыруға уақыт табатын. Қандай қиындыққа кезіксе де ең бірінші сабырынан айырылмайтын басшыны жастар үлгі көрді. Мүмкіндік болса, ел ағасымен әңгімелесуге, сырласуға, қолын алып, ақыл-кеңесін тыңдауға құмартып тұрды. Шаймұхамбет те мұндай шексіз құрметті жан жүрегімен сезініп, шәкірт тәрбиелеуден қашқақтаған жоқ. Халық оның турашылдығын, кесімді пікір айтатын бір сөзділігін, уәдеге беріктігін қатты жақсы көрді. Жұмысындағы әрбір маманды жеңілтектіктен алыс жүруге, шалағайлыққа қарсы тұруға тәрбиеледі. Осы мектептен Қуаныш Сұлтанов, Кеңес Аухадиев, Әзтай Ерсадиев, Ғалым Тұрғанбаев, Азат Машұров сынды мемлекет және қоғам қайраткерлері өтті. Бұлардың есімі кейін елге кеңінен танылып, Шаймұхамбет мектебін ары қарай жалғап әкетті. Олардың ішінде ол кездегі ұжымшар басшылары И. Белалов, И. Қожахметов,         Н. Сауранбаев, И. Рафалович та бар. Біз әдетте қызмет қуып, басқарма саласында жүрген мамандардан шығармашылық ізденісті күтпейміз. Басқа қандай қызығушылықтары барына үңілмейміз. Өйткені, олардың уақыттары тығыз. Қашан көрсең де басшылықта жүрген адам қауырт, асығыс. Халықтың қамы үшін жаралған жандай қабылдаймыз. Алайда уақытын ұтымды пайдалана білген басшы бәріне үлгеретінін осы Шаймұхамбет Сапиев дәлелдеп кетті. Ол жауапкершілігі үлкен қызметімен қоса ғылымға да көңіл бөлді. Жоғары оқу орындарынан сол кездегі Абай атындағы қазақ педагогикалық институтын, Талдықорған зоотехникумын бітірді. Ғылымға құштарлығы оқу орындарын тамамдағаннан кейін де тоқтаған жоқ. Өзіне етене таныс жер, су, табиғат, ауылшаруашылығы саласынан жаңалық іздеп, ғылым саласында үлкен маңызға ие тақырып тапты. Қолы қалт еткенде ғылыммен шұғылданып, діттеген мақсатына жетті. «Жоңғар Алатауының тау бөктері аймағында ауылшаруашылығы салалары экономикасының тиімділігін көтеру жолдары» деген тақырыпта ғылыми жұмысын жазып шықты. Диссертациясын мүйізі қарағайдай Қазақ ұлттық университетінің ғылыми кеңесі қолдап, оң бағасын берді. Бұл ғылыми еңбек ұзақ жылдан бергі іс-тәжірибенің нәтижесінде келіп еді. Ғылыми кеңестің алдында өзінің білімділігін, тәжірибесін паш етіп, қызмет саласында да біліктілігін көрсетті. Сөйтіп, Шаймұхамбет Сапиев 45 жасында экономика ғылымдарының кандидаты атанды. Халықтың құрметіне бөленген басшы отбасында сүйікті жар, үлгілі әке бола білді. Әдетте кейбір қызмет иелері кеңсесінде кемеңгер, әділетті басшы, жұмысы мінсіз көрінгенмен, отбасында абыройсыз атанып, ет жақындарының құрметінен айырылып жатады ғой. Шаймұхамбет Сапиев отбасына ерекше көңіл бөлді. Күнұзаққа созылған қыруар жұмыстан қалай уақыт таба білгеніне таңданасың. Түрлі қызметтің тұтқасын ұстаған Алаштың абзал азаматы Жоғары кеңестің бөлімін басқарып жүріп құрметпен зейнеткерлікке шықты. Құдай қосқан қосағы Күлдәрі екеуі бес перзент өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Өзінің өмірлік серігі Күлдәрі тәтеміз өте қарапайым, кішіпейіл, мәдениетті, ел сыйлайтын қадірлі кісі еді. Өмір үнемі қуаныштан, шаттықтан құралмайды ғой. Бір баласы өмірден ерте кетті.

Әке – әулеттің бәйтерегі. Шаймұхамбет ақсақал алып бәйтерек еді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де маңайына саясын түсіріп тұрды. Мыңдаған жас бәйтеректің саясында қанаттанды. Осындай тебіреністі сәтте әке мен бала арасындағы бір тәмсіл ойға оралады. Бірде көпті көрген ақылман әке ұлын ертіп, жолға шығыпты. Жол бойы қолына уыстап ұстаған шиесін баласы сұрай беріпті. Сонда әкесі соңынан ерген баласына шиені бір-бірлеп тастайды. Баласы қайта-қайта еңкейіп алудан шаршап соңында: «Әке, шиені неге бір-бірлеп бересің? Уыстап ұстата салмайсың ба?» – дейді. Сонда әкесі әрбір жемістің еңбекпен келу керектігін ескертіпті. Сол секілді Шаймұхамбет Сапиев те ұл-қыздарын талбесіктен еңбекқорлыққа тәрбиеледі. Әрбір жетістіктің, әрбір жемістің артында адал еңбектің маңдай тері тұру керектігін отбасында, дастарқан басында жиі қайталайтын. Әкенің арманы, әкенің мақсаты еш кеткен жоқ. Аяғынан қаз-қаз тұрған балаға бірде мейірім, бірде қаталдық та керек. Ел ағасы болған әке қажет кезінде шексіз мейірбан болды. Кейде орасан талап қойып, ұл-қыздарын ширатты. Жемісі – перзенттерінің бүгінгі қоғамдағы орны. Біреуі мемлекеттік қызмет саласында жүрсе, қалғандары жеке кәсіпкерліктің тұтқасын ұстаған.

Шаймұхамбет Сапиевтің еңбегі еленбей қалған жоқ. Мемлекеттің марапатынан бұрын халықтың алғысы тез таралды. Облыста әрбір шопан, әрбір шаруа адамы Шаймұхамбеттің есімін естігенде бір жақсылығын айтпай қоймаушы еді. Республикада аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы ретінде ең бірінші болып Еңбек Ері атанды. Бірнеше медаль, орден төсіне қадады. Иә, алып бәйтеректің мерейі – елдің мерейі. Бір сөзбен айтқанда, ол еңбектен бақытын тапты.

Қазақ адам ғұмырын неліктен қамшының сабына теңеді екен?! Сөйтсек, әр қазақтың қолында жүретін сабау қамшының соншалықты қысқалығын мысалға келтіріпті. Шаймұхамбет Сапиев те бабалары тастап кеткен бес күндік жалғанда өзіне тиесілі міндетті адал атқарды да мәңгілік сапарға аттанып кете барды. Өмір көші мұнымен тоқтамайды. Ең бастысы, өшпес із қалдырды. Ол із – адалдықтың соқпағы. Бүгінгі жастарға керекті өнеге де осы. Ұрпағы ғана емес, ұлты Шаймұхамбет Сапиевтің есімін ұмытпайды. Оның шарапатын көрген әрбір жұмыр басты пенде оған алғыс айтып жүрері анық.

Ел ағасына биыл 90 жыл. Мына өмір керуенінің Шаймұхамбетсіз келе жатқанына табаны күректей жиырма жылдан асыпты. Мейлі,жылдар, мейлі, ғасырлар өтсін, оның есімі ардақты. Оның аты – мәңгілік. Туған елі жарты ғасыр жауапты қызметті абыроймен атқарған ақсақалдың мемлекет мүддесі жолындағы ерен ерлігін, аудан-аудандарға, облысқа қалдырған қолтаңбасын, жан-жағына тигізген өлшеусіз шарапатын ұмытпай, әлі күнге сағынышпен айтып жүреді. Міне, бүгін қалың елі, өзі тәрбиелеп өсірген ұл-қыздары Шаймұхамбет Сапиевтің есімін тағы да еске алып отыр. Мұнда жақсының жақсылығы тағы да үлкен сағынышпен айтылып, келер ұрпаққа ұлағат ретінде аманатталмақ.

Қуаныш Тұнғатар